«Тарлан» сыйлығын тағайындаған бизнесмендердің жартысы шетелде қашып жүр». «Оппозициялық басылымдар бір-бірінің тәуелсіздігіне күмән келтіреді». «Бүгін «жұмыртқашыларға» жол берсек, ертең «бомбашыларға» таң қалмайық»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 1 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Тарлан” сыйлығын тағайындаған бизнесмендердің жартысы шетелде қашып жүр”. “…Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері отандық бизнесмендер арасынан өз бизнес-империясын құрған, ұлттық экономика мен саясатқа қатысты тәуелсіз көзқарасы қалпыптасқан РОКФЕЛЛЕРлер мен ДЮПОНдар әлі шыққан жоқ. Оны қойып, қазақ бизнес-қауымдастығын елдегі саяси-экономикалық процестерден шеттетіп отырғандығы байқалады. “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысын құрған бизнесмендердің саясатқа араласпақ болған талпынысы сәтсіздікке ұшырады. Ал Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы, “Атамекен” одағы мен кәсіпкерлер қауымдастығы сияқтылардың саясатқа ықпалы жоққа тән. Мұхтар ӘБЛЯЗОВ, Роман СОЛОДЧЕНКО, ағайынды БАЙСАҚОВтар сияқты ықпалды бизнесмендер өз бизнестерінің елеулі бөлігінен айрылып, елден кетуге мәжбүр болды. Осындай оқиғалардан соң Қазақстаннан капиталды сыртқа әкету де жалғасып отыр… Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ жүргізді.…”.

Оппозициялық басылымдар бір-бірінің тәуелсіздігіне күмән келтіреді”. “…Қазанның 28-і күні “Свобода слова” басылымында “Құдай сақтасын!” атты мақала жарық көрді. Мақаланың авторы, газеттің бас редакторы Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА қуғында жүрген қазақ кәсіпкері Мұхтар ӘБЛЯЗОВ пен президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат ӘЛИЕВтің белгілі бір күштер арқылы Қазақстанда жасанды дүрбелең тудыруға талпынып отырғанын жазады. Мақала авторы мұндай жасанды дүрбелеңдердің артында Әблязов пен Әлиевтің президент НАЗАРБАЕВпен араларындағы жеке бас араздығы жатқанын айта келе, мұны елде болып жатқан шынайы жағдайлармен шатыстыру қауіпті ойын екенін ескертеді…

Осы оқиғаның ізінше қазанның 29-і күні бұған жауап-мақала ретінде “Голос республики” басылымында “Гүлжан Хамитқызы, кімге жұмыс істейсіз?” атты мақала жарық көрді. Оған “Моя республика”, “Взгляд”, “Азат”, “Голос Республики” басылымдарының бас редакторлары қол қойған….

— Оппозицияға іріткі салу — бұл биліктің саяси технологиясының бір түрі. Оны кез-келген мезгілде қолданады. Бірақ менің ойымша, қазіргі уақытта қоғамымызда бар мәселелер кез-келген мемлекеттің басында бар. Бұларды тек президенттің жеке араздастығының нәижесі деп кесіп айтуға болмайды, — деді саясаттанушы Санжар БОҚАЕВ. Саясаткер Әміржан ҚОСАНОВтың пікірінше, бұл жайттарға биліктің қатысы жоқ.

— Оппозициялық басылымдардың өзара айтысып, өзара сынауына мүлде қарсымын. Онсыз да көп емеспіз. Сондықтан дәл осының артында билік тұр дегенге сенбеймін. Меніңше, билік бұл екі жаққа да әсер ете алмайды. Бұл — Қазақстан оппозициясында болып жатқан әсіресе, мына парламенттік, президенттік сайлау алдындағы жаңаша кезеңнің көрінісі деп білем, — деді Әміржан Қосанов…”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Әділет министрлігі Евгений Жовтистің шағымын негізсіз деп санайды”. “…Әділет министрлігінің ресми өкілі Ернар ЕРІМБЕТтің айтуынша, Евгений ЖОВТИСтің түрме әкімшілігіне қатысты сотқа шағым түсіргенін министрлік біліп отыр… Шығыс Қазақстандағы 156/13 қоныстандыру колониясында жазасын өтеп жатқан құқық қорғаушы Евгений Жовтиске 2009 жылғы қарашаның 18-і алғаш рет алты айлық сөгіс берілді. “Жазаның түрі оның колония ішінде емін-еркін жүріп тұруына, адамдармен кездесуіне тыйым салу” дейді оның зайыбы, әрі адвокаты Светлана ВИТКОВСКАЯ Азаттық тілшісіне…

“Бірінші сөгістің мерзімі осы жылдың 18-і мамырында аяқталуға тиіс болатын, алайда біз оған құжаттар дайындап жатқанда түрме басшылығы екінші сөгісті ұйымдастырды”, дейді Светлана Витковская… Светлана Витковская енді сотты күтіп отырғанын айтады. Ал әділет министрлігі болашақ сот отырысында алға тартылатын жауапты дайындап қойғандарын жеткізді”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

AIKYN.KZ. “Жақсылықтың – “жыры”, Мешімбаеваның – “мұңы” жылда жалғаса бере ме?”. “Қаржы полициясында өткізілетін брифингтер сана мен сезімді селт еткізер сенсациялар мен ауызыңды аңырайтып, жағаңды ұстататын жаңалықтарға толы болатын болды. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат ЖҰМАНБАЙ да елді елеңдететін сұрақтарға нақты әрі тиянақты жауап беруден танар емес.

Жақсылық ДОСҚАЛИЕВтің басында болды делінген инсульт пен каматозды жағдайды Ресейден келген мамандар түбегейлі жоққа шығарғандығы бұдан бұрын мәлімделгенін тағы бір мәрте журналистердің жадында жаңғыртқан ресми өкіл қаржы полициясының бұрынғы денсаулық министрі қорғаушысының сот-медициналық сараптау жұмыстарын жүргізу жөніндегі қолдау хатын құп көргендігін жеткізді…

Жақсылықтың “жырын жырлап” біте салысымен МЕШІМБАЕВАның “мұңына” келген Мұрат Жұманбай Жоғарғы соттың Қылмыстық істерді бақылау алқасының төрағасы Ақылтай ҚАСЫМОВтың: “Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваны тұтқынға алу жөнінде санкция берген жоқпыз” деген мәлімдемесін жоққа шығарды…

Естеріңізге сала кетейік, Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаева да “жұтып, жегенді” жақсы көреді екен. Ол агенттіктің ақшасын бас пайдасына пайдаланып, дүйім жұртты таңғалдырған…. Жыл басынан бері ел қазынасына 59,6 млрд теңге көлемінде залал келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 есеге, яғни 12,4 млрд теңге артық…

“Қазіргі кезде Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бұрынғы төрағасының орынбасары ЕСҚАЛИЕВқа, басқарма бастығы СҮТТІҚОЖАНОВқа және бөлім бастығы ЦИКУНОВқа, “Астана Жоба Құрылыс” ЖШС директоры БЕКҚОЖИНге және оның туысы БЕКҚОЖАға қатысты қылмыстық іс тергелуде… Жалған кәсіпорындар арқылы жаңа жолаушылар терминалын салуға бөлінген 570 млн теңгені ұрлаған Алматы халықаралық әуежайының бұрынғы президенті ЫДРЫСОВ та қылмыстық жауапкершілікке тартылуда”, деді брифингте М.Жұманбай”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ.

EGEMEN.KZ. “Ақпараттық технологиялар жайы сөз болды”. “…Байланыс және ақпарат министрлігінде Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВ Қазақстандағы ІТ-технологиялар мәселесі бойынша орталық мемлекеттік органдар басшыларының және ІТ-компаниялар ассоциациясы өкілдерінің қатысуымен жұмыс бабында көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Кеңес барысында Байланыс және ақпарат министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ, “Зерде” ұлттық инфокоммуникация холдингі” АҚ-тың басқарма төрағасы Нұрлан ИЗМАЙЛОВ, ІТ-компаниялардың Қазақстандық ассоциациясының президенті Нұрлан ИСИН, “Зерде” ҰИХ” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Биекеш НҰРҒАЛИЕВА, “Қазақтелеком” АҚ-тың басқарма төрағасы Қуанышбек ЕСЕКЕЕВ, “Логиком” АҚ-тың бас директоры Сергей ШВАЛОВ және басқалар сөз сөйледі”.

Ұлттық әл-ауқат әлеуеті”. “2010 жылдың 26 қазанында әлемнің 110 мемлекетінің ұлттық әл-ауқат әлеуетінің рейтингісін немесе дәрежесін көрсететін дүниежүзілік әл-ауқат әлеуеті туралы баяндама жарық көрді. 2010 жылы Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасынан үздік шығып, осы рейтинг бойынша 50-ші орынды иеленді. ТМД мемлекеттерінің ішінде Беларусь – 54-ші, Ресей – 63-ші, Украина – 69-шы орындарды иеленген.

Дүниежүзілік әл-ауқат әлеуеті туралы баяндаманы жыл сайын Gallup World Poll Servіce – тәуелсіз зерттеу агенттігінің және Oxford Analytіca – тәуелсіз ақпараттық агенттігінің қолдауымен Легатум (Legatum Іnstіtute) ғылыми-зерттеу институты жарыққа шығарады. Бұл рейтинг ұлттық әл-ауқат әлеуетіне баға беру саласында ең беделді сараптама болып табылады. Ол экономикалық факторлармен қатар, азаматтардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін әлеуметтік факторларға да ерекше басымдық береді…

89 индикатордың ішіндегі 39-ы Gallup World Poll бойынша жүргізілген сауалнамадан алынса, қалған индикаторлар Бүкіләлемдік банктің World Development Іndіcators негізінде келтірілген статистикалық деректерден құралған.

Осы индикаторлар жиынтығынан көрініп отырғанындай, ұлттық әл-ауқат рейтингі және жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі негізінен ұқсас статистикалық деректерден құралған. Жалпы алғанда, нәтижелерді есептеу тәсілі бірдей, тек бір ерекшелік жаһандық бәсекеге қабілеттік индексі негізінен кәсіпорындар басшыларының арасында жүргізілген сауалнама деректеріне сүйенсе, ұлттық әл-ауқат рейтингі адамдардың күнделікті тұрмыс тіршілігін айқындайтын үй-шаруашылығындағы сауалнама деректеріне негізделген.

Анықтама: Gallup World Poll сауалнамасы жыл сайын жүргізіліп, әл-ауқат деңгейі барынша жоғары мемлекеттерді анықтайды. Бұл сауалнама 155 мемлекеттің үй шаруашылығы бойынша жүргізіледі. Әрбір мемлекеттің үй шаруашылығы мәселесі негізінде 1000 жеке сұрақ қойылады. Сауалнамаға 15 жасқа толған және жасы одан асқан кез келген респондент қатыса алады”.

ALASHAINASY.KZ. “Телекөпірде министр “таяқ жеп” қалды”. “Үкіметте отырыс болады деп жанұшырып жеткен журналистер қауымы кеше бір сәт аңтарылып тұрып қалдық. Үкімет үйінің алдында иін тіресе еңсеріліп тұратын сүліктей қара көліктердің саны күндегіден аз көрінді. Ішке енгенде де сол көріністі байқадық. Үкімет мүшелерінің қатары да азайып қалыпты. Мұның мәнісі көп кешікпей-ақ аян болды. Айтыла-айтыла ауыр, жазыла-жазыла жауыр болған біраз мәселенің күрмеуін шешу үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ ШӨКЕЕВ бастаған топ Оңтүстік Қазақстан облысына ұшып кетіпті…

Дегенмен Үкімет отырысын Кәрім МӘСІМОВ шенеуніктердің жұмысына жақсы деген бағамен түйіндеді. Айтуынша, ағымдағы жылда бекітілген бағдарламалардағы мақсат-міндеттердің барлығы орындалған. “Менің ойымша, Үкімет алдына қойған міндеттерді түгелдей орындады. Жалпы, жыл басынан бері базалық бағдарламалар қабылданған-ды. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бекітілді. Сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, тілдерді дамытуға қатысты үш мемлекеттік бағдарлама Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылды”, – деп атап өтті ол. Мұнымен қоса, Үкімет басшысы таяуда Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бағдарламасы бекітілгенін еске салды. Бұл бағдарламалардың барлығы бюджет жобасымен толығымен үйлестірілген. “Енді жыл қорытындысына тыңғылықты дайындалып, жоспарланған экономикалық көрсеткіштерді орындауымыз қажет. Сондықтан жоспарға сәйкес, барлық министрлерге, агенттік төрағаларына ұлттық компанияларға болжанған нәтижелерді орындауды тапсырамын”, – деді ол.

Отырыстан оймақтай сәт. Кәрім МӘСІМОВ, Премьер-министр: – Соңғы рет ескертемін, Үкімет мүшелері байланыс планшеттерін өздерімен бірге алып жүрулері тиіс. Маған хат-хабар жібергендерге 10 минуттың ішінде жауап қайтарамын. Ал кейбір Үкімет мүшелерінен жауап алмағалы үшінші күн болды. Осы орайда соңғы рет ескертемін, тапсырма орындалуы тиіс. Біз отырыс барысында Өмірзақ Естайұлымен жекелеген мәселе бойынша пікір алмасып отырдық. Бұл өте ыңғайлы. Кешкісін бірқатар министрлерге телефон шалдым, бірақ маған олардың көмекшілері жауап берді. Олай болмайды. Мен, мысалы, өзім жұмыс істеймін”. Автор: Бүркіт НҰРАСЫЛ.

DMK.KZ. “КҮЗГI ПАРАДОКС – 2”. “Күрең күз кіре салысымен көңілге кірбің түсіріп, әлеуметтік тауарлардың бағасы шарықтап шыға келді. Біз бұл туралы “Дала мен Қалада” осыған дейін жазғанбыз. (Қараңыз, “Күзгі парадокс”, “ДмҚ”, №39, 4-қазан, 2010 жыл) Одан бері бағаның бұғауы босаған жоқ, тек Үкімет пен жергілікті әкімдер азық-түліктің бағасын қымбаттатпау үшін барын салып, түрлі шаралар қолдануда. Алайда бұдан шығып жатқан нәтиже шамалы. Ал табанынан таусылған қарапайым халықтың ойында жалғыз-ақ сауал: “Астық та, күнбағыс та, май да өзімізде өндіріледі екен, ендеше баға неге қымбаттайды?”. Біз бұл орайда, Алматыдағы Орталық базарға бас сұғып, бүгінгі бағаның парқын тағы да бақылап қайттық…

Осы ретте, өзіміз пікір айтудан бұрын Мәжіліс депутаты Рамазан САРПЕКОВ және экономистер Тоқтар ЕСІРКЕПОВ пен Қанат БЕРЕНТАЕВты сөзге тартып, шағын “Дөңгелек үстел” ұйымдастырдық. Ортаға ортақ сауал тастадық…

– АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ҚАЙТСЕК АУЫЗДЫҚТАЙМЫЗ?

…Қанат БЕРЕНТАЕВ:

– Шыны керек, жоғарыдағылар азық-түліктің негізсіз қымбаттауымен күресті науқанға айналдырып алды ғой. Бірақ бұдан қарапайым халыққа келіп кетіп жатқан пайдасы шамалы. Бар мәселе, ниетте. Азық-түліктің бағасын реттеуге Үкіметтің өзі ниет танытып отырған жоқ. Өнімді өз бағасынан әлдеқайда арзанға сатып алып, оны қайтадан 3-4 есе қымбатқа саудалаушыларды Үкімет тыя алмай отыр ма, әлде тыйғысы келмей ме белгісіз. Неге Үкімет нан бағасына субсидия жасаған сияқты басқа азық-түлік тауарларына да жеңілдік жасамайды?…”.

ABAI.KZ. “Айдос Сарым. “Әулие ағашты” өртеу мен жұмыртқа лақтыру хақында”. . “Өткен аптада баспасөз бен интернетте қатты талқыланған тақырыптардың бірі — өзін “ұлт патриоттарымыз” деген әлдебіреулердің “Халық билігі” блогының басшылары Владимир КОЗЛОВ пен Серікболсын ӘБДІЛДИНге жұмыртқа лақтыруы болды. Билік пен оппозицияның арасындағы дөрекі теке-тірестің бір ғана көрінісі сан-саққа жүгіртіліп, сан-алуан баға алып жатыр. Билікті қолдаушылардың арандатуы жүре-жүре одан да өткен арандату мен сорақылыққа апара жатыр.

Біріншіден. Біраз сарапшылар мен басылымдар Козловты жұмыртқалауды “қазақ пен орыс арасындағы қақтығыс”, “ұлтаралық жанжал” деп түсіндіреді. Өзін-өзі “қазақпын” деп жүрген Козловқа қалалық әкімдік пен “ұлттық тусовканың” арасында жүргендердің жұмыртқа атуы ұлтараздық жанжал емес! Мәселе Козловта емес, саяси жүйеде. Саяси жүйенің авторитарлығы мен тұйықтығында. Козловтың орнында қазақ азаматы отырып, билікке таласып, президенттікке үміткермін десе де, “жұмыртқашылар” пайда болар еді. Оған кезінде Жармахан Тұяқбайға және оның серіктестеріне қарсы тас атудан басталып, соңы Алтынбек пен Заманбекке оқ атумен аяқталған жағдай дәлел. Яғни “Лад” қозғалысы, орыс-славян ұйымдары басшыларының “қазақтар орыстарға қарсы шықты”, “қазақтар қырғыз басмашыларынан асып түсті” деп байбалам салуының еш негізі жоқ…

Екіншіден. Тағы біреулер, негізінен оппозициялық басылымдар, “жұмыртқалық акцияны” Козловтың президенттікке үміткер екенін мәлімдеуімен түсіндіреді. Мәселе, қайталап айтайын, Қозловта емес. Нұрлан ЕРІМБЕТОВ дұрыс айтады: Қазақстанда қазақ емес президент бола алмайды. Одан билікке келер қауып жоқ. Әрине, акцияны билік немесе арнайы қызметтер ұйымдастырды деуге болар. Кем дегенде ол жақтан ақпараттық қолдау көрсетілді. Әншейінде оппозиция серкелері түгілі, оппозицияның көлеңкесінен қорыққан барлық телеарналардың дүрлігуі жайдан-жай емес. Тапсырыс болғаны анық. Ондағысы, бәлкім, ыза болар, бәлкім, қарапайым халық оппозицияны жек көреді дегенді жеткізу шығар. Бірақ, сол мақсаттар орындалды ма? Әрине, Козловтың ел тыныш, сайлау жоқта суырылып шығуы оған қарсы қозғалған қылмыстық істерге байланысты. “Міне, мен президенттікке үміткер екенімді айтып едім, билік маған қарсы қылмыстық істер қозғады” деп айту үшін ғана. Ал ендігі кезде Козлов “биліктің қылмыстық іс қозғағаны аз болғандай, мені жұдырыққа жықты, жұмыртқа атты” деп  байбалам салады. Жұмыртқа — тасқа, тас — зеңбірекке айналып шыға келеді! Ақпараттық блокада жарылды! Козловтың бар екенін бәраз адам біліп қалды. Әбілязовшыл байбалам, әрине, шетелдік ұйымдар мен баспасөз үшін керемет “ақпараттық себеп” болмақ! Егер осы акцияны билік ұйымдастырған болса, онда тап-таза ақымақтық! Егер шенеуніктеріміз бен генералдарымыз осындайды ұйымдастырса, олардың миының көлемі Козловқа лақтырылған жұмыртқадан аспаған…

Үшіншіден. “Жұмыртқалы айқасты” әлдебіреулер “қазақ ұлтшылдығының азуы, азғындауы” деп түсіндіруде. Көріп отырсыздар ма, “қазақ ұлтшылдарының барлығы дерлік тағы, жабайы”. Оларды “жындыханаға жатқызып емдеу керек” дегендер де бар Данияр ӘШІМБАЕВ сияқты. Артында аз-маз жақыны мен туысы ғана бар қуыршақ ұйымдар барлық қазақ ұйымдарының жалпылама, жинаңқы образы етіп көрсетілуде орыстілді интернет пен баспасөзде. Әрине, осы акцияны қолдаушылар “бір оқпен екі қоян атармыз” деген болар. Біріншіден, оппозицияны ұлтшылдардың атынан бір ұрсақ, екіншіден — қалыптасып келе жатқан оппозиция мен ұлтшылдардың арасындағы қарым-қатынастарды, өзара ықпалдастыққа жік салармыз деп пайымдаған болар. Бекер тіршілік. Егер Козловқа жұмыртқаны Мұхтар ШАХАНОВ атса, әрине, ондай жік пайда болар еді. Қазақ жастары мен зиялыларының арасында аса керемет беделі жоқ ұйымдардың былай “көзге түсуі” қазақ ұлтшылдарын әлсіретіп, әлсіздетіп тастады. Бұл тұрғыдан алған кезде, атылған “жұмыртқа” Козловқа емес, қазақ ұлтшылдарына, қазақ тақырыбына тиді. Козлов — “герой”! Батысына да, шығысына да. “Қазақтың сөзін сөйледім” деп жаны шыға аттандағаны да бекер болмас. “Сауабы” өзіне!

Түйін. Қазақ жастары, өзін ұлтшылмын деп жүрген азаматтар арзан акциялардан, арандату шараларынан алыс жүргені дұрыс. Әр нәрсеге дүрліге бермей, барлығын да ақылмен, парасатпен шешкені абзал. Саяси күрес маргиналданған сайын, саяси наразылық құны арзандаған сайын мақсат та, мүдде де, оны іске асырушылар да азғындай түседі. Бүгін “жұмыртқашыларға” жол берсек, ертең “бомбашыларға” таң қалмайық. Осыған дейін бетіне сақал қойып, сәлдеге кигеннің барлығын “иманды, керемет, тамаша” деп келдік. Бүгін, қарап отырсақ, көрмеген, естімеген сұмдықтарға куәміз. Алдында ғана Алматы облысында орын алған “Әулие ағашты” өртеу әрекеті соның дәлелі емес пе? Абай болайық, ағайын!”.

JASQAZAQ.KZ. “Кейбір әріптестеріміз шаршаған сияқты”. “Ирак ЕЛЕКЕЕВ – еркін ойлы, шорт мінезді, тура сөзді мәжілісшілердің бірі. Сол күнгі алқалы жиыннан соң, біз Ирак Қасымұлын әңгімеге тартып, мәжілістің бүгіні мен ертеңі жөнінде пікірін білген едік.

Жас қазақ: Ирак аға, сіз Үкіметке қаратып батыл сөйлейтін өте сирек депутаттардың бірісіз. Бүгін неге үнсіз қалдыңыз?

Ирак Елекеев: Мен Р.ШАЕКИН, А.СОЛОВЬЕВА сияқты әріптестерімді қолдаймын.  Менің ойымша, кейбір әріптестеріміз шаршаған сияқты… Шынымды айтсам, бюджеттің былтырғы әлеуләйі тағы қайталанды. Егер де Парламенттің беделін көтермесек, бұл осылай жалғаса береді. Болашақта басқа да саяси партиялар мәжіліске келмесе…

Жас қазақ: Басқа саяси партиялар келмесе… деп қалдыңыз. Егер алдағы уақытта сайлау бола қалса, парламентке “Нұр Отаннан” басқа саяси партиялар кіре ме? Айтпақшы, кеше ғана сенатор Т.СИМАМБАЕВ “2011 жылы мәжіліске сайлау өтуі мүмкін” деген пікірін жария етті. Сіз қалай ойлайсыз?

Ирак Елекеев: Сайлау бола ма, болмай ма деп жорамалдай беруге әркімнің еркі бар. Ал Ата Заңымыз бойынша, сайлау өткізудің мерзімі – 5 жыл. Бұл бес жылға сайланған Парламент. Т.Симамбаевтың не айтып жүргенін, не себепті айтып жүргенін білмеймін. Бір анығы, Ата заңымызда жазылған нәрсе – Президент сайлауы мен Парламент сайлауы бір мерзімде өтпейді. Бір жылда өтуі мүмкін, бірақ бір мерзімде емес. Заңда осындай норма бар…

Жас қазақ: Ирак аға, сіз “мәжілістегі заңдардың көбі асығыс, сапасыз қабылданып жатыр” дегенмен келісесіз бе?

Ирак Елекеев: Заң сапасыз болса, оған бәріміздің де қатысымыз бар. Заң сапалы болуы үшін, оның тұжырымдамалық принципі дұрыс болуы шарт. Ал кемшіліктерді жасыратын ештеңесі жоқ. Біз күнде жұмыс тобына қатысып жүрміз. Әрине, көп нәрсеге үлгере алмаймыз. Себебі, бір күнде 2-3 жұмыс тобының отырысы өтеді. Біреуіне ғана қатысуға мұршамыз келеді. Екіншіден, бізге келіп жатқан заң жобалары бұрынғыдан екі есе көп. Өйткені, индустриалдық-инновациялық бағдарламаға қатысты көп заңдарға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Мысалы, мен көп заңдарды оқып үлгермеймін. Үлгермеген соң, қалай үлес қосамын?.. Сондықтан, Үкіметтен сұрайтынымыз – бір заң ба, 10 заң ба сапалы болса дейміз”. Автор: Төлен ТІЛЕУБАЙ.

ZAMANDAS.KZ. “Агент, мені үйге жіберші…”. “Қазіргі уақытта mail.ru қызметіне жүгінбейтін интернет қолданушылар жоқтың қасы. Әсіресе, жастар арасында “агентшілердің” қатары қарқындап артуда. Компьютерді қойып, ұялы телефонға дейін еніп алған бұл байланыс құралының тиімділігі айтпаса да түсінікті. Алайда, 2003 жылы mail.ru компаниясының хабарласуға оңтайлы болу үшін ойлап тапқан байланыс құралы бүгінде жастардың іш пыстырмайтын ермегіне айналған тәрізді. Олай деуіміздің себебі, агентте әңгіме айт деп әңгіме іздеп, не жаңалық деп жаңалық сұрап, азаннан қара кешке дейін қара сөздің қаймағын сапырып отыратындардың қарасы көп қазір. Жастардың көбі агентпен “ауыратын” болды. Біз агентшілерді барлап, майл-агенттің зиянды тұстарын бағамдап көрген едік…”. Авторы: Қарлыға АЙСАНҚЫЗЫ, “Ақ желкен” журналы, №9 (2010).

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...