«Күзембаев атындағы шахтадағы апаттың себебі белгісіз». «Ядролық қауiпсiздiк сақтала ма?». «Қытай қазақ өнерiн сақтап қалуға құлшына кiрiстi»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 25 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG.Күзембаев атындағы шахтадағы апаттың себебі белгісіз”. “Қарағанды облысындағы Күзембаев атындағы шахтадағы забойлардың бірінде болған апаттан екі кенші мерт болды. Осы забойда болған тағы екі адам ауруханада жатыр….Апат кезінде шахтада болған 168 кеншінің төртеуі тереңдігі 70 метрге жететін забойға түсіп бара жатқан. Ресми деректерге сәйкес, аталған забойдағы метан газының концентрациясы мөлшерден бес есе жоғары болған көрінеді. Маусымның 23 күні жергілікті уақытпен кешкі сағат он жарым шамасында болған апаттан құлағдар болған тілшілер таң алакеуімнен Күзембаев атындағы шахтаның алдын күзетті. Алайда шахта басшылығы қандай да ақпарат беруден бас тартты….”. Авторы: Саят СЕРİК.

Қырғыз билігі елдің оңтүстігіндегі қантөгіс Бакиевтер мен терроршылдардың ісі дейді”. “Бұл сойқан “Өзбекстан ислам қозғалысы” мен “Ислам жиһады одағы” халықаралық террорлық ұйымдарының және оларға белсенді түрде қолдау білдірген БАКИЕВтердің отбасылық-кландық режимі мүшелерінің ісі” деп атап көрсетті Қырғыз арнаулы қызметі…”.

AIKYN.KZ.Араб дүниесі Назарбаевты “Жарық сұлтаны”, “Адамдарға нұр сыйлаушы сұлтан” ретінде ерекше қадірлейді”. “Иордания астанасы Амман шаһарының орталық көшелерінің біріне Қазақ Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың есімі берілді. Даңғылдың ашылу салтанатына Қазақстаннан бір топ мемлекет және қоғам қайраткерлері барды. “Нұрсұлтан Назарбаев — күллі ислам әлемінде ғана емес, дүниежүзі бойынша беделді тұлға, белгілі саясаткер”. Әлемнің белді де белгілі саясаткерлері осылай дейді. Мұнымен сөз жоқ келісуге болады. Өйткені тәуелсіз мемлекеттің негізін қалап, оны өркениетті елдердің қатарына қосуда Президенттің еңбегі ұшан-теңіз. Содан болар, Елбасы тек өз елінде ғана емес, әлемдік қауымдастық алдында сыйлы…

Алыстағы Амман — Иорданияның тек бас шаһары ғана емес, өнер мен мәдениеттің ордасы. Іскер қауымның орталығы. Бұл елде көшелерге басқа елдегі мемлекет қайраткерлерінің атын беру — сирек кездесетін оқиға. Осы уақытқа дейін мұндай құрметке тек сегіз елдің басшылары ғана ие болған. Аммандағы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылдың ұзындығы -үш жарым шақырым, ені -алпыс метр. Қаладағы Сарах әл-Шахид пен Яджуз көшелерінің аралығындағы Назарбаев даңғылының бойында мемлекеттік мекемелер орналасқан…”. Авторы: Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ.

EGEMEN.KZ. “ШЫНАЙЫ ДОСТЫҚ ПЕН БАУЫРЛАСТЫҚ БЕЛГІСІ”. “Кеше Түрік Республикасының астанасы – Анкара қаласында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың ескерткіші салтанатты жағдайда ашылды. Ескерткіштің ашылуына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал МҰХАМЕДЖАНОВ бастаған қазақстандық делегация мүшелері, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаттары, Анкара қаласының басшылары, осы елде тіркелген бірқатар шетел елшіліктерінің жетекшілері мен Анкарада тұратын қазақ диаспорасының өкілдері қатысты…”. Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Анкарадан.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы”. “2010 жылғы 23 маусым Астана, Үкімет үйі №637

Демалыс күнін ауыстыру туралы

Еңбекшілердің демалысы үшін қолайлы жағдайлар жасау және 2010 жылғы шілдедегі жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. Демалыс күні 2010 жылғы 3 шілде сенбіден 5 шілде, дүйсенбіге ауыстырылсын.

2. Қажетті өнім шығару, қаржылықты қоса алғанда, қызметтер көрсету, сондай-ақ құрылыс объектілерін іске қосу үшін еңбек, материалдық және қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілген ұйымдарға кәсіподақ ұйымдарымен келісім бойынша 2010 жылғы 5 шілдеде жұмыс жүргізуге құқық берілсін.

Көрсетілген күнгі жұмыс Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өтеледі.

3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ”.

TURKYSTAN.KZ.СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР…”. Қазақстан мен Ресей арасындағы «ядролық өнiмдердi кәдеге жарату туралы» келiсiм негiзiнде бекiтiлген қаражат 1996 жылдан берi жеке есепшотқа түсiп келген. ҚР Парламентi палаталарының бiрлескен отырысында ҚР Үкiметi мен Республикалық Есеп комитетiнiң 2009 жылғы республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептерiн талқылау барысында Есеп комитетiнiң төрағасы Омархан ӨКСIКБАЕВ мұндай елеусiз қалған жағдайларды атап көрсеттi.

Жалпы, жыл басынан берi қарай Есеп комитетi ысырап болған және мүлде ұмыт қалып, қазына қамбасынан шықпаған қаражатты түгелдей анықтап жатыр. Республикалық бюджеттi емес, жеке есепшотты толтырған ақшаның жоқтаушысы табылды. «Бүгiнгi күнi Қазақстан мен шет мемлекеттердiң Үкiметтерi арасындағы келiсiмдерiнiң жетiлген түрдегi мониторингiсiнiң жоқтығы бюджет үдерiсiн тиiмсiз iске асыруға алып келуде. Бақылау материалдарына жүгiнсек, жекелеген олқылықтарға және кейбiр келiсiм нормаларының орындалмауына байланысты елiмiз уақтылы түсетiн кiрiстерiн ала алмай орынсыз шығынға ұшырауда», — дейдi О.Өксiкбаев. Ал бұл тектес жымқырулардың осы уақытқа дейiн қайталанып келмегенiне кiм кепiл? «Мәселен, ҚР мен РФ Үкiметтерi арасындағы келiсiмге сәйкес ядролық өнiмдердi кәдеге жарату қызметiнен түскен қаражат 1996 жылдан берi республикалық бюджет кiрiсiне аударылмаған», — деп кейдi Өксiкбаев…

Жақында Есеп комитетi Алматы қаласы бойынша бiрнеше заңбұзушылық фактiлердi анықтады. Бақылау нәтижесiнде мемлекеттiк тiркелуiн сот органдары жарамсыз деп таныған 18 заңды тұлғалардың есептелмеген және төленбеген салықтары 16,5 млрд. теңгеге жетiптi…”. Авторы: Ақниет ОСПАНБАЙ.

ЯДРОЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК САҚТАЛА МА?”. “23-маусымда «Руханият» Жасылдар партиясы және ҚР Үкiметтiк емес ұйымдарының Экофорумы Халықаралық Ядролық отын банкiнiң елiмiзде ашылуына қарсылық бiлдiрдi. Сондай-ақ, бұл баспасөз конференциясында аталмыш банктiң маңызы мен тиiмдiлiгi турасында сөз болды.

Жуырда, Елбасы Н.НАЗАРБАЕВ Вашингтонда өткен Ядролық Қауiпсiздiк жөнiндегi жаһандық саммитте Қазақстанның әлемдiк қауiпсiздiк және ядроны таратпау туралы бастамасын күллi әлемге ұсынған едi. Бiрақ Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiктiң бақылауымен Халықаралық ядролық отын банкi Қазақстан аумағында орналасуы мүмкiн. Осы мәселеге қарай Семей ядролық полигонының инфрақұрылымын және Өскемен қаласындағы «Үлбi металлургия зауыты» АҚ пайдалана отырып, ядролық отын банкiн құру туралы келiссөздер жүрiп жатыр. «Руханият» Жасылдар партиясының төрағасы Серiкжан МӘМБЕТАЛИН:

– Кейбiр мәлiметтер бойынша, бұл банкте 60 тонна ядролық отын сақталады екен. Оның үстiне елiмiзге бұл банктен ешбiр қосымша табыс түспейдi деп айтылуда, – дедi. Десе де елiмiздiң ядролық қауiпсiздiктi қолдайтын елдердiң көшбасында екенi белгiлi…”. Авторы: Ақниет ОСПАНБАЙ.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚ ӨНЕРIН САҚТАП ҚАЛУҒА ҚҰЛШЫНА КIРIСТI”. “…Бүгiнде Қытайдағы қазақтар қазақтың қос өнерiн – «Қара жорға» биi мен қазақтың қара домбырасын Гиннестер кiтабына енгiздi. Бұл Қытайдағы қазақтардың төл өнерiнiң шарықтап даму үстiнде екендiгiн айқындайтын көрсеткiш. Бiрақ, соған қарамастан, бүгiнде Қытайда қазақ тiлiнде бiлiм беру iсi мүлдем тоқтады. Қазақ мектептерi бiртiндеп қытай тiлiнде бiлiм беруге көштi. Бұл қайшылықтың сыры неде? Бiз осы сауал төңiрегiнде жауап iздеп көрген едiк:

Керiм ЕЛЕМЕС, ақын, «Балдырған» журналының бөлiм меңгерушiсi:

Қытайдағы ұсақ ұлттардың мәдениетi – Қытайдың төл мәдениетi болып есептелiнедi. Сондықтан да, Қытай өз қол астындағы аз ұлттардың мәдениетiнiң жұтылып, сарқылып бара жатқанын бiледi. Сол үшiн де арнайы қаржы бөлiп, кадрлар дайындап бүкiл ұлтқа тән мәдениеттердi өзiне алып қалуға тырысып жатыр. Мысалы, қазақтың ою-өрнегi туралы қаншама кiтап шықты. Осы ою-өрнектiң негiзiнде орталықтан миллиондаған кездеме мата шығарылып, Қытайдың экономикасына да белгiлi деңгейде пайда тигiзiп жатыр. Егер, аз күннен кейiн Қытайдағы аз ұлттар ханзуларға сiңiп, ассимиляцияланып кететiн болса, олардың төл өнерi мен мәдениетi қытайдың төл өнерiне айналып шыға келедi. Қытай сол үшiн аз ұлттардың мәдениетiн сақтап қалуға күш салып жатыр. Құрып тарих қойнауына енiп кеткен ұлттардың орнында қалған тамаша ұлттық мұра қытай мәдениетiнiң бiр бұтағы болып қала бермек. Қытай ұлттың тiлiнiң және дiлiнiң сақталуына мүдделi болып отырған жоқ. Керiсiнше, мәдениеттi сақтап қалудың амал айлаларын жасауда. Қазақтың қымызын, домбырасын, биiн тағы басқа да бекзат өнерлерiн әлемге өз атынан танытуға күш салып отыр. Айталық, «Қара жорға» биiн әлемдiк рекордтар кiтабына Қытай тарапынан енгiзудiң немесе қазақтың қара домбырасын Гиннестер кiтабына жазғызудағы мақсат осы. Бұл қазақтың төл мұрасы деп айтылған шығар, бiрақ, Қытай мемлекетiнiң атынан енгендiктен жылдар өте келе қазақ аты ұмыт болып, оның иесi Қытай болып қала бередi

Рахым АЙЫП, Республикалық «ЖЕБЕУ» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры:

Қытайдағы қазақтардың әлеуметтiк мәселесi жаман деуге келмейдi. Жақында Бейжiңде ШУАР-дың экономикасын оңдауға қатысты арнайы құжат қабылданды. Бiрақ, ұлттық мәселе тұрғысынан алғанда, ондағы қазақтардың болашағы қалды ма, жоқ па, мәселе осында. Олардың ұлттық болашағы үрей тудырады. Осыдан ондаған жыл бұрын Қытайда 90 пайыз қазақ өз ана тiлiнде бiлiм алатын болса, қазiр 90 пайызы қытай тiлiнде бiлiм алады. Бұрын зиялы қауым өкiлi болып саналатын мектеп мұғалiмдерi қытай тiлiн бiлмеуiне байланысты жаппай жұмыстан қысқартылып жатыр. Қытай тiлiнде сабақ бере алатын мұғалiмдер ғана мектепте қалды. Басқаларын мектептен мүлдем шығарып та жатқан жоқ, жалақылары сақталады, бiрақ қара жұмысқа ауыстырылады. Бұл қытайдағы қазақ тiлiнде шығатын басылымдардың таралуына, қазақ тiлiнде хабар тарататын радио, телеарналардың мүмкiндiгiн шектейтiн болады. Демек, қазақ мектебiмен қоса, қазақтiлдi ақпарат құралдарының да болашағы бұлыңғыр деген сөз. Мұндай жағдайда не iстеу керек? Бiз Қытаймен тату көршiмiз, стратегиялық әрiптеспiз, күн сайын барыс-келiсiмiз жиiлеп келедi. Қытай ресми билiгiнiң алдына бiздiң билiк иелерi Қытай қазақтары мәселесiн жоғары биiк мiнберлерде ресми келiссөздiң күн тәртiбiне қойып көрген емес. Ауызекi сөзде ғана, майда шенеунiктер деңгейiнде ғана бiр-екi рет әңгiме болғаны болмаса. Мәдени-рухани байланыстар да тым әлсiз. Мұндай жағдайда, рухани тамырластықтың өзiнiң үзiлу қаупi төнiп тұр. Қазақстан Қытай қазақтарының елге оралуын жиiлету керек едi. Өкiнiшке қарай, көшi қон мәселесi де сиыр құйымшақтанып барады. Кезiнде мыңдаған студент Қазақстанға оқуға келетiн едi, қазiр солардың саны жүзге де жетпейдi”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.

ZAMANDAS.KZ.Доп пен даңқ”. Футболдан Әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысып отырған елдер: Сербия мен Словакия. Әуелде сербтер Югославияның құрамында өнер көрсетсе, кейiн Черногория құрамасымен бiрге доп тептi. Бүгiнде өз алдына отау тiгiп, ОАР-да өтiп жатқан Әлем бiрiншiлiгiне қатысуда. Сондай-ақ, Корея Республикасы мен КХДР тұңғыш рет бiрге қатысып отыр.

Ең салмағы ауыр футболшылар: Маркус Ханеманн – 103 кг (АҚШ, қақпашы, “Вулверхэмптон”), Ясмин Ханданович – 98 кг (Италия, қақпашы, “Мантова”); Мартин Якубко – 94 кг (Словакия, шабуылшы, “Сатурн”), Даниэл Фернандеш – 94 кг (Португалия, қақпашы, “Ираклис”);

Ең салмағы аз футболшылар: Матье Вальбуэна – 58 кг (Франция, жартылай қорғаушы, “Марсель”), Дайсуке Мацуи – 58 кг (Жапония, жартылай қорғаушы, “Гренобль”), Альберто Медина – 59 кг (Мексика, шабуылшы, “Гвадалахара”);…

Ең кәрi футболшылардан жасақталған команда – Бразилия (мұнда футболшылардың орта жасы – 29);

• Әлем бiрiншiлiгiндегi ең көп табыс табатын футболшылар:

1. Лионель Месси (Аргентина) – 80 млн. евро

2. Криштиану Роналду (Португалия) – 75 млн. евро

3. Хави Эрнандес (Испания) – 65 млн. евро

4. Андрес Иньеста (Испания) – 60 млн. евро

5. Уэйн Руни (Англия) – 53 млн. евро”. Әзiрлеген – Жандос БАЙДIЛДА.

ZAN.ZANMEDIA.KZ.Қағазбастылықтан арылу жолы”. “Жаңа заманауи технологиялар көшінен қалып қоймас үшін елімізде соңғы жылдары ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қарқынмен енгізу қолға алынып, интернет және басқа да арналар арқылы электрондық қызмет көрсетулер дамытыла бастады.

Электрондық қызмет көрсету жүйесі жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеуде ең оңтайлы да сапалы әдіс екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Осы жолда жаңалыққа жаны құмар мемлекетіміздің халық үшін ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарып жатқаны даусыз. Әділет министрлігінің құзырына жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу қызметі де кіреді десек, аталмыш қызмет аумақтық әділет органдарының жылжымайтын мүлікті тіркеу орталықтарында жүзеге асырылады…

Сонымен қатар, таяуда Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті мен екінші деңгейдегі банктердің тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін еліміздің қаржыгерлер қауымдастығының арасында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын да айта кетсек. Ол дағдарысқа қарсы бағдарлама бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу рәсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тетіктерді бекітеді. Меморандумға сәйкес, тұрғын үй қоры объектілеріне құқықтарды тіркеу мерзімі 5 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне, тұрғын емес үй қоры объектілеріне 10-15 жұмыс күнінен 7 жұмыс күніне дейін қысқартылады. Ал, екінші деңгейдегі банктерге несие алушының жылжымайтын мүлкінің бар-жоғы туралы ақпарат еліміздің барлық өңірінде жұмыс істеп жатқан орталықтардан беріледі”. Авторы: Алтынай ЖОЛДЫБЕКОВА.

KAZ.GAZETA.KZ. Кеден одағына кіру бағытындағы іс-шараларды жүзеге асыру аясында ҚР Үкіметі еліміздің оңтүстік аймақтарындағы кеден шекараларын нығайтуға қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл мақсатта “Қорғас” және “Қалжат” кеден бекеттерінің инфрақұрылымын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы кеше аяқталған журналистерге арналған баспасөз туры кезінде Алматы облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің бастығы Құрманбек АРТЫҚБАЕВ айтты.

КБД бастығының хабарлауынша, “Қорғас” кеден бекетінің әлеуметтік инфрақұрылымын нығайту мақсатында Панфилов ауданындағы Қорғас ауылында кеден органдарының қызметкерлеріне арналып үш 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарланып отыр. “Аудан әкімдігі құрылысқа қажетті жерді бөліп те қойды, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар дайындалу үстінде. 2011 жылға “Қорғас” кеден бекетін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың желтоқсан айында тапсыруға берілуі жоспарланып отырған екі 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталуға жақын”, — деп атап өтті Қ.Артықбаев.

Департамент басшысы атап өткендей, “Қалжат” кеден бекетін нығайту да кең ауқымда жүргізілуде. Бұл мақсатта кеден органдары қызметкерлеріне арнап 20 үйден тұратын коттедж қалашығын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, кеден бекетінің инфрақұрылысын жақсарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

Денсаулық сақтау саласына бөлінетін бюжет қаржысы жыл өткен сайын ұлғайып келе жатыр. Бұл бүгін Алматыда өткен қалалалық прокуратураның алқа мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

“Алматы қаласының денсаулық саласының бюджеті 2007 жылы 18 миллиард, 2008 жылы 24 миллиард, 2009 жылы 25 миллиард теңге болды. Бұл жан басына шаққанда, тиісінше 17; 23,5 және 25,5 теңгені құрайды. Денсаулық сақтау мекемелерінде дәрігермен қамтамасыз ету деңгейі соңғы 3 жылда 10 мың адамға шаққанда, тиісінше 16,17, 19 маманнан болды. Сондай-ақ мың адамға туу көрсеткіші, тиісінше 22, 25 және 26 сәбиді құрады”, дейді Алматы қаласы прокурорының көмекшісі Олжас БАҒЖАНОВ. Оның айтуынша, қалада 2007 жылы 22 763, 2008 жылы 35 975, ал 2009 жылы 34 606 бала дүниеге келді.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...