«Сәл көзің тайса болды, бағалар шектен шыға бастайды». «4 мың мұсылман қажылыққа аттанды». «Енді планшеттік компьютерлер қолданысқа енгізіледі». «Қазақ сайттарының бағасы қандай?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 3 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Козлов президент сайлауына түссе, ұлтаралық наразылық туады”. “Желтоқсан ақиқаты” республикалық қоғамдық бірлестігі бүгін Алматыда арнайы мәлімдеме жасап, Қазақстанның президенті болып өзге ұлт өкілі кем дегенде 400 жылдан кейін сайлануы мүмкін деген тұрғыда пікір айтты. Олар Владимир КОЗЛОВтың президент сайлауына түсемін дегені – ұлтаралық наразылық тудыруы мүмкін деді. Сондықтан саясаткер бұл ойынан бас тартуы тиіс көрінеді. Ал Козловтың өзі болса алған бетінен қайтпайтындығын айтып отыр…. Қарашаның 2-сі республикалық “Желтоқсан ақиқаты” қоғамдық бірлестігі мәлімдеме жасады. Олар Козловтың бұл ойын ұлтаралық татулыққа іріткі салу деп санайтындықтарын жеткізді… Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды жақсы білетін адам ретінде Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, “олар биліктің тапсырмасын орындайтын адамдар емес” деп түйді”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Сәл көзің тайса болды, бағалар шектен шыға бастайды”. “Қазақстандық балалардың білім ордаларына қоржын-қоржын қаламдар, дәптерлер мен кітаптар арқалап барудан құтылатын күні алыс қалмаған сияқты. Министрлер кабинетінің кешегі жиынында Үкіметбасының жаңа “бас мұғалімге” мектеп оқулықтарын электронды күйге көшіріп, оларды “алақандай” компьютерлерге салуға кірісуді жүктегені жария етілді. “Мен Білім және ғылым министріне оқулықтарды қарап, оларды электронды тасығыштарға, көптен айтылған “планшеттерге” шығаруды тапсырдым. Біз енді осыған қатысты кешенді ұсыныстарды күтіп отырмыз. Пысықтауға мен бір ай бердім. Сосын тұтастай қарастыратын боламыз” деді Премьер Кәрім МӘСІМОВ.

Осы орайда сөз алған Байланыс және ақпарат министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ оқушыларға арнап, қойынға тыға салуға да болатын, шағын да жазық компьютерлерді өз елімізде шығару мәселесі де пысықталып жатқандығын баяндады. Бір қызығы, жалғыз оқушылар ғана емес, шенеуніктер де жаппай соған көшірілмек. Бұл мемлекеттік қызметшілерді қағазбастылықтан құтқаруға тиіс….”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

4 мың мұсылман қажылыққа аттанды”. “Қажылыққа баратын қазақстандық мұсылмандар өткен жексенбі күні Меккеге аттанып кетті. Биыл Қазақстаннан Меккеге қажылыққа баратындардың саны бірінші рет Сауд Арабиясы бекіткен квотаға сәйкес, 4 мың мұсылманды құрады….

Енді Меккеге қажылық сапармен барғысы келетіндер алдағы жылдарға кезекке тұрулары мүмкін. Ондай кезек Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты мұсылман елдерінде баяғыдан бар көрінеді. Мысалы, Түркияның халқы 70 млн болса, оларға 70 мың адамға, яғни әрбір мың адамға бір квотадан бөлінеді. Соның өзінде түріктер қажылыққа бару үшін 7-10 жыл кезекте тұрады екен. Орта Азиядағы ТМД елдерінің біразында қажылыққа бару үшін жылдап кезекке тұрады.

Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар-қажы ӨМІРБЕКтің айтуынша, былтыр қажылыққа баруға талап қылған мұсылмандардың саны 2800 ғана болған. Бізге бөлінген квотадағы орындар бос қалып бара жатқан соң, мың орынды тәжік ағайындарға берген. Соның өзінде толмай, Меккеге 3800 адам ғана аттанған. Тәжіктер биыл да біздің квотамен барғысы келген екен, орын қалмаған соң кейін қайтыпты. Бұлардан басқа, Шыңжаң өлкесінде тұратын қазақ бауырларымыз да Қазақстан арқылы Меккеге барғысы келетін көрінеді.

— Қазақстандықтардың алғашқы легі Меккеге өткен жексенбіде аттанды, қалғандары 10-қарашаға дейін сонда болады. Қажылық сапардың құны 3200-4000 доллардың аралығында. Бағаның құны әртүрлі болуының бірнеше себептері бар. Былтыр барып-қайту жолын, жатын орын, тамақтандыруды 14 туристік фирма мойнына алған болатын, биылғы қажылықты ұйымдастыратын фирмалардың саны 34 болды. Олардың бірі ерте апарып, кеш қайтаруы мүмкін. Жолдама бағасы осыған және азаматтар тоқтаған мейманханалардың жұлдыздарына (деңгейіне) байланысты әртүрлі болмақ, — дейді Оңғар-қажы Өмірбек”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

EGEMEN.KZ. “Енді планшеттік компьютерлер қолданысқа енгізіледі”. “Кеше Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВтің төрағалығымен селекторлық режімдегі кезекті Үкімет отырысы болып өтті. Онда еліміздің ішкі рыногында соңғы уақытта қалыптасып отырған азық-түлік бағасының өсуі және қысқы жылыту маусымының басталуы туралы мәселелер қаралды…

Алдағы уақытта Қазақстанның барлық мектептерінде және мемлекеттік органдарында планшеттік компьютерлер қолданысқа енгізілетін болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Байланыс және ақпарат министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ мәлімдеді. Қазір мектеп оқушыларына арналған осындай планшеттік компьютерлер шығару жөнінде отандық өндіріс субъектілерімен келісім жасалуда. Жақын арада біз компьютер сатып алатын барлық мемлекеттік органның өкілдерін жинап, планшеттік компьютерлерді өндіріске енгізу мәселесін талқылайтын боламыз, деді Асқар Жұмағалиев.

…Егер қатты дискілер болмайтын болса, онда ақпарат белгілі бір орталықта жинақталуы керек. Яғни ақпарат ағымы data-орталықтарда жинақталады. Бұл ІТ-шілер тілінде “бұлт” деп аталады, деді Премьер-Министр Кәрім Мәсімов. Одан әрі Үкімет басшысы Байланыс және ақпарат министрлігіне осындай орталық қалыптастыруды тапсырды. Бұл орайда ең тиімді өңір – Павлодар облысы, себебі мұнда электр қуатының көздері жақын. Сондықтан осы өңірде жақсы және бәсекелестікке қабілетті “бұлт” орталығы құрылысын салу керек, деді Үкімет басшысы.

Үкімет отырысын қорытындылай келіп, Кәрім Мәсімов елімізде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты қабылданған меморандумдарды барынша тиімді жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен бірге тиісті министрліктер мен өңір әкімдері отырыста қаралған мәселелер бойынша қабылданған шешімдердің орындалуын тұрақты назарда ұстаулары қажет”. Авторы: Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Қостанайдағы “Нұрлы көш” көштен неге қалды?”. “Шетелде жүрген қандастарымызды тарихи Отанына тарту мақсатында Елбасының тікелей тапсырмасымен “Нұрлы көш” бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Осыған сәйкес, Қостанайдың қасындағы Заречный және Затобол ауылдарының арасынан 130 үйге жер телімі бөлініп, тіпті барлық инженерлік коммуникациялар өткізіліп те қойды. Алайда ала жаздай Қостанайдағы “Нұрлы көш” туралы жар салып келген жергілікті билік облыстық мәслихаттың кезекті отырысында оралмандарға арналған зәулім үйлер туралы үмітті жарға жықты. Тұрғын үй мәселесімен айналысатын агенттіктердің айтуына қарағанда, Қостанайда орта есеппен алғанда пәтердің 1 шаршы метрі 600 АҚШ долларына, яғни 90 мың теңгеге сай келеді. Қостанай қаласына тиіп тұрған Заречный ауылына жоспарланған “Нұрлы көштің” үйлерінің әр шаршы метрін мемлекет 56 515 теңгеге бағалапты… Осыны тілге тиек еткен жергілікті билік “Нұрлы көш” бағдарламасы аясында Қостанайға бөлінген қаржыны қазынаға қайтаруды жөн көріпті. Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Виктор МЕЙСТЕР: “Нұрлы көштің” 551 миллион теңге қаржысын біз өз еркімізбен қайтардық. Инженерлік желілерді қалдырдық, себебі басқа жүйеге қайта қарастырып берді. Бірде-бір мердігер 90 мыңнан төмен бағаға үй салуға келіскен жоқ…”. Автор: Әсел МИЗАМҚЫЗЫ.

ABAI.KZ. “Сымбат Сұлуова. Қазақ сайттарының бағасы қандай?”. “Ахас ТӘЖУІТОВ ағамыздың жетекшілігімен шығатын www.inosmikz.com сайтынан Нұржан ЕГЕМБЕРДИЕВтің “Рейтинг популярности сайтов самых многотиражных казахских газет” деген мақаласын байқап қалдық. Автор әлемдегі веб-ресурстардың “бағасын” өлшейтін www.websiteaccountant.com сайтын пайдаланып, елімізде шығатын ұлттық басылымдарының интернеттегі нұсқаларының рейтингісін жасап шығыпты.

Аталмыш сайтқа кез-келген тұтынушы кіріп, өзін қызықтырған веб-ресурстың “бағасын” өлшей алады. Мысалы, өз сайтыңыздың “виртуалды құнын” анықтағыңыз келсе, оның атауын арнайы терезеде теріп, “есепте” деген түймешеге бассаңыз жеткілікті. Сайт автоматты түрде оның күнделікті оқырмандарының, сайтқа жасалған ғаламтордағы сілтемелердің санын, сайттың “Гугл” сияқты жүйелердегі орнын т.б. көрсеткіштерді саралап, оның АҚШ долларымен есептелген “бағасын” анықтайды.

Осы тәсілмен жасалған қазақ газеттерінің интернет-сайттарының жарысында алғашқы орынға “Алаш айнасы” басылымы шығыпты. Газеттің интернет-сайтының “бағасы” 6864 долларға теңеліпті!…

Осы тәсілмен біздер қазақ интернет-сайттарының “бағасын” да анықтап көрдік. Аталмыш www.websiteaccountant.com сайтының дерегіне сенсек, өздеріңіз сүйіп оқитын www.abai.kz ақпараттық порталының бағасы 7448 долларды құрап, ол қазақ ресурстарының ішінде бірінші орынға ие!… Міне, www.websiteaccountant.com сайтының тәсілімен есептелгендегі қазақ веб-ресурстарының “бағасы” әзірге осындай ғана! Қалғанын өздеріңіз топшылай беріңіздер…”.

Азиада: қазақтың қаражаты азаяды”. “Ағымдағы жыл — алашапқын, шабылыстың жылы болып тұр. Әуелі ЕҚЫҰ на төрағалықты қолға алдық. Халықаралық ұйымның ырду-дырдуымен жүргенде елдің беделін арттыру мақсатында Астана мен Алматы қалаларында бел астында тұрған 2011 жылы өтетін Азиаданың да шаңы көріне бастады. Азиада жақындаған сайын саудагерлер мен бизнесмендер пайданың астында қалудың қамына қызу кірісіп, алақандарын ысқылап, мұрындарына су жетпей ойға, қырға шапқылап жүр. Қайтсін енді, өлгенде көрген бір той.

Азиада алауы тұтанатын уақыт жақындаған шақта Азиада ойындарының Алматыдағы жетекшісі Сұлтанмахмұт ШОҚПЫТОВ орнына түсіп қалды. Ол кісінің не себепті қызметінен кеткенін жалпақ жұртқа түсіндірген жан болған жоқ. Есесіне, күні кеше С.Шоқпытовтың орнына Сұлтанбек СЫЗДЫҚОВ мырзаның тағайындалғаны мәлңм болды. Сұлтандардың бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Мейлі, бірақ елімізге үлкен сын болғалы тұрған Азиада ойындары ойдағыдай өтсе болды әйтеуір. Сонымен, алдағы жылдың айшықты оқиғасына айналғалы тұрған Азиадаға жұмсалатын қаржы көлемі туралы ақпараттарда жарық көре бастады. Үкімет Азиада ә дегенде 768 200 000 доллар қаражат бөлген. Кейін тағы да үстемелеп 301 500 000 доллар және берген. Ал, Азиаданың негізгі демеушілік пакетін “Самұрық-Қазына” 20 408 163 долларға сатып алған. Бір сөзбен айтқанда, Азиада елімізге 233,5 миллиард теңгеге түскелі тұр. Бұл ақшаның бәрі қазынаға көктен түскен жоқ. Елдің табан ет, аңдай терімен тапқан ақшасының ай сайын мемлекетке төлейтін салығы. Ендеше, салығымыздың қалай жұмсалып жатқанын әркімнің білуге құқы бар. Азиада ойындарына әрбір азаматтың қосқан үлесі бар деп толық есептеуге болады. Ал, билік сол Азиаданы жерге қаратпай өткізіп берсе болды.

Аталған қаражатқа қазіргі күні Азиада не керек дайындықтың бәрі жасалып жатқан көрінеді. Ең қызығы, Азиада ойындарының салтанатты түрде ашылуы мен жабылуына өзіміздің өнерпаздармен бірге шетелдік өнер адамдарына шақырылып отырған көрінеді…

Азиаданың әнұранын халықтың өзі таңдайды делінген. Бірақ, ресейлік композтор Игорь Крутойға Азиаданың әнұранын жазу жүктелген деген де болжам бар. Ал, оның қойылымдық және режиссерлық тобы Азиаданың ашылуы мен жабылуына жауапты деген сөз бар…

Азиадаға қатысуға қазірдің өзінде 24 ел өтініш түсіріп үлгерген. Олар: Қазақстан, Корея, Жапония, Кувейт, Таиланд, Түркімения, Иордания, Малайзия, Монғолия, Гонконг, Филиппин, Индия, Непал, Қытай, Ливан, Тәжікстан, Сингапур, Катар, Өзбекстан, Солтүстік Корея, Тайвань, Индонезия, Қырғызстан, біріккен Араб әмірлігі. Алашшыл, Абайшыл болайық ағайын!”.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...