«Қазақстандық компанияларға кадр қажет емес пе?». «Астана Саммиті — елдік сыны». «Өнердi қалыптастыра алатын тұлғалар қажет»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 9 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қазақстанға уақытша ұстау орындары қажет емес” дейді құқық қорғаушылар”. “Қазақстандық заңгерлер уақытша бас бостандығынан айыру мекемелерін жабу керек деген пікірде. “Себебі адам құқықтары негізінен осындай мекемелерде бұзылады”, — дейді мамандар…”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

Қытайда алтыншы жалпыұлттық халық санағы өтіп жатыр”. “Биылғы халық санағына арнайы униформа киген, қолдарында куәліктері бар 6,5 миллионнан астам санақшылар қатысып отыр. Он жыл бұрын Қытайдағы қазақтар саны 1 миллион 114 мың адам болатын. 2010 жылғы қарашаның 1-іне дейін дүниеге келген қытай азаматтарының барлығы да санаққа ілінді. Ал қарашаның бірінен кейін дүниеге келгендер Ұлттық статистика бюросының жоспары бойынша енді он жылдан соң, 2020 жылы болатын халық санағында есепке алынатын болады…. Қытайдағы биылғы халық санағының нәтижелері келесі жылдың сәуір айында жарияланбақ”. Авторы: Александр НАРОДЕЦКИЙ.

AIKYN.KZ. “Қазақстандық компанияларға кадр қажет емес пе?”. “Білім нарығында екі өзекті проблема бар. Біріншісі — білім бағасы қымбат (халықтың пікірі), екіншісі — оқу бітірген соң жұмыс табу қиын. Керісінше, еңбек нарығында да екі проблема бар — кадр сапасының төмендігі және жетіспеушілігі. Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының мәліметінше, жылда бөлінетін білім гранттарының 90-95 пайызы мемлекеттікі. Өздеріне кадр дайындататын компаниялар қалған 5-10 пайызын ғана құрайды. Ал шетелде керісінше. Парадокс. Ендеше, неліктен қазақстандық компаниялар жоғары оқу орындарымен қатынасқа бармайды?..

Бұл сұраққа жауап-пікірімен Қазақстан ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшанов бөлісті. Оның ойынша, республиканың жоғары білім беретін оқу орындары компаниялармен бірге жұмыс жасауға әрдайым дайын. Екі жақты келісім негізінде жұмыс жасауға, әрине. Бірақ ірі компаниялар ниет танытпай отыр екен. Тек биылғы оқу жылында екі ірі компания ғана арнайы тапсырыс беріп, 400 грант бөлген екен. Өзгелері үнсіз… “ Біріншіден, біз бұл істе тек ірі компанияларға ғана иек арта аламыз. Өйткені шағын кәсіпкерлік иелерінде кадр дайындатарлық қаражат жоқ….”

Қалай болғанда да, білім саласына менеджменттік көзқарас қажет. Компанияларға кадр қажет емес пе? Әлде олар өздеріне қажетті кадрды шетелден әкелуге әбден еттерін үйретіп алған ба? Түсініксіз….”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

EGEMEN.KZ. “Астана Саммиті — елдік сыны”. “Янез ЛЕНАРЧИЧ: БІЗ ҚАЗАҚСТАНМЕН БІРЛЕСІП ТАМАША ӘРЕКЕТ ЕТУДЕМІЗ. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқы жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) директорының “Егемен Қазақстан” газетіне сұхбаты…

– ЕҚЫҰ-ны алғаш рет Орталық Азия мемлекетінің басқарып отыруының қандай маңызы бар деп ойлайсыз?

Расында да, Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ тарихында болып көрмеген жағдай: бұған дейін бұл ұйымды ешқашан Орталық Азия мемлекеті басқармаған. Сөз жоқ, мұның өзі Ұйымның назарын Орталық Азия өңіріне және сондағы елдер бетпе-бет келіп отырған проблемаларға аударуға септесті.

Мен өз қызметімнің саласынан мысал келтіре аламын. Біз мемлекеттердің адам құқын сақтау ісіндегі өз міндеттемелерін орындауының барысына баға беру үшін ұдайы жиналып отырамыз. Биылғы жылы біздің іс-шараларымызға қазақстандық қатысушылар айрықша көп болды, үкіметтің және азаматтық қоғамның өкілдері сіздің еліңіздегі демократиялық реформаларды белсенді талқылады

– Енді соңғы сұрағымды қояйын. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің мемлекеттер және үкіметтер басшыларының Астанада ұзақ уақытқа созылған үзілістен кейін шақырылатын Саммиті халықаралық қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын туғызып отыр. Сіздің жеке өзіңіз Саммиттен не күтесіз?

Мен, кем қойғанда, Саммитке қатысушылар өздері осыдан 35 жыл бұрын Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылғалы бері қабылдаған міндеттемелердің толық шоғырын басы ашық күйде қуаттайды деп күтемін. Алайда, өзіміздің көріп жүргеніміздей, мәселе көбіне көп міндеттемелердің жоқтығына емес, оларды орындауға деген саяси ерік-жігердің жоқтығына келіп тіреледі. Сондықтан да мен мемлекеттер басшылары ЕҚЫҰ аясында қабылданған міндеттемелерді жүзеге асырудың жаңа тетіктерін бекітеді және бұрынғы тетіктерді одан әрі жетілдіре түседі деп үміт етемін…”. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Варшава.

Қызылағаштағы көпір пайдалануға берілді”. “Көктемдегі тасқыннан Алматы-Өскемен күрежолындағы көпір бұзылып, жол қатынасы қиындаған еді. Апаттың алдын алу мақсатындағы жұмыс нәтижесінде елді мекен қайта түледі. Дегенмен, еліміздің шығысымен арадағы автокөлік қатынасы қиындап, жолаушылардың айналма жолды пайдалануына тура келген-ді. Жақында Қызылағаштағы көпір құрылысы толық аяқталып, іргетасы монолитті темір-бетоннан құйылып, сейсмикалық жағынан күшейтіліп, аса ауыр салмаққа шыдайтындай дәрежеде салынды. Аталған құрылысты “№25 Көпір құрылысы отряды” ЖШС жеті ай мерзімде аяқтады. Көпір құрылысын “Қазақ жол ғылыми зерттеу институты” АҚ жобалап, сметалық құны 771 млн. теңгеге бағаланған. Мердігерлер жаңа көпірдің ені мен ұзындығын бұрынғыдан ұзартыпты. Сондай-ақ су шаю қаупі ескеріліп, қорғаныс дамбаларымен күшейтілген….”. Авторы: Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.

ZHASALASH.KZ. “Өнердi қалыптастыра алатын тұлғалар қажет”. “Қазақ журналистерi клубының” алғашқы отырысында “Ақсарай” театрының режиссерi Болат АТАБАЕВ қонақта болып, қоғамдағы күрмеуi көп күрделi мәселелер төңiрегiнде ой қозғады.

Болат Атабаевтың айтуынша, бүгiнде мәдениет министрлiгiнiң тындырғаны шамалы. Мәселен, Iлияс ОМАРОВ министр болып тұрған кезде қазақ фольклорлық ансамбльдерi құрылып, олар барлық облыстарда жұмыс iстедi. Айтыс қайта жанданды. Ол КСРО тұсында басшы болса да, қазақ өнерi мен мәдениетiне айрықша еңбек сiңiрдi. Одан кейiн Өзбекәлi ЖӘНIБЕКОВ те Торғайдан театр ашты. Дәл қазiр қай министр өнерге жанашырлық танытуда? Қазақстанға өнердi қалыптастыра алатын тұлғалар қажет. Мемлекет қазынасынан өнер мен мәдениеттi қолдауға қаражат бөлiнуде. Бiрақ оны кiмге бөлуде? Барша түйткiл осында! Мәселен, Алматыдағы “этномәдени” деп аталатын театрларға жыл сайын миллиардтаған ақша бөлiнедi. Бiрақ бұдан түк шықпайды. Қазына ақшасын текке шашу бұл. Ал халық рухани, мәдени тоқырауға ұшырап барады…

– Ауылда өскен қазақпыз ғой, – дейдi Болат Атабаев. – Әлi есiмде, кезiнде ауылға әртiстер жиi келетiн. Роза БАҒЛАНОВА, Жамал ОМАРОВА, Бибiгүл ТӨЛЕГЕНОВА өнер көрсететiн. Ал қазiр ондай жоқ. Бәрi той қуып, ақша жинап жүр. Ауылға аттап баспайды. Қазақ ауылының рухани негiзi күйреп барады….

Болат Атабаев сонымен бiрге қазақ журналистерiнiң кәсiбилiгiне де көп сын айтты. “Қазiргi қазақ журналистикасының өресi өте төмен, – дедi ол. – Жаманды жаман дей бергеннен не өзгередi? Одан да сол жаманның шығу тегiн терең зерттеп, талдасын, сараптасын. Оқырманның көзiн ашсын. Журналист тек ақпарат берумен шектелмеу қажет. Ұлт мүддесi үшiн БАҚ-ты сауатты пайдалану қажет. Шалағай журналистердiң қаптап кетуiне елiмiздегi жоғарғы оқу орындарындағы журналистика факультеттерi де кiнәлi. Әр журналистi белгiлi бiр сала бойынша мамандандырса ғой. Керiсiнше, олар бәрiн бiр қазанда қуыруда. Менiңше, журналист – театр маманы, журналист – әлеуметтiк қақтығыстар маманы, журналист – қаржы маманы, журналист – саясат маманы. Осылай жекелеген салаларға жiктеп оқыту тиiс…..

Бұл жиында Қазақстанда “ауруға” айналған атаққұмарлық мәселесi де сөз болды. Мәселен, биыл Мемлекеттiк сыйлықты кiмге беру қажет дегенде ақын-жазушылардың бет-пердесi ашылып қалды. “Жас Алаш” бастаған бiрнеше ұжым Қажығұмар ШАБДАНҰЛЫның “Қылмыс” романын Мемлекеттiк сыйлыққа ұсынды. Қажығұмар – 43 жыл өмiрiн түрмеде өткiзген жан. Одан артық азап шеккен жазушы, қайраткер кемде-кем әлемде. Соған қарамастан қазақтың бiрде-бiр жазушысы “Мемлекеттiк сыйлықтан бас тартамын, жолымды Қажекеңе беремiн!” деген жоқ.

– “ҚР Еңбек сiңiрген қайраткерi” деген атақ алдым. Бiрақ бұл сыйлықтың мен үшiн бес тиындық құны жоқ. “Еңбек сiңiрген қайраткер” дейдi. Қандай қызметке еңбек сiңiрген қайраткер екенi түсiнiксiз. Мәдениетке еңбек сiңiрген десе бiр жөн. Ондай да сөз жоқ мұнда, – дедi Болат Атабаев…”. Авторы: Дилара ИСА.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Нан бағасы біршама тұрақтанды”. “…Қымбатшылық бой көрсеткенде бір дүрлігіп барып сабамызға түсеміз. Ақырында Үкімет әкімшілік тетіктерді қосып жатып, бағаны тұрақтандырғандай болады. Алайда, бұл үрдіс, әсіресе, еліміздің оңтүстік өңірлерінде жиі қайталанады екен. Биыл Парламенттің сессиясын ашу кезінде Елбасының Үкіметке жүктеген міндеттерінің қатарында нан бағасын орнықты ұстап тұру негізгі басымдықтың бірі екендігі де еске салынған еді. Бірақ, осыған қарамастан, азық-түлік өнімдерінің бағасы неге қымбаттай береді? Білетіндердің көлденең тартқан уәждеріне сенсек, ел нарығындағы көтерме саудадағы баға саясаты әлсіз бақыланады екен. Осының салдарынан азық-түлік тауарлары бағасының күрт қымбаттауына жол берілуде.

Бәсекелестікті қорғау агенттігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, 2010 жылдың өткен 10 айындағы инфляция деңгейі 7,0 пайызды құраса, оның 5,5 пайызы азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауына байланысты орын алған. Іргеміздегі Ресейдің нарығы мен сыртқы факторлардың адымын аңдыған еліміздегі азық-түлік монополистері жағдайды “ұтымды” пайдаланып қалғысы келген тәрізді. Нәтижесінде бағаға қатысты мәміле жасасқандар біршама дүрлігушілік тудырыпты.

Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит ЕСЕНБАЕВтың айтуынша, агенттік азық-түліктің бағасына қатысты өңірлерде орын алған жағдайларды жан-жақты саралай келіп, ұнның бағасын негізсіз қымбаттатқан – 44, нан бағасын қымбаттатқан – 33, өсімдік майының бағасын қымбаттатқан – 35, қарақұмық бағасын қымбаттатқан – 34, көкөніс бағасын қымбаттатқан 7 субъектіні тексерген. Нәтижесінде ұн және нанға қатысты сөз байласып, бағаны қымбаттатқан 13 субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылған….”. Авторы: Камила ЫСҚАҚОВА.

ABAI.KZ. “Қымбат Қалауова. Сонымен, қазақтың саны қанша болды?”. “2009 жылдың басында өткен жалпыұлттық халық санағының толық қортындысы жақын күндері жария болмақ. Мұны статистика агенттігінің жалпыұлттық санақтан кейінгі жаңа басшысы Әлихан СМАИЛОВ мәлімдеді. Асыға күтудеміз!

2009 жылы санақ өтісімен белгілі болған алдын-ала қортынды бойынша, қазақ халқының саны алдымен 67 пайызды құрап, артынан 63,1%-ге дейін аштық пен соғыссыз-ақ құлдыраған болатын. Алайда, көк мойынорауыш пен көк сөмке асынған санақшыны көрмедік, келмеді деген қандастарымыздың да үн қатқаны яғни санаққа кірмей қалған қазақтар да бар екені БАҚ-ы арқылы айдай болған еді. Оған статистика агенттігі былқ еткен жоқ…

Айтпақшы, технологиясы дамыған ғасырда статистикалық агенттіктің қолға түскен дерегін екі жылға жуық уақыт есептегені біртүрлі екен… 2009 жылдың басында 63,1 пайыз болған қазақ қазір 65 пайызды еңсеріп-ақ, тастаған шығар. Санақ қортындысы қағазға түсіп, елге жетіп болғанша жетпіске жетіп жымыңдап отырармыз деген үміт бар”. “Абай-ақпарат”.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...