«…Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне» деген сөздерден кейін «– Елбасына» деген сөзбен толықтырылсын…». «Қырғыздағы қырғын өздігінен тоқтай ма?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 15 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Құлыбаевты жауапқа тартпақ болған Әблязовтың өзіне қарсы сот басталды”. “…Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур ҚҰЛЫБАЕВтың қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовке қарсы азаматтық арыз-шағымы дүйсенбі күні түстен кейін Алматыдағы Медеу аудандық сотында қаралды. Істі судья Құралай КАЛЕКЕЕВА жүргізді. Сотқа жауапкер Әблязов жағынан – адковат Сергей УТКИН, талапкер Құлыбаевтың атынан оның өкілі Байрамалы АХМЕДОВ қатысты.

Құлыбаевтың өкілінің айтуынша, сотқа шағым түсіруге Әблязовтың осы жылдың қаңтар айында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәлімдемесі, бұған қоса Азаттық радиосына берген сұхбаты түрткі болыпты…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

Англияға барған Максим Бакиев тұтқындалды”. “Құрманбек БАКИЕВтің 33 жасар ұлын британ билігі Интерполдың араласуымен, Гемпширдегі «Фарнборо» әуежайында тұтқындады деп хабарлайды The sun. Қырғызстан даму және инвестиция агенттігінің бұрынғы басшысы Максим БАКИЕВке билікті асыра пайдаланып, қаржыны рәсуа етті деген айып таққан. Британ газетінің жазуынша, қашқын содан бері Балтық елдерінің бірін паналап жүрген екен.

Dailymail Максим Бакиевтің Англияға жеке меншік ұшақпен келгенін хабарлады. Ұлыбританияның шекара басшылары оның тұтқындалғанын растаудан бас тартыпты. Бірақ, осы газетке сенсек, Максим Бакиев баспана сұрап келген сияқты. Басқа дерек көздері британдық The sun газетіне Бакиевтің ұлы өзін әуежайдан алып шығатын жеке көлік сұратқанын хабарлапты…”. Авторы: Светлана ИСАЕВА.

AIKYN.KZ. “Африка және ала доп қызығынан шыжығы басым боп тұр”. “Футбол жылнамасына 19- шы болып енген ОАР- дағы әлем чемпионаты басталғалы бері қазақ жанкүйерлерінен де маза қашты. Ала допқа арбалған ағайын тегіс көк жәшікке телмірулі. Осы өнерге құлай берілген ел түннің қай уақытында болсын ыңғай тауып, ойын тамашалайды. Спортсүйер қауымның ауылы абыр-сабыр, абың-күбің әңгіме-пікір….”. Авторы: Шалқар ЕСТЕН.

EGEMEN.KZ. “ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ”. “ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КЕЙБІР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢДАРЫНА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ – ЕЛБАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ САЛАСЫНДА ЗАҢНАМАНЫ ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ

1-бап. Қазақстан Республикасының мына конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

1. “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 17-18, 114-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 192-құжат; 1998 ж., № 7-8, 71-құжат; № 22, 290-құжат; 1999 ж., № 10, 340-құжат; № 15, 593-құжат; 2004 ж., № 7, 45-құжат; 2005 ж., № 7-8, 17-құжат; 2006 ж., № 23, 138-құжат; 2007 ж., № 12, 85-құжат; 2009 ж., № 2-3, 5-құжат):

53-баптың 3-тармағының екінші бөлігі “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне” деген сөздерден кейін “– Елбасына” деген сөзбен толықтырылсын…

10) 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:

“12-бап. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз етудің қаржыландыру көздері және өзге де мәселелері

Осы Конституциялық заңда көзделген шығыстарды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қорын толықтыру мен ұстауға және оның үй-жайларын күзетуге, жеке кітапханасы мен жеке мұрағатын сақтауға көзделген шығыстарды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тұрғын үй, медициналық, санаторий-курорттық, көліктік және өзге де қызмет көрсетуді уәкілетті мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.”.

2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Осы Конституциялық заң Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Б.Мұхамеджановтың, Премьер-Министр К.Қ.Мәсімовтің қолдары қойылып тиянақталғандықтан, ол осы Конституциялық заңның құқықтық әдептілігін және оның заңдылығына аталған лауазымды тұлғалардың заңдық жауапкершілігін айғақтайды.

Астана, Ақорда, 2010 жылғы маусымның 14-і. № 289-ІV ҚРЗ”.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ”. “ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КЕЙБІР ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ – ЕЛБАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ САЛАСЫНДА ЗАҢНАМАНЫ ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ

1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:…..

… ) мынадай мазмұндағы 166-1-баппен толықтырылсын:

“166-1-бап. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының өміріне қол сұғушылық

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының өміріне оның заңды қызметіне кедергі жасау не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында жасалған қол сұғушылық, –

он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.”;

2) 233-баптың ескертуінің 2-тармағы “163,” деген цифрлардан кейін “166-1,” деген цифрлармен толықтырылсын…

“317-1-бап. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін – Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғу, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының бейнесін бүлдіру, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының заңды қызметіне кедергі жасау

1. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін – Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғу, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының бейнесін бүлдіру –

айлық есептік көрсеткіштің екі жүзден жеті жүзге дейінгі мөлшерінде немесе сотталған адамның екі айдан жеті айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге табысы мөлшерінде айыппұл салуға, не жүз сексен сағаттан екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не бес айға дейінгі мерзімге қамауға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалған нақ сол әрекеттер, –

айлық есептік көрсеткіштің бес жүзден бір мыңға дейінгі мөлшерінде немесе сотталған адамның бес айдан он айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге табысы мөлшерінде айыппұл салуға, не бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады…

2-бап. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1 және 2-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Осы Заң Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Б.Мұхамеджановтың, Премьер-Министр К.Қ.Мәсімовтің қолдары қойылып тиянақталғандықтан, ол осы Заңның құқықтық әдептілігін және оның заңдылығына аталған лауазымды тұлғалардың заңдық жауапкершілігін айғақтайды.

Астана, Ақорда, 2010 жылғы маусымның 14-і. № 290-ІV ҚРЗ”.

ҰЛЫ ЕЛМЕН АРАДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ОДАН ӘРІ ҰЛҒАЙҒАНЫ ҰТЫМДЫ”. “Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатыр. Жоғары деңгейдегі кездесулердің жиілігі де соның айғағы. Соңғы 12 айда осындай кездесу бесінші рет болып отыр. Қазақстан мен Қытай БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық беделді ұйымдарда да өзара бірлесіп белсенді іс-қимылдар жасауда. Сондай-ақ Қытай жағы Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты сыртқы саясаттағы бастамаларына қолдау білдіруде. Екі елдің парламенттері арасындағы ынтымақтастық та жыл өткен сайын жақсы қарқында даму үстінде…

Екі елдің арасындағы сауда айналымы былтыр 14 млрд. АҚШ доллары көлеміне жетті. Бұл Қазақстанның 2009 жылғы сыртқы айналым көрсеткішінің 13 пайызынан астамын құрап отыр. Сауда бойынша әріптес елдердің арасында Қытай Қазақстан үшін Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орын алады. Ал Қазақстан Қытайдың ТМД елдерінің ішіндегі Ресейден кейінгі екінші орындағы сауда әріптесі…

Қытай басшысы ХУ ЦЗИНЬТАО келіссөздер барысына өзінің толық қанағат білдіретінін жеткізді. Біздің қол жеткізген келісімдеріміз екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға ғана емес, аймақтағы тыныштық пен тұрақтылыққа да қызмет ететін болады. Энергетика саласындағы, шикізаттық сектордағы ынтымақтастықтардың дами түсуі біздің елдеріміздің мүддесіне толық сай келеді, деді Қытай басшысы. Сөзінің соңында ҚХР Төрағасы Қазақстан Президенті Н.НАЗАРБАЕВты Қытайға ресми сапармен келуге шақырғанын және ол қабыл алынғанын айтты”,- деп белгіледі Жақсыбай САМРАТ.

ALASHAINASY.KZ. “Қырғыздағы қырғын өздігінен тоқтай ма?”. “…Қырғыз денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, әуелі Ош, содан кейін Жалалабадта жалғасқан қантөгістерден 124 адам қаза болып, 1685 адам медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған. Алайда бейресми деректер бойынша, зардап шегушілердің қарасы бұдан көп болуы мүмкін. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қазақстандық азаматтар дін аман…

Қантөгістің ұйымдастырушысы кім?

Ош әрең тынышталып еді, сенбі күні түнде Жалалабадтағы ұсақ қақтығыстар барысында атыс болып, бірқатар үйлер, сауда орындары өртелді. Бандылық топтар Майлысу шам зауытын басып алуға әрекет жасаған. Қырғызстан МҰҚК министрінің бірінші орынбасары, Жалалабад қаласы мен Созақ ауданының коменданты Құбатбек БАЙБОЛОВтың айтуынша, Жалалабадта милицияның формасын киіп, бетіне перде жапқан арандатушы топ қырғызға да, өзбекке де оқ атып, елдің тынышын алған. Ресми мәліметтер бойынша, Қарасу аудандық ІІД бастығы мен оның жүргізушісі, Ош облысында ішкі істер органдарының бес қызметкері қаза болып, тағы 11-і жарақат алған.

Комендант Құбатбек Байболов Ошта “ұлтаралық қақтығыстарды ұйымдастырды” деген айыппен танымал саяси тұлғаның ұсталғанын мәлімдеді. Әзірге оның аты-жөні құпия сақталып отыр. Тұтқындалған азаматтың айтуынша, елдегі жекелеген саяси күштер жаппай тәртіпсіздіктерді референдумның өтуіне жол бермей, қазіргі билікті құлату мақсатында ұйымдастырған көрінеді. Қырғыз және өзбек өкілдерінің айтуынша, қантөгісті ұйымдастыруға бұрынғы президент Қ.БАКИЕВтің туыстары Санжар Бакиевтің және осы аймақта жүрген Ахмат Бакиевтің қатысы бар көрінеді. Алайда бұрынғы президент Құрманбек Бәкиев Қырғызстанның оңтүстігіндегі қырғынға қатысы жоқтығын мәлім етті.

Қырғызстанның оңтүстігінен Өзбекстанға 75 мыңнан астам этникалық өзбектің үдере көшуі ұлтаралық ахуалдың қаншалықты шиеленіскенін көрсетеді. Қырғызстандағы ұлтаралық шиеленіске байланысты Өзбекстан СІМ мәлімдемесінде Өзбекстан Қырғызстанның оңтүстігіндегі қақтығыстың шиеленісуіне алаңдаушылық білдіреді және ол өзбек диаспорасына қарсы бағытталған деп есептейді…”. Авторы: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ.

Жылға су астында қалды”. “…Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сенсек, маусымның 13-і күні түскі сағат 13.30 бен 14.00-дің аралығында төпелеп жауған нөсер жаңбыр салдарынан Жылға ауылдық округіне қарасты Жылға елді мекеніндегі 51 үйге су кіріп, оның біреуі құлапты. Әбүйір болғанда, адам мен мал шығыны болған жоқ. Төтенше жағдайды қалпына келтіру жұмыстарына 92 адам мен алты техника жұмылдырылды…”. Авторы: Шадияр МОЛДАБЕК, Оңтүстік Қазақстан облысы.

ZHASALASH.KZ. “Тәуелсiздiкке төнген қауiп әрбiр отаншыл азаматты ойландыруы тиiс”. “Өткен аптада билiктiң “бұлбұлы” Ермұхамет ЕРТIСБАЕВ “Нұр-Медиа” басылымдарының бiрiне мақала жазыпты. Президенттiң кеңесшiсi бұл жолы Кедендiк одаққа қарсылық бiлдiрiп, 1 миллион адамның қолын жинауға кiрiскен “Тәуелсiздiктi қорғау” халықтық-демократиялық қозғалысына шүйлiгiптi. “Қаласақ Кедендiк одақты қолдайтын алты миллион адамның қолын жинап алуға болады. Бiрақ, бұл – бос әурешiлiк. Көптеген сайлаулар халықтың оппозицияның даурықпа iсiнен гөрi, президент ұстанған саясатқа көбiрек сенетiнiн дәлелдеген болатын” , – дейдi Е.Ертiсбаев. Сонымен бiрге, ол Кедендiк одақтың ел тәуелсiздiгiне еш қатер төндiрмейтiнiн түсiндiруге тыраштанып бақты. Ресейдiң “стратегиялық одақтас” екенiн де айтуды ұмытпапты. Десек те, президент “бұлбұлы” бұл одақтың артында “одақтық мемлекет” құру астары жатқанын да мойындайды. “Бiз жаңа мемлекетаралық одақтың құрылғаны жөнiнде айтқанымызша бiраз жылдар өтедi” , – деп мәлiмдейдi “бұлбұл”.

Кедендiк одаққа қоғам тарапынан қарсылық күшейген сайын билiктен де маза кете бастағандай. Елiмiздiң қаржы министрi Болат ЖӘМIШЕВ те ұлт жанашырларының тiрлiгiне кенедей қадалды. “Кедендiк одаққа қарсы қол жинап жүргендердiң бәрi “мазохистер”, олар қажетсiз тiрлiктерiн iстей берсiн, ал бiз бизнестi көркейтуге күш саламыз” деп тiптi өрескел кеттi. Бұрындары саясатқа араласпайтын министрдiң өзi бұл жолы Кедендiк одақты белсендi түрде қорғады.

Шын мәнiнде, дәл қазiр Кедендiк Одаққа деген қарсылық күштi. Оның тiкелей тәуелсiздiктен айыруға бағытталған бастама екенiн Кедендiк одақты “қорғап отырған” Ермұхамет Ертiсбаев та жасырмайды. “Болашақта мемлекеттiк одақ болады” деп айтады. Билiктiң мысалға алып отырған Еуродақтағы жағдай мүлде бөлек…”. Авторы: Жанболат МАМАЙ.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...