«Досқалиевтің денсаулығы дауға айналып отыр». «Карл Дженкинс Шәкерімге симфония арнады». «Мұнай баррелі 86 доллардан асты бюджет тағы нақтылана ма?». «Жол жөндеуге — триллион теңге»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 5 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Назарбаев Университетінің” президенті Аслан Сәрінжіповпен онлайн-конференция аяқталды”. “НАЗАРБАЕВ Университеті” 2010 жылы маусым айының соңында ашылып, қыркүйек айында бүкіл Қазақстаннан 485 студент қабылданған еді. Білім алу ақысы жағынан университет Қазақстандағы ең қымбат оқу мекемесі болып тұр: 2010-2011 оқу жылының бағасы 3,176,500 теңгеге немесе шамамен 21,500 АҚШ долларына тең. Оқу мекемесінің президенті Аслан СӘРІНЖІПОВ мәлімдегендей, әзірше “Назарбаев Университетінің” дипломы тек Қазақстанның өз ішінде ғана қабылданады. “Халықаралық деңгейде қабылдануы үшін біз халықаралық тіркеуден өтуге ұмтыламыз”, — дейді Сәрінжіпов. “Назарбаев Университеті” түрлі көрсеткіш бойынша, оның ішінде «Шанхай рейтингісі» бойынша әлемнің ең үздік 10 университетінің қатарына қосылады деп жоспарланып отыр. Сәрінжіповтың сөзіне қарағанда, дүние жүзінің танымал 10 университеті “Назарбаев университетінің” әріптесі болып табылады. Жаңа университеттің мақсаты – “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелге оқуға аттанатын қабілетті студенттерге дәл сондай жоғары сапалы білімді өз отанында беру….

Университетте үш мектеп (факультет) – инженерия мектебі, жаратылыстану ғылымдары мен медицина мектептері жұмыс істейді деп көзделген. Ол мектептерде бакалавр бағдарламасы бойынша оқыту 2011 жылдан, магистратура – 2012 жылдан басталады. 2012 жылы магистратура және PhD бағдарламалары бойынша кәсіпкерлік пен мемлекеттік саясат мектептерін ашу жоспарланған. Парламентке “Назарбаев Университетінің” мәртебесі туралы” заң жобасы түсті. Университеттің дамуына мемлекеттік бюджеттен 13,5 миллиард теңге (91 миллион доллар), 2012 жылы 33 миллиард теңге (223 миллион долларов) және 2013 жылы 9 миллиард теңге (61 миллион доллар) бөлу қарастырылған. Онлайн-конференция барысында орыс тілінде берілген жауаптарды мына жерден оқи аласыздар”.

Досқалиевтің денсаулығы дауға айналып отыр”. “Бейсенбі күні бас прокуратураның ресми өкілі Жандос ӨМІРӘЛИЕВ істі болған Жақсылық ДОСҚАЛИЕВтің денсаулығы бірқалыпты екенін хабарлады. Дегенмен экс-министрдің адвокаты құзырлы органдардың Досқалиевтің жағдайын жақсы білетіндігіне күдік келтіреді…”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

Карл Дженкинс Шәкерімге симфония арнады”. “Қазанның 31-і Лондондағы Royal Festival Hall залында жергілікті Филармония оркестрінің орындауында ұлыбританиялық композитор Карл ДЖЕНКИНСтің “Шәкерім” атты жаңа симфониялық туындысының тұсаукесері болып өтті. Royal Festival Hall (“Ройал Фестивал Хол”) концерт залының лық толуында бұл жолы өзгеше сыр бар еді. Біріншіден, көзінің тірісінде-ақ классикалық музыканың әлемдік деңгейдегі көрнекті тұлғаларының біріне айналған Карл Дженкинс The Armed Man (“Мұздай қаруланған жан”) атты мессасының 10 жылдығын атап өтті. Екіншіден, композитор “Шәкерім” атты жаңа симфониялық шығармасының халықаралық премьерасын ұсынды.

Карл Дженкинстің айтуынша “Мұздай қаруланған жан” — оның осы күнге дейін жазған ең маңызды шығармасы. Бұл мессаны композитор Косово соғысының құрбандарына арнап шығарған екен…

“Шәкерім” симфониясындағы негізгі партия Ұлыбританияда тұратын талантты қазақ скрипкашысы Марат БЕЙСЕНҒАЛИЕВтің еншісінде. Шығарманы вокалдық жағынан сүйемелдеген – Ұлыбританияның ұлттық жастар хоры. Қазақстаннан арнайы шақырылған үш музыкант – сазсырнайшы Анар ҚАСЫМОВА, домбырашы Асқар СҰЛТАНҒАЗИН және шаңқобызшы Еділ ҚҰСАЙЫНОВ этникалық ажар қосқан. Симфонияны тұтастай Мая ИВАБУЧИ жетекшілік ететін Лондон Филармония оркестрі орындап шыққан.Шәкерімнің сырлы поэзиясы мен мұңды әндері Уэльсте туған ұлыбританиялық композитордың классикалық музыка әлеміне қалай енгені өз алдына жеке әңгіме. Шәкерімге арнап шығарма жазу идеясын Карл Дженкинске ұсынған – Шыңғыстау өңірінің тумасы, Лондонда тұратын қазақ меценаты Медғат ҚҰЛЖАНОВ….”.

AIKYN.KZ. “Мұнай баррелі 86 доллардан асты бюджет тағы нақтылана ма?”. “Мемлекеттік есеп комитеті де, республикалық “Айқын” газеті де еліміздің бюджетінің жасақталуы және орындалуы жайлы мәселе көтеруден кенде емес. Бірақ неге екені белгісіз, ел бюджетін түзушілер үнемі қателесе береді.

Профицит деген — Қазақстан бюджетінің айықпас ауруына айналды…

Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды, біздің бюджетте белгіленген 65 доллардан мұнай баррелі 85 долларға жеткен күннің өзінде бюджет кірісі шамамен 25 пайызға артық орындалады екен. Ал бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 86 доллардан асып 87 долларға таяп қалды. Демек, бюджеттің кіріс бөлігі тағы да артығымен орындалып, профицит қалыптасатыны айдан айқын. Бұл дегеніңіз “өлі капитал”. Шын нарық жағдайында өмір сүрушілер ешқашанда “өлі капитал” ұстамайды. Ал бізде бұл ең кемі миллиард долларды құрағалы тұр. Социалистік еңбек бөлісінде жекеменшік болмағандықтан, мемлекет мүлкіне жаны ашымаушылық орын алды, сондықтан КСРО державасы күйреді дегенді экономистер жиі айтады. Ал қазір біздің Қазақстан нарықтық қоғамда өмір сүріп жатыр ғой. Ендеше, миллиардтаған доллар болатын қаржыны “өлі капиталға” айналдыруға неге өкінбейміз?! Әлде бұл қаражат та мемлекеттік болғандықтан оған да иесіздік көзқарас қалыптасуы заңдылық па? Қалай болғанда да қаржы министрлігі мемлекеттік капиталға жаны ашитын бірден бір құзырлы орын. Ендеше, мұндағылардың өз істеріне жауапкершілігін арнайы қарау керек пе, әлде қыруар қаржымызды пайдалы іске дер кезінде жұмсай алмай “өлі капиталға” айналдырып жүре береміз бе? Омархан Өксікбаевтің “жанайқайына” ең болмаса бір рет құлақ түріп, мәселеге маңыз берсек қайтеді? Міне, бүгінгі күннің басты сұрағы осы болуы тиіс”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

Мәдениет туралы мәнді әңгіме”. “Шығармашылық билет” қоғамдық бірлестігі сарапшылар кеңесінің кешегі отырысында ел мәдениетінің болашағын бажайлап, мәдениетіміздің келешегі кемелдене түсуі үшін не жетпейді, қандай кемшін тұстарға көңіл бөлу қажет деген мәселені талқыға салған басқосуда “Астана” журналының бас редакторы Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ Қазақстан мәдениетінің бүгінгі ахуалына жан-жақты талдау жасады.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда дүниежүзі бойынша мәдениет саясатын жүргізудің үш үлгісі қолданылып келеді. Бір орталықтан басқарылмайтын, яғни мәдениет саласы оған қатысушылардың өзара келісімімен, нарық заңдарына сәйкес жүргізілетін американдық үлгі. Екінші — француз үлгісі, мәдениет саласындағы іс-шаралар ірі корпоративтік компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылады. Үшіншісі, географиялық жағынан елді тұтас қамтитын орталықтандырылған жүйесі бар итальян үлгісі. “Қазақстандағы мәдениет саясаты осы итальяндық модельге ұқсас, яғни ол ең алдымен мемлекет пәрменімен жүзеге асырылады. Сонымен бірге бізде нарық заңдарына лайық, заман талабына жауап беретін, алысты көздеген ілкімді мәдениет саясаты жоқ екендігін де ашып айтқан жөн”, дейді Мақсат Тәж-Мұрат.

Қазақстандағы мәдениет саясатына байланысты мәдениеттанушы Әуезхан ҚОДАР, “Ақсарай” театрының бас режиссері Болат АТАБАЕВ, Мәдениет министрлігінің басқарма бастығы Базарбай АЛТАЕВ, “Лингва” әлемдік тілдер институтының басшысы Нұрсұлу БӨКЕТОВА, белгілі сазгер Мұхтар ҚҰРАЛОВтар тұшымды ой-пікірлерімен бөлісті. Әуезхан Қодардың ойынша, қазіргі мәдениет саясаты мерейтойларға құрылған. Сосын қандай іс болмасын өмірлік сұраныстан жасалуы керек. “2003 жылы “Мәдени мұра” жобасына қатыстым, екі томын аудардым. Бұл кітаптар ешқайда таралмайды. Онда біз не үшін, кім үшін жұмыс істедік? Өйткені ол томдарға өмірлік сұраныс болған жоқ. Сосын оны ешкім оқып жатқан жоқ”, деді. Ал Болат Атабаев көп сөзден гөрі нақты іске көшуді ұсынды. “Қаладан шаршадым, әртістерім де, өзім де ауылдан шыққанбыз. Мен айына бір жеті Шеңгелдіде жұмыс істеймін. Ол жерде 1600 адам тұрады. Онда үлкен театр салынған. Залы, кітапханасы, спорт залы бар. Сол ауылға пилотты жоба ретінде көктемде “Арт-керуен” жобасымен бармақпыз. Біз ауылдарда концерт қойып кетіп қалмаймыз. Ауылдағы ел-жұрттың үкіметтік емес ұйымда жұмыс істеуге икемі барларын тартып, сондай ұйым құруына заң жағынан көмектесеміз. Әрі қарай мәдениетті дамытуына кеңес береміз. Ауыл өнерге сусап отыр. Ауылға барғанымызда ауыл балалары біздің әртістердің соңынан бір елі қалмайды. Өнер адамы екенімізді ауылда сезінетін болдық. Спектакльдерімізді көрген соң, біздің жанымызда мәдениетті болып жүргісі келетін болды. Демек, бізге билік қашан мүмкіндік береді деп күтіп отырмай, өзіміз іске көшуіміз керек. Абайға қазақтың қамын ойла деп қай президент айтыпты?”, деді Болат Атабаев. Атабаев айтқан “Арт-Керуен” жобасымен, осы жобаның жетекшісі Алмас ҚОСАБАЕВ таныстырды. Ал ол жобаның жүзеге асар-аспасы алдағы күннің еншісінде”. Авторы: Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана.

TURKYSTAN.KZ. “ЖОЛ ЖӨНДЕУГЕ — ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ”. “Бюджет қаржысының алдын ала үш жылға есептелетiнi белгiлi. Осы орайда жуырдағы «Нұр Отан» ХДП фракциясында Үкiметбасы Кәрiм МӘСIМОВ алдағы 2011-2014 жылдарға арналған бюджеттi қайта қарайтынын айтты. Сондай-ақ, бұл кездесуде жобаланған қаражат легiнiң қайда бағытталатыны айқындалды. Фракция мүшелерi «Нұр Отан» партиясының орталық аппатарында бас қосып, заң жобасын пысықтады. Индустрияландыру бағдарламасына 2 триллион теңге бөлiнсе, республика аумағындағы қатынас жолдарын жөндеу жұмыстарына 1 триллион теңге қарастырылып отыр. Ал денсаулық саласына бағытталған қомақты қаржы үш жылға деп жоспарланып, 209 миллиард теңге арнайы бөлiнбекшi. Мұндай қыруар қаржының неге жұмсалатыны да белгiлi болды. Алдымен, шағын медициналық мекемелердегi емдеу аппараттарын жаңартып, жаңа халықаралық нормативтерге сәйкес құру қаралып отыр. Бұдан кейiн қаржының басым бөлiгi жедел-жәрдем ұшақтарын жасауға арналған…

Бұдан өзге салалар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, 151 миллиард теңге бiлiм саласына, ал 53 миллиардқа жуық қаражат «Балапан» бағдарламасына бөлiндi. Бұл орайда үнемдеу де есептелiп қойса керек. «Алдын ала бағалау бойынша, бұл шаралар 300 орындық мектептердi салу кезiнде 240 миллионнан астам, ал 900 орындық мектептердi салу кезiнде 460 миллион теңгенi үнемдеуге мүмкiндiк бередi», – дедi Кәрiм Мәсiмов. Маңызды жоспарлардың бiрi елiмiзде жаңа байланыс түрi – 4 G технологиясын енгiзу болды. Үкiмет басшысы Байланыс және ақпарат министрлiгiне берген тапсырмасында 4G жаңа байланыс түрi жан-жақты қарастырылған. ЕҚЫҰ саммитi мен Қысқы Азия ойындары кезiнде Қазақстанда «4 G» ұялы байланысы iске қосылуы тиiс. Бұл жаңа технологияның пилоттық жобасын аталмыш министрлiк басшысы Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ таныстырды. Өте үлкен жылдамдықпен жұмыс iстейтiн байланыс интернет желiсiндегi кез келген көлемдi мәлiметтердi лезде көшiрiп бере алады. «Жылдамдық 100 МБ-ке дейiн жететiн болады. Бағасы 3 G технологиялар енгiзген кезде 30-35 пайыз солардың интернет тарифтерi азаяды. 4 G технологиясы енгiзген кезде 3 G тарифтерiнен көп болмайды», – дедi А.Жұмағалиев. Бүгiнде бұдан сәл бұрынғы 3 G технологиясы ендi ғана орнатылып жатқандықтан, жуықарада 4 G байланыс түрiнiң қолжетiмдi бола қоюы екiталай”. Авторы: Ақниет ОСПАНБАЙ

ALASHAINASY.KZ. “Ақын өлімінің ақиқаты немесе Мағжан шынымен де репрессия жылдарында атылған ба?”. “…Бүгінгі әңгіме – ақын өліміне қатысты. Былайша айтқанда, Мағжан шынымен де 1938 жылы атылды ма? Рас, барлық құжаттарда “Мағжан 1938 жылы 19 наурызда атылды” деп айтылады. Бірақ халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, даңқты қолбасшы Бауыржан МОМЫШҰЛЫ Мағжанды соғыстан кейінгі жылдары өз көзімен көргенін маңайындағы жұрттарға айтып та, естеліктерінде жазып та кетіпті. Батыр баба әңгімесіне сүйене отырып, біз де Мағжанның кейінгі өміріне қатысты шындықты іздестіріп көруге тырыстық…”

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, профессор, әдебиетші-ғалым: Баукеңнің өтірік айтуы мүмкін емес. Мағжанды көргенін Баукең маған кезінде айтқан. “Ол кісі 1938 жылы атылып кетіп еді ғой” деп едім, “жоқ, КГБ-ға сенуге болмайды. “Атылды” деп жай құжат толтыра салады, сөйтіп, пайдаланады, атақты болғаны үшін ұстап тұрады. Мысалы, Т.Рысқұловты да “1938 жылы атылды” дейді, бірақ ол 1943 жылы атылған. Мағжанды мен көзіммен көрдім”, – деді...”.

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, “Мағжан” атты монографиялық зерттеуі үшін Мемлекеттік сыйлық алған әдебиетші-ғалым : Оның бәрі – лақап әңгіме…”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Алқабилер институты өзін ақтауда ма?”. “Соңғы уақытта сот билігінің ашықтығы, демократиялылығы туралы әңгіменің жиі айтыла бастағаны белгілі. Соның нәтижесінде сот төрелігін жүргізуге қарапайым халықты тарту мәселесі алға қойылып, 2007 жылдан бері республика аумағында аса ауыр қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қарайтын институт қалыптасты. Осыған сәйкес, өткен жылдың соңында алқабилерге қатысты жаңа заң қабылданып, нәтижесінде еліміздің әр облысында, Алматы мен Астана қалаларында және Қазақстан Республикасы Әскери сотында бір-бірден тек аса ауыр қылмыстарды қарайтын мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды. Аталған соттар биылғы жылдың басынан бастап жұмыстарына кіріскен болатын. Сонымен, ашықтық пен демократиялылықтың үлгісі ретінде алқабилердің қатысуымен өтіп жатқан бүгінгі соттардың жалпы жағдайлары қалай, олар қандай қиындықтармен бетпе-бет келуде?

Сот неге ұзаққа созылады? Мәселені, ең алдымен, сот отырысына қатысушы 10 алқабиді (тағы 2-уі қосалқы) таңдаудың машақатынан бастасақ. Облыстық және қалалық әкімдік құрған тізім бойынша сот 80-100 шақты адамға шақыру қағазын жібереді. “Сол үміткерлердің егер 40-50-і келетін болса, оның өзі біз үшін үлкен қуаныш” дейді судьялар. Осы тұста 100 адамға жіберілетін шақыру қағаздарының қаржылай шығыны барын ескерте кеткен жөн. Сонымен, келген 40-50 үміткердің ішінен 25 адам таңдалып алынады. Ал, осы 25-тің 12-сі іріктеліп алынып, алқаби құрамына кіргізіледі. Оның 10-ы қылмыстық іске басынан аяғына дейін қатысады. Заң бойынша прокурордың, соттардың, тергеушілердің, адвокаттардың, әскери және мемлекеттік қызметкерлердің, сол сияқты, 25 жасқа толмаған азаматтардың, соттылығы жойылмағандардың, 65 жастан асқандар мен баласы үш жасқа толмаған аналардың, діндар адамдардың, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе қабілеті шектеулі азаматтардың, психиатриялық немесе наркологиялық диспансерде есепте тұратындардың алқаби болуға құқығы жоқ. Ал, сонда таңдау өзіне түскен дәрігеріңіз – “операциям бар”, мұғаліміңіз – “сабағымнан шыға алмаймын”, тағы бір үй шаруасындағы әйел “аяғым ауыр” деп отырса, алқабилердің басын құраудың өзі қаншама уақытты “жейтінін” елеп-ескеру қиын емес….”.

ABAI.KZ. “Интернет-конференция: Нұрлан Ерімбетов” . “Интернет-конференциямыздың осы жолғы қонағы Нұрлан ЕРІМБЕТОВ мырза болып отыр.

Соңғы екі-үш жылдың ауанында еркін пікір мен азат ойлардың алаңына айнала бастаған “АйтPARK” клубының жетекшісі, саясаттанушы, қоғам қайраткері, тележүргізуші Нұрлан Кенжебекұлы бүгінгі заман және оның келбеті, мазмұны туралы келелі мәселе көтеріп қана қоймай тосын ой, тың көзқарасымен танылып жүрген азамат. Ол жаһантордағы еркіндікке орай Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарымен де ашық әңгімелесуге пейілді екенін білдіреді. Сауалдарыңызды әдеттегідей Abai-akparat@mail.ru поштасына немесе форумға жолдай беріңіздер”.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...