«Ұлтты ұйытатын тұлға жоқ жерде елде береке-бірлік болмайды». «Жартыжылдықтың қорытындылары қуантарлық»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 16 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Сарапшылар Қырғызстандағы қырғынның тасасында Бакиевтің адамдары тұр деп есептейді”. “Бүгінде Қырғызстандағы ондаған мың өзбек бассауғалаған күйі Өзбекстанға өту үшін қырғыз-өзбек шекарасына ағылуда. Қырғызстан оңтүстігіндегі қанды қақтығыстар салдарынан, ресми деректер бойынша, кем дегенде 170 адам опат болған.

Осы оқиғалардың артында кім тұр? Мұндай жанжалдар Орталық Азияның өзге де республикаларында қайталануы мүмкін бе? Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстелі осы тақырыпқа арналады….”. Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтанхан АҚҚҰЛҰЛЫ жүргізеді.

AIKYN.KZ. “Ұлтты ұйытатын тұлға жоқ жерде елде береке-бірлік болмайды”. “Осыдан екі айдан астам уақыт бұрын дүр сілкініп, президенттерін сыртқа қуған айыр қалпақтылар елі өткен жұмадан бері тағы да тас-талқан. Бұл жолғысы тағы ерек. Ұлтаралық қақтығыс. Жанжал бейсенбіден жұмаға қараған түні оңтүстіктегі ірі қала Ошта қырғыз бен өзбек арасында басталды. Қырғыз елінің Ош және Жалал-Абад облыстарында жергілікті өзбектер басым. Шамамен 750 мыңдай делінеді. Тіпті кейбір деректер айырқалпақтылар жерінде 1 миллионның ар жақ, бер жағында өзбектер бар дегенді келтіреді. Жалпы, бұл 5 миллион көлеміндегі қырғыздардың 14-15 пайызын құрайды деген сөз. Саны жағынан республикадағы қырғыздардан кейінгі екінші ұлт…

Бұған келіспеске амал жоқ. Шындығы керек, Қазақстанда жүзден астам ұлттардың өкілдері тұрады. Бірақ олардың арасында ешқандай ұлтаралық дау туып жатқан жоқ. Себеп — мемлекетті басқарып отырған адамның жүргізіп отырған салмақты саясатында. Ұлтты ұйыта білетін, береке-бірлікке, татулыққа жетелей білетін басшы болмаған мемлекетте ешуақытта тыныштық орнап, елдің ілгері басуы болмасы анық. Соның бір себебі Қырғыз еліндегі жағдай.

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Жалал-Абад облысының коменданты Қубатбек БАЙБОЛОВ мәлімдеме жасады: “Ошта ұлтаралық қақтығыстарды ұйымдастырды деген күдікті ұсталды. Ол елдегі танымал саяси тұлға деуге болады. Қазір ол түсінік беріп жатыр. Оның айтуынша, бұл тәртіпсіздіктерге елдегі өзге саяси ұйым өкілдерінің де қатысы бар” деді Қ.Байболов. Әзірге, оның аты-жөні құпия сақталады.
Тұтқындалған азаматтың айтуынша, елдегі жекелеген саяси күштер жаппай тәртіпсіздіктерді референдумның өтуіне жол бермей, қазіргі билікті құлату мақсатында ұйымдастырған көрінеді
”. Авторы: Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ.

EGEMEN.KZ. “АСТАНАНЫҢ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕГІ ЖАЙҚАЛЫП КЕЛЕДІ”. “…Қысқа мерзімде бой көтерген ғажайып қала – Астана отандастарымыздың рухын аспандатып, ғаламат жоспарлар түзуге жігерлендірумен қатар, әлемдік кеңістіктегі мақтаныш туымызды желбірете көркеюде. Оның бір парасы жанға жайлы жасыл желегінен де көрініс табады. Елбасы Н.НАЗАРБАЕВ Астананың жасыл белдеуін кеңейтіп, оның көлемін 75 мың гектарға жеткізу тапсырмасын қойып отыр. Өңірлік ерекшеліктерді ескерсек, мұнда ғылыми әлеует айрықша сынды еңсеруі қажет. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Бурабайдағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат МҰҚАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік…”. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК.

ALASHAINASY.KZ. “Жартыжылдықтың қорытындылары қуантарлық”. “Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Премьер-министр К.МӘСІМОВ, Президент Әкімшілігінің басшысы А.МУСИН, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы М.ТӘЖИНнің қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді.

Кеңесте Премьер-министр К.Мәсімовтің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы қорытындысы, сондай-ақ индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру туралы есебі тыңдалды. Осы кезең аралығында ЖІӨ 8,3 пайызды құрады.

Кездесу барысында Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы М.Тәжин еліміздің Президентін Мәскеуде 14 маусымда болып өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) қатысушы елдердің Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру туралы төтенше консультациялары жайынан хабардар етті.

Бүгінде ҰҚШҰ Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруда және реттеуде маңызды рөл атқаратын өте іскер ұйым болып табылады.

Кездесудің қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырмалар берді…”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Аудан әкімдігі айға қараған ба?”. “Еліміздегі Экологиялық заңнаманың орындалу барысын қадағалауға алған Бас Прокуратура ерекше қорғауға алынған “Бурабай” мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының айналасында орын алған өрескел заңбұзушылықтарды анықтады.

Экологиялық кодекстің 292-бабы бойынша, жергілікті атқарушы органдарға қалдықтарды сақтау, оны өңдеу, тиісті орындарға тасымалдау, оларды полигондарға орналастыру, қалдықтармен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету міндеттері жүктелген. Сондықтан да, аудандық және ауылдық әкімдіктер қоршаған ортаны қорғауға арналған заң талаптарына сәйкес, өз аймақтарындағы жер, су ресурстарын сақтауға, оны заң талаптарына сәйкес пайдалануға қатаң бақылау орнатуы керек. Жалпы, біздің халықтың табиғатты қорғау жағынан мәдениеті өте төмен. Табиғат аясына демалуға шықсақ, барған жерімізді жаудай жапырып, қалдықтарды шашып, демалған жерімізді күл-қоқысқа айналдырып жібереміз. Өзіміздің салғырттығымыздан табиғатымызға орны толмас орасан зор шығын әкелетініміз қаперімізге де кірмейді. Қоршаған ортаны қорғау, табиғат байлығын сақтау – болашаққа деген қамқорлық, ұрпаққа қалдырар мұра екенін естен шығарып аламыз. Ақмола облысы әкімінің 2007 жылдың 23 қаңтардағы қаулысымен “Бурабай” мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының жалпы ауданы 181733 гектарлық жері қорғалатын аумаққа енгізілген еді. Тексеріс кезінде Ұлттық саябақтың аумағына орналасқан 13 тұрмыстық қоқыстың қоймасы анықталған. Ақылбай ауылдық округінде – біреу, Қатаркөл ауылдық округінде – жетеу, Золотобор ауылдық округінде бесеуі орналасқан. Барлық қоқыс қоймаларының жалпы ауданы 11,2 гектар жерді алған. Қоқыс қоймалары толығымен полигонға көшірілуі тиіс болатын. Бірақ, Бурабай ауданының әкімдігі бұл мәселеде салақтық танытқан. Бүтін бір ауданда екі ғана заңдастырылған тұрмыстық қалдық полигоны қызмет істейді екен. Ұлттық саябақтың қорғалатын зонасы күл-қоқысқа айналып, құрттап-шіріген. Тіпті, қоқыс тазалайтын қолданыстағы жалғыз техника жөнделмей, сынған күйінде жатыр. Иісі мұрынды жарып ластанған Ұлттық саябақ қазір Бас Прокуратураның тікелей қадағалауымен тазартылуда. Ойы мен қыры тұтасқан кең байтақ еліміздің далиған даласы үлкен болғанымен, өзені мен көлі, орманы мен тауы аз екенін естен шығармаған абзал. Табиғатқа қастандық жасасақ, ертең соның зардабын өзіміз тартатынымыз анық”. Авторы: Тыныс АХМЕТЖАН.

KAZ.GAZETA.KZ. Арал мәселесі әлі күнге дейін толыққанды өз шешімін таппай келеді. Бұл бүгін Алматыда “Тұңғиықтан қайта тірілу: Арал қасіреті” деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты, Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитеті, “Қазақстан” ұлттық телеарнасы, “Неміс толқыны” медиакомпаниясы және Германияның Алматыдағы Бас консульдығы бірлесіп ұйымдастырды. Бұл басқосу кезінде “Тұңғиықтан қайта тірілу: Арал қасіреті” деп аталатын жаңа деректі фильмнің тұсауы кесілді. Сценарий авторлары — Татьяна ЖАНДІЛДИНА мен Ули ХУФМАН, ал режиссеры — Дина БАЙСҮГІР.

“Бұл жобаның іске асуы Германияның Қазақстандағы жылына тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын. Біз Қазақстанмен өзара тығыз байланысымызда табиғат мәселелерін де назардан тыс қалдырмауға тырыстық. Соған сай, “Қазақстан” ұлттық телеарнасы мен “Неміс толқыны” радиосының бірлесіп түсірген бұл фильміне қолдау білдірдік”, деді Германияның Бас консулы Герольд АМЕЛУНГ.

“Фильмде Арал теңізінің солтүстік бөлігінің бүгінгі хал-ахуалы, ондағы тұрғындардың жағдайы сөз болады. Біз бес күндік сапар кезінде теңіз тіршілігінің қайта жандана бастағанын көрдік. Бөгет арқылы судың толысып келе жатқанына куә болдық. Фильмде біз КСРО заманынан қалған қаусаған кемелерді көрсеткіміз келмеді. Арал қасіретін отаны Сыр өңірі болып табылатын Қорқыттың қобызы әлдеқайда жақсы сезіндіреді деген шешімге келдік”, дейді фильм авторларының бірі Татьяна Жанділдина. Оның айтуынша, енді Арал теңізінің оңтүстік жағалауларына саяхат жасау жоспарланып отыр. Бұған дейін Арал теңізі туралы 1985 жылы Сергей ӘЗІМОВтың “Аралды жоқтау” деген деректі фильмі түсірілген болатын. Алайда ол Кеңес заманында түрлі кедергілермен көрерменге жетпей қалды.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...