«Сайлауға қатысты түпкілікті шешімді тек Ақорда айтады». «Екi жыл – үш сайлау». «Үш жылдық бюджет үнемдеудi талап етедi». «Заңсыз құрылыстар қағаз жүзінде ғана қиратыла ма?». «Тұтас қазақ болмай, даму жоқ»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 8 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Сайлауға қатысты түпкілікті шешімді тек Ақорда айтады”. “Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық ТҰРҒАНҚҰЛОВ елде президенттік, парламенттік және мәслихат сайлауларының мерзімінде өтетінін айтты. Бірақ кейбір саясаткерлер мен сарапшылар бұны кесімді шешім деп қабылдамайды”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Ең ықпалды әйел – біздің үйдегі жеңгелерің...”. “…Оқырмандардың бірі Қазақстандағы аса ықпалды 5 әйел осылар деп, Дариға, Сара, Әлия, Динара, Майра деген есімдерді түгендепті. Толық ныспыларын айтпағанына қарап, бәрінің НАЗАРБАЕВ деген бір әулеттен екенін басқа жұрт та білер деп ойлаған сияқты…”. Авторы: ҚИЯСБАЙ.

AIKYN.KZ. “Көлдер көзден таса болмасын!”. “Ырғыздың 80 көлі мен 4 өзені көпке мәлім. Өкініштісі, үш жыл қатарынан қуаңшылық болып, көбі сорға айналды. Биыл Ырғыз өзені толып, көп көлдің арнасы толды. Балығы тулағанымен, ерекше қорғалатын табиғи қаумалдың 6-7 көлі қазір жекенің қолында. Олар жылым салып, қыстыкүні бар балықты сатып, пұл етеді. Күні бүгінге дейін ешқайсысы балық қорын қорғау, көбейту жолында ши басын сындырмаған. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерват қызметкерлерінің айтуынша, кәсіпкердің көлге деген көзқарасы өзгермесе, балықсыз қалар күн алыс емес….”. Авторы: Алтынай САҒЫНДЫҚОВА , Ақтөбе.

EGEMEN.KZ. “Күрес қай деңгейде жүруде?”. “Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы Қайрат ҚОЖАМЖАРОВты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.

Қ.Қожамжаров Президентке қаржы полициясының сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесу және көлеңкелі экономиканы бейтараптандыру жөніндегі қызметі туралы баяндады.

Мемлекет басшысы әлемдік қоғамдастық Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жоғары бағалайтынын атап өтті. Алайда, отандық БАҚ-тарда бұл жұмыс аз сыналмайды. Атап айтқанда, сотқа негізінен “ұсақ шабақтар” тартылады дегенді желеу етеді. Бірақ, ірі фигуралар ұсталғанда, жаппай қарсы тұру, құқық қорғау органдарын жамандау, жемқорларды қорғау басталады.

Біз бұған жол бермеуге тиіспіз. “Сыбайлас жемқорлық туралы” Заң қабылданғанда, мен өз мәлімдемемде күрес қатаң болатынын ескерткенмін. Біз құқық қорғау органдарын бір-біріне айдап салу, бір-біріне деген сеніміне селкеу түсіру мақсатындағы барлық өсек-аяң мен арандатуға назар аудармастан, оны аяғына дейін жеткізуіміз керек. Құқық қорғау органдарында, әсіресе, сыбайлас жемқорлықпен күресте қалыпты, қатаң жұмыс жүруде. Барлығы да біздің бұл жұмысты тоқтаусыз жүргізетінімізді түсінуге тиіс, – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев”.

DMK.KZ. “ҮШ ЖЫЛДЫҚ БЮДЖЕТ ҮНЕМДЕУДI ТАЛАП ЕТЕДI”. “Үш жылдық бюджет жобасы еліміздің Бюджет кодексіне сәйкес, 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік өлшемдерінің болжамы және Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың халыққа арнаған Жолдауының негізінде әзірленген. Сонымен қатар еліміздің макроэкономикалық даму болжамы, әлемдік экономиканың болжамды үрдістері, әлемдік тауар нарықтарындағы ахуалы ескерілген…”

ЕКI ЖЫЛ – ҮШ САЙЛАУ”. “2012 жылы Қазақстан Республикасы тұрғындары жалпыхалықтық үш сайлау науқанына қатыспақ. Мұның ішінде Президент сайлауы да бар. Еуропалық Парламенттің социал-демократтар делегациясымен кездесу барысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық ТҰРҒАНҚҰЛОВ осылай айтты.

Өз сөзінде Қ.Тұрғанқұлов: “2012 жылы бізде электоралдық үш науқанды өткізу міндеті тұр. Олар – ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын, сондай-ақ, ҚР Президентін сайлау”, – деді. ОСК төрағасының пікірінше, бір жыл ішінде үш сайлау ұйымдастыруға ешқандай құқықтық кедергі жоқ. Өйткені, сайлау өткізудің аралық мерзімі бір-біріне қабаттаспайды. ОСК басшысы мұндай шарадан еліміздің тәжірибесі бар екенін еске алғанын айта кетуіміз керек. Атап айтсақ, 1999 жылы біздің мемлекетте Президент және Парламент сайлауы қатар өткені белгілі. “Конституцияға сәйкес, 2012 жылдың екінші тоқсанында біз Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауын, ал желтоқсан айының бірінші жексенбісінде Президент сайлауын өткізуіміз қажет”, – деді. Сонымен бірге, ОСК төрағасы 2011 жылы ҚР Парламенті Сенатына 16 депутат сайланатынын да әңгімеге арқау етті”. Авторы: Ө. БЕЙСЕН.

ALASHAINASY.KZ. “Заңсыз құрылыстар қағаз жүзінде ғана қиратыла ма?”. “Қазіргі күні қаламызда мұндай “заңсыз кәсіпкерлердің” қатары өсе түсуде. Ал сот орындаушыларының оларды ауыздықтауға мұршасы келмей тұр. Заңсыз құрылыстарды анықтап, олардың қожайындарын сотпен жауапкершілікке тартудың кемі жоқ. Бірақ кеше Алматының ең сәулетті делінетін ауданы – Медеуде қалалық әкімдік мамандарымен бірге жүргізілген арнайы рейд барысында бас жоспардан тыс салынған нысандардың неше жылдан бері сол күйі міз бақпай тұрғанына көз жетті. Соңғы жылдары Алматыда қызмет көрсету орындары жылдам қарқынмен дамып келеді. Халық үшін бұл өте ыңғайлы, әрине. Дегенмен мамандар олардың кейбіреулерінің заңсыз салынғандығын, ешбір тәртіпке мойын бұрмай, сыбайластық арқылы қызмет етіп отырғандығын айтады. Сөзіміз дәлелді болу үшін деректерге көз жүгіртіп көрейік, ағымдағы жылы Алматы қаласында заңсыз салынған 100-ге тарта құрылыс нысандары анықталды…”. Автор: Нұрмұхаммед МАМЫРБЕКОВ.

JASQAZAQ.KZ. “Шалқар көлі Аралдың кебін кимей ме?!”. “Аралмен шектес жатқан Шалқар көлінің табаны лайланып, көл астындағы балшықтың қалыңдығы бір метрден асты… Биыл Шалқар көліне су келді. Жергілікті билік бұл судың алдағы үш жылға жететінін айтады. Балықшылар мұнда 10-15 келілік балық аулай бастады. Дегенмен атқару органы өкілдері мұның уақытша екеніне қапаланады. Шалқардың шенділері көл суының басқа арнаға ағып кетпеуі үшін жағдай жасап бағуда. Бүгінде көл табанын тазарту жұмыстарымен қатар, су бөгетін қайта жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр….

Мысалы, 1969 жылы Шалқар көлі мүлдем кеуіп қалыпты. Араға жыл салып, 1970 жылы ғана қайтадан су келді. Ал облыстық табиғат ресурстарын қорғау департаментінің мамандары: – Біз құзырлы министрлікке хат та жолдадық. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Шалқар көлін тазарту жұмыстарын 2008-2010 жылдарға есептелген республикалық бағдарламаға енгізді. Ал жергілікті деңгейде көлге балық жіберу жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Бұл да өз кезегінде биологиялық тазарту жұмыстары іспетті, – дейді”. Автор: Асқар АҚТІЛЕУ.

ZAMANDAS.KZ. “Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Жезқазған қаласының әкімі: Тұтас қазақ болмай, даму жоқ. “…Кейін саясаттанушылыққа келдім де, ғылымға ден қойдым. Сондағы көтеріп жүрген басты тақырыбымыз – қазақ мәселесі, қазақтың бәсекеге қабілеттілігі, қазақтың түзелуі, қазақтың дамуы, ұлттық мінез. Қазақ стандарты: қазақ қандай болуы керек, не нәрседен арылуы керек. Сондай-ақ қазақ миссиясы: қазақ күн тәртібінің алдында қандай мәселелер тұр?!. Осыларды баспасөз арқылы, түрлі кітапшалар арқылы ұдайы көтергенмен, өзімді бір жалаң ұранмен ғана жүргендей сезіндім. Бәрі де тек сөз күйінде ғана қалып жатқандай… Шүкір, бірақ қазір қазақ миссиясы жайлы түсінетін, соны талқылауға қабілетті қазақ азаматтары қалыптасты. Бұрын бұл мәселені тек қазақи ортада ғана айта алсақ, бүгінде орыстілділер де талқылайтын болып жүр. Ал енді жұрт көкейіне қондырған мәселені іс жүзінде орындау керек қой. Сондықтан Қарағанды облысының әкімі Серік АХМЕТОВ мырза осында Ұлытау ауданына әкім болуға шақырғанда, осы мәселені ойлағандықтан келістім…

Мені қашанда қазақтың тұтаса алмай келе жатқаны қатты алаңдатады. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болса да, ұлт болып тұтасу өте баяу қозғалып жатыр. Тілімізде тұтастық жоқ: қазақтілді, орыстілдіміз, жерге бөлінеміз, одан батыстық, шығыстық, оңтүстік т.б. болып жер-жерге бөлінеміз. Дініміздің өзі: салафидтер, вахаббиттер т.б. болып, бір-бірімен қырықпышақ болып бөлініп жатқан бір қазақ. Мен ата-баба, руды айтпай-ақ қояйын. Әлдеқашан шешуге болатын тіл мәселесінің әлі күнге созылып, қайта ушыға түсуі – сол бірауыздылық, бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай бола алмай, бытырап жүргенімізден. Күні кеше Қызылжардың атауына байланысты да біріге алмауымыз – осының нақты дәлелі. Ұлттық деңгейде ойланатын, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық құндылықтар негізінде біріккен тұтастық жоқ. Өкінішке орай, бір ауылдың ішінде жүріп те жеке қара басы, ауылды мекен, ру, әулет, ата-бабасының тұрғысынан аса алмай жүрген азаматтар жиі кездеседі. Бұлай кете берсек, жер-жер, ата-ата, ру-ру болып шашырап, тіл мәселесі жайына қалады. Сондықтан айтарым – тұтас қазақ болмай, даму жоқ!”. Сұхбаттасқан Мәриям ӘБСАТТАР, “Алаш айнасы” газеті. Түпнұсқадағы тақырып: Бізде ұлттық деңгейде ойланатын, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық құндылықтар негізінде біріккен тұтастық жоқ.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...