«Алаш қаласы – қазақтың ұмыт болған астанасы». «Парламент каникулға шықты». «…Біздің қоғам демократияның мән-маңызын әлі толық түсінген жоқ». «Жаңаөзенді жарыту керек»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 1 шілде 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Алаш қаласы – қазақтың ұмыт болған астанасы”. “…Осыдан 93 жыл бұрын, 1917 жылдың маусым айында жергілікті тұрғындар жиыны Семей қаласының бұрынғы “Заречная слободкасын” “Алаш” қаласы деп атау туралы шешім қабылдады.

Ал 1917 жылдың 13 желтоқсанында Орынборда ІІ жалпықазақ құрылтай жиынында Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының астанасы етіп “Алаш” қаласын белгілеу туралы шешім қабылданып, автономияның басшылығы Алаш қаласына 1918 жылдың наурыз айында көшіп келіп орналасты.

Іс жүзінде 1918 жылдың наурыз айынан 1920 жылға дейін Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының ресми астанасы Алаш қаласы болды.

Тарихи деректерге жүгінсек, 1918 жылдың 18-21 маусымында Алашорда, Қоқан немесе “Түркістан мұхтариаты” және Башқұрт автономияларының бүлікшіл Совет өкіметіне қарсы бірлесіп күресу жөніндегі келіссөзі Алаш қаласында өтті. Бұл сол кезде Қазақ автономиясы ресми астанасының қандай тарихи рөл атқарғанын аңғартатын тағы бір айғақ болады.

Бірақ, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның бұрынғы астаналары тізімінде Алаш қаласы аталмайды. Ол астананы қазіргі кезде тарихшылар да, ел басшылары да мүлде елемей, ескермей келеді. Бұның сыры неде?

Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстелі міне осы тарихи тақырыпқа арналады.,,, Осыдан 93 жыл бұрын, 1917 жылдың маусым айында жергілікті тұрғындар жиыны Семей қаласының бұрынғы “Заречная слободкасын” “Алаш” қаласы деп атау туралы шешім қабылдады.

Ал 1917 жылдың 13 желтоқсанында Орынборда ІІ жалпықазақ құрылтай жиынында Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының астанасы етіп “Алаш” қаласын белгілеу туралы шешім қабылданып, автономияның басшылығы Алаш қаласына 1918 жылдың наурыз айында көшіп келіп орналасты. Іс жүзінде 1918 жылдың наурыз айынан 1920 жылға дейін Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының ресми астанасы Алаш қаласы болды. Тарихи деректерге жүгінсек, 1918 жылдың 18-21 маусымында Алашорда, Қоқан немесе “Түркістан мұхтариаты” және Башқұрт автономияларының бүлікшіл Совет өкіметіне қарсы бірлесіп күресу жөніндегі келіссөзі Алаш қаласында өтті. Бұл сол кезде Қазақ автономиясы ресми астанасының қандай тарихи рөл атқарғанын аңғартатын тағы бір айғақ болады. Бірақ, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның бұрынғы астаналары тізімінде Алаш қаласы аталмайды. Ол астананы қазіргі кезде тарихшылар да, ел басшылары да мүлде елемей, ескермей келеді. Бұның сыры неде? Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстелі міне осы тарихи тақырыпқа арналады…. Дөңгелек үстелді Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ редакциясының қызметкері Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ жүргізді”.

Аштық акциясы әкімшілік жазамен аяқталды”. “Атыраудағы құқық қорғау органдарының шешімдеріне наразылық білдіріп аштық жарияламақшы болған жеті әйелдің әрекеті сәтсіздікпен аяқталды. Оларды аштық акциясы басталмай жатып полиция қызметкерлері ұстап алып, облыстық әкімшілік сотына апарады. Алайда әкімшілік ескерту алған аналар шілденің аяғында Астанаға шағымдануға аттанатындарын айтады.

Аштық жариялаушы әйелдер Айгүл Сүйеуова, Дина Есбосынова, Ләйлә Есенова, Саржан Есбосынова, Гүлнәр Пазылова, Майра Омарова, Жұлдызай Нарымова 29 маусым күні аштық акциясын бастап үлгермеді. “Жайырақ бастасақ полиция қудалап жүрер” деп ойлаған олар, таңғы 4-тен бастап Атырау облыстық әкімшілігі алдына палаткаларын құрмақ болады. Алайда таңғы сағат 3.30-да әкімшілік алдына келген аналар қарапайым киінген бір топ жігіттің серуен құрып жүргенін көріп таң қалыпты.

– Енді жиналып бір-бірімізбен сөйлесе бастағанымыз сол еді, сау етіп қаруланған полиция өкілдері пайда болды. Әлгі серуендеушілер де бізді қоршап алды. Қолдарымызды артымызға қайырып, айқайлағанымызға қарамай «Газель» көлігіне қойша тоғыта бастады,- деп баяндады әйелдер Азаттық тілшісмен болған кездесуде. Балаларын қорғауға талпынған аналардың аштық акциясын көзбен көруге барған Азаттық тілшісін де қару асынған полиция қызметкерлері бөгеді. Олар тілшінің наразылық акциясына қатысушылармен сөйлесуіне кедергі жасап, суретке түсіруге бөгет жасамақ болды. Ал қарусыз тұрғын полиция қызметкерлерінің бірі қолындағы фуражкасымен объективті жабуға ұмтылды.

– Бұл кезде уақыт таңғы 5.30 еді. Көп кешікпей “бүлікшілдермен” сөйлесуге келген қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Амантай АЙЖІГІТОВ көрінді. Ол тілшімен тілдесуге құлықсыздық танытты. Бұл турасында Атырау облыстық ІІД баспасөз жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАға телефон соққанымызбен ешқандай жауап ала алмадық. Сағат 11 шамасында аштық жарияламақ болғандарды әкімшілік сотына жазалауға алып кеткені белгілі болды…”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.

EGEMEN.KZ. “ПАРЛАМЕНТ КАНИКУЛҒА ШЫҚТЫ”. “Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы мәселе қаралды. Үшінші сессия жұмысының қорытындысы мен алдағы міндеттер туралы Мәжіліс Төрағасы, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Орал МҰХАМЕДЖАНОВ баяндама жасады.

Спикер осы сессияда Парламент қарауында барлығы 199 заң жобасы болғандығын, оның 51-і өткен сессиялардан ауысқандығын, ал 148-і ағымдағы сессиядан келіп түскендігін атап көрсетті. Нәтижесінде елдің құқықтық базасы 103 заңнамалық актімен толыққан. Өткен сессияда Парламент депутаттары адам құқықтарын қорғау және азаматтық қоғамды дамыту мәселелеріне баса көңіл бөлгені белгілі. Осы бағытта азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мен Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдар қабылданды. Сондай-ақ депутаттар бастамашылығымен еңбек қатынастарында гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге, қоғамдық өмірдің барлық салаларында әйел мәртебесін көтеруге ықпал ететін заңдық құжат та өмірге жолдама алды. Терроризмге қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздерін жетілдіру үшін “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң қабылданып отыр. Құқықтық жүйені одан әрі дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне де үлкен мән беріліп, депутаттар бірқатар маңызды құқықтық актілерді қабылдады, деді Мәжіліс Төрағасы. Атап айтқанда, “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” және “Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы” заңдар елде жекеше сот орындаушылары институтын енгізу арқылы сот актілерін орындаудың қолайлы әрі тиімді жүйесін құруға бағытталған. Бұл заңдық құжаттар сот сараптамасының тәуелсіздігі мен объективтілігін қамтамасыз етуге қызмет ететін болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар заңдар да өз шешімін тапқаны белгілі…

Парламент депутаттары қазақстандық қамту туралы заңды мақұлдап, отандық тауар өндірушілерге тағы бір қомақты қолдау көрсетті…

Парламент депутаттарының бастамашылығымен Мемлекет басшысы Н.Ә.НАЗАРБАЕВқа Тұңғыш Президент – Елбасы мәртебесін беру тұрғысынан заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді…”. Авторы: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

ҚЫЗЫЛАҒАШТА ТАҒЫ ДА 122 ҮЙ БЕРІЛДІ”. “…Сол ұмытылмас 12 наурыздан бері 110 күн өтіпті. Бой көтерген ауыл жаңа ғасырда жасарған, жаңарған десек, асыра айтылмағаны. Десе де “Батырмын деп мақтанба, Жеңіп қайтпай, Жақсымын деп мақтанба, Халық айтпай” демекші, қиындықты жеңген батырлық, сол кезде ынтымақ пен бірлікті ұстанғаны жақсылық екенін жұртшылық жиі қайталайды. Жұдырық жұмылып, білек біріккенде қиындыққа жол жоқтығы дәлелденді. Бұған дейін аталған елді мекенде 365 тұрғын үй қайта салынып, бар жиған-тергенінен бір сәтте айрылғандарға теледидар, үй жиһазы, газ, төсек-орын беріліп, басқа да тұрмыстық жеңілдіктер жасалған-ды.

Қызылағаш ауылында сәрсенбінің сәтінде, яғни 30 маусымда тағы да қоныс тойы өтті дүркіреп. Жаңа сән-салтанаты жарасқан Мәдениет үйіндегі мерейге бұл жолы да облыс әкімі Серік ҮМБЕТОВ қатысты…”. Авторы: Күмісжан БАЙЖАН.

ALASHAINASY.KZ. “Келісімшартты орындамағандар кенішінен айырылады”. “Астананың он бір жылдық мерейтойы қарсаңында елорда ауқымды жиындардың алаңына айналды. Осының алдында ғана ЕҚЫҰ аясындағы алқалы басқосу өтсе, кеше тағы бір дүбірлі жиын – Минералды ресурстар және металлургия бойынша І Қазақстандық халықаралық конгресс басталды. Осындай әлемнің әр түкпірінен арнайы меймандар келіп қатысқан сындарлы жиындардың басы-қасында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың өзі жүрді.

Жиын басында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Қарағанды металлургиялық комбинатының 50 жылдығымен құттықтады. Аталған комбинаттың 1960 жылы шілденің 2-сі күні жұмыс бастағанын еске салған Елбасы: “Бұл – біз үшін үлкен мереке. Сондықтан мен барлық қазақстандықтарды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын”, – деді.

Түрлі елдерден 400-ден астам делегат қатысып жатқан конгрестің мойынға жүктеген міндеттері тым салмақты…

Конгресс барысына аялдамас бұрын, қазақстандық кен және металлургия салаларындағы кей мәліметтерге тоқтала кетсек, бұл саладағы өнім 2009 жылдың қорытындысы бойынша, елдегі өнеркәсіптік өнімдердің 16,9 пайызын құраған. Ал экспорттың жалпы көлеміндегі алатын үлесі – 19,6 пайыз. Және өндіріс орындарында 164 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін де айта кетейік. Қазақстанның бұл салаға тың серпін, заманауи технология енгізу құлшынысы да тегін емес…”. Авторы: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.

Әр нәрестеге депозит ашу мәселесін мемлекеттік деңгейге көтеретін уақыт жетті ме?”. “Солтүстік Қазақстан облысында бала туу көрсеткішін арттыруға арналған жаңа бағдарлама жасалуда. Жаңа бағдарламаның жобасы бойынша төрт және одан көп баланы өмірге әкелген отбасының кәмелетке толмаған әрбір сәбиіне банкте депозит ашылып, олардың әрқайсысына 1,5 мың доллардан ақша салынатын болады. Бала кәмелеттік жасқа толған соң, депозиттегі ақшаны өсімімен бірге алып, оқуға түсуіне немесе пәтер алуға, қысқасы, өз қалауынша жұмсауына болады

Берік ӘБДІҒАЛИ, саясаттанушы, Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі:

Иә. Жалпы, елімізде туылған әрбір балаға арнап депозит ашу жүйесін жаппай енгізетін уақыт жетті. Қазір ең алдымен халқымыздың санын көбейтуді мақсат етіп отырғандықтан, демографияны көтеретін барлық іс-әрекеттерден бас тартпауымыз керек. Қазіргі таңда халқымыздың саны аз. Мұнайдан түсетін табыспен салыстырғанда, біздің жас аналарға көрсетіп отырған көмегіміз де мардымсыз

Мақаш Тәтімов, Қазақстанның демография ғылымының негізін салушы, саясаттану ғылымының докторы:

Жоқ. Елімізде туылған әрбір балаға жеке-жеке депозит ашу мүмкін емес шығар, алайда төртінші баладан бастап мемлекет өз мойнына алса, құба-құп болар еді. Осы орайда өз басым отбасында туылған әрбір балаға емес, төртінші баладан бастап депозит ашуды қолдар едім. Өйткені қазіргі таңда бір-екі бала әр отбасында дүниеге келеді. Ал төртінші, бесінші, алтыншы баланың өмірге келуі — өте сирек жағдай.

Бұл депозиттің басты мақсаты – халықты демографияны көтеруге үндеу. Ендеше бір-екі баланың бәріне депозит аша берер болсақ, халық сол бір-екі баламен-ақ шектеледі. Ал депозитті төртінші баладан бастап тағайындар болсақ, халық сол төртінші баланы өмірге әкелуге ұмтылар еді.

Осындай жолмен депозит тағайындар болсақ, бұл бастаманы мен қолдар едім… Ендеше, төрт-бес баласы барларға неге қола алқа бермеске?! Еліміздегі аналардың туу деңгейі төмендемесін десек, осындай бастама енгізген жөн

Бейтарап пікір: Оразалы СӘБДЕН, экономика ғылымының докторы, профессор: – Көршіміз Ресейде бұл жүйе әлдеқашан қолға алынып қойылған. Екінші баланы өмірге әкелген әрбір ресейлік отбасыға 10 мың доллар беріледі. Және бұл ақша ол баланың кәмелеттік жасқа толғанын күтпестен беріле береді. Бізге де осы жүйе енгізілсе әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын көтеруге үлкен көмек болар еді”. Дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ.

JASQAZAQUNI.KZ. “Нұрмахан ОРАЗБЕК, “Қазақстан” Баспасының директоры: БІЗДІҢ ҚОҒАМ ДЕМОКРАТИЯНЫҢ МӘН-МАҢЫЗЫН ӘЛІ ТОЛЫҚ ТҮСІНГЕН ЖОҚ”. “– Нұрмахан аға, әңгімемізді әріден бастасақ, студент кезіңізде-ақ Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері сізді тергеп, бақылауда ұстаған көрінеді. Оған не себеп болған еді?

– Мен мектепті бітірісімен құрылыста жұмыс істедім. 1957 жылы КазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. Осы тұста тың игереміз деген дақпыртпен Қазақстанға ағылғандардың қарасы көп еді. Бірақ оларға қазақтың қандай халық екені, оның тарихы турасында түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген…

Осы жиында: “Ұлт саясаты жөнінде Ленин солай дейді, Сталин былай дейді. Ал сендердің сөздерің мен қылықтарың осыған кереғар?” – деп орыс азаматтардың көкіректігін, қазақтарды кемсітетіндігін ашық айттым.

Бұл жиналыс айқай-шумен, екі күнге созылды…

– Қазақ журналисти касының бүгінгі даму деңгейі көңіліңізден шыға ма?

– Қазіргі таңда қазақ баспасөзі өсу үстінде. Ашық пікір айту, орынды мәселелер көтеру тұрғысынан келгенде бұрынғыға қарағанда көш ілгері деп айтуға толық негіз бар. Кейбіреулер қазақ журналистикасы кенжелеп қалған дегенді айтып жүр. Меніңше бұл жаңсақ пікір.

Бірақ баспасөзде, радиода, теледидарда халқымыздың болмысына жат нәрсені бірінші орынға шығару – ұлтымыздың жан дүниесін ұғынбау, сыйламау.

Сөз бостандығы деген ойыңа не келсе, соны жазу емес. Рас, сөз қолдануда, материалдың құрылымын жасауда кететін кемшіліктер бар. Бірақ қазақ баспасөзі көштен кейін дегенмен келісе алмаймын.

– Журналистер өзгенің кемшілігін тез көреді. Олардың өзінде қандай кемшіліктер бар, атап көрсетесіз бе?

– Кемшілік бар. Журналистикада бір сөйлем жазсаң, екіншісі соны толықтырып, ілгерілетіп тұруы қажет. Біздің журналистерге осы жағы жетіспейді. Сөз қолдануда кететін кемшіліктер өз алдына. Мәселен, кейбір журналистер “Күл болмаса, пұл болсын” жеп жаза салады. Ал, дұрысы — “пұл болмаса, күл болсын”. Бұл қайдан шыққан сөз дейсіз ғой?…”. Әңгімелескен Гүлмира САДЫҚОВА.

ЕСЕНИН МЕДАЛІН ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ АЛДЫ!”. “Орыстың ұлы ақыны Сергей ЕСЕНИНнің Алтын медалін қазақтың көрнекті ақыны Ханбибі ЕСЕНҚАРАЕВА алды. Құттықтап, хабарласқанымызда Ханбибі апай алғысын білдіріп, қуанып қалды.

— Есенин медалін алып тұрып, Мәскеуде “Есенин деген біздің қазақ. Өйткені орыс халқында Есен деген есім жоқ” деп едім, мәскеуліктер “сен біздің медалімізды ғана алмай, ақынымызды да алып кететін түрің бар ғой” деп күлді бәрі…”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Азаматтық қоғамды дамытудың жаңа кезеңі”. “Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы еліміз Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы Жарлығы заңнаманы жетілдіруге, мемлекеттің беделін күшейтуге, саясат жүйесін демократияландыруға бағытталған.

Тұжырымдама еліміздің алдағы онжылдық ауқымдағы құқықтық даму саясаты саласында, оның ішінде ұлттық заңнаманы жетілдіру бағытында жаңа стратегиялық бағыт бойынша мақсат-міндеттерді жүзеге асыруды көздейді. Оның ішінде құқық қорғау мен сот жүйесін дамыту, сондай-ақ бүгінгі әлемдік тәжірибені ескере отырып, Қазақстанның құқықтық-демократиялық қоғамын құру – тұжырымдаманың басты мақсаты. Бүгінде еліміздің жалпы стратегиялық дамуы аясында отандық заңнаманы сақтау мен құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында нақты іс-шараларды қолға алу қажет. Елбасының 2005 жылғы Жолдауында 2011 жылға дейін жоспарланған екі кезеңде конституциялық реформаның біреуі орындалды. Мемлекеттің нысаны президент-парламенттік республикаға ауысуы, саяси өмірді демократияландыру бағдарламалары елдің тұрақты дамуына бағытталған. Бүкіл әлемдік қаржылық дағдарысының басталуы, жоспарланған процестерді тоқтатып, жұмысын баяулатты, бірақ оның бағытын тоқтатпай, жүргізу стратегиясын қайта пайымдады. Құқықтық саясат тұжырымдамасының негізгі тармақтарын жүзеге асыру – кезек күттірмейтін мәселе….”. Авторы: Тастыбай ЛЕСЕРОВ, Қызылорда облысы Әділет департаменті бастығының орынбасары.

USHKIYAN.KZ. “Жаңаөзенді жарыту керек”. “…Маңғыстау облысы әкімі Қ.КӨШЕРБАЕВ Жаңаөзенде жұмыс сапарымен болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Атап айтқанда, 100 орындық туберкулезге қарсы аурухана, әрқайсысы 280 орындық екі балабақша, ақыл-есі кем балаларға арналған кешен, бюджеттік сала мен жас отбасыларға рналған екі 200 пәтерлік тұрғын үй және 100 орындық перзентхананың құрылыс барысымен танысты. Облыс әкімі салынып жатқан ғимараттарды жедел бітіріп, ел игілігіне беруді айтты. Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласының әкімдігіне жылу, су, электр жарығын тарту мәселелерін шешуді тапсырды.

Сонымен қатар, облыс басшысы 2009-2010 жылдарға арналған Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу жөніндегі Кешенді жоспардың жүзеге асырылу барысына байланысты мәжіліс өткізді. Кешенді жоспар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды талқылау кезінде өлке басшысы бірқатар сын-ескертпелер айтты. Мәселен, жобалық-сметалық құжаттардың дайындалмағандықтан тұрмыстық қатты қалдықтарды залалсыздандыру, өңдеу және көму комбинатының, жедел басқару орталығы мен “Кендірлі” курорттық аймағында сауықтыру-алдын алу санаторийінің құрылысы әлі күнге дейін басталмаған…

Облыс әкімі қала тұрғындарының бәріне бірдей 200, 300 мың жалақысы бар жұмыс тауып бере алмайтығын да ескертті және биыл қалайда 8 мың жұмыс орнын ашуды қатаң қадалағап отыратынын жеткізді.

“Бұл ретте барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерліктер әлеуметтік жауапкершілік алуы тиіс, Жаңаөзен қаласының тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға атсалысуы керек”, — деді облыс әкімі. “Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың да маңызы зор. Кешенді жоспар бойынша 2009 жылы “Жаңаөзен қаласының бизнес-инкубаторы” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жанынан бастауыш кәсіпкерлер үшін арнайы курс ашу қаралған болатын. Алайда қала әкімдігі бұл мәселеде де осалдық танытып отыр”, — деп атап өтті Қырымбек Көшербаев.

Облыс әкімі Кешенді жоспардың жүзеге асырылу барысы қатаң қадағаланатынын айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Айта кететін жайт, Қ.Көшербаев Жаңаөзен қаласы әкімдігін, облыстық бірқатар басқармалардың жұмысына тексеру жүргізетінін мәлім етті. “Қала әкімдігі тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға қадағалау, бақылау әлсіз, жұмыс баяу жүріп жатыр”, — деп сынға алды облыс басшысы”. Авторы: Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Елордада III Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады.

Аталмыш форумның мақсаты — мемлекеттің экономикалық саясаты мен ғылым жетістіктерін, сондай-ақ жеке сектордың бастамаларын бір арнаға тоғыстырып, дағдарыстан кейінгі әлемдік экономика мен мемлекеттердің ұзақмерзімді тұрақты дамуына қажетті жағдайларды қалыптастыру тетіктерін әзірлеу болып табылады.

Келелі жиынға әлемнің 50 мемлекетінен 2 мыңнан астам іскер топ өкілдері, жетекші ғалымдары мен сарапшылары, халықаралық ұйымдардың басшылары, көрнекті ғалым-экономистер мен Нобель сыйлығының лауреаттары қатысуда.

Форумның ұйымдастырушылары — “Ғалымдардың Еуразия экономикалық клубы” мен Экономикалық даму және сауда министрлігі және “Экономикалық зерттеулер институты” акционерлік қоғамы.

***

Қазақ қазақ болғалы бері халық сөзін сөйлеп, ел жүрегінен орын табуды мақсат тұтқан қазақ баспасөзі тағы бір жаңа басылыммен толықты. Елордада “Халық сөзі” атты республикалық қоғамдық-саяси газет жарық көрді.

“Халық сөзі” ақпарат айдынында бұқара халықтың көкейтесті ой-арманын ашық айта алатын өткір сөзге, өрелі пікірге жол ашатын басылым ретінде халықтық мәселелерді мәмілегерлікпен талқылайтын мінберге айналуды көздеп отыр.

Жаңа басылым арқылы билік пен халық арасын барынша жақындатып, елдегі барша игіліктің иесі де киесі де халықтың өзі екенін ашып көрсетуге, еркін тілдесуге мүмкіндік туғалы тұр. Сондай-ақ, халықтың өзіне тән басылымы ретінде әлеуметтің мұң-мұқтажына құлақ салып, әлсізге болысу, әділетке қол жеткізу “Халық сөзінің” басты бағдарына айналмақ. Сол арқылы ұлттың экономикалық, мәдени, әлеуметтік, рухани проблемалары мен өзге де өзекті тақырыптар төңірегінде ашық пікір алмасу алаңын қалыптастырып, түрлі түйткілдердің түйінін тарқатуға жол салуды көздейді…

Алғашқы санда “Халық сөзі” сонымен бірге, “Абай жолынан адаспайық” атты мақала жариялап, “Абайдай ұлы тұлғаның аяулы есімін көр-жерге тели беруге болмайтыны туралы мәселе көтеріп отыр. Сол сияқты “Өнер төңкеріс кезінде де — өнер” атты мақала да оқырманды ойға жетелейді. Онда қырғыз жеріндегі алмағайып ахуал кезінде де айыр қалпақты ағайынның өнері өрістеп, жақында Алматыда өткен Ортаазиялық театр фестивалінде қырғыз театрының қазақ өнерпаздарының алдын орап кеткенін мысалға келтіре отырып, “Егер мәселенің барлығы ақшаға келіп тірелетін болса, жағдайы мүшкіл деген қырғыз театры неге озық? Неге біз қазақтан драматург таппай қысылғанда сол баяғы қырғыздарға жүгінеміз?” — деген сауал тастайды. Тақырыптың тұздығы ретінде Қырғызстанның халық әртісі, академик Мұратбек БЕГАЛИЕВпен болған “Қырғыздар ататүрікті іздеуде” атты сұхбат жарияланып отыр…

Сонымен, Астана төрінен ақпарат айдынына қосылған жаңа басылым -“Халық сөзі” халықтың жата-жастана отырып оқитын басылымына айналуды көздейді. Ендеше “Халық сөзі” халықтан хат күтеді! Электрондық пошта: halyk-sozi@mail.ru

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...