«Құрғақшылық қаупі төніп келеді». «Игерілмеген қаржыға кім жауапты?». «Метро қашан қолданысқа берiледi?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 18 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Шымкенттік қоғамдық қор Нұрсұлтан Назарбаевты хан көтеруді ұсынады”. “…Қазақстанда Конституциялық монархия орнатып, президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВты хан сайлау керек дейді “Қазақ хандығы” қоғамдық қорының президенті Камалиддин ДУЛАТОВ. Ол бұл бастаманың қоғамда қолдау табатынына сенімді

– Біз осындай тоқтамға келдік. Демократияны да, барлығын көрдік. Не ұттық? Енді тек қана монархия орнату керек. Осыған байланысты жұмыс бастаймыз. Бізді қолдаушылар көп. Президент Назарбаев ақ патша не хан бола ма, әзірге белгісіз. Бірақ негізі — бір. Ең бастысы — монархия орнату. Тек қана осы! Бұл келер жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына тұспа-тұс келмек, – дейді Камалиддин Дулатов…

“Қазақ хандығы” қоғамдық қоры өткен жылы Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңында президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнату туралы бастама көтергені туралы Азаттық хабарлаған болатын. Алайда бастама аяқсыз қалды. Қор президенті бұл жоба уақытша ғана тоқтап тұр дейді…”. Авторы: Мира МҮСІЛІМ.

AIKYN.KZ. “Құрғақшылық қаупі төніп келеді”. “Дүниежүзілік шөлейттену мен құрғақшылыққа қарсы күрес күні қарсаңында Қазақстандағы “Жайылым жерлерді тұрақты басқару” жобасының мамандары Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы ауыл балаларына арнап “Жасыл жер” шарасын өткізді.

Алматы хайуанаттар бағында өткен шара аясында балалардың экология тақырыбына арналған суреттерінің байқауы ұйымдастырылып, байқау жеңімпаздары естелік сыйлықтармен марапатталды. Ал балалардың ең таңдаулы деген суреттері авторлық сурет болып баспадан шығарылмақ.

Айта кетсек, 1994 жылы БҰҰ-ның шөлейттену мен құрғақшылыққа қарсы күрес жөніндегі конвенциясы қабылданып, тағы бір жылдан кейін маусымның 17-сі дүниежүзілік шөлейттену мен құрғақшылыққа қарсы күрес күні деп жарияланған болатын. БҰҰ мамандарының айтуынша, жер бетінің үштен бір бөлігі шөлейттену мен құрғақшылыққа бейім келеді, сондықтан бұл жаһандық проблема әлемнің жүзден астам елінде тұратын 2 миллиард адамға кері әсерін тигізеді. Оның үстіне, құрғақшылыққа бейім жерде тұратын 2 миллиард халықтың тең жартысы кедейшілікте өмір сүреді. Ал Әлемдік ресурстар институтының деректеріне қарағанда, Қазақстан территориясының 99 пайызы құрғақшылыққа бейім келетін жер деп саналады екен. Жеріміздің 66 пайызы қазір түрлі деңгейде шөлейттену үрдісіне ұрынып отырған көрінеді…”. Авторы: Айдын ҚАЙНАР.

Қаржыны жұмсай алмау да жауапсыздық”. “Омархан ӨКСІКБАЕВ “Дабыл қаққаннан кейін” Үкімет бір шара қолдануға бел буған сыңай танытты. Таяуда өткен алқалы мәжілісте Премьер-министр Кәрім МӘСІМОВ бұдан былай бюджеттің шығыс саласындағы қаржыны игере алмаушылармен қатаң сөйлесетінін мәлімдеді. Қызық, Кәрім Мәсімовті ашуландырған былтыр игерілмеген бар болғаны 60 миллиард теңге көлеміндегі қаржы.

Ал бұған дейін игерілмеген қаржылар жыл сайын 100 миллиард теңгені алқымдап қалатын. Жалпы алғанда бюджет шығысындағы қаржыны игермеу — атқарушы биліктің, жергілікті әкімшіліктегі шенеуніктердің дәстүріне айналғандай. Кейбіреулер мұны бюджет шығысын тендер арқылы бөлген кезде болатын “бүйрек бұрушылық” секілді кеселдің салдары десе, енді біреулер бюджет қаржысын игермеу — “лауазымды жеке тұлғалардың табыс табуының бір көзі”, дейді.

Соңғысын айтушылар мұны былай түсіндіреді: белгілі бір жоғары билікке сөзі өтетін тұлға “тендерді міндетті түрде жеңіп алады” да, одан түскен мол қаржыны екінші деңгейлі коммерциялық банктердің депозиттеріне салып қояды…

… Білетініміз тек қана бюджеттің шығыс бөлігін игермеу — атқарушы биліктегі лауазымды тұлғалардың айықпас дертіне айналғандығы. Өкінішті-ақ. Себебі, ол — миллиардтармен есептеледі. Айталық, дәл былтыр игере алмаған және біз азсынып отырған бюджет қаржысының көлемі 60 млрд теңге екен. Бұл 400 миллион доллар игерілмей қалды деген сөз. Енді көңіл аударатын тұс мынау — біз көптен бері жоспарлап, бірақ құрылысын қаржы таба алмағандықтан кешіктіріп келген Мойнақ су электр стансасын салу үшін қажетті ақша көлемі бұдан әлдеқайда аз екен. Бұл — бір…

…Айталық, 60 млрд теңге игерілмей қалғанын Өксікбаев мырза өткен жылдың соңында-ақ мәлімдеген болатын. Бірақ осыншама қаржыны жедел қайтарып алып, оны пайдалы іске қосумен ешкім айналысқан жоқ. Мол қаржыны пайдалана алмағандықтан Президентіміздің тікелей нұсқауы бойынша бюджеттен бөлінетін міндетті төлемдерді 25 пайыз өсіру ісі Елбасымыз о баста көрсеткен мерзімнен үш ай кешіктірілді. Ал бұл тапсырманы орындауға толық жететін мол қаржы “кінәлілердің” есепшотында қозғаусыз жата берді. Бұдан артық иесіздік болар ма?!

Бір назар аударарлық тұс — біз әңгіме өзегіне алған 60 миллиард теңге 2008 жылғы бюджет кірісі арқылы жинақталған қаржы. Демек, осыншама қаржы бір жыл бес ай бойы “өлі капиталға” айналды деген сөз. 60 миллиард теңгеден мемлекетке 1 жыл 5 ай ішінде бір тиын пайда түскен жоқ. Ал егер жоғарыда айтылған қылмыскерлік жол ақиқат болса, онда осынау мол ақшадан “кінәлі” жеке тұлғалар шамамен 60 миллион теңге пайда тауып тұр екен. Майшелпек деген — осы. Мемлекет қаражатына осыншама жауапсыздық танытқандарды осы уақытқа дейін еркінсітіп жібергенімізді “көрмегендей” болсақ та, бұдан былай Кәрім Мәсімов осыншама “салғырттықты” немесе “жемқорлықты” жоя алар ма екен?! Қалай болғанда да Үкімет басшысы қаһарына мінген секілді. Біз тек қана үміттенейік. Бәлкім, үмітіміз ақталар”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

Африкадағы алғашқы сенсация”. “Африкада тұңғыш рет ұйымдастырылған әлем чемпионатының көрігі енді қызды. Сәрсенбі күні өткен үш матчты да аса тартысты болды деуге толық негіз бар. Бұл жолы сенсация да тіркелді, хас мықтыға тән басымдық та байқалды. Тосын оқиғаға Швейцария құрамасы себепкер болып, Еуропаның қазір чемпионы — Испания командасын 1:0 есебімен ұтып кетті…

БҰНДАЙ БАССЫЗДЫҚ БҰРЫН КЕЗДЕСПЕПТІ

ОАР тәртіп сақшылары ұрлық-қарлықты тыя алмай отыр. Ұрылардың қармағына іліккендердің тізімі, сағат санап өсе түсуде. Сондай қара тізімге Аргентина құрамасының бұрынғы шабуылшысы Габриэль Батистута да енді. Абырой болғанда ол өзінің қолды болған кредиттік карточкасына тосқауыл қойып үлгеріпті. Осы елде жүрген қонақтар көшеден тәртіп сақшысын кездестірудің өзі күш екенін мәлімдеуде. Футбол саласының ардагерлері де мұндай бассыздықты бұрын-соңды көрмегендерін айтуда….”. Авторы: Шалқар ЕСТЕН.

EGEMEN.KZ. “ҒАРЫШТЫҚ КЕЛІСІМДЕР ҚОЛДАУ ТАПТЫ”. “Мәжіліс Төрағасы Орал МҰХАМЕДЖАНОВтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі кезекті пленарлық отырысында он жеті мәселе қаралса, соның алдыңғы жетеуі Кеден одағының ережелерін айқындайтын заңдық құжаттар болды. Баяндаманы Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ жасады. Депутаттар бірыңғай кедендік кеңістіктің 1 шілдеден бастап күшіне енетінін ескеріп, заң жобаларын бірауыздан мақұлдады.

“Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесі мен ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру және пайдалану шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы” және “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы “Байқоңыр” кешенінде болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобалары бойынша баяндаманы Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек МОЛДАБЕКОВ жасады. Ол аталған ғарыштық жүйе әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін, қорғаныс пен қауіпсіздік және жерді пайдалану, картография, биология, жылжымайтын мүлік мониторингі және өзге де міндеттерді қамтиды. Сондай-ақ келісім отандық ғарыш аппараттарын өндіруге, жобалауға, жинауға және сынауға мүмкіндік береді. Бұл үшін кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Жоба 2012 жылға дейін жүзеге асуы тиіс…”. Авторы: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

ИГЕРІЛМЕГЕН ҚАРЖЫҒА КІМ ЖАУАПТЫ?”. “Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВтың төрағалығымен өткен палата пленарлық отырысының күн тәртібінде жиырма мәселе қаралды. Соның ішінде Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері депутаттардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ өз баяндамасында өткен жылы Президент тапсырмаларының жүзеге асырылғанына ерекше тоқталып өтті. Республикалық бюджеттің шығыс бөлігі 98,2 пайызға орындалған. Министр сыртқы қарыз ішкі жалпы өнімнің 60 пайызынан аспауы керек болса, еліміздегі бұл көрсеткіш 10 пайызды құрады деді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов банк депозиттері әлдеқайда өсіп, 16,4 триллион теңгеге жеткендігін алға тартты. Инфляция өткен жылы 6,9 пайызды құрап, оның арғы жылымен салыстырғанда біршама төмендеген екен. Мәселен, өткен жылы инфляция Ресейде – 10, Белоруссияда – 10,1, Украинада 13,3 пайыз болыпты. Сондай-ақ өткен жылы еліміздің халықаралық резерві 7, 9 миллиард долларға өсіп, инвестициялық табыс 1,5 миллиард долларды құрапты. Шетелдік инвестиция 12,6 миллиард доллар болса, сыртқы қарыз 4 миллиардқа өсіп, 111,7 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ал банктердің сыртқы берешегі 9,1 миллиардқа кеміп, қазіргісі 30 миллиард доллар көлемінде қалыптасыпты. Мемлекеттік қарыз 3,5 миллиард долларға жеткен.

Әйтсе де бұл көрсеткіштер сенаторлар көңілінен шыға қойған жоқ. Өткен жылы игерілмей қалған 60 миллиард теңге мен дағдарысқа қарсы жұмсалуы тиіс қаржылардың депозиттерде сақталуы сын тезіне алынды. Ғани ҚАСЫМОВ 237 индустриялық-инновациялық жобалардың көбісі бұрынғы кәсіпорындарды қайта жаңғыртумен және цехтар салумен ғана шектелгеніне қынжылыс білдірді. Екінші деңгейдегі банктерге салынған қаржылар қашан қайтарылады, деді сенатор сұрақты төтесінен қойып. Қорғаныстық тапсырыстардың отандық кәсіпорындар тарапынан жасалмайтындығына көңіл толмайтынын білдірген Қуаныш СҰЛТАНОВ кеңестік дәуірде әскери өнімдер шығарған 51 кәсіпорынның қазір керексіз болып қалғандығын айтты. Мемлекет инвестициялық қорлардан қомақты инвестиция жоғалтып отырғандығын ашына жеткізген Иран Әміров лауазым иелері елдің алдында жауап беруден қалған деген тұжырымын жеткізді. Осы ретте Сенат депутаттары бюджет әкімшілерін жауапкершілікке тарту мәселесі шешімін таппай келе жатқанына назар аудартты. Осылайша депутаттар ескертпелері мен ұсыныстары назарға алына отырып, қосымша баяндама әзірленетін болып шешілді. Ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында баяндалмақ…

Депутаттарды қызықтырған тағы бір заң жобасы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне “Электронды үкіметті” дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” деп аталады…

Бұдан кейін сенаторлар Кеден одағына қатысты үш заңдық құжат бойынша және өзге де заң жобалары жөнінде тиісті шешімдер қабылдады”. Авторы: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

TURKYSTAN.KZ. “МӘДЕНИЕТТЕР ҮНДЕСТIГIНIҢ МYМКIНДIГI МОЛ”. “Өткен жұма күнi Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйiнде «Мәдениеттердiң үндесуi арқылы бейбiтшiлiк пен келiсiмге» тақырыбындағы этномәдени бiрлестiктердiң халықаралық форумы өттi. Форумға Мәдениет министрi Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД мырза модераторлық еттi.

Халықаралық форумның қонақтары Парламент депутаттары, Франция, Түркия, Ресей сияқты алыс-жақын шет мемлекеттерден келген өкiлдер, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерi, қоғам қайраткерлерi мен ғалымдар, жазушылар мен сарапшылар, этно-мәдени бiрлестiктердiң жетекшiлерi бас қосты.
Халықтар арасындағы бейбiтшiлiк пен дiнаралық келiсiмнiң сақталуы жолында мәдениеттердiң үндесуiн арттырудың жолдарын iздестiру оңай емес. Қазақ халқы мұндайда «Төртеу түгел болса, төбедегi келедi, алтау ала болса, ауыздағы кетедi» дейдi
…”. Авторы: Гүлзина БЕКТАСОВА.

МЕТРО ҚАШАН ҚОЛДАНЫСҚА БЕРIЛЕДI?”. “Отыз жылға созылған озан

Алматы метросының салынатыны туралы алғашқы хабар естiлгенде қуанышы қойнына сыймаған жұртшылық осынау маңызды нысанның тез салынып бiтетiнiне еш күдiксiз сенген. Содан берi тура отыз жыл өтiптi…

– Үш жылдан соң Алматыда метро болады. Бұл тұрғысында ешкiмнiң күмәнi болмасын, – дедi Премьер-министр Даниал АХМЕТОВ 2006 жылдың 18 қаңтарында қос палата отырысында…

Алматы қаласының әкiмi Ахметжан ЕСIМОВ метрополитеннiң бiрiншi желiсiнiң құрылысын тексеру барысында: «ҚР Президентiнiң 2003 жылғы 10 ақпандағы №1019 Жарлығына және Алматы қаласының 2003-2010 жылдарғы дамуының Мемлекеттiк Бағдарламасына сәйкес метро құрылысы стартегиялық маңызды нысан болып табылады. Елбасының тапсыруы бойынша метро 2010 жылы iске қосылуы тиiс».

– 2010 жылдың соңына дейiн метро iске қосылады. Қазiргi таңда екi бекет үшiн эскалатор алынып қойды. Ал метроның алматылық линиясына Хуйндай компаниясы арнайы вагондар әзiрлеуде. Райымбек бекетiнде отандық Асыл тас кенiнiң граниттерiмен әрлеу жұмыстары жүрiп жатыр, – Алматы қаласының әкiмi орынбасары В.ДОЛЖЕНКОВ.

– Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi: – Бiрден бере алмаймыз, өйткенi бұл өте қымбат жоба. Сондықтан оны жыл сайын бiртiндеп берiп жатырмыз. Жоспар бойынша бұл жоба 2011-2012 жылдары аяқталуы тиiс”. Авторы: Ақниет ОСПАНБАЙ.

USHKIYAN.KZ. “Мексика шығанағы және Қашаған: экологиялық параллель”. “…Қазақстандық ғалымдар Каспий қайраңындағы мұнай ұңғыларында Мексика шығанағындағыдай апаттың орын алуы мүмкін деп алаңдап отыр. “Үш қиян” газеті осы саладағы белгілі ғалымдарға сауалдар қойып, пікірлерін алған еді.

ОРТАҚ СҰРАҚ:

1. Мексика шығанағындағы мұнай ұңғысындағы апаттық жағдай Каспий қайраңындағы мұнай операцияларында орын алуы мүмкін бе?

2. Каспий қайраңында экологиялық апат болған жағдайда оның қоршаған ортаға әсері қандай болмақ?

3. Каспий теңізінде мұнай операциясын жүргізіп жатқан компаниялар мен мемлекетіміздің апаттық жағдайларды ауыздықтауға мүмкіншілігі толық жете ме?

4. Қазақстан үкіметі Каспийдегі мұнай операцияларының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар жасауы қажет?…”. Сұхбатты жүргізген Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...