«Келесі президенттік сайлауға түскісі келетін бірінші үміткер пайда болды». Қазақстанда 25 қазан – Республика күні мерекесін неге жылы жауып қоя салды?». «Қазақстанда дін бөлек, мемлекет бөлек. Бірақ…»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 25 қазан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Келесі президенттік сайлауға түскісі келетін бірінші үміткер пайда болды”. “… “Алға” партиясының жетекшісі Владимир КОЗЛОВ “Голос Республики” басылымына берген сұхбатында алдағы президенттік сайлауға қатысатынын ресми түрде жария етті. Дәл осы мәселеге қатысты Азаттық тілшісіне сұхбат берген партия жетекшісі сайлауға түспек ойын елдегі саяси жүйені өзгерту ынтасымен ұштастырады…

Бұл мәселеге қатысты сенатор Ғани ҚАСЫМОВтың пікірін сұрағанда, тіркелмеген партияның әрекетін бағалаудан бас тартты.

— Әуелі тіркелсін. Сосын баға бере жатармыз, — деді Ғани Қасымов. Оның пікірінше, елдегі барлық партия мен қоғамдық ұйым жетекшілерінің президенттік сайлауға қатысуына мүмкіндік бар. Мысал ретінде сенатор Тоқтар Әубәкіров пен Мұхтар Шахановты атайды.

Қазақстанда президенттік сайлау соңғы рет 2005 жылы өтті. ҚР Конституциясына сәйкес, президенттік сайлау әрбір 7 жыл сайын болып тұрады. Негізгі Заңға сәйкес, кезекті президенттік сайлау 2012 жылы өтуі тиіс”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Қазақстанда 25 қазан – Республика күні мерекесін неге жылы жауып қоя салды?”. “…Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысқандардың кейбірі Тәуелсіздік күніне “бәсекелес” болған Республика күні мерекесін жойып, Қазақстан президенті дұрыс жасады деп есептейді. Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізілді. Республика күнін ел 17 рет тойлады, ал өткен жылы оны үн-түнсіз жылы жауып қоя салды. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 2009 жылдың сәуір айында қол қойған “Мерекелер туралы” Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ. Әйткенмен, бұл мерекені алып тастауға соншалықты бір маңызды себеп болған емес. Былтырға дейін қазақ шенеуніктері Республика күнінің маңызы одан кейін келетін Тәуелсіздік күнінен мысқал кем еместігін ауыздан тастамайтын…

Азаттық радиосының тақырыпқа арналған дөңгелек үстеліне: Серікболсын ӘБДІЛДИН – 1990 жылғы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы төрағасы, “Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы” декларация жобасының жетекшісі; Александр ПЕРЕГРИН – 12-ші шақырылған Қазақстан Жоғары Кеңесінің бұрынғы депутаты, декларация жобасын даярлауға қатысушы; Ирак ЕЛЕКЕЕВ пен Нұртай САБИЛЬЯНОВ – Қазақстанның қазіргі парламентінің депутаттары қатысты. Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ жүргізді...”.

AIKYN.KZ. “Тұздыбастау “трагедиясы” Астананы да алаңдатты”. “Алматы облысындағы Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылындағы мектеп оқушыларының өздеріне қол жұмсап, қайтыс болғандығы туралы хабар астанадағыларды да бей-жай қалдырмады. Кеше Тұздыбастауға Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Александр КУЛИНИЧ арнайы ат басын тіреп, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Тұздыбастау елді мекеніндегі балалардың өліміне сырттан себепкер болғандар бар деген версия екінші суицид фактісінен кейін пайда болды. Алғашқы өлген бала Сержан ТҰРЫСБЕКОВ қыркүйектің 30-ында белгісіз себептермен өзіне-өзі қол жұмсаған. Медициналық сараптама денеде қинап өлтіру белгісі жоқ болғандықтан “суицид” деген анықтама бергендіктен, қылмыстық іс қозғалған жоқ. Екі аптадан кейін асылып қайтыс болған Абай ИСАБЕКОВтің жұмбақ өліміне қатысты оның ата-анасы құқық қорғау органдарына шағым түсіріп, қылмыстық іс қозғауды талап еткен болатын…

Жиынға қатысқан ата-аналар мектепте жоғары сыныптың балалары әлімжеттік жасап, кіші сыныптағылардан ақша талап ету фактілері бар екендігінен министрліктен келген шенеунікті құлағдар етті. Бір ата-ананың мектепте оқитын қызы, 10 сынып оқушылары 9 сыныптағыларды сабап, ақша берулерін талап еткендігін көргенін айтады. Мектеп директоры Дина АҚЖІГІТОВА бастаған мұғалімдер тобы болса, бұған шыр-пыр болады, мектепте рэкеттің жоқ екендігін айтып: “мұндай хабарды таратып жүрген журналистер” деп салды…”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

EGEMEN.KZ. “Қазақстанда дін бөлек, мемлекет бөлек. бірақ…”. “…Негізгі қауіпті құбылыс “уаххабилік” ағымның артынан еріп кетушілердің саны көбейіп, “сәләфи” ағымының кеңінен насихатталуы көңілге үлкен қорқыныш ұялатады.

2007 жылы осындай ахуалдың салдарынан еліміздегі жастардың 15 пайызы осы ағымға ере бастаған. 2009-2010 жылдары бұл көрсеткіш 60 пайызға жеткен. Егер өңірлерге бөліп қарасақ, 10 мың адамның 7,5 мыңы уаххабилер, оның ішінде 75 пайызы 13-25 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар.

Маусым айында Ақтаудағы қатаң режімді колониядан 21 тұтқын қашып, олар өзін-өзі жарып жіберген оқиға елді дүрліктірген-ді. Олардың бәрі де уаххабилік ағымды ұстанушылар екендігі анықталды.

Жоғарыда аталған ағымға ерген азаматтардың қызмет етуі былай тұрсын, сәбилерін тиісті медициналық тіркеуден және дәрігерлік тексеруден өткізуден бас тартуда. Мектеп жасындағы ұлдар мен қыздар арасында музыка тыңдау харам, Мемлекеттік әнұранды тыңдамау, кеудеге қол қоймау, Мемлекеттік туға құрмет көрсетпеу, әскери борышты өтемеу дұрыс деген ұғым қалыптастырып, теріс бағыттағы уағыздар жүргізуде. Сондай-ақ, 12-16 жастағы қыз балалардың сабақты тастап кетуі мен ата-анасының рұқсатынсыз неке қию фактілері де жиілеп келеді.

Ағымға кіріп кеткен балалардың ата-аналары балаларымыз бір түрлі, істеген тамағымды ішпейді, “сен кәпірсің” дейді, деп күйінеді. Олар “Сендер кімсіңдер?”, десек, “Мұсылманбыз”, дейді, “Ұлтың кім?”, десек, “Ұлтымыз жоқ, біз мұсылманбыз”, дейді. Дәл қазір осыған тоқтам болмаса, бес-алты жылда бұл ағымдардың бір-бірімен қақтығысу қаупі төніп тұр. Бала әкесіне, қыз шешесіне қарсы шықса, болашағымыз не болмақ?!..

Қазақстанда дін бөлек, мемлекет бөлек, мемлекет дін ісіне араласпайды. Сонда да Президентіміз бүкіл діндердің бәрінің басын қосып, татулыққа шақырып жатқан кезде осы еліміздің өңірлерін дүрліктірген жайға Үкімет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан талдау жасалып, баға берілуі тиіс деп білемін. Діни фанатизм кез келген айрандай ұйып отырған елдің ойранын шығарып, араға жік туғызып кетуі ықтимал. Сондықтан да, кейбір мәселелерде мемлекеттің араласуы қажет деп есептеймін. Көтерілген проблемаларды заңды түрде қамтамасыз етпей, діни ахуалды реттеу мүмкін еместігін қаперге салсам деймін”. Авторы: Асхат БЕКЕНОВ, Мәжіліс депутаты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми хабары”. “…Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы” 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының № 2155 Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2010 жылғы 23 қазанда номиналы 100 теңгелік, “proof” сапасымен жасалған “Еркін күрес. Олимпиада ойындары-2012” ескерткіш күміс монетасын және номиналы 500 теңгелік, “рroоf” сапасымен жасалған Еуразия экономикалық қоғамдастығының құрылғанына 10 жыл толуына арналған ескерткіш күміс монетаны айналысқа шығарады…”.

DMK.KZ. “…РЕКОРД!”. “Биыл Қызылорда шаруалары 376 мың тонна күріш жинап, соңғы 17 жылдағы ең үлкен көрсеткіштеріне қол жеткізді. Сала мамандары әр гектардан орташа есеппен 48,6 центнерден өнім алған. Ал жалпы егіс алқабы 77,4 мың гектарды құрап отыр. Күріш жинау науқанының сәтті аяқталуына байланысты облыстың бірқатар жерлерінде күріш жәрмеңкесі өтті. Осы орайда Қызылорда облысының әкімі Болатбек ҚУАНДЫҚОВ көктемнің егіс науқаны кезінде шаруаларға қажетті тыңайтқыштар, гербицидтермен және сумен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті. Алайда әзірге күріш бағасының құны түспей тұр. Ал күріш бағасы оның сапасына байланысты. Сондықтан, еліміздің әр өңірінде ақ алтын әртүрлі бағамен саудалануда. Қазірде ең арзан күрішті Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан сатып алуға болады. Ал, Астана, Ақтау және Екібастұз бұрынғысынша қымбат шаһарлар көш басында. Алматыда ақ алтынның бір келісі 140-200 теңге тұрса, Өскемен, Семей қалаларында 210 теңгеге саудалануда….”.

TURKYSTAN.KZ. “АЗИАДА НЫСАНДАРЫ АЛАҢДАТАДЫ…”. “…Қаржы министрi Болат ЖӘМIШОВ елiмiздегi жалпы спорт нысандарының құрылысына 200 миллиард теңге бөлген едi. Олай болса қаржы жетiспеушiлiгi деген жайттың болуы мүмкiн емес. Ақ алауын желбiреткен Азиада ойындарының басталуына 100 күндей қалды. Қысқы ойындардың бәсекесi биыл тартысты өтетiн секiлдi. Азия құрлығының әдiсқой спортшылары елiмiзде өнер көрсетiп, тiгiлген бәйгенi ортаға салады. Бiрақ сырттан келген спортшылар сыйлай келсе де сынап кететiнi сөзсiз. Осы орайда Азиадаға деп белгiленген спорт кешендерi мен трамплиндер құрылысының барысы қандай? Бiрнеше жылдан берi бұл құрылыс қолға алынып, қомақты қаржы бөлiнiп жатқаны баршаға мәлiм. Бәрiбiр құрылыс бiтпей тұр. Нелiктен? Тиiстi мекемелерге хабарласып көргенiмiзде, нысандар құрылысының түгелдей аяқталғанын айтудан танбады. Жалпы, халықаралық талаптарға сәйкес, олимпиада жүгiн мойнына алған мемлекеттiң спорттық нысандары 2 жыл бұрын сақадай сай тұруы тиiс…

Екi нысан ғана жаңадан салынды. Атап айтсақ, Талғардағы шаңғы және биатлон спорт кешенi және шаңғымен секiру трамплинi. Талғардағы шаңғымен секiру және биатлон кешенiнiң құрылысы бiтпеген. Мұны анадайдан-ақ байқауға болады. Азиада ойындары өтетiн спорт кешендерiнiң iшiндегi кеш қалып тұрғаны осы. Шала тұрғызылған қабырға жерге қаратпаса болғаны. Сәл артқа шегiнiс жасайық. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Туризм және спорт вице-министрi Талғат ЕРМЕГИЯЕВ Азиада нысандарының құрылысы Алматы және Астана қалаларында жұмыс кестесi бойынша жүруде деп мәлiмдеген едi…”. Авторы: Ақниет ОСПАНБАЙ.

СОЦИАЛИЗМДI САҒЫНЫП ЖҮРМIН”. “… “Түркiстан” газетiнiң жанашыры, белгiлi қаламгер Жұма-Назар СОМЖҮРЕК мырзаның келмеске кеткен социализмге деген сағыныштан туған көлемдi мақаласын оқырмандарымыздың назарына ұсына отырып, социализм жер бетiндегi жұмақ болды деушiлердiң әлi күнге арамызда бар екенiн жоққа шығармаймыз…

Қытайлықтар социализмдi неге сатпады? Оның несiне қызығып қимай, капитализмге айырбастамай отыр? Мәселенiң мәнi осында. Олар социализмнiң несiмен қымбат екенiн бiле бiлдi, айыра бiлдi. Бiр миллиардтан астам халқы бар Қытай үшiн социализм мен капитализмнiң қайсысы тиiмдi екенiн ақылға салып, дұрыс шешiмге келдi…

емес, iшкi экономикада өз халқыңды өзiң тонамау, алыпсатар алаяқтарға тонаттырмау деген сөз. Ал Польша мен Ресейдiң, Ельциннiң соңынан елпiлдеп ерген Қазақстандағы ес тандыру терапиясы, жекешелендiру мен бетiмен кеткен баға халықты шын мәнiнде есiнен тандырып есеңгiретiп тастады. Сөйтiп жоғарыда жазғанымыздай, қарапайым халық екi жақты, үш жақты, тiптi жан-жақты қанауға ұшырады. Әлi де ұшырап отыр. Түйiндей келгенде, жоғарыда көтерiлген мәселелер мен қойылған сауал-сұрақтар бойынша жоғары деңгейде, кең көлемде ғылыми-теориялық дискуссия ашайық; қоғамдық құрылыстардың сатылары, сол қоғамды, мемлекеттi басқарушылардың қоғам мүшелерi алдындағы жауапкершiлiктерi мен мiндеттерi, ғылыми ойдың қазiргi халi жөнiндегi пiкiр-пайымдарымызды ортаға салайық демекпiз”. Авторы: Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақ инженерінің арқасында әлем моторсыз машина мінетін болады”. “Ақтөбелік Аманкелді ШОРТАНБАЕВ “кез келген көлікті жанармайсыз жүйткітіп, тұрмыстық техника құралдарын электр қуатынсыз жұмыс істетудің жаңа әдісін ойлап таптым” дейді. Ол үшін барлық техника құралдарының жүрегі – моторды екі түрлі бағыттағы магнитпен алмастырса жарайды деп санайды.

Жоба авторының түсіндіруінше, көліктердің оталып, жүруін қамтамасыз ететін моторымен қоса, әртүрлі қосалқы бөлшектердің мүлде қажеті жоқ. Тек оңтүстік және солтүстік өрістегі магнит қана керек. Екі түрлі бағыттағы магниттер қатар орналастырылса, техника өздігінен жылжиды екен. “Бір көлікті орнынан қозғау үшін 50 шақты шағын магнит қажет” дейді идея авторы…

Ең алғаш рет өздігінен жүретін көлік XVII ғасырда пайда болғаны белгілі. Техника кәдімгі ағаш арбаға ұқсайтын. Үстінде машинаны басқарып отырған адам көмір жағып, сол жылудың қуатымен арба қозғалатын. Әлемде ең бірінші механикалық көліктер осылай пайда болды. Содан бастап дүниедегі көлік атаулы, негізінен, отынның, яғни жанармайдың көмегімен қозғалысқа түсті. Енді отынның орнын қазақ инженері ойлап тапқан магнит алмастырып жатса, оған таңғалудың қажеті жоқ”. Авторы: Бақыт ЖАНШАЕВА, Ақтөбе.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Тіл мәселесіне ең алдымен бірінші басшы жауапты”. “…Құдайға шүкір, елімізде мемлекеттік тілде шешен сөйлейтін өзге ұлт өкілдері тіптен көбейіп келеді. Әйтсе де, өкінішке қарай, қоғамымызда тілге байланысты түрлі түсініспеушіліктер орын алып жатқаны жасырын емес. Мысалы, Қарасай ауданында орналасқан “ЭФЕС Қарағанды сыра қайнату зауыты” АҚ-ның Алматы филиалы сыра өндiру бөлiмiнiң бастығы Надежда БЕНДЬЗ қазақ жігіттерін ана тілінде, яғни, мемлекеттік тілде сөйлегендері үшін жерден алып, жерге салыпты. Нәтижесінде конституциялық құқықвосходтары бұзылған М.Жамашев, А.Баймұсанов, Д.Бейсембеков, А.Жұбанышев, А.Нұрлыбаев, Д.Ахметовтер Қарасай аудандық сотына шағым түсірген. Бүгінде сот процесі жалғасуда. Жігіттер зауыт әкімшілігінен әрқайсысы бір миллион теңгеден моральдық өтемақы талап етіп отыр…”.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазанның 25-інде атап өтілетін Түркіменстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында елдің шекарасында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Түркіменстанға оңтайландырылған рұқсатнамамен баратын шетелдік азаматтарға оңтүстіктегі көршіміз қазанның 18-і мен қарашаның 1-і аралығында шекараны жауып отыр, деп хабарлады Маңғыстау облысы бойынша кедендік бақылау департаментінен.

Өздеріңізге мәлім, Маңғыстау облысында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары Түркіменстанның Балқан уәлаятының аумағына бес тәулік мерзімге дейін визасыз кіріп-шыға алады.

Түркіменстанның ұлттық заңнамасына сәйкес, Қазақстан азаматтарының Түркіменстанда көрсетілген мерзімнен артық жүріп-тұруы белгіленген ретпен ресімделген визаның негізінде жүзеге асырылуы керек.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...