«Еңбек мигранттарына қатаң бақылау қою қажет». «Балалардың құқығын қорғау – басты мәселе». «Инновацияны қолдау да, бекірені қорғау да керек»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 21 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Тоқтар Әубәкіровті өз атындағы көшеден қалай қуғандығы жөнінде бейнежазба”. “Қарқаралы қаласының тұрғындарымен кездесуге барған оппозициялық “Азат” жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат ӘБІЛЕВ, партия президиумының мүшелері Тоқтар ӘУБӘКІРОВ пен Балташ ТҰРСЫМБАЕВтар билік өкілдерінің тосқауылына тап болды. Жергілікті атқамінерлер Алматыдан барған қонақтардың дереу келген іздерімен кері қайтуларын сұрады. Қарқаралыдағы Тоқтар Әубәкіров атындағы көшеде болған бұл оқиға жерлестерімен кездесуге келген Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Совет Одағының Батыры және Қазақстанның Халық Қаһарманы, запастағы генерал-майор Тоқтар Әубәкіровтің көз алдында өтті.

Тоқтар Әубәкіров – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тумасы. Оны үн-түнсіз зейнет демалысына шығарып, қоғамдық өмірден аластап тастағанына да біраз болған. Өткен жылы Тоқтар Әубәкіров “Азат” партиясының қатарына кірді.

Бейнежазбаның бас жағында Тоқтар Әубәкіров серіктерімен бірге оны Қарқаралы халқымен кездесуге жібермей қойған жергілікті биліктің іс-әрекетіне таңданып, мұндай “қошеметті” күтпегенін айтады….

Болған оқиғаға қатты ашуланған Тоқтар Әубәкіров: “Сендерде ар-ұят деген бар ма? Форма киіп алып өздеріңді қазақпын деп есептейсіңдер. Сендерде бір мысқал да ұят жоқ!” – деді…”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

AIKYN.KZ. “Сендер кімсіңдер, ондай талап қоятын…”. “Қырғыз елінен жетіп жатқан деректер ала-құла. Тіпті адам сенгісіз алыпқашпа әңгімелер де жетерлік. Дегенмен қырғыз билігі Ош және Жалал-Абад облыстарын жайлаған ұлтаралық қақтығыста, бұрынғысынша 191 адам емес, 2000 адам қаза тапқанын, 3 мыңнан астам адам жарақат алғанын ресми мойындады.

Ош қаласының 70 пайызы өртке шалдығып, күйреген. Сондай-ақ Өзбекстанға қарай бас сауғалағандардың саны 100 мыңға (бұл жерде тек ересектер ғана санатқа алынған. Ал бала-шаға қанша екені тізімге енгізілмеген) жетіп отыр. Олар өзбектің Әндіжан облысындағы 17 босқындар лагеріне орналастырылуда. Жалпы, Қырғызстандағы БҰҰ-ның гуманитарлық сауалдар бойынша үйлестіру өкілдігінің дерегіне сүйенсек, ұлтараздық кезінде 400 мыңнан астам адам баспаналарын тастап, босып кеткен. Қазір оңтүстік облыстарда азық-түлік, дәрі-дәрмек жетіспеуде. Дегенмен соңғы бірер күнде Ресей 130 тонна гуманитарлық көмек берсе, АҚШ осы мақсатта Бішкекке 18 млн доллар бөлді. Сондай-ақ мұндай көмектер, Түркия, Оңтүстік Корея және Қытайдан келе бастады…”. Авторы: Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ.

Еңбек мигранттарына қатаң бақылау қою қажет”. “Қазақстанның жері кең-байтақ екендігімен ешкім таласа алмас. Баяғыша айтсақ, аумағына бес Франция сыйып кететін мемлекетіміз бүкіл Орталық Азияны құшағына ала алар еді. Алайда қазақтың жері кең деп, келімсектердің кеңістігімізге кең қолтық қоныстануына жол беріп, қарап отыруға болмайды.

Осы мәселе бойынша, кеше еліміздің билеуші партиясы, жоғарғы заң шығарушы орган және Қазақстан төрағасы болып табылатын еуропалық белді ұйым арнайы алқа құрып, ақылдасты. Жиынды ашқан Сенат төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қазір де “халық тығыздығы бір шаршы шақырымға бар-жоғы 6 адамнан келетін” Қазақстанда көші-қон үдерістері “әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайға зор әсер ететіндігін” мәлімдеді. Жоғарғы палата басшысының байламынша, мемлекетіміздің бұл саладағы саясаты “одан әрі жетілдіруді аса қажет” етеді.

— Елбасы дәл осы міндетті Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында жүктеген болатын, — деп нықтады Қасым-Жомарт Кемелұлы, — Ресми мәліметтерге жүгінсек, Қазақстандағы ішкі көші-қонның жыл сайынғы көрсеткіші шамамен 300 мың адамды құраса, ал сырттан келетін көші-қон ауқымы 1 миллион адамға жетеді. Ішкі тұрақтылығына, тіпті дағдарыс жағдайында да орнықтылығын сақтап қалған экономикалық ахуалына, сондай-ақ көрші елдердегі иммиграциялық көңіл-күйлерге қарай, болашақта да көші-қон ауқымы арта түседі деп болжануда…

Ђз сөзінде министр Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА оралман қазақтар жайына тоқталды. Оның мәліметінше, “этникалық қазақтардың келуінің арқасында республика бойынша көші-қонның оң сальдосы қалыптасқан”, атамекенге оралған қазақтар жалпы келгендердің 72,4 пайызын құраған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, “тәуелсіздік алғаннан бері елімізге 1 миллионнан астам этникалық қазақтар қоныстанған”. “Демографиялық көрінісі бойынша оралмандарың 54 пайызы еңбекке қабілетті тұлғалар. Мұның ішінде 18 жасқа дейінгілер — 41 пайыз, зейнеткерлер шамамен 5 пайыз деңгейінде. Елімізде оралмандарды уақытша орналастырудың 14 орталығы қызмет етеді” деді Г.Әбдіхалықова. Отанына оралған қандастырымыздың жалпы санының білім деңгейі бойынша 9,1 пайызы жоғары білімді, 20,7 пайызы орташа арнайы білімді, 63,6 пайызы — жалпы орта білімді, ал 6,7 пайызы — қазақша айтқанда, “қараңғы адамдар”, яғни бастапқы немесе білімі жоқтар.

Сөз соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мигранттардың “барлық жағдайда бірдей жасампаз күш бола алмайтындығы” жөнінде тұжырымдама айтты. Яғни даму үдерістерімен бірге, көші-қон бірқатар айтарлықтай проблемаларды тудырады. “Мәселен, заңсыз көші-қон, зияткер кадрлардан айрылу, көшіп-қонушылардың ел аумағына теңгерімсіз орналасуы, жергілікті еңбек нарығындағы бәсекелестік — мұның бәрі қоғамдық тұрақтылық пен мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіреді” деп түйді министр ханым. Жиын соңында қатысушылар айтылған пікірлер мен ескертпелерді ескере отырып, Үкіметке тиісті ұсынымдар қабылдады”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “ЖАҢА ҚОСЫМШАЛАР – ЗАМАН ТАЛАБЫ”. “Көші-қон саласына байланысты заңдарды қазіргі қалыптасқан жағдайға сай етіп, толықтырулар мен өзгерістер енгізгеніміз жөн, деп санайды Мәжіліс жанындағы Көші-қон мәселелері және отандастармен байланыстар жөніндегі консультациялық кеңес төрағасы Уәлихан ҚАЛИЖАНҰЛЫ.

1997 жылы “Халықтың көші-қоны туралы” Заң қабылданған болатын. Соңғы 13 жыл ішінде оған 3 рет қосымшалар мен түзетулер енгізілді. Бірақ әлемдегі жаһандану үдерістері көші-қонға да әсерін тигізіп отыр. Сондықтан да “Көші-қон туралы” жаңа заң жобасы қажет болды. Оның үстіне 2007-2015 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Әрі Елбасы қалыптасып отырған жағдайға орай жаңа заң қажет екенін қадап айтқан еді.

1993 жылдан бері этностық мигранттарды квота арқылы қабылдау жүзеге асырыла бастады. 2005-2008 жылдары жылына 15 мың отбасына квота бөлінсе, Елбасы тапсырмасына орай 2009 жылдан бастап ол 20 мың отбасына ұлғайтылды. Келген оралмандар қазір 1 миллионға жуық адамды құрайды. Олардың 55 пайызы еңбек ету жасында, ал 41,2 пайызы 18 жасқа дейінгі өскіндер. Сонда 5 пайызы ғана зейнеткерлік жаста.

Ішкі көші-қон да күрделі мәселеге айналып отыр. Облысаралық және облыстың өз ішінде көшіп-қонушылар 5 миллион адам шамасында болды (1991-2008 жж.). Қазір ішкі көші-қон тұрақты 300 мың адамның көлемінде орнықты…

… Ішкі көшіп-қонушылар:

бұрынғы тіркелген жерінен есептен шығарылған күнінен бастап он бес жұмыс күнінің ішінде мемлекет аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелуге міндетті;

бір елді мекенде тіркеуі бар және бір жылдың ішінде отыз күнтізбелік күнге дейін басқа елді мекенде жүрген адамдар, бұрынғы тұрғылықты жерінен және әскери есептен тіркеуден шықпай-ақ, жүрген жері бойынша тіркеледі;

ішкі көшіп-қонушылар уақытша болу орнында тұрғанына бір жыл өткенде он бес жұмыс күні ішінде бұрынғы тұрған жерінен тіркеуден шығуға және он бес жұмыс күні ішінде жаңа тұрғылықты жері бойынша тіркелуге міндетті;

қызмет міндеттерін атқаруы (емделуі) тұрғылықты тұратын жерінен тыс жерде ұзақ болуымен (бір жылдан артық) байланысты адамдардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, міндеттерін бұрынғы тұрғылықты жерінен және әскери есептен тіркеуден шықпай орындау үшін қажетті мерзімге жүзеге асырылады;

тіркеу кезінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде мемлекеттік баж алынады.

тіркеудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды, делінген.

Бұл мәселені оралмандар және Үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары негізінде шешкен жөн. Оның ашықтығы қамтамасыз етілуге тиіс.

Сол себептен бұл мәселені шешу үшін көші-қон саласына байланысты заңдарға қазіргі қалыптасқан жағдайға сай етіп, толықтырулар мен өзгерістер енгізгеніміз жөн деп санаймын”. Жазып алған Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.

БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ”. “Халқымыз “Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ” дегендей, өмір ұрпақ жалғастығынан тұрады. Табиғаттың кемелдігі сол, егер елде баласы да, жасы да, егдесі де, қарты да, қысқасы, барлық буын өкілдерінің тепе-теңдігі сақталмаса, үндестік пен үйлесімділік заңы бұзылады.

Соңғы екі жылда балалардың құқығын қорғауға қатысты бірнеше заң қабылданды. Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының адамдарды, әсіресе, әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттамасын бекітуді қарастыратын заң қабылданды. Сол секілді “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңда жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық білім беру ұйымдарының жанынан дербес мекеме ретінде жасөспірімдер үйлерін ашу мәселесін заңнамалық тұрғыдан реттеу қарастырылған.

Сондай-ақ еліміз “Қазақстан Республикасының Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылуы және оны ратификациялауы туралы” Заң қабылдады…

Енді балалар үйінде тәрбиеленушілер жөнінде ой қозғау үшін бірқатар деректерге назар аударсақ. Нақты мысалдарға сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңіріндегі қалаларда орналасқан балалар үйінде 15 мың 116 бала тәрбиеленуде. Солардың 8 мыңнан астамын асырап алуға болады. Ал Қазақстан азаматтары асырап алған балалар саны 28 мың 829-ға жеткен. Шетелдік азаматтардың асырауға алғаны 8 мың 169 бала екен. Шетелге кеткен балалардың қатары 2009 жылы 2008 жылға қарағанда 40 балаға азая түскен…

Баланы асырап алудың үш түрлі негізі қарастырылған. Қамқорлыққа алу, патронат (күтімге алу) және асырап алу. Патронатқа ғана жәрдемақы төленеді. Ай сайын бала күтіміне 10 АЕК көлемінде ақы беріледі. Тәрбиешіге 14 мың теңге шамасында еңбекақы қарастырылған. Патронаттық тәрбиеге 2009 жылы жергілікті бюджеттен 605 млн. теңге бөлінген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 170 млн. теңгеге көп.

Әлі де бала асырап алғысы келетін Қазақстан азаматтары баршылық. 2010 жылғы 1 қаңтарда есепке алынған мәлімет бойынша, бала асырап алғысы келетін өз азаматтарымыздан түскен 1195 өтініш бар екен! Барлық ата-ана да дені сау баланы асырап, алғысы келетіні жасырын емес. Сонымен қатар, балалардың ұлттық тегі мен жас ерекшелігіне де қарайтыны белгілі.

Білім және ғылым министрлігінің есептеуі бойынша, ай сайын бала күтіміне төленетін 10 АЕК ақыны назарға алсақ, ел бюджетінен 4 млрд. теңге бөлінуі тиістігі белгілі болып отыр. Егер осы мәселе таяу келешекте шешімін тапса, көздері жаутаңдаған жетім балалардың басым бөлігі дұрыс тәлім бере алатын, мейірімді шуағымен қарсы алатын отбасында тәрбиеленетін болады.

Келесі мәселе – балалар үйінің түлегі. Жыл сайын балалар үйінен екі мыңнан астам жасөспірім түлеп шығады. Яғни, қаттырақ айтқанда, шығарылады. Әрі қарай олар өз күндерін өздері көреді. Бірі оқуын жалғастырса, екіншілері жұмысқа орналасады. Балалар үйінен шыққандарға өте қиын екені ешкімге де жасырын емес. Өйткені, тұрғын үй жоқ, бұрынғы кездегідей оқу орындары мен кәсіпорындардың жатақханалары жоқ. Қамқор болатын туыстары да жоқ, олар көбіне жұмыс таба алмай қиналады. Депутаттар алдында ондай жасөспірімдерді әлеуметтік және құқықтық қорғау саласында мемлекеттік кепілдікке ие болатындай заңдық негізді қалап беру міндеті тұр.

Парламент Мәжілісінің депутаттары “Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы” Заңға және “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңға толықтырулар енгізді. Соған сәйкес енді ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға үй алу құқығы берілетін болды. Бұған құқығы бар жетім балалардың жасы 23-ке дейін ұзартылды…”. Авторы: Бағила БАЙМАҒАМБЕТОВА, Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты.

ABAI.KZ. “Алдан СМАЙЫЛ. 79-ШЫ ЖЫЛДЫҢ ЫЗҒАРЛЫ ЖАЗЫ”. “1979 жылғы 16 және және 19 маусым күні Целиноград қаласының Ленин атындағы орталық алаңына мыңдаған адам жиналып, қазақ жерінің бөлінбейтінін, ешқандай автономияға жол жоқ екенін батыл мәлімдеді. КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Көкшетау облыстары түйісетін Ерейментау өңірінде неміс автономиясын құру жөніндегі шешімін бұзғызды. Бұл Кеңес Одағы дәурен сүрген ұзақ жылдарда коммунистік партия көсемдерінің алған бетінен алғаш рет қайтуы еді…

Сөйтіп 13-15 маусым күндері Целиноград қаласындағы басқа да жоғары оқу орындарының студенттерімен хабарласып, 16 маусым күні ұрандар мен транспаранттар ұстап, орталық Ленин алаңына шығады, неміс автономиясының Қазақстанда құрылуына қарсылығын қазақ халқы атынан партия және совет орындарының басшылығына жазба түрінде ұсынады. Ал 16 маусымда талаптарына қанағаттанарлық жауап берілмеген соң 19 маусым күні ұйымдасқан түрде алаңға қайта шығады да, неміс автономиясы болмайды деген тұжырымды жауапты облыстық партия комитетінің бірінші секретарының өз аузынан естіп тарқайды”. Авторы: Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты («Егемен Қазақстан» газеті. 18.06.10).

DMK.KZ. “ҚАЙДА ДЕМАЛАСЫЗ?”. “Жыл құсындай жылына бір айналып соғатын еңбек демалысын тиімді пайдалануды көздегендер мүмкіндігіне қарай ел-жер көріп тынығады. Мәселен, қалтасы көтергендер Жерорта, Қара, Қызыл теңізге және басқа да өзге мемлекетте орналасқан теңіздердің жағалауларына, таулардың етегіне асықса, тынығумен қатар ем алуды көздеген кейбір жұрт отандық курортты орындарды жағалайды. Төменде еліміздегі бірқатар шипажайлардың қай аймақта орналасқаны және олардың келушілерге қандай қызмет көрсететіні әрі олардағы орташа баға жайында мәлімет беріліп отыр. Мақсат – оқырмандарымызға демалыс орнын таңдауға септесу. Ендеше, демалыстарыңыз сәтті өтсін!

Сарыағаш шипажайы – Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан…

Алакөл – Балқаш-Алакөл қазаншұңқырының шығысында, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасындағы тұзды көл…

2006 жылы Бүкіләлемдік су және климаттық емдеудің Бас Ассамлеясының шешімімен “Оқжетпес” шипажайы халықаралық стандарттарға сай болуына орай, “Әлемдегі ең мықты курорт” мәртебесіне ие болды. Ақмола облысы Көкшетау қаласына қарасты шипажай Бурабай өзенінің батыс бөлігінде, әйгілі Оқжетпес тауы мен Жұмбақтастан 300 метрлік маңда орналасқан…”.

ALASHAINASY.KZ. “Инновацияны қолдау да, бекірені қорғау да керек”. “ҚР Премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВ пен сала министрлері Атырау облысына жұмыс сапарымен келді…

Үкімет басшысының Атырау аймағына келуі осы өңірде жүзеге асуы керек жобалардың қаншалықты орындалуына ғана емес, осы өңірде әлі де болса шешілмей жатқан өзекті мәселелердің, әсіресе экологиялық ахуалдың күрделі болып отырғанымен байланысты десек жөн шығар. Аймаққа жұмыс сапарында Премьер-министр К.Мәсімов дәл осы мәселеге аса назар аударып, қазіргі жағдайға қанық болды. Біздің қосарымыз, өзіміз жаза-жаза жауыр болған экология мәселесінің біртіндеп шешімін тауып, өңірдің экологиялық сауығуына Үкімет басшысының өңірге сапары себепші болса деген үміт…”. Нарғыз ҒАБДУЛЛИНА, Атырау.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Құқық саясатқа емес, саясат құқыққа сай болуы тиіс”. “…Сондықтан да оны бір ауыз сөзбен елдегі құқықтық жүйені бүгінгі уақыт талабына сәйкес жетілдіру деп атағанымыз дұрысырақ болар еді. Ал, шындығына келсек, Американың барлық 13 Құрама штаттары бірігіп қабылдаған атақты Тәуелсіздік Декларациясындағы Томас ДЖЕФЕРСОНның мына бір пікірі принципті түрде үйлесер еді: “Бізге белгілі айқын шындық деп санайтынымыз: барлық адамдар тең жаратылған және Жаратушының үлесімен берген өмір сүруге, еркіндікке және бақытты болуға ұмтылуға белгілі бір құқық иесі. Адамдар осы құқықтарды қамтамасыз ету үшін бірігіп үкімет құрады. Егер осы құқық бұзылса, халық оны өзгертуге немесе оны таратып, жаңа құқықтық негіз жасауға құқылы. Ол негізінен халықтың қауіпсіздігі мен берекесін ең жақсы түрде қамтамасыз етіп, ұйымдастыра алатын принципке құрылады”…”. Авторы: Оңайбек ӘБДІЛОВ, тарих ғылымдарының докторы, академик, Маңғыстау облысы.

MINBER.KZ. “Оштағы отты кім тұтатты?”. “…1920 жылы Сталин үш елдің шекарасын бөліп берген”, – дейді “The Economist”. Нәтижесінде, Қырғыз Советтік Республикасының бір шетіне өзбек халқы енді, ал Өзбек Советтік Республикасының бір шетіне тәжік тұрғындары кірігіп кетті. Кеңес Одағы тұсында бұл жайт респубикалар арасында бір идеологияны насихаттауға жәрдемдесті. Алайда, Совет Одағы күйреген сәтте тәуелсіз мемлекеттер қалыптасып, шекара маңындағы аймақтарда ұлтаралық ши шыға бастады…

Алайда Foreign Policy саяси журналындағы мақалада Эрика МАРАТ “Ұлтаралық қақтығыстың туындауына елді әртүрлі басшылардың басқаруы себеп болды” деген ойда.

Асқар АҚАЕВ билікте болған кезде, этникалық топтарға үлкен артықшылықтар жасады. Өзбек тілінде білім беретін оқу орындары да пайда болды. Сондықтан аз ұлттар Ақаевтың саясатын қолдады. Ол биліктен кеткен соң, Құрманбек БАҚИЕВ этникалық топтардың мәселесіне мүлдем назар аударған жоқ. Осылайша қоғамда қарсы топ қалыптаса бастады…

Global Voices әлемдік блог порталындағы жазбаларда және twitter микроблогында сағат сайын осындай пікірлер жарық көруде.

“Қырғызстанның оңтүстігіндегі қарапайым халықты бір-біріне қарсы қойып қойды. Түн ішінде әлдебір снайперлер келіп, үйдің төбесінен өзбектерді де, қырғыздарды да ата бастады. Өз кезегінде екі ұлт бір-біріне оқ жаудырып жатқандай сипат енгізді. Нәтижесінде дүкендер өртеліп, үйлер қиратыла бастады”.

Шетелдік басылымдардағы пікірлердің ауаны әзірге осындай. Дені мәселені ұлтараздық сипатқа беруге тырысады. Алайда ресейлік кейбір сарапшылар бұның астарынан үлкен саяси ойын жатқанын ашық айтуда.

Ескерту: Сілтемелердің дені ағылшын тілінде. Жазбаны дайындау барысында Registan.net деректері пайдаланылды”. Авторы: Асхат ЕРКІМБАЙ.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...