«26 мың мемлекеттік қызметкер қайда барады?». «Бұрынғы министрдiң қателiгi». «Қазақ әнші қанша тұрады?». «Алматы қаласында тұңғыш рет «Тоғыз құмалақтан» халықаралық сайыс басталды»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 2 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Жаңаөзенде жұмысшылар кәсіподағы жетекшісін көлік қағып кетті”. “Жексенбі күні түнде Жаңаөзендегі мұнайшылар кәсіподағы жетекшілерінің бірі Совет ТӨКЕНОВті белгісіз көлік қағып кетті. Жұмысшылар мұны ереуілден кейін өздеріне жасалып жатқан кезекті ескерту деп санайды…

Ал Жаңаөзен қалалық жол полициясы бөліміндегілер жексенбі күні түнде болған оқиғаны растады…. “Совет Төкенов ішімдік ішкен бе?” деген тілші сауалына алдымен “Жоқ” деген жол полициясы қызметкері артынша ол сөзінен айнып, “иә, спирттік ішімдік ішкені анықталған” деп жауап берді”. Авторы: СәнияТОЙКЕН.

Наразы үлескер: “Енді нәтиже шықпаса, Канадаға көшем!”. “…Дүйсенбі күні Астанада аштық жариялап жатқан үлескерлер жоғарғы соттың ғимараты алдында наразылық акциясын ұйымдастырды. Жоғарғы сот алдына жиналған қарасы 150 адамның әрқайсысы жоғарғы сот төрағасымен тікелей кездескілері келетіндерін айтады…. Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек ӘЛІМБЕКОВпен жолығып шыққан үлескердің бірі Ләзима САЙБАНОВА кездесуден ешқандай қанағаттанарлық жауап алмағанын айтады. Жоғарғы сот төрағасы “арыздарыңызды қараймыз” деп шығарып салды дейді…

— Саммиттен кейін Азиада, соған дейін үмітіміз бар. Төрт жылдан бері жүрміз, “үмітсіз шайтан” дегендей егер осыдан бір жақты нәтиже болмаса Канадаға кетеміз. Менің кейбір таныстарым сонда кетті, басқа лаж қалмады, — дейді үлескер Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ….

Наразылық шараларына ашық түрде қатысып жүрген 120-дан астам адам — “Алматы”, “Европейский”, “Эгалите”, “Орнек”, “Байконур”, “Кампус”, “Алтын гасыр”, “Возрождение”, “Аламан”, “Бейбітшілік”, “Жас қанат”, “Солнечный город”, “Береке”, “Аулет”, “Окжетпес”, “Аль-Фараби”, “Жанбулан-ТК”, “Турсын-Астана”, “Ажар”, “Гранд-Астана”, “Независимость” тұрғын үй кешендерінің үлескерлері. Одан өзге екінші деңгейлі банктер мен “Астана-Финанстың” несие алушылары мен Пригородный поселкесіндегі жатақхана тұрғындары да осы қатарда”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

AIKYN.KZ. “Сақ қорғаны табылды”. “Тәуелсіздік сарайынан 100 қадам жерден осыдан 2 жарым мың жыл бұрын өмір сүрген сақ патшаларының қорғаны табылды. Археологиялық қазба жұмыстары 5 жыл бұрын басталған. Жәдігерлердің арасында адам сүйектері мен жануарлардың қаңқалары және қыш ыдыстар бар. Қорған архитектуралық стильмен салынған. Кірпішпен қаланып, пирамида кейпіне келтірілген қорғанның диаметрі — 42, биіктікі — 3 метр. Қазба жұмыстарының аяқталуына 1 ай уақыт қалды. Алдағы уақытта бұл жерде Сығанақ көшесінің құрылысы басталады. Оған дейін археологтар табылған жәдігерлерді зерттеп, олардың тарихи маңыздылығын байыптауы тиіс. Түбінде бұл жер ашық аспан астындағы мұражайға айналуы мүмкін.

“Қазіргі Астананың тарихы тым тереңде. Бұл жер талай тарихты бауырына басып жатыр. Біз оны тауып, аршып алуға үлгермей жатырмыз. Сақ патшаларының қорғаны сөзіміздің дәлелі іспеттес. Қорған өзіндік ерекшелігімен, өзіндік қолтаңбасымен көз тартады. Қорғаннан табылған қыш ыдыс өзінің алғашқы қалпын жоймаған”, — деді Ғылыми зерттеу және археология институтының аға оқытушысы Серғазы СӘКЕНОВ”.

26 мың мемлекеттік қызметкер қайда барады?”. “Қазақстанда 26 мың мемлекеттік қызметкерді жұмыстан қысқарту туралы жарлық күшіне енді. Мемлекеттік қызметкерлерді азайту есебінен мемлекеттік бюджеттен 18,6 млрд теңге үнемделмек. Ал жұмыссыз қалғандардың жағдайы не болмақ?

Парламент палаталарының аппараты, Конституциялық кеңес, Жоғарғы Соттағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті, соттар, орталық сайлау комиссиясы, адам құқығы бойынша ұлттық орталық, президентке бағынышты мемлекеттік органдар, орталық, жергілікті атқарушы органдардағы және басқа да мемлекеттік қызметтер қысқартуға ұшырамақ. Бұл шара әр мекемедегі бірінші жетекшінің шешімімен жүзеге асады. Қысқартуға жатқызылғандар егер 3 жылдан кем емес мерзімде мемлекеттік мекемелерде істесе, 4 орташа айлық көлемінде өтемақы алатын болады. Жұмыстан айырылған қызметкерлерді қайта оқытып, даярлау ісі жергілікті атқарушы органдардың тұрғындарды жұмыспен қамту бағдарламасы аясында жүзеге аспақ.

Осындай оңтайландыру шарасы нәтижесінде 2011 жылы мемлекеттен 18,6 млрд теңге (14,3 млрд теңге — республикалық бюджет, 4,3 млрд теңге — жергілікті бюджеттен) үнем жасалмақ. Қаржы министрі бұл ретте “10 жылда мемлекеттік қызметкерлер саны 50 пайызға артты, бірақ бұл жұмыс ауқымының артқандығына байланысты емес. Сондықтан мемлекеттік шенеуніктерді 15 пайызға қысқарту туралы саяси шешім қабылданған болатын”, — деп мәлімдеген… Бұған дейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың мемлекеттік қызмет орындарын оңтайландыруға қатысты арнайы қаулысы жарияланып, онда 1 қарашадан бастап, мемлекеттік органдардағы штат санын 15 пайызға қысқарту көзделген болатын”. Авторы: Нұржан ЖЕҢІС.

EGEMEN.KZ. “Тілді үйрету үшін адамның ішкі ниетін ояту керек” дейді Мәскеуде тұратын тілші ғалым Ұлжан Мұсабекова”. “Таяуда Түмен қаласында өткен “Тіл саясаты және мигранттар бейімделуінің әлеуметтік-құқықтық аспектілері: проблемалары, жүзеге асырылуы, перспективалары” атты халықаралық ІІІ ғылыми-практикалық конференция шеңберіндегі дөңгелек үстел мәжілісі шекаралас көрші ел Ресей мен Қазақстанға арналды. “Ресей – Қазақстан: халықтар мен мәдениеттер тоғысында” деп аталған сол мәжілісте “Қазақ тілі ресейлік көп мәдениетті білім интеграциясының құралы” атты баяндама жасаған қазақтың қара қызы Ұлжан МҰСАБЕКОВАға Ресейдің түкпір-түкпірінен және Қазақстаннан барған ғалымдар тарапынан сұрақтар жаңбырша жауды…

– Ұлжан Есенқызы, ана тілімізді, мемлекеттік тілді оқып-үйренудің проблемалары өз елімізде жеткілікті болып тұрғанда, тілдік ортасы жоқ Мәскеуде қазақ тілін үйретіп жүргеніңіз құлаққа тосын әрі жағымды естілді.

– Мәскеу Лингвистикалық университетінде студенттер өз ана тілі орыс тілінен басқа үш тілді меңгеріп шығуы тиіс. Біріншіден, әлемдегі көп қолданылатын ағылшын, француз, неміс, араб тілдерін негізгі пән ретінде алады. Қазақ тілі сирек тілдерге жатады. Сонда да менің тобым оны екінші тіл ретінде оқиды. Ал үшінші тілді студенттердің өздері қалайды. Оқу үдерісінде бірінші тілді үйрену үшін сағат көп бөлінеді. Екінші тілге бөлінген сағат саны бірінші тілден сәл ғана аз. Осының өзі қазақ тіліне қаншалықты мән берілгендігін көрсетеді.

– Мәскеулік орыстардың қазақша тіл сындыруы қалай?

– Менің мәскеулік студенттерімнің қазақ тілін қаншалықты меңгергеніне бір мысал айтсам, жеткілікті болар деп ойлаймын. Өткен жылы Астанада мемлекеттік тілден ұлты қазақ емес студенттер арасында болған байқауға қатысып, төртінші орын алдық. Қазақстандық студенттердің қанша дегенмен тілдік ортасы бар, ал мәскеулік балалар тілдік орта түгіл қазақтың өзін сирек көреді ғой. Осы тұрғыдан алғанда, байқау біздің жұмыс нәтижеміздің жаман еместігін көрсетті. Менің студенттерімнің қазақ тілін оқи бастағанына екі жарым жыл ғана болды…

– Сіз ғалым ретінде аударма сөздердің бекітілуіне қалай қарайсыз?

–Бұл туралы пікірталастар жетерлік. Аударма – үлкен өнер, оның тілді дамытуда маңызы күшті. Латын тіліндегі сөздерді аударып қажеті не? Ол басқа тілдерге де сол күйінше енді ғой. Сонымен қатар орыс тіліндегі сөздердің де аудармасы сәтті шығып жүрген жоқ. Қазақы ұғымнан алыс аударма қазақ тіліне кірігіп кете алмайды. Және аударма дегенде, тіл тазалығы еске түседі. Ауызекі тілде сөйлескенде кейде сөздердің жап-жақсы аудармасы бола тұра, оны орысша айтып, тілді шұбарлаймыз. Тілді жасаған халық болғандықтан, алдымен қазақ тілінің тазалығына біз, қазақтар өзіміз жауапты болуымыз керек. Екінші жағынан ғылыми терминдерді аудару міндетті емес.

Тілімізді стилистік, нормативтік жағынан реттеу керек деген пікір тілші ғалымдардың арасында кең тарап отыр. Мен де осы пікірге қосыламын. Оның варианттары көп. Сонда техникалық ғылымдардағы еңбектер қазақ тілінде жазылатын болады. Шынын айтқанда, қазақ тілінің ғылымда қолданылуы әлі мәз емес…”. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.

ZHASALASH.KZ. “Бұрынғы министрдiң қателiгi”. “…Редакцияға жауабында ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi мектепке дейiнгi және орта бiлiм департаментiнiң директоры Н.АРШАБЕКОВ былай дептi: “ҚР Бас прокуратурасының мәлiмдеуi бойынша 2009-10 оқу жылында елiмiздегi жалпы бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушы 2 428 шетелдiк азаматтар балаларының 1 241-iн мектепке қабылдау кезiнде заңнамалық талаптар орындалмаған…. Аталған норманы енгiзу балалардың құқықтарын қорғау туралы Конвенцияның 28-бабының және Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактiнiң 13-бабының ережелерiн орындауға және балаларды бiлiммен қамту мәселелерiн шешуге мүмкiндiк бередi”.

ҚР Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ газетте көтерiлген мәселеге мән берiп, екшеп-текшеп, оған жауап жолдағаны қуантады, әрине…. Сондықтан бiлiм саласында темiрдей тәртiп орнатуға барын салуға бел байлаған су жаңа министр Бақытжан Жұмағұловтың құлағына алтын сырға. Әдiлет министрлiгi әлi мөрiн баспаған жаңа бұйрыққа және бiр көз жүгiртiп, оқушылардың құқығын қорғау үшiн жан-жақты талдау қажет-ақ. Бұрынғы министр Ж.ТҮЙМЕБАЕВтың қателiгiн қайталамау үшiн. Әсiресе, шетелде тарыдай шашылған қазақ баласының кеудесiнен итермеу үшiн”. Авторы: Дилара ИСА.

Жұмыртқа лақтыру, өзара жұлқыласу”. “Ресейдiң тұңғыш президентi Борис ЕЛЬЦИН әулие екен. Орнына Владимир ПУТИНдi қалдырып, билiктен сүйкiмдi кеткенiн сөз еткелi отырған жоқпыз. “Бәкеңнiң” басқа да жағымды әрекеттерi жетерлiк.

Естерiңiзде ме, Ресейдiң Кемерово облысының губернаторы Амангелдi ТӨЛЕЕВтiң бiр емес, үш рет Ресей президенттiгiне кандидат атанғаны? 1991, 1996 және 2000 жылдары. Қазақ баласының бұл әрекетi орыс қоғамында анау айтқандай дүрбелең туғызған жоқ. Амангелдi Молдағазыұлының кандидаттығына қатысты Борис Ельциннiң айтқан бiр ауыз сөзi еске түседi осындайда. Орыс журналистерi одан: “Аман Төлеев Ресей президентiгiне кандидат ретiнде тiркелдi. Оның сайлануы мүмкiн бе?” — деп сұраған. Сонда Ельцин: “Теориялық тұрғыдан мүмкiн. Ал практикалық тұрғыдан мүмкiн емес”, — деп жауап берген-дi. Астарлы һәм ақылды жауап. Ельцин туралы анау-мынау деп жатамыз. Бiрақ, оның кейбiр iс-әрекеттерi ақылды басшыны еске түсiретiн. Борис Ельцин Аман Төлеевке жұмыртқа лақтыртқан жоқ. Мейлi, Аман Төлеевтiң жайы бiздегi жағдайдан өзгеше болса да. Сауатты саяси технология деген осы емес пе?…”. Авторы: Е.БИЕКЕ.

ABAI.KZ. “Нұра Матай. Қазақ әнші қанша тұрады?”. “Қазақ эстрадасының жұлдыздары Роза РЫМБАЕВА мен Мақпал ЖҮНІСОВА әртүрлі кештерде ән шырқағаны үшін қаламақы ретінде 7-8 мың доллар көлемінде ақша табады екен. Ал, Ресейлік “А-Стдудио” тобының ән салып қайтқаны 20 мың доллар тұрса, Батырхан ШҮКЕНОВтің бір өзі бір кеште жарты сағат ән салғаны үшін 10 мың долларды қалтаға басып алып ысқырып үйіне қайтады екен. Бұл топқа Әлібек ДІНІШЕВте кіреді екен.

Ал, енді орыс пен қазақтың ортасында сең соққан балықтай теңселген я әндері я өздері түсініксіз не айтып жүргендеріне өздері де есеп бере алмайтын естанды халде жүрген Мақпал ИСАБЕКОВА, Айқын, Қайрат ТҮНТЕКОВ деген әншілердің әнге ұқсас бірнәрсе шырқағандары 3-5 мың теңге тұрады екен. Осы топқа кіретін Алмас КІШКЕНБАЕВ, “Арнау” дуэті мен “Кешью” тобының да ән салғандары 500 ден 3 мың доллардың аралығында екен. Қалған қазақ әншілері мен топтарының қанша тауып жүргені бір Құдайға аян. Ал, халықараға танымал шетелдік әншілердің табысына қарасаңыз, қайран қаласыз. Мысалы, Леди ГАГА мен Бритни СПИРСдің айлық табыстары 50 миллион долларды құрайды екен. Енді есептей беріңіз…”.

MINBER.KZ. “Тоғызқұмалақ – зияткерлік ойын”. “Қарашаның 2-сі күні Алматы қаласында тұңғыш рет “Тоғыз құмалақтан” халықаралық сайыс басталды. “Тоғыз құмалақ” – бағзыдан бүгінге жалғасын тапқан қазақ халқының ұлттық һәм әлемдік мәдениетінің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік, логикалық ойлау өнері. Қазіргі тілмен айтқанда спорт ойыны. Оның тарихы тым тереңде жатыр. Ғалымдар “тоғызқұмалақ” ойынының пайда болғанына 4000 жыл шамасы деп пайымдайды. Бұған дейін “тоғызқұмалақ” ойыны республикалық деңгейде Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресейде Алтай мен Қарачай-Шеркессия елдерінде ойналып келген еді.

Қазақстанда “Тоғызқұмалақ” ойынынан жекелей чемпионаты ресми түрде 1974 жылдан бастап өткізіліп келеді… Тоғызқұмалақ әуесқой ойыншыларының Қазақстан Республикасы “Тоғызқұмалақ” Федерациясы 2001 жылы құрылды. “Тоғыз құмалақ” федерациясының төрағасы Әлихан БАЙМЕНОВ Қазақ радиосына берген қысқа хабарламасында турнирдің қазақ спорты үшін ақ түйенің қарыны жарылған күн екенін, ойынның тұңғыш рет өтіп жатқанын, мақсаты келесі сайыстың орнын анықтау екенін айтты…”. Авторы: ҚАРАМЕР.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...