«Жұмыртқа лақтырғыш «желтоқсаншылар» әкімшілік жазаға тартылды». «Қысқарту қызметке кедергі келтіретін науқанға айналмауы тиіс». «Жасарал Қуанышәлин 2012 жылғы президенттiк сайлауға түсетiнiн мәлiмдедi»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 4 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Жұмыртқа лақтырғыш “желтоқсаншылар” әкімшілік жазаға тартылды”. “…Тіркелмеген “Алға” партиясының жетекшісі Владимир КОЗЛОВ өткен аптадағы баспасөз мәслихатында Конституцияға қайшы пікірлер айтып, өзіне жұмыртқа лақтырған азаматтарды қылмыстық жауапқа тартуды талап етіп отыр. Козлов арыз-шағымын қарашаның 3-і күні Алматы қаласының прокурорына жазыпты. Мен прокуратурадан болған жайтқа баға беруін талап етіп отырмын. Қазанның 27-сі күні болған оқиға — саяси радикализмнің көрінісі. Бұл адамдар «Қазақстанда тұрып жатқан азаматтардың ұлты мен нәсіліне қарай бөле-жара қарау болмауы тиіс» деген Конституцияның негізгі бабын бұзып отыр. Сондықтан заңдылықтың сақталуын қадағалайтын орган өз бағасын беруі тиіс деп ойлаймын. Себебі саяси экстремизм кез-келген елде қылмыс болып табылады, — дейді Владимир Козлов. Оның сөзінше, заң органдары баспасөз мәслихатында дүрбелең туғызған “желтоқсаншыларды” жауапқа тартып қана қоймай, олардың ұйымдарын да жауып тастауы керек….

Бұдан бөлек, сәрсенбі күні жұмыртқа лақтырған желтоқсаншылардың әкімшілік жазаға тартылғандығы белгілі болды. — Қарашаның 2-сі күні Алматы қаласының әкімшілік соты Гүлбахрам ЖҮНІС пен Талғат РЫСҚҰЛБЕКОВты әкімшілік кодекстің 330-бабы бойынша, яғни “ұсақ бұзақылық” жасағаны үшін айыпты деп танып, әкімшілік жазаға тартты. Гүлбахрам Жүніске 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Ал Талғат Рысқұлбеков 7 тәулікке қамауға алынды, — деді радиомызға түсініктеме берген Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат ӘЗІРБЕК…”Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

Қазақстан халқы халал тағамның дәмін ала бастады”. “Қазақстанда “мұсылман еместер” де құрамында зиянды заттардың жоғын алға тартып, халал өнімдерін көптеп тұтына бастады. Қазіргі уақытта “халал” белгісінің сертификатын алуға әлемдік ірі компаниялар да ұмтылып отыр…”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

AIKYN.KZ. “Қысқарту қызметке кедергі келтіретін науқанға айналмауы тиіс”. “Кеше Парламентте Мәсімовтің командасын селк еткізер сауал тасталып, мәселе төтесінен қойылды. “Елбасының Жарлығының орындалуы әділ әрі таза болуын талап етеміз!” деді Мәжіліс депутаты. Депутат Сағынбек ТҰРСЫНОВ осы палатаның кешегі жалпы отырысында жариялаған ресми сауалында Үкіметбасы К.МӘСІМОВтен: “Біз нағыз жұмыс жасайтын мамандарды қысқартып, бастықтарды неге көбейтіп отырмыз?” деп ашықтан-ашық сұрады. Қалаулылар ара түспесе, мемлекеттің құрылымындағы “кіре тартар күрең аттай” нағыз еңбекқор, өз жұмысын білетін қатардағы қызметкерлер “құрбандыққа” шалынып кетуі ықтимал көрінеді. Өйткені Үкіметте қысқарту науқаны басталды.

Елбасының 2010 жылдың 27 қыркүйегіндегі №1072 Жарлығына сәйкес, республика бойынша мемлекеттік қызметкерлер санын 15 пайызға қысқарту жүргізілуде. Жарлықта қай мемлекеттік органнан қанша адамның қысқартылатыны нақты көрсетілген. Оған сәйкес орталық атқарушы органдардың аймақтық өкілдіктерін қосқанда, қысқарту саны 15 пайыздан аспауы қажет. Сөйтіп, барлық қысқартылатын қызметкерлер саны 26213 адамды құрауы керек.

— Алайда, — дейді депутат Сағынбек Тұрсынов, — кейбір мемлекеттік органдарда адамдар саны тым көп қысқартуға ұшырайтын түрі бар. Мәселен, Статистика агенттігінің облыстық және аудандық бөлімдерін қосқанда, барлығы 3676 адамды құраса, агенттіктің жауапты хатшысының 2010 жылдың 30 қыркүйегіндегі бұйрығына сәйкес штат лимиті 2165 адам болып белгіленген. Нәтижесінде, 1511 адам қысқартылуы қажет болып отыр. Бұл, әрине, 15 пайыздан бірнеше есе артық. Қалаулы шын шошына отырып, “кейбір облыстарда, тіпті 70 пайызға дейін қысқартулар жүргізіліп жатқандығын” хабарлады. “Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының, Бесқарағай ауданында бір басқарма 70 пайызға қысқарған. Бұрын ол басқармада 9 адам істесе, жаңа лимит бойынша 3 адам қалған!” дейді ол. Депутат өзінің алаңдаушылығын тудырып отырған тағы бір мәселені ортаға салды: “жергілікті басшылар бұл қысқартуды өзіне ұнамаған адамдардан құтылудың және жеке бас пайдасына асырудың құралына айналдыратын түрі бар!”.

— Қысқартуға ұшырауы мүмкін қызметкерлер арасында сол мекемеде 25-30 жыл еңбек еткен, зейнет жасына 1-2 жыл қалған адамдар да кездеседі, — деп қынжылады С.Тұрсынов. — Тіпті жалғызілікті аналар, жалғыз асыраушы болып отырған азаматтар да қысқартылуы мүмкін.

Қалаулы келесідей деректі де жасырып қалмады: “қысқартуға тек бас мамандар, жетекші мамандар ұшырауда”. “Атын айтпай-ақ қояйын, бір министрліктің кеңсесінде бұрын 5 адам жұмыс істеген екен. Қазір 3 адам қысқартылып, екеуі ғана қалған. Ал құжат айналымы үлкен болғандықтан, 2 маман үлгермейді”. Ең сорақысы сол, депутаттың мәліметінше, ол атын айтқысы келмеген дәл сол министрлікте әлгі қалған екі маманның үстіне мінгесіп, “ол жерде 1 басқарма бастығы, оның орынбасары, 1 бөлім бастығы, оның орынбасары отыр” екен. “Сөйтіп, біз нағыз жұмыс жасап отырған мамандарды қысқартып, бастықтарды көбейтіп отырмыз” деп түйін жасаған Сағынбек Тұрсынов Кәрім Мәсімовтен “Елбасының Жарлығының орындалуы әділ әрі таза болуын талап ететінін” мәлімдеді”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

ALASHAINASY.KZ. “Мал басының азаюы мен құс шаруашылығының құлдырауына жол бермеу – басты мәселе”. “Қыркүйек айынан бастап ырыққа көнбей келе жатқан азық-түлік бағасы Үкіметтің кешегі отырысында тағы бір мәрте сөз болды. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаевтың айтуынша, азық-түлік түрлерінің жаппай қымбаттауына бірден-бір себеп – биылғы жаздың аптап ыстық болуы. Оның үстіне көптеген өңірлерде нарық талаптары дұрыс сақтала бермейді. Осындай салдарды шебер пайдалана білген кейбір кәсіпорындар азық-түлік бағасын асқақтатып қойып, халықтың қалтасын қағып жата берген…”. Автор: Бүркіт НҰРАСЫЛ.

Он бала тапқаннан омырауға алтын таққан қиын боп тұр”. “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” ҚР 2009 жылғы 2 желтоқсандағы №211-ІІ Заңына сәйкес, 2010 жылдан бастап “Алтын алқамен” жеті және одан да көп бала туған және тәрбиелеп өсірген аналар, “Күміс алқамен” алты бала туған және тәрбиелеп өсірген аналар, жетінші және алтыншы балалары бір жасқа жеткен және басқа балалары тірі болған кезде марапатталады. Алайда заңның күшіне енгеніне 10 айдың жүзі болса да, батыр аналарымыздың тиесілі алқаға қол жеткізе алмай жүргені көңілге қаяу түсіреді.

Бүгінгі таңда қанша ана алқадан үміткер, қаншасы марапатқа ие болғаны жайлы білмек болып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласқан едік. Алайда министрлік мамандары қолдарында ондай нақты мәлімет жоқ екенін жеткізді. Яғни осы уақытқа дейін қанша “Алтын алқа” үміткері бұл марапатқа қол жеткізе алмай отырғаны белгісіз. Иә, мемлекет ана мен бала үшін қамқорлық жасап-ақ келеді. Үкімет осы мақсатта Қазақстан Республикасының “Балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар туралы” Заңына да оң өзгерістер енгізіп, жәрдемақы мөлшерін арттырды. Осы заңға сәйкес, “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға 6 АЕК (8 478 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Алайда бір өкініштісі, бізде жоғарыдан бастау алған игі істер жер-жерге жеткенде шабандап, тіпті тұралап қалады. Бұлай деуіміз негізсіз де емес. Оған редакциямызға хабарласқан аналардың шағымы куә. Дәл осындай шағымдарды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің блогындағы сұрақтардан да жиі көреміз. Мысалы, дәл осындай көп сұрақтың бірі Жамбыл облысы, Қордай ауданынан жолданыпты…

Сұрақ: Анам мен келінім көпбалалы ана ретінде “Алтын алқа” және “Күміс алқаға” құжаттарын 2010 жылдың қаңтар айында өткізген болатын. Арадан10 ай өтсе де әлі жауап жоқ. Жергілікті әкімдікке барып сұрасақ, “кезектерің келген жоқ” деп, дұрыс жауап бергілері келмейді. 10 ай бойы келмейтін не деген кезек, қайда арыздануға болады? Көңілге қонымды жауап берулеріңізді сұраймын.

Жауап: “Алтын алқа” және “Күміс алқа” белгілерімен марапаттау үшін қажетті құжаттарды ұсыну жергілікті жердегі атқару органдарының (әкімдік) құзыретіне жатады. Осыған орай, аталған мәселе бойынша тұрғылықты жеріңіз бойынша әкімдікке хабарласуыңызға болады. Орын.: Г. Сейтпембетова…

Яғни атақ алғаныңызды растайтын құжатыңыз болмаса, алтын және күміс алқа иегерлеріне тиесілі 8478 теңге жәрдемақыны ала алмайсыз”. Автор: Қалдар БЕК.

ZHASALASH.KZ. “Бар кiнә президент Н.Назарбаевта”. “Кеше Алматыдағы ұлттық баспасөз орталығында “Жаса, Азаттық!” қоғамдық бiрлестiгiнiң жетекшiсi Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН 2012 жылғы президенттiк сайлауға түсетiнiн мәлiмдедi.

“Тiркелмеген “Алға” партиясының жетекшiсi Владимир КОЗЛОВ та алдағы президенттiк сайлауға түсемiн деп айтқан-ды. Жақында өздерiн “желтоқсаншылармыз” деп таныстырған бiрнеше адам оған жұмыртқа лақтырып, мiнез көрсеттi. Ешбiр қалыпқа сыймайтын ауыр, балағат сөздер айтты. Менiңше, бұл бұзақылық, арандатушылық”. Баспасөз мәслихатында дәл осылай деп сөз бастаған Жасарал Қуанышәлин “желтоқсаншыларды” жығып, әрiптесiне араша түстi. “Конституцияда бекiтiлген, – дедi ол сонан соң. – Әр азаматтың өз құқығы жазылған онда. Оған ешкiм кедергi келтiре алмайды. Не үшiн президенттiк сайлауға түсуге бел байладым? Себебi, бiрiншiден, көп болды, дәл қазiргi билiкпен күресiп келемiн. Өйткенi, қазiргi жүйе халыққа қарсы бағытта. Қазақстанның байлығы халқының қос қолын жылы суға малып қоюға жетедi. Бiрақ оған кедергi келтiруде. Бар кiнә қазiргi билiкте….

Козловқа жұмыртқа жаудырғаннан соң гу-гу әңгiме жүргенiне де тоқталды Жасарал Қуанышәлин. “Козловты қолдады. Ұлтын сатты. Әблязовтiң тапсырмасын орындап жүр. Ақшаға сатылды”. Бұл сөздiң бәрiн жоққа шығарған ол: “Сатылатын, сатып алатын адам емеспiн. Өз таңдауым бар”, – дедi.

Сондай-ақ, тiркелмеген “Алға” партиясының жетекшiсi Владимир Козловпен келiсiп, бiрдей бағдарламамен, бiрдей платформада алдағы президенттiк сайлауға қатысатындығын жеткiздi. “Басты мақсатымыз – транзиттi президенттiк, “Назарбаев атқораларын” жылдам және сапалы “тазарту”, одан кейiн президент қызметiнен кету. Бұл жөнiнде бiз берiк уағдаластық.” – дейдi Жасарал Қуанышәлин.

Козлов пен Қуанышәлин президенттiк сайлауда текетiресiп қалса қайтпек деген сауал қойылды баспасөз мәслихатында. Оған қоғам қайраткерi “егер оның сөреде күштiлiгi айқындалса, бәйгеден шығамын. Өз электоратымнан Володияға дауыс берудi өтiнемiн. Ол да дәл осы ұстанымда. Және бiздiң бағдарламамен президенттiк сайлауға түсетiндер табылып жатса, “Транзиттi үмiткерлер” клубын ашуға дайынбыз” деп жауап қайтарды.

Сондай-ақ Жасарал Қуанышәлин “желтоқсаншылар” қазақ халқының атынан сөз сөйлеп, қарсылық бiлдiруге құқы жоқ екенiн ескерттi. Президент сайлауына қатысуды көздеген Владимир Козловқа қарсы “желтоқсаншылардың” пiкiрi басқаша. Мәселен, 2 қарашада БАҚ өкiлдерiне мәлiмдеме жасаған “Желтоқсан ақиқаты” республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Бейсенғазы СӘДУҰЛЫ былай дедi: “1986 жылы аяқ астынан билiкке қазақ тiлiн қазақтың салт-дәстүрiн бiлмейтiн адам келгеннен соң көтерiлiс болды. Сол кезде осы жiгiттер жас өмiрлерiн өлiмге байлап алаңға шыққан едi. Бiз олардың баспасөз мәслихатындағы қарсылықтарын қолдаймыз, iстеген әрекеттерiне ешқандай да баға бермеймiз”….”. Авторы: Д.ДАБЫЛБЕК.

ABAI.KZ. “Альманахтың айтқаны “Жармақ” болды”. “…“Қазақ альманағы”, № 4 саны қазақтың классик жазушысы, қазір шетелде тұрып жатқан Мұхтар МАҒАУИНнің шығармашылығына арналған. Тоталитарлы заманның қылышынан қан тамып тұрған шақтың өзінде қазақ мүддесін, ұлттың ұпайын түгендеуге атсалысып, “Аласапырандай” алып шығарманы дүниеге әкелген жазушы соңғы уақытта да қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосып жатқаны белгілі. Оның бір ғана “Қыпшақ аруы” хикаятының өзі талай сырдан хабар береді. Жазушының соңғы шығармасы — “Жармақ”. Шетелде жазылған шығарма қазақ топырағында да кеңінен таралды. “Қазақ альманағы” кезекті санында жазушының соңғы шығармасын тұтастай басыпты. Бір кітапқа жүк боларлық шығарманы тұтастай бір нөмірге жариялаудың өзіндік себебі де бар.Өйткені Мұхтар Мағауин биыл өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл — альманах ұжымының Мағауинге деген құрметінен туындаған ізгі ниет”.

MINBER.KZ. “Kazakhsoft” көкжиегі”. “Қытай қазақ интернетінің бүгінгі хал-жағдайы қай деңгейде? Компьютер тілінің қазақша сөйлеуі арғы беттегі бауырлар арасында қаншалық жүзеге асқан? Қазақ елімен арадағы ықпалдастық қатынастар бар ма деген сауалдар төңірегінде “Kazakhsoft” жобасының авторы, қытайдағы қазақ программисті Тәліп Нүсіпұлымен өткізген сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз… “Kazakhsoft” сайты зерттеп жасаған құралды атап айтар болсақ:

1. Сөздік қоры 180 мың сөзден асатын қытайша-қазақша сөздік. Сөздікте – тұрмыстық атау, құрылыс саласы, химыия, физика және компьютер терминдеріне байланысты сөздер қамтылған.

2. Қазақша төте жазу құралының көмегінсіз тіке жазып, сақтауға болатын мүмкіндігі бар бағдарлама.

3. Барлық ішкі мазмұны қазақ төте жазуындағы ойын құралы мен музыка плейр.

4. Криллише мен төте жазуды автоматты түрде сәйкестіріп көрсететін сұхбат жүйесі.

5. Ғаламтордан төте жазумен қазақша материялдар мен бейне құжаттарды іздеу иқуаты бар сайт мүмкіндігі...”. Сұхбаттасқан: Мейіржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...