«Елбасы атындағы саябақ». «Қырғыз елі аймақтағы тұңғыш парламенттік елге айналды». «Қазақ тіліндегі сайттардың саны 8%-ға артты». «Экономика мен экология арасындағы өзара теңгерімді табу қажет»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 30 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Тоталитарлық толеранттықтан” – төзімділік пен кемсітуді болдырмауға”. “Астанада ЕҚЫҰ-ның төзімділік және кемсітушілікті болдырмау жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясы ашылды…

Конференцияның ашылуында сөз алған Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ елде 140 этнос пен 46 конфессия өкілдері өмір сүретінін атап көрсетті.

Президенттің пікірінше, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі еуропалық өркениеттің маңызды нәтижесі саналатын толеранттық пен төзімділік күн өткен сайын белсенді пікірталастың себебіне айналып бара жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев бұрын халықтар арасындағы татулық қатаң бақылаудың нәтижесінде “тоталитарлық төзімділік” деп аталатын тәсілмен сақталған болса, енді алмағайып әлемнің жағдайында төзімсіздік тұрмыстық деңгейден шығып, саяси проблемаға айналғанын, бүгінде экология мәселелерінен бастап, гендерлік проблемаларға дейін қамтып отырған ЕҚЫҰ ендігі жерде өзінің “көшпелі миссиясында” тек сайлау мәселелерімен шектелмей, гуманитарлық мәселелерге басымдық беруі керектігін айтты. Қазақстан басшысы ЕҚЫҰ өз қызметінде стереотиптердің бар екенін мойындау керек деді. Оның пікірінше, ендігі жерде “ЕҚЫҰ: жаңа онжылдыққа — төзімділікпен” деп аталатын жаңа құжатты талқылау ұйымның таяудағы саммитінің күн тәртібіне енгізілуге тиіс. Бұдан басқа Назарбаев осы ұйым аясында тұрақты жұмыс істейтін төзімділік және кемсітушілікті болдырмау жөніндегі орталық құруды ұсынды…”.

AIKYN.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Мен үшін бұл – нағыз бақыт!”. “…Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың қатысуымен “Күшті Қазақстанды бірігіп құрамыз” атты жалпыұлттық телекөпір ұйымдастырылып, оның барысында жалпы құны 2,5 миллиард долларды құрайтын 72 ірі жоба іске қосылды. Үкімет аймақ басшыларымен және инвесторлармен тізе қоса отырып, бұл шараға мұқият әзірленіпті.

Оның нәтижесі “той иесінің” ойынан шыққандай. Телекөпір қорытындысында, алған әсерімен бөліскен Н.Назарбаев Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру мұндай қарқынмен басталғандығына көңілі толатындығын білдірді. “Бүгін, біз, барлық қазақстандықтарға осы бағдарламаны орындауға кіріскендігімізді, жаңа объектілер қолданысқа берілгендігін баяндаймыз! — деп мәлімдеді Мемлекет басшысы. — Бұл қуанышты оқиға емес пе?! Мен үшін бұл — нағыз бақыт!”.

Елдің тілеуін тілеп, түлеуін күтіп отырған жұртшылық үміт артқан Елбасының “Жаңа индустрияландыру” саясаты өмірге жолдама алды деуге болады.

— Барлық әкімдер, бүкіл Қазақстан халқы, бүкіл біздің бизнес жұдырықтай жұмылған, тас-түйін дайын, біз осынау ғаламат бағдарламаны орындау жөнінен біртұтаспыз! — деді Президент. — Ағымдағы жылы 124 инновациялық объектіні қолданысқа беру жоспарлануда. Барлығы болса, биылғы және келесі жылы құны 20 миллиард доллар болатын 191 объект жүзеге асырылады. Бұған еш шүбә келтірмеңіздер! Өйткені осының барлығы толығымен қаражаттармен қамтамасыз етілген…

Онжылдық ҮИИД бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде, Қазақстанның ІЖӨ-сі құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 2015 жылға қарай 12,5%-дан, ал 2020 жылға қарай 13%-дан кем болмауға тиіс. Еліміздің сыртқа шығаратын жалпы экспортындағы шикізаттық емес өнімдердің еншісі қазіргі 10 пайыздан 2015 жылға қарай 40%-ға және 2020 жылға қарай 45%-ға дейін ұлғаюға тиіс. Еңбек өнімділігі өңдеуші салада 2015 жылға қарай қазіргіден 1,5 есе, ал 2020 жылы 2 есе, ауыл шаруашылығында — 2015 жылға қарай 2 есе және 2020 жылға қарай 4 есе артуы қажет. ІЖӨ өндірісіндегі электр қуатын шығындауды 2015 жылға қарай ең кем дегенде 10%-ға, ал 2020 жылда қазіргіден кем дегенде 25%-ға азайту міндеті қойылуда. Бұған қоса, 2015 жылға қарай аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін 4 пайыздан 8%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Еліміздегі құрылыстардың ішкі қажеттіліктері 80%-ға қазақстандық құрылыс материалдары есебінен өтелетін дәрежеге қол жеткізілуге тиіс. Отандық мұнай өңдеу зауыттары уақыт талабына сай жаңартылып, еліміздің ЖЖМ-ге деген сұранысын толық ауқымда өздері жаба алатын болады деседі.

Осылайша, жанар-жағармайға қатысты жаға жыртысулар, биліктің жандәрмен жиын жиып, әкімшілік тетіктерді іске қосуы сынды “қызық пен шыжықтар” тарих қойнауына жол тартуы қажет. Осы бесжылдықта тағы қандай жаңалық болмақ? Отандық металл өнімінің өндірісі мен экспорты 2 есе өсуге тиіс. Біз үшін жаңа өнеркәсіп санатындағы химия өнімдерінің өндірісі 3 есе артатын көрінеді. Көзіқарақты оқырман бұрындары билік “ІЖӨ-ні екі еселеу” науқанын жүргізгенін біледі. Қазір ше? Индустрияландыру арқасында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 2020 жылға қарай нақты шамада 2009 жылмен салыстырғанда кем дегенде үштен бірге артады екен. Ал барлық табысты араны ашылған инфляция асап қоймауы үшін оны Үкімет Ұлттық банкпен бірге он жыл бойы 5-8% шегінде құрықтап ұстауға міндетті…”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “НҰРСАЯ – НҰРЛЫ САЯ БОЛМАҚ”. “Кеше Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астанадағы мәселелі үй деп танылып, құрылысы енді аяқталып жатқан Нұрсая тұрғын үй кешенінің ашылуына қатысты. Мемлекет басшысы арнайы келіп көрген “Нұрсая” ТК “АҚҚБ “Жаңа құрылыс” ЖШС құрылыс секторын тұрақтандыру және Астана қаласындағы проблемалық нысан үлескерлерін қолдау шараларын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен бөлінген 15,2 млрд. теңге трансферт шеңберінде салынды.

Жаңа тұрғын үй кешенінде 487 пәтер бар, оның 240-ы бұрынғы үлескерлер еншісінде…

Дағдарыс кезінде тұралап қалған жылжымайтын мүлік, атап айтқанда тұрғын үй құрылысы саласын қолдау және үлескерлер проблемасын шешу жөніндегі мемлекеттік шараларды жүзеге асыру барысында проблемалық деп танылған 19 нысанның 17-сінің құрылысы жуық уақытта аяқталмақ. Осылайша биылғы жылы үлескерлер жалпы ауданы 477 мың шаршы метрді құрайтын 4 732 пәтермен қамтамасыз етіледі”. Авторы: Венера ТҮГЕЛБАЙ.

ЕЛБАСЫ АТЫНДАҒЫ САЯБАҚ”. “Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы және ІV сайланған Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс ХХVІІІ сессиясының шешімі

Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылы мен Мұхаммед Хайдар Дулати даңғылының қиылысында орналасқан саябаққа атау беру туралы

Қазақстан Республикасы “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы” 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 13-бабы 4-тармағына сәйкес, қала тұрғындарының пікірін ескере отырып, қалалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде, бірлесе отырып, Алматы қаласы әкімдігі қаулы етеді және ІV сайланған Алматы қаласының мәслихаты шешім етті:

1. Алматы қаласы Бостандық ауданындағы Әл-Фараби даңғылы мен Мұхаммед Хайдар Дулати даңғылының қиылысында орналасқан саябақ “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағы” болып аталсын…”.

Алматы қаласының әкімі А. ЕСІМОВ.

ІV сайланған Алматы қаласы мәслихаты ХХVІІІ сессиясының төрағасы А. ШЕЛИПАНОВ.

ІV сайланған Алматы қаласы мәслихатының хатшысы Т.МҰҚАШЕВ.

2010 жылғы 10 маусымдағы №2/402 Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы және ІV сайланған Алматы қаласы мәслихатының 2010 жылғы 4 маусымдағы кезектен тыс XXVІІІ сессиясының №326 шешімі. Алматы қаласы Әділет басқармасында 2010 жылғы 24 маусымында №850 болып тіркелген.

Қазақстан Республикасының Заңы”. “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай кеден шекарасы арқылы құбыржол көлігімен өткізілетін энергия ресурстарын кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы

2006 жылғы 20 желтоқсанда Пекинде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай кеден шекарасы арқылы құбыржол көлігімен өткізілетін энергия ресурстарын кедендік бақылау туралы келісім ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

Астана, Ақорда, 2010 жылғы маусымның 24-і. №292-ІV ҚРЗ”.

ALASHAINASY.KZ. “Саяси бетбұрыс бақыт әкеле ме?”. “Қырғыз елі аймақтағы тұңғыш парламенттік елге айналды. Қырғыз елі күшті парламент, әлсіз президенттік жүйеге өз таңдауын жасап отыр. Кеше Қырғыз орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ақылбек САРИЕВ Қырғызстан азаматтарының басым бөлігінің елді парламенттік басқару жүйесіне жетелейтін жаңа конституцияны қолдап, дауыс бергенін мәлімдеді. Қырғыз орталық сайлау комиссиясы 100 пайыз бюллетеньдердің өңделуінің алдын ала деректері бойынша референдумға 1 967 912 сайлаушы қатысқан, бұл – жалпы сайлаушылардың 72,30 пайызы. Қырғыз жаңа конституциясын, яғни басқарудың парламенттік формасын барлық 2319 сайлау учаскесі бойынша 90,56 пайыз сайлаушы қолдаған. Ал қарсы болғандардың қарасы 8,06 пайыз ғана. Ақылбек Сариев референдум өткізуге бөлінген 130 миллион сомның 40 миллионы үнемделгенін тілге тиек етті. Референдум күндері Ош пен Жалал-Абадтағы коменданттық сағат уақытша алынып тасталды. Дегенмен бұл жағдай 10 тамызға дейін жалғасады.

Қырғыз елі күшті парламент, әлсіз президенттік жүйеге таңдау жасады…

Жаңа науқанға дайындыққа кіріскелі тұрған қырғыз элитасында жаңа оппозициялық күштер және оның жетекшілері белгілі бола бастады. Феликс КУЛОВ, Омурбек СУВАНАЛИЕВ, Мирослав НИЯЗОВ, Камчибек ТАШИЕВ секілді бұрынғы экс-шенеуніктер жаңа парламенттегі мандаттарға таласатын болады. Жаңа конституция бойынша оппозициялық қозғалыстардың өкілдері негізгі қаржы комитеттерін басқаруға мүмкіндік ала алады. Қазіргі уақытша үкіметі мүшелері заң шығарушы ассамблеяға кіре отырып, 10 шілдеге дейін Роза ОТЫНБАЕВға жаңа кабинет жасақтауға көмектеспек. Қырғыз уақытша үкімет жетекшісінің орынбасары Өмірбек Текебаевтың айтуынша, Қырғыз еліндегі парламенттік сайлау 5-інші немесе 12 қыркүйекте өтуі мүмкін дегенмен, нақты датасы алдағы уақытта белгілі болады.

Ой-тұжырым: Биліктен аласталған Жаныш, Максим Бакиевтер құрықталмайынша, қастандық шаралары, қантөгіске апаратын әрекеттер тоқтамайды. Бакиевтік кландар мен әртүрлі саяси партиялар арасында қақтығыс туындауы мүмкін. Сондықтан уақытша билік елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға бар күшін салуы керек”. Авторы: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ.

MINBER.KZ. “Қазақ тіліндегі сайттардың саны 8%-ға артты”. “Соңғы бес жылдың ішінде қазақ тіліндегі Интернет ресурстардың саны 8%-ға артты.

Қазақстан Интернет компаниялары Қауымдастығының төрағасы Шавкат САБЫРОВ (суретте) бұл жайтты қазақ тілінде сөйлесу сәнге айналып келе жатқандығымен түсіндірді.

“Егер 2004 жылы мемлекеттік тілдегі сайттар барлық көлемнің тек 4%-ын ғана құраса, 2009 жылдың соңына қарай бұл 12%-ға өсті. Бұл қазақ тілінде сөйлесу күннен-күнге сәнге айналып келе жатқандығымен байланысты. Сонымен қатар мемлекеттік сайттардың барлығында (шамамен 120) қазақ тіліндегі нұсқасы болуы тиіс” – деді Шавкат Сабыров “Business Resource” тілшісіне берген түсініктемесінде [орыс тілінде].

Интернет Қауымдастықтың мәліметінше орташа есеппен алғанда қазақ тіліндегі ресурстар санының өсуі жылына 20%-ды құрайды. Бір қызығы, аталған уақыт ішінде орыс және өзге тілдегі сайттардың өсу қарқыны 7%-ға азайған…”.

KAZ.GAZETA.KZ. Экономика мен экология арасындағы өзара теңгерімді табу қажет. Бұл туралы бүгін Астанадағы минералды ресурстар және металлургия саласындағы алғашқы қазақстандық халықаралық конгресте Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мәлім етті.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, жиналған 20 млрд. қалдықтың үштен бірі залалды. Мұнда негізінен тау-кен өнеркәсібі мен металлургия қалдықтарының үлесі қалыптасып отыр. “Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес, атап айтқанда экономика мен экология арасындағы теңгерімді табу керек. Бұған Мексика шығанағындағы апат мысал бола алады. Біз табиғатқа кері әсер тигізетін ықпалды барынша төмендетіп, болашақ ұрпаққа қамқорлықпен қарауымыз қажет”, деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы бұған металлургия саласындағы технологиялық серпіліссіз қол жеткізу мүмкін емес екенін қадап айтты. Бүгінде инновация мен жаңа технологияларды дамыту барынша қажеттілік ететініне тоқталған Елбасы, Қазақстандағы металлургиялық сектордың ғылыми-техникалық базасы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде екенінне тоқталып өтті. “Бізге осыны бұдан әрі қарай дамытуды жалғастыру керек. Осыған байланысты үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысында металлургия орталығын құру шешімі қабылданды. Оның жұмысы саладағы кәсіпорындар технологиясын жаңғыртуға, отандық ғылым мен технологияны дамытуға, сондай-ақ алдыңғы қатарлы әдістемелердің өнеркәсіпке енгізілуіне бағытталмақ”, деді Мемлекет басшысы.

Осы тұрғыда Елбасы Астанада ашылған жаңа халықаралық университет өзінің инженеринг және энергетика орталықтарымен бұл бастамаларға лайықты үлесін қосуы керектігін қадап айтты.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...