«Ұлы даланың кіндігі». «Бекіре аулаушылар бетімен кетіп барады». «Қырғызстанда бүгіннен бастап қаралы күн жарияланды»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 17 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Сот Тимур Құлыбаевтың Мұхтар Әблязовқа қарсы арызын қанағаттандырды”. “…Маусымның 16-сы күні түстен кейін Алматының Медеу аудандық сотының судьясы Құралай КАЛЕКЕЕВА жария еткен сот шешімінде қазірде шетелде бассауғалап жүрген бизнесмен Мұхтар ӘБЛЯЗОВтың Тимур ҚҰЛЫБАЕВқа қарсы жариялаған деректерінің барлығы шындыққа жанаспайды және ешқандай дәлелсіз деп танылды. Талап-арыздың иесі Тимур Құлыбаев соттан тура осыны сұраған болатын. Осы сотқа оның өкілі болып қатысқан Байрамалы АХМЕДОВ бұл шешімге риза болды…”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

Қазақстанда “Ұлт көшбасшысына” қарсы екеу алаңға шықты”. “…Екеудің наразылық шарасы тез өтті, оның өтетіні туралы журналистер акция басталардан екі сағат бұрын ғана хабарланды деп жазады “Республика” тәуелсіз газетінің веб-сайты. Алматының орталығындағы Республика алаңындағы Тәуелсіздік ескерткішінің жанына келіп, “Елбасы туралы” заңға өздерінің қарсылықтарын танытқан тәуелсіз журналист Сергей ДУВАНОВ пен адам құқын қорғаушы Андрей СВИРИДОВты полиция ұстамаған.

“Республика” газетінің хабарлауынша, Сергей Дуванов түскі сағат бір кезінде ескерткіштің алдына келіп, “Ұлт көшбасшысы туралы заң – ұлт масқарасы” деген жазуды қолына ұстап тұрған. Ол жаңадан қабылданған заңға қарсы болғандықтан алаңға шыққанын айтқан….

Адам құқы және заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның журналисі Андрей Свиридов Қазақстанда жеке басына табынатын жаңа тұлғаның пайда болғанын айтты. Наразылық акциясының соңында Сергей Дуванов қазіргі болып жатқан жайттарға енді жиырма жылдан соң жұрттың бәрі күле қарайтындығын, ал бүгін үнсіздік танытқандар сол кездері өткендегісі үшін ұялатындығын қадап айтты деп хабарлайды оқиға болған жерден “Республика” газетінің тілшісі”.

AIKYN.KZ. “Бразилияның өзі кібіртіктеп қалды”. “Кеше футболдан ОАР-дағы әлем чемпионатының топтық бәсекелерінің алғашқы айналымы аяқталып, екінші тур ойындары басталды. Оқырмандарымызды ол кездесулердің нәтижелерімен газетіміздің келесі санында таныстыратын боламыз. Әзірге 15 маусымда өткен ойындарға тоқталсақ та жеткілікті. Сол күні Жаңа Зеландия мен Словакия, Португалия мен Кот д Ивуар және Бразилия мен Солтүстік Корея құрамалары кездесті…

Спорт әркез саясаттан алшақ болуы керек” деген қағидаға кейбір мемлекеттер құлақ түретін емес. Солардың бірі — Солтүстік Корея. Дәл қазір аталмыш елдің телеарналары арқылы әлем чемпионатынан тікелей репортаждар берілуде. Алайда олар АҚШ пен Оңтүстік Корея құрамаларының қатысуымен өткен және алдағы уақытта өтетін бірде-бір матчтарды көрсетпеуге мықтап бекінген сыңайлы. Ал саяси көзқарастары ортақ мемлекеттер бір-бірінің қуанышына ортақтасуда. Жуырда Аргентина құрамасы Нигерияны ұтқаннан кейін Венесуэлланың президенті Уго ЧАВЕС бұл күндері бапкерлік қызмет атқарып жүрген өзінің ескі досы Диего МАРАДОНАға телефон шалып, жеңісімен құттықтады”. Авторы: Ғалым СҮЛЕЙМЕН.

Ұлы даланың кіндігі”. “Берел қорғанын ашық аспан астындағы мұражай етіп, туризм орталығына айналдыруымыз керек

Осыдан 2 жыл бұрын Елбасы Н.НАЗАРБАЕВ “Мәдени мұра” бағдарламасын одан әрі дамытудың бағыттарын айқындап, Түркістан мен Отырарды, Есік пен Берелді ұлттық символдарымыз ретінде қастерлеуді шегелеп тұрып тапсырды. Ізінше “Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі қоғамдық кеңес отырысының тәртібіне өзгеріс енгізіліп, ол тек Астанада ғана емес, Алматыда сондай-ақ нақты тарихи-мәдени жерлерде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болды.

Бұған дейін кеңес мүшелерінің басын Есік, Түркістан қалаларында біріктірген көшпелі отырыс күні кеше Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының “Берел” қорық-мұражайында жалғасын тапты. Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, кеңес төрағасы М.ӘШІМБАЕВтың бас болуымен өткен жиынға қорықты тапқан археолог-ғалым З.САМАШЕВ, халық қалаулылары Ғ.ЕСІМ, Е.РАХМЕТОВ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қ.САЛҒАРАҰЛЫ, Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ә.АСҚАРОВ, Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Ж.ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, Туризм және спорт вице-министрі Қ.ӨСКЕНБАЕВ, Мәдениет комитетінің төрағасы І.ҚОЗЫБАЕВ қатысты. Облыс әкімі Б.САПАРБАЕВ кеңес мүшелерін қорыққа апарып, осы жерден табылған әшекей бұйымдардың көрмесімен таныстырғаннан кейін археолог З.САМАШЕВ: “Берел қорғаны темір ғасырмен белгіленеді, таспен көмкерілген 31 қорғаннан құралған…

Кеңес төрағасының талап-тілектері мен ұсыныстарын құп көрген өңір басшысы Б.САПАРБАЕВ: “Биыл Берелдің жолдарын жөндеуге 5 миллиард теңге қаржы бөлінді. “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша Ђскемендегі қазақ драма театрының жобасын бастадық. Оған 50 миллион теңге қаржы қарастырылды. Берелдегі ашық аспан астындағы мұражай да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Оның қоршауын жасауға 10 миллион теңгедей ақша табуға мүмкіндік бар”, — деді. Отырыс соңында құлағымыз жағымды жаңалықты шалып қалды. Қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы Ә.Асқаров осы күзде Дамаск қаласында әл-Фараби мен Бейбарыс сұлтанның кесенелері ашылатындығын айтты”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ.

ANATILI.KZ. “Ойыншық емес мәселе”. “Еркетотай сәбилеріңізге бір күндік қуаныш сыйлаймын деп, өмірлік өкінішке ұрынып жүрмеңіздер! Бұл – санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімі мамандары мен психологтардың ойыншықтар жайындағы жанайқайы. Себебі бүгінгі сіз бен біз қолданып жүрген бала базарлығының басым бөлігі қауіп пен қатерге толы. Миын зақымдап, көзіне әсер етеді екен. Тіпті кемтарлыққа ұшыратуы да ғажап емес. Неге? “Сатып алған урудың емі жоқ”…

Ойыншық – баланың жұбанышы, қуанышы. Құрастырмалы кубиктер бала сана-сезімінің, миының жетілуіне әсер етеді. Аң-құстардың бейнелері жан-жағындағы тіршілік әлемімен жақынырақ таныс болуына өз ықпалын тигізеді. Бірақ бала тұрмақ, ересектің де үрейін алатын вампир-қанішерлер, өрмекші-адам, сұрықсыз Шрек, Спанч Боб сынды түр-сипаты келіссіз бейнелер қазақ баласына қандай өнеге береді?…

P.S. Жыл сайын балаларына арналған ойыншықтарға қаржы жұмсауда жапондық отбасылар алда екен. Олардың әр отбасыдан шығатын қаражаты 305 доллардың көлемінде. Ал ағылшындар 280, француздар 260, америкалықтар 240, ресейліктер 30 доллар шамасында қаржы жұмсайды. Бұл тізімнен қазақстандықтар да қалыс қалып жатқан жоқ. Тек баланың базарлығын базардан алып, бағаның арзандығына мәз болып, ертеңімізге елең етпейтініміз өкінішті. Ойыншық мәселесі ойыншық емес. Оған балаларымыздың болашағына бағдаршам болар құрал ретінде қарауымыз керек. “Ұлт болам десең, ұрпағыңды ойла”, қазақ!”. Авторы: Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Күн тәртібінен түспейтін тақырып. Төрт-бес терминнің төңірегіндегі ой”. “Уақыт, қоғамдағы үдерістер мен өзгерістер жаңа ұғымдар мен пайымдар әкелмей тұрмайтыны белгілі. Мәселен, біраздан бері айтылып жүрген, алайда күні кешеге дейін ырық бермей, қазақ мәтініне қанша сыналағанмен кірікпей келген “идентификация” деген терминнің баламасы да бүгін табылғандай болып отыр. Ішінде тіл тұтынушы журналистер бар, тіл зерттеуші білікті мамандар бар, Терминком мүшелері “тақылеттестік” сөзіне ен салған еді.Бұл сөзді термин ретінде ұсынбас бұрын жан-жағынан ой елегінен өткізуге, біраз сөздерді салғастырып саралауға, бірталай сөздіктерге үңілуге тура келген. Алғашында айтуға ауырлау тәрізді көрінген. Ұғымды дәл білдірмейтіндей, ұқсастық деген ұғымға қарай ойысып кететіндей сыңай танытқан. Сол себепті “тұғырластық” (“тұрғыластық” емес) деген бір ой да қылаң берген. Рас, арғы тегі латыннан өрбитін бұл сөзіңіз – “отождоствление, приравнивание или уподобление” деген мағынаны білдіреді екен. Орыс тіліндегідей сол қалпында қалдырайын десең, қазақы мақамға көнетіндей түрі жоқ, қазақ мәтінінің де оған шырай берер сыңайы жоқ. Сонымен қатар бұл термин біраз салада, атап айтқанда, психология мен әлеуметтануда, техника мен математикада, химияда, қыл аяғы криминалистикада қолданылады екен. Сөйтіп, “тұғырластық” түрінде психология мен әлеуметтануда ыңғайға көніп тұрғанмен, химия мен криминалистикада реңкі мен бояуы өзгеріңкіреп кетеді екен. Олай болса, “тақылеттестіктің” бәріне де ортақ әрі ауытқымайтын мағына беріп, орайласып тұрғаны әбден білінеді. Сөйтіп, осы сөз оң әрі қол көрінген…

Енді осы сөзге әр қырынан көз салып көрелікші. Айталық, орыс тілінде зат есіміңіз етістікке айналып, “лоббирование” болып кете береді. Біздің бұл сөзіміз де икемге де, илеуге де көніп тұр. Денеу – лоббизм, денеушілік – лоббирование… Сөйтіп, “лоббизмнің” орнына “денеушіліктің” сіңіп кетуі әбден ықтимал. Көптен бері икемге көнбей жүрген бір саяси термин – “вызов” сөзі. Байқап отырсақ, осының дәл мағынасы қазақтың “талқы” сөзімен тұспа-тұс келеді. Тағдыр талқысы, тарих талқысы, уақыт талқысы. Белгілі жазушы Тұрсын Жұртбайдың “Талқы” кітабы осы пікірімізді қуаттай түседі. Кітап ұлы Мұқаңның (Мұхтар Әуезовтің) басынан кешкен сергелдеңі, уақыт пен тағдыр талқысына қалай түскені турасында әңгімелейді. Мен “талқы” – вызовтың тура баламасы дер едім”. Авторы: Кеңес ЮСУП.

ALASHAINASY.KZ. “Бекіре аулаушылар бетімен кетіп барады”. “Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат БЕКЕНОВ жойылудың аз-ақ алдында тұрған бекіре тұқымдас балықтарды құтқарумен қатар, кәсіптік аулауға тыйым салу мақсатында 10-15 жылға мораторий жариялауды талап етіп, депутаттық ұсыныс жасады. Естеріңізде болса, өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Иран Президенті Махмуд АХМАДИНЕЖАД Каспий маңындағы бес елге бекіре балығын аулауға 10-15 жылға мораторий жариялау керектігі жөнінде мәселе көтерген болатын. Артын ойлайтын Ресей бұл мәселені іліп әкетіп, қазір құнды балықтарды кәсіптік аулауға мораторий жариялап үлгерді. Әзірбайжан мен Түрікменстан да мораторийді кезең-кезеңімен жүргізуді ұсынып, ептеп-ептеп қолға алып келеді. Ендігі кезек бізге келген тәрізді.

Асхат Бекенов “бекіре тұқымдас балықтарды қорғау, өсімін молайту мен толық бақылау жүргізу мақсатында жедел шаралар қабылдау қажет” деп есептейді. “Қазіргі уақытта “Атырау бекіре балық өсіру” зауыты жыл сайын Каспий теңізіне жеті миллион бекіре балықтарының шабақтарын өсіріп шығарады. Бұл көрсеткіш осы балық түрінің қорын қалыпты түрде ұстауға, әрине, жеткіліксіз. Өйткені сол шығарған жеті миллион шабақтың қанша пайызы өсіп-өніп шығып, қаншасы жойылып кететіні жөнінде толық мәлімет жоқ”, – деді ол жиын барысында…”. Авторы: Салтан СӘКЕН.

Киелі көлден кие қашып барады”. “Балқаш тартылып барады. Тіпті “Екінші Аралдың” кебін киюі мүмкін. Сондықтан бұған мемлекет тарапынан қолдау қажет. Балқаш мәселесінің күннен-күнге ушығуына түрлі факторлар әсер етуде. Соның ең біріншісі әрі өте қауіптісі – Қытайдан ағып Балқашқа құятын Іле өзенін көзі қысыңқы ағайындар жібермей отыр. Әрине, олар қырғыздарға ұқсап, суды мүлдем жауып тастаған жоқ. Дегенмен ондағылар өндіріске пайдалану үшін өз жерлерінде бір емес, екі-үш гидроқондырғылар орнатуда. Осылайша Іледен келетін судың басым бөлігін “басып” қалып отыр. Бұл – бір. Екіншіден, еліміздегі киелі көлдің айналасында тұратын жергілікті тұрғындардың да көлге жанашырлық танытпай отырғандығы алаңдатады. Қазір онда көлдің айналасын ластау, тал-дарақтардың көптеп қырқылып отырған фактілері аз кездеспейді. Онымен қоса, “Қазақмыс” корпорациясына қарасты Балқаш кен-металлургия комбинаты да ондаған жылдардан бері көлге ластанған, тазаланбаған ағын суын жіберіп келеді. Осы мәселелердің барлығы “Табиғат” экоодағының ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында тағы бір көтерілді…”.

ZHASALASH.KZ. “Айналайын өз елiм – қараңғыда қалдырған”. “Сонау жылдары Елордамыздың Арқа жерiне қоныс аударуы жабайы жекешелендiруден есеңгiреп қалған ел-жұртқа кәдiмгiдей ес бердi. Оның көп адам мән бермейтiн геосаяси, рухани жағын айтпағанда жергiлiктi халыққа әлеуметтiк-материалдық тұрғыдан көмегi көп тидi. Ауыл жарықтық ажарынан айырылғасын, ендi не iстеймiз деп аңтарылған ағайын-жұрт ел орталығы Ақмолаға көшкеннен кейiн, солай қарай ағылды. Ең бастысы, ол жерде екi қолға бiр жұмыс бар. Құрылысқа кiрiп, кiрпiш қалайсың ба, болмаса, базар жағалап, арба итересiң бе, әйтеуiр, денi сау адамға кәсiп табылатын. Талайлар сосын қала аумағынан жер алып, баспана тұрғызып дегендей, әйтеуiр өлмес күндерiн көрiп кеттi. Бара-бара қаланың өзi түгiлi, оның айналасындағы, бұрын ешкiмдi қызықтыра қоймайтын ауылдардан оймақтай жер алу дегеннiң өзi оңайға түспейтiн шаруаға айналды.

Астанаға жақын орналасқан осындай елдiмекендердiң бiрi – Софиевка ауылы…”. Авторы: Сайлау БАЙБОСЫН.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Саяси және құқықтық алғышарттар жасалды”. “Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирак ЕЛЕКЕЕВ Әділет министрі Р.ТҮСІПБЕКОВке депутаттық сауал жолдаған болатын.

Депутаттық сауалдың негізгі қағидасы мынаған келіп саяды. 2007 жылдың мамыр айында Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ бағдарламалық сөз сөйлеп, онда біздің елімізде конституциялық реформа барлық салаларда дерлік өз көрінісін айқындап келе жатқанын тұжырымдап берген болатын.

Осыған байланысты министрге жолдаған сауалында Ирак Қасымұлы биліктің барлық салаларында елеулі өзгерістер болғанын айта келіп, мәслихаттар өклеттігінің кеңейіп, атқару билігінің жаңа серпін алғанын, сондай-ақ, сот-құқықтық жүйедегі демократиялық үрдісті, бұқаралық ақпарат құралдарындағы, саяси партиялар өміріндегі, сайлау жүйесіндегі тың өзгерістерді қамтыған болатын. Сондықтан, осы үрдістерді өміріміздің барлық салаларында одан әрі дамыта отырып, оларды қабылданған жаңа заңдарға толық сәйкестендіру қажеттігі туындады.

Осыдан үш жыл бұрын саяси жүйені жаңғырту нәтижесінде Парламент Мәжілісінде сайлау өтті. Ол кезде “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы төменгі Палатада көпшілік дауысқа ие болып, халықтың шынайы таңдауын көрсеткен еді. Мәжіліс депутатының сауалы осындай сипатты қамти отырып, Ұлт көшбасшысына қатысты тарихи бастаманы халық арасында насихаттауды, оның мәнін тұрғындарға толық түсіндіру қажеттігін және Парламент каникулдары кезінде сайлаушылар алдында оның заңдық ерекшеліктерін түсіндіруді талап ететінін атап өткен болатын. Сондықтан, Ирак Елекеев Әділет министріне бағыттаған депутаттық сауалын “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы мүшелерінің азаматтар алдындағы кездесулерінде Президент саясатын жүргізуге және оның қазіргі таңдағы ерекшеліктерін талдауға негіздеген еді. Осы тұрғыдан алғанда, Әділет министрі Рашид Түсіпбеков депутат сауалына қатысты конституциялық реформаны өткен үш жыл ішінде орын алған саяси өзгерістер тұрғысында саралап, оған егжей-тегжейлі жауап берген болатын.

Біз төменде Әділет министрінің демократиялық реформалар бағдарламасы аясында осы уақыт ішінде атқарылып, жүзеге асып жатқан саяси-құқықтық тетіктер жайлы берген талдамасын қысқартылған нұсқада жариялап отырмыз.

Конституция талаптарына сәйкес, саяси-құқықтық жүйеде соңғы үш жыл ішінде бірқатар заңдық актілер қабылданды. Атап айтқанда, “Қазақстан Республикасының Президенті туралы”, “Қазақстан Республикасының Парламенті және депутаттар мәртебесі туралы”, “Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы”, “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” конституциялық заңдарға Парламент тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізген болатын. Бұл республиканың саяси-құқықтық өміріндегі іргелі өзгерістер болды. Қысқаша айтқанда, конституциялық реформаның негізгі ережелері мынаған саяды: Біріншіден, Парламент рөлінің артуы барысында биліктің тиісті салалары арасындағы жауапкершілік пен өкілді биліктің ұстанымдары және қарсы пікірлердің үйлестірілген тиімді жүйесі қалыптасып келеді. Президенттің өкілеттігі ішінара шектеліп, ол Парламенттің пайдасына қарай өзгеріске ұшырады….”.

KAZ.GAZETA.KZ. Қырғызстанда бүгіннен бастап қаралы күн жарияланды. Ол үш күнге созылады. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі таратқан соңғы мәліметке қарағанда, Ош және Жалалабад облыстарындағы ұлтаралық қақтығыстан және жаппай бейберекетсіздіктен 190-ға жуық адам қаза тапқан. Өкінішке қарай, құрбандар саны өсуі мүмкін. Екі мыңға жуық адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Ал мыңдаған босқын Өзбекстан шекарасына әлі ағылуда.

Қырғыз-өзбек шекарасында босып жүрген адам көп. Бүгін Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі шекара маңына жиналған өзбектерді тағы да қабылдап жатқанын мәлімдеді. Ол жаққа ең алдымен әйелдер, балалар мен қарттар өтіп жатыр.

Ресми Ташкенттің хабарлауынша, Өзбекстан бұл жолы шамамен 75 мыңдай босқынды қабылдады. Әзірге олар шекара бекеттерінің маңындағы елдімекендердің мектептері мен демалыс орындарын паналауда. Адамдар көптеп келіп жатқандықтан, қосымша қосындар тұрғызуға да тура келді. Босқындардың арасында жараланғандар көп. Олар ауыз су, азық-түлік және дәрі-дәрмектен тапшылық көруде…

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...