«2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері туралы бірер сөз…». «Әрбiр төртiншi қазақстандықтың баспанасы жоқ». «Бітімгер күштерсіз Бішкек мәселесі шешілмейді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 29 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Ақтау түрмесінен қашқандардың көбі өлтіріліп, түрме басшылығы қамауға алынды”. “…Ақтау колониясынан қашқан 13 адам бес күннен кейін, қаладан 170 шақырым қашықтықтағы Қызылсай шатқалынан табылып, ұсталған…

Естеріңізде болса, 22 маусым күні Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы ГМ 172/1 қатаң режимдегі колониясынан ауыр қылмыс жасап, сотталған 21 тұтқын қаруланып қашып кетті. Олардың сегізі сол күні-ақ ұсталған: жетеуі қақтығыста мерт болып, біреуі жараланып қамауға алынды…

Имам Ақтау түрмесінен қашқандардың дінмен еш қатысы жоқ болып шыққандығына қуанатындығын айтады. Өйткені, қазіргі таңда қандай да бір қылмыс, не болмаса жағымсыз әрекеттерді себепсіз дінмен байланыстыру белең алып барады дейді имам….”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Өкпесін “өкпелетушілер” кеміді”. “Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Ұлттық үйлестіру кеңесі еліміздегі туберкулез ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайға берген бағасын жария етті. Олардың мәліметінше, Қазақстанда соңғы 3 жылда туберкулезге шалдыққандардың үлесі 16,7 пайызға төмендесе, одан келетін өлім-жітім 28,7 пайызға азайыпты…”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

Аутизммен ауыратындар азаймай тұр”. “Мәжіліс депутаты Мұрат ӘБЕНОВ аутизммен ауыратын балалардың мәселелерін көтеріп, Үкіметбасы Кәрім МӘСІМОВке депутаттық сауал жолдады. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда тұратын 5 миллион баланың 2,5 мыңы аталған сырқатқа шалдыққан. Алайда депутаттың сөзіне қарағанда, шын мәнінде, бұл көрсеткіш үш еседей көп — 7 мыңға жуық болуы әбден мүмкін…”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

Мәре жақындаған сайын дода қызды”. “Дәл қазір әлем чемпионатының нағыз қызған шағы. Нақтылап айтсақ, бұл күндері Оңтүстік Африка Республикасында (ОАР) плей-офф бәсекелері өтіп жатыр. Бүгінге дейін 1/8 финалдың төрт матчы ойналды. Бір айта кетерлігі, бұл кездесулердің барлығы да өзінің тартымдылығымен есте қалды. Стадионға жиналған жанкүйерлер және теледидар алдында телмірген көрермендер “жан алысып, жан беріскен” айқастың, ымырасыз бәсекенің, небір әдемі голдар мен пастардың, таңғажайып комбинациялар мен финттердің куәсі болды. Енді сол ойындардың әрқайсына жеке-жеке тоқталайық.

СУАРЕС соққан қос доп Уругвайды ширек финалға шығарды…”. Авторы: Ғалым СҮЛЕЙМЕН.

EGEMEN.KZ. “НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ АШЫЛДЫ”. “Кеше елордада Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың қатысуымен жаңа университет ашылды.

Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: “Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық тараптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жоо-лар әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне ұмтылуы керек”, дей келіп, Астанадағы Жаңа Халықаралық Университетке басымдық берген еді. Енді, міне, сол білім ордасы пайдалануға беріліп, әлемдік білім кеңістігіне енуге жаңа қадам жасалып отыр…

Университеттің академиялық және ғылыми саясаты, ең алдымен оқу орнының құрамына кіретін әрбір мектептің (институттың) әлемнің жетекші жоғары оқу орындары қатарынан өзінің академиялық әріптесінің болуын және қуатты ғылыми, сол секілді өндірістік базаға ие болу көзделген. Бұл білім, ғылым өндіріс арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Алты факультет бойынша: инженерия, жаратылыстану, гуманитарлық ғылымдар мектебі, медицина мектебі, магистратура және РhD бағдарламасы, 2012 жылдан бастап мемлекеттік саясат және бизнес мектебін ашу жоспарланып отыр.

Университеттің заманға сай архитектуралық шешімі батыс стандарттарына жауап береді. Барлық оқу корпустары бір-бірімен атриум арқылы байланысқан. Бұл, кешеннің тұтастығы мен архитектуралық жиынтығының бірлігі. Елдің назарын аударып отырған білім ордасы уақыт өте келе төрткүл дүниедегі үздік оқу орындарының қатарынан орын алары еш шүбәсіз”. Авторы: Сүлеймен МӘМЕТ.

ЖАҢАША ЖҰМЫС ІСТЕП ҮЙРЕНЕЙІК”. “2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері туралы бірер сөз

Қазақстан Республикасы Парламентінде қаралған Үкіметтің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі осының алдындағы есептерден едәуір ерекшелігі бар. Ол Қазақстан Республикасының жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің негізінде әзірленген, 2009-2011 жылдарға арналған үш жылдық республикалық бюджет шеңберінде орындалған бірінші есеп болып табылады. Онда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері көрсетіліп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған іс-шараларды іске асыру қамтамасыз етілген. Бұл ретте оның қалыптасуы нәтижеге бағытталған бюджет жасауды енгізуді көздейтін мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес жүзеге асырылғанын атап өткеннің артықтығы жоқ…

Осылайша, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша 2009 жылы республикадағы ІЖӨ-нің жалпы көлемінің индексі 15 887,8 млрд. теңгені құрады. 2009 жылы инфляция деңгейі 6,2 % болды. Ел экономикасының негізі болып отырған кейбір салаларда оң үрдіс сақталды.

Ұлттық қордың қаражатын қоса алғанда (24,4 млрд. АҚШ доллары), елдің халықаралық резервтері 2010 жылғы 1 қаңтарда 47,6 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2009 жылғы 1 қаңтарға қарағанда 1,9 %-ға артық.

Екінші деңгейдегі банктердің экономика саласындағы кредиттік салымдары 2010 жылғы 1 қаңтардағы ахуал бойынша 7 644,1 млрд. теңгені құрады, бұл 2009 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда 2,5 %-ға көп болып отыр…

Сонымен қатар, 2009 жылғы бюджеттің атқарылу қорытындылары үш жылдық бюджетті іске асырған кезде бюджет бағдарламаларының әкімшілері жаңа көзқарастарды пайдалана алмағанын көрсетті және тиісінше тиімді және сапалы нәтижені қамтамасыз ету жөніндегі түпкі мақсатқа әлі қол жеткізілген жоқ…”. Авторы: Төлебек ҚОСМАМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты.

ALASHAINASY.KZ. “Инновациялық жобаның 72 қарлығашы”. “Астана – Қазақстан сынды қуатты елдің орталығы. Демек, ол экономика мен саяси биліктің ғана емес, мәдениет пен өнердің жаңа ордасы, сондай-ақ білім мен ғылымның да қолқа-жүрегі болуға тиіс. Бұл бағытта ел мақтанышына баланар елорда ерекше бастамаларды екпінді түрде жүзеге асыруда. Оның бірі және бірегей дәлелі – кеше ғана Астана төрінде ашылған Нұрсұлтан Назарбаев атындағы (Nazarbaev University) жаңа университет.

Замана талабына тастүйін дайын, өркениетті білім жүйесінің барлық өлшеміне сай етіп салынған жаңа оқу ордасының ашылу салтанатына Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың өзі қатысты. Аталған оқу орнын салу идеясы да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісінде. Елбасының өзі айтып өткендей, енді Қазақстан жастарын “Болашақ” бағдарламасы бойынша инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға оқыту Nazarbaev University-дің мойнында болмақ. Бұлай болатын жөні де бар. Себебі жаңа оқу орнында әлемнің үздік профессорлары сабақ өтетін болады. Қазірдің өзінде университет әлемдегі үздік 30 университеттің қатарында саналатын оқу орындарының он бірімен ынтымақтастық жөніндегі келісімшартты бекітіп үлгерген. Оқу орнын бітіріп шыққан түлектерге Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінің озық елдерінде де еш кедергісіз мойындалатын ЖОО дипломы беріледі.

Биылғы жылы Елбасының тапсырмасымен оқу орнына түсетін шәкірттерге арналып, 500 грант бөлініп отыр. Nazarbaev University-де алдағы уақытта инженерлік, медициналық, жаратылыстану мен гуманитарлық факультеттер (бакалавриат), сонымен бірге мемлекеттік саясат пен бизнес (магистратура мен PhD) факультеттерін ашу жоспарлануда. Оқу ордасында тіршілік туралы ғылыми орталық, балама энергетика, халықаралық аспаптық орталықтар жұмыс жасайтын болады….”. Авторы: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ

ZHASALASH.KZ. “Әрбiр төртiншi қазақстандықтың баспанасы жоқ”. “Кеше Ұлттық баспасөз клубында “Стратегия” әлеуметтiк-саяси зерттеулер орталығы” қоғамдық қоры баспасөз мәслихатын өткiзiп, Қазақстандағы тұрғын үй мәселесiне баға бердi. Қоғамдық қордың төрайымы Гүлмира IЛЕУОВАның айтуынша, мамыр айында “Стратегия” Қазақстан Республикасындағы саяси-әлеуметтiк жағдайды зерттеу мақсатында арнайы сауалнама жүргiзген. Оған елiмiздiң 14 облысы мен Астана және Алматы қаласының 1622 тұрғыны қатысқан. Тұрғын үй мәселесiне баға берген қоғамдық қордың әлеуметтанушысы Серiк БЕЙСЕМБАЕВ қазiр Қазақстан халқының әлеуметтiк көңiл-күйi бiрқалыпты дейдi. Бiрақ, тұрғын үй жайы – өзектi мәселе. Зерттеу нәтижесi бойынша, әрбiр екiншi қазақстандық үшiн бұл түйiн көкейкестi. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 55 пайызы тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетiнiн жеткiзген. Жалпы, қазiргi күнi әрбiр төртiншi қазақстандықтың баспанасы жоқ….

Айтпақшы, тұрғын үй мәселесiн шешуде мемлекеттiк бағдарламалардың рөлi қандай? Бұл мәселе де “Стратегияның” назарынан тыс қалмапты. Мұнда мемлекеттiк “Тұрғын үй құрылысы” бағдарламасы – 58 пайыз, “Дипломмен – ауылға!” – 43 пайыз, “Әр қазақстандыққа – 10 сотықтан!” – 34 пайыз, “Арендалық тұрғын үй” – 32 пайыз дауыс жинаған. Әйтсе де, Қазақстанның әрбiр бесiншi азаматы бұл бағдарламалардың тiптi бар екенiнен де бейхабар болып шыққан”. Авторы: Дилара ИСА.

Әбдiғапар ханды атқызған Әлiби емес!”. “Жақында ғана (26 мамыр, 2010 жыл) Алматыда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiске арналған халықаралық конференция өттi. Келесi 27 мамыр күнi “Жас Алаш” газетiнде тарихшы Серiк МАМЫРАЕВтың “Әбдiғапар ханды атқызған Әлiби ЖАНГЕЛДИН едi” деген мақаласы жарияланды. Осыған байланысты жангелдинтанушы-ғалым ретiнде өз пiкiрiмдi айтқым келедi. С.Мамыраев былай дейдi: “Қазақ зиялылары да бас көтерiп, Алашорда партиясын құрып, қазақ халқы үшiн автономия деп жанталасып жатты. Алашордашылар да үкiмет билiгiне таласты. Бұлар милиция топтарын құрып, қаруланып, большевиктерге қарсы күрестi. Сөйтiп, екi арада бiрнеше қарулы қақтығыстар болды. Большевиктермен күресте Алашорда ақ гвардия генералдарымен (Колчакпен, Дуктовпен) бiрлестi. Торғай қаласы бiресе Советтердiң қолында, бiресе алашордашылардың қолында болды. Осы аласапыран оқиға кезiнде Амангелдi қаза тапты”…

Осыған байланысты өзiм туралы бiрер сөз айта кетейiн. Мен Қостанай облысының бұрынғы Бетпаққара, қазiргi Амангелдi ауданында туып өскенмiн. Жоғарыда сөз болған оқиғалар туралы 1916 жылғы көтерiлiске қатысқан сарбаздардың өз аузынан естiгенмiн. Амангелдiнiң өлiмiне Әбдiғапар айыпты екенiне, ал бегiмбеттер оны атып тастап, батырдың кегiн қанмен қайтарғанына көзiм әбден жеткендiктен жазып отырмын мұны. Басты мақсатым – “Әбдiғапар ханды атқызған Әлiби Жангелдин едi” деген тұжырымның қате екенiн дәлелдеу. Оны шама-шарқымша жеткiзген сияқтымын”. Авторы: Сапабек ӘСIПҰЛЫ, Қазақстан Республикасына ерекше еңбегi сiңген зейнеткер.

JASQAZAQ.KZ. “Владимир ПАРАМОНОВ: “Бітімгер күштерсіз Бішкек мәселесі шешілмейді”. “…Ташкентте тұратын саясаттанушының жолы бізге түскен жұрт назарын аударған Қырғызстандағы ахуалға қатысты ойын білген едік.

Жас қазақ: Құбыласы Мәскеуге қараған елдер жеке-дара отау тіге бастағанда, Орталық Азиядағы берекесіздіктің бастауы Тәжікстан болды. Енді, міне, Қырғызстан дауылда қалған ескексіз қайықтың кебінде тұр. Сіз қазіргі ахуалға қалай деп баға берер едіңіз?

 Владимир Парамонов: Жағдайды бағамдау үшін, Қырғыз елінің оңтүстігін тұрақтылық рельсінен тайдырған және бүкіл мемлекетті құрдымға тартып бара жатқан негізгі факторлардың өзара қатынасын сараптап шығу керек.

 Біріншіден, бұл елге жүйелік дағдарыстың бүгін, тіпті кеше ғана келмегенін түсіну қажет. Тасбақаның жүрісімен болса да, Бішкек 1991 жылдан бері тұрақсыздану жолына түсіп келді. Айталық, бұған:

– сыртқы саясаттағы ұстанымдардың жиі құбылуы;– ұлттық жоба немесе ұлттық идеологияның болмауы;

– жемқорлықтың, әулеттік қылмыстың өршуі әрі наркобизнестің етек жаюы;

– мемлекеттік билік жүйесінің біртіндеп әлсіреуі;– алпауыт елдердің, сонымен бірге, радикалды исламның ықпалына төтеп бере алмауы;

– экономика мен саясатта ультралиберальдық сызбаларды көзсіз көшіріп басу әсерін бермей қоймады…”. Автор: Ө.ДАРХАН.

KAZ.GAZETA.KZ. ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир БОБРОВтың жетекшілік етуімен Үкімет сағаты өтіп, онда “Қазіргі экологиялық проблемалар және оларды шешудің жолдары” деген тақырып күн тәртібіне шығарылды, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметінен.

Үкімет сағатында аталған тақырып бойынша ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали ӘШІМОВ баяндама жасады…

Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі “2010-2014 жылдарға арналған Жасыл даму” Бағдарламасының жобасын әзірлеген. Оның негізгі бағыттары айқындалып отыр. Атап айтқанда, “жасыл экономиканы” дамыту, халықтың денсаулығы және қоршаған орта компоненттеріне антропогендік әсерді төмендету, табиғи экожүйелерді қалпына келтіру және сақтау, қоршаған орта сапасын басқару жүйесін жетілдіру және дамыту бағыттары белгіленген. Ағымдағы жылдың шілде айында бағдарлама жобасы Үкіметке енгізіледі.

Үкімет сағатында күн тәртібіндегі мәселе бойынша депутаттар баяндамашыға көптеген сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын жария етті.

Үкімет сағатының соңында министр бүгінгі тақырыпты жан-жақты талқылап, осы саланың өзекті мәселелерінің шешімін табуға қолдағандары үшін депутаттарға алғысын білдірді.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

2009 жылдың шілде айынан бастап 2010 жылдың шілде айына дейін осы жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...