«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қазақстандық жастардың өкілдерімен кездесті». «Абаттанған Астана». «Алатау ауданы – үміттер ақталды ма?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 24 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қазақтардың қалаға қоныстануы үдеген сайын шаһарда сиырлар көбейе бастады”. “…Семей қаласының әр бұрышында көше кезіп, ауызына іліккенін жеп, жайылып жүрген сиырлардың шағын табындары жиі ұшырасады. Қалада бұл жағдай, тіпті сиыр табынының көлік қозғалысына кедергі келтіріп жүргені бүгінде ешкімге де таң емес. Ендігі көше кезіп жүрген бір ғана ит емес, оның қатарына сиыр да қосылып, қоқыс-қалдық тастайтын жәшіктердің маңында жүр. Сонда, шынымен сиыр жайылатын жер жоқ па деген сұраққа бақташы самарқау ғана жауап айтады: қаланың сыртына шыққаннан еш пайда жоқ, өйткені бос жатқан жер жоқ, бәрінің қожайыны бар, мал жайғаның үшін ақы талап етеді.

Амалы жоқ малшы табынды қаладағы аулаларға жаюдан басқа жол таппаған: сиыр да қоректенеді әрі тыйым салып жатқан ешкім жоқ. Төрт түліктің бірі – сиыр малынан келер қауіп жоқ, тек балаларға зияны тиіп кетпесе болды деген қала жұрты бұған түсіністікпен қарайды….

Семей қаласы бойынша мемлекеттік бас мал дәрігері Жанат РАҚЫШЕВтың жергілікті газетке айтуынша, 227 бас ірі қарадан “бруцеллез” ауруы табылған. “Барлық түлік, яғни ірі қара мен шошқалар ауруға шалдыққан. Бір жақсы жері – бруцеллезден қой малы аман”, – деген Семейдің бас мал дәрігері “Спектр” газетіне берген сұхбатында. Сонымен қатар мамандар малды сойғаннан кейін 24 сағат ішінде аурудың қоздырушылары өледі де, ет өнеркәсіптік қайта өңдеуге жөнелтілетінін түсіндіреді. Бірақ үйінде малы бар тұрғындар малдан айырылып қалуды, аурудың кесірінен ет бағасының арзандап кететінін ойлап, уайым қылып отыр…”. Авторы: Алина КОГАЙ.

AIKYN.KZ.Қандай телехикая көріп жүрсіз?”. “Телехикая — көп сериялы әрі теледидардан көрсетуге арналған көркем немесе деректі кинотуынды. Жиырма жыл бұрын Бразилияның “Изаура күң” атты телехикаясынан басталған бұл үрдістен соң адамдар махаббат драмаларына көңіл бөле бастады. Осы хикая теледидардан көрсетілген уақытта көшеде тым-тырыс болып, жұмыс фабрикаларында күндік жоспарлар бұзылған екен. Сол кезде сәнге айналған есімдер де әлемде Мария мен Альберт болды…

Қазіргі кезде еліміздегі кей телеарналарда кәріс, түрік телехикаялары жүріп жатыр. Оның себебі де баршылық, яғни отандық телеөнімдер аз. Әр ел барынша өздерінің идеологиясын, отандық өнімдерін, салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын насихаттауға тырысады. Мысалы: түрік телехикаяларында олардың ұлттық тағамдары — пахлава жарнамаланса, корей елінің туындыларында — ким чи мен машиналары жасырын жарнама болады. Тіпті кей жағдайларда осы шығармалардағы кейіпкерлердің айтқан сөздері жасөспірімдердің сөздік қорына еніп кетеді. Алайда бұл еліміздің кино өндірісі кеш қалды дегенді білдірмейді, тек алда биік мақсат бар деген сөз. Әрине, не де болса «өзіңді- өзің жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» демекші, қызықты және мазмұнды отандық телехикаяларды көргенге не жетсін!”. Авторы: Құралай БӨГІСБАЕВА.

ANATILI.KZ.Мен жастарға сенемін!..”. “Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қазақстандық жастардың өкілдерімен кездесті. Президентпен кездесуге оқуда, спортта және өз жұмыстарында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген елордалық жастардың дарынды өкілдері: Бекет ТӨЛЕГЕНОВ – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Интеллектуалдық мектебінің түлегі; Ольга РЫПАКОВА – жеңіл атлетикадан екі мәрте Азия және әлем чемпионы; Ерлан ЖАҚЫПБЕКОВ – сәулетші, “Қазақ елі” монументі, “Абай”, “Сулы жасыл бульвар” жобаларына қатысушы әрі авторы… Жастар Мемлекет басшысын біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының одан әрі гүлденуі үшін барлық мүмкіндіктерін аянып қалмайтындықтарына сендірді.

Кездесу барысында Президент тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдері, нарықтық экономиканы құру, демократияландыру үдерісі, азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуы туралы, сондай-ақ Елорданы ауыстыру қалай жүзеге асырылғаны жайлы айтты. Нұрсұлтан Назарбаев осының барлығына да қазақстандықтардың елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтауының арқасында қол жеткенін атап өтті.

– Достық пен тұрақтылық – бұл сіздер нығайтуға тиісті алтын байлығымыз, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы сондай-ақ өздерін президенттік команданың мүшелері санайтын жастарға алғысын білдірді.

– Бұл – Президент үшін ең үлкен бақыт. Мен сіздерге біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін табыстар тілеймін, – деді Елбасы кездесуді аяқтай отырып”.

Абаттанған Астана”. “Күннен-күнге құлпырып келе жатқан әсем қаланың туған күніне арналған мерекелік шаралар 4 шілдеден басталады. Бұл күні таңертең ел Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВ Елорданың былтырғы тойында Мемлекеттік рәміздер Алаңы ретінде тұсауы кесілген “Атамекен” этно-мемориалдық кешенінде Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсіміне қатысады. Биыл жыл сайынғы дәстүрге айналған рәсімде Мемлекеттік туды көтерумен бірге мемлекет үшін саяси атрибут болып табылатын, өзіндік биік мәртебесі бар Астана қаласы туын ілу қарастырылуда.

Қазақстан егемендігі мен тәуелсіздігінің нышаны – асқақтай желбіреген, аспан түстес ел жалауы мемлекеттің мығым іргетасын, елдің қуаты мен даңқын, ел болашағының маңыздылығын айғақтайтынын ескерсек, бұл күні Мемлекет басшысы әскери оқу орындары түлектеріне офицер погонын салтанатты жағдайда тапсырмақ. “Отыз күн ойын, қырық күн тойын” жасаса да артық болмайтын қаланың мерейлі мерекесі 5 шілдеде де өз жалғасын табады. Бұл күні Президент “Хан Шатыр” сауда ойын-сауық орталығының ашылу салтанатына қатысады. Орталықтың ашылу рәсіміне еліміздің барлық шығармашылық ұжымдары қатысып, халқымыздың ежелгі көшпелі өмірін, тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін көрсететін “Көшпелілер” театрландырылған сахналық шеруі өтеді…

Ал 3-6 шілде күндері жыл сайын өткізілетін “Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана” көшпелілер өркениетінің фестивалі мен “Астана – Арқау” түркі музыкасының фестивалі де өз көрерменіне көп сый-сияпат тарту етпек…

К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында және астаналық саябақта 3-5 шілде аралығында өтетін “Астана – Арқау” түркі музыкасының фестивалі музыка өнерін бағалаушыларды тағы бір рет таңғалдырмақ. Ұлы Даланың барлық сан қырлы әндері “Астана – арқау” мерекесінде көпшілікке ұсынылады. Астаналықтар бұл мерекеден Батыс пен Шығыс тыңдаушыларын таңғалдыратын шамандық ән орындау, шаңқобызға арналған виртуоздық құрылымдар, көмеймен ән салу, эпикалық және аспаптық құрылымдар, Орта Азия мен Қазақстан, Қап тауы мен Анадолы, Еділ бойы мен Сібір түркілерінің әуен сарындарына қаныға алады. Ел астанасының қонақтары мен тұрғындарына бас қаланың туған күнінде алыс-жақын шетелден шақырылған әртістердің тартар сыйы ерекше болмақ”. Авторы: Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ.Министр мен депутат сыйлық үшін “шекісіп” қала жаздады”. “Жазғы каникул жақындаған сайын белсенділігі күрт артып кететін депутаттар кеше де аянып қалмады. Олар Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылған отызға жуық құжатты бас-аяғы бірнеше сағаттың ішінде қарап, қиюын келістіріп жіберді.

Парламенттің Мәжілісінде шаңы қағылған 27 заң жобасының сегізі Кедендік одаққа қатысты құжаттар екен. Кедендік одаққа қатысты сол сегіз құжаттың бірнешеуін қолтықтап алып, мінберге көтерілген қаржы министрі Болат Жәмішев экономикалық құрылым талаптары енді санаулы күндерден соң, яғни 1 шілдеден бастап күшіне енетініне қарамастан, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жекелеген тексерулердің әлі де пысықталып жатқанын айтып, отырғандарды марқайтып тастады…”. Авторы: Бүркіт Нұрасыл, Астана.

Өссек 2 мың адамның есін шығарды”. “Жаңбырдың толассыз жаууы салдарынан өткен сейсенбі күні Алматы облысындағы Өссек өзені тасып, бөгеттерді бұзып кетті. Панфилов ауданы Лесновка ауылындағы 300-ден астам үйдің ауласын тасқын басып қалды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Лесновкадағы төтенше жағдай сейсенбі күні 15 сағат 30 минутта белгілі болды. Арнасынан күрт көтеріліп, сарқыраған өзен бөгеттерді шайып кетіп, елдімекенге жайылған. Аймақтан республикалық дағдарыс орталығына келіп түскен мәліметтер бойынша, су ауылдағы 327 үйдің ауласын басқан. Панфилов ауданы әкімдігінен хабарлағандай, баспаналарға зақым келмеген. Бірақ осы жағдайдың салдарынан ауласын су басқан үйлердің тұрғындары аудан орталығы Жаркентке уақытша көшірілді. Барлығы – 2187 адам. Табиғи апаттың бетін қайтаруға төтенше жағдайларға жауапты мекемелердің 17 техникасы жұмылдырылды. Тасқынмен арпалысуға жергілікті тұрғындар да атсалысты.

Шухрат Құрбанов, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:
– Ауыл іргесіндегі 70-жылдары салынған бөгет 339 текше метр суды ұстай алады. Бірақ жаңбырдың салдарынан өзеннің деңгейі соңғы 10-15 күн бойы біраз көтерілді. Сейсенбі күні су 400 текше метрге жетіп, бөгеттен асып кетті. Ауылдың өзенге жақын екі көшесін түгел су басты…”.
Авторы: Болатбек МҰХТАРОВ.

ABAI.KZ.Алатау ауданы – үміттер ақталды ма?”. “Алатау ауданының құрылғанына биыл екі жыл толады. Ауданды құрудағы басты мақсат — қала төңірегіндегі көптеп бой көтерген шағын аудандардың инфрақұрылымын көтеру, күрделі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу, заңсыз жер басып алуды тоқтату болатын. Ең бастысы ауданды құра отырып билік “Шаңырақ оқиғасының” қайталануының алдын алды. Екі жылда қыруар шаруа тындырылды. Алайда, шешімін әлі таппаған мәселелер одан да көп. Ауданның болашағы қандай? Не өзгерді? Не өзгереді? Билік қазаққа жаны ашыса алдымен Алатау ауданына қамқорлық көрсетіп, осы ауданды көтеруге тиіс. Өйткені, Алматының ең үлкен аудандарының бірі саналатын Алатау тұрғындары (тіркелген азаматтар саны 180 мыңнан асады) негізінен қазақтар. Кешегі ауылдың қазағы. Сіз бен біз. Демек, ауданның жай-күйі бәрімізді де толғандырары сөзсіз. Ал осы сан сауалға жауапты интернет-конференцияның бүгінгі қонағы Алатау ауданының әкімі Бағдат Сайланбайұлы МӘНІЗОРОВ мырза береді.

Сұрақтарыңызды төменге жазып қалдырыңыздар немесе порталдың электронды поштасына жолдаңыздар abai-akparat@mail.ru.”.

MINBER.KZ.Қазақ банкі қақпанға түсті ме, құтылды ма?”. “Қазақ банктері әлемге үлгі көрсетті. Financial Times басылымында Джилиан ТЕТТтің “Қазақстаннан біз не үйрене аламыз?” атты мақаласы жарияланды [ағыл. тілінде]. Мақала авторы “қаржы нарығын қазақтарша қорғау” керек дейді.

Себебі Қазақстан күйрегелі тұрған қаржы институтын құтқарудың “тамаша” тәсілін ойлап тапты…

Негізі шынымен де тамаша тәсіл. Қарызға белшесіне батқан ұйымның берешегін компанияға ақша құйып отырғандардың есебінен “жөндеп” берді.

БТА банкі өзге қазақ банктері тәрізді екі жыл бұрын “ажал таянғанын” сезгенде шетелдік қаржыгерлер: “Банкті мемлекет өз меншігіне алады, я болмаса банк алаяқтық жолға көшіп, ақыры күйретеді” деген ойда еді.

Алайда, қазақ үкіметі керісінше жұмыс істеп тұрған банкті қызуқанды шетел инвесторлардың “мінезін пайдаланып” банкті қайта құрылымдады…

Ал FT сарапшысы болса: “Қайткен күнде де Қазақстан банк жүйесіндегі жаңалық банктерді қадағалауды одан сайын күшейтуге қарағанда жақсы балама болмақ” деп өзінің ойын түйіндепті”. Neweurasia.net сайтынан көшіріліп басылды”. Әзірлеген Асхат ЕРКІМБАЙ.

ZHASALASH.KZ.Ақырзаманға апарар жол”. “Белгiлi ғалым, академик Мұфтах ДИАРОВ Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторындағы аса мол көмiрсутегi қорын игеру барысындағы болуы мүмкiн апаттарға ғылыми болжам жасайды…”. Дайындаған — Сәния ТОЙКЕН.

KAZ.GAZETA.KZ. “Қазгидрометтің” болжауынша бүгін, маусымның 24-і күні антициклон Қазақстанның басым аумағында аздап бұлтты, жауын-шашынсыз ауа райын қалыптастыратын болады.

Мәселен, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және күндіз Қостанай облыстарында желдің екпіні 15-22 м/с-қа дейін күшейеді деп күтілуде.

Қызылорда облысында — шаңды боран, ал Солтүстік Қазақстан облысының жекелеген жерлерінде түнде тұман болжануда.

Сондай-ақ “Қазгидромет”, бүгін Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды облысының кей аумақтарында, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Атырау және Батыс Қазақстан өңірлерінде 5-ші дәрежелі өрт қаупі сақталатынын ескертіп отыр

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...