«Нұрсұлтан Назарбаев: Астана форумы дайын шешімдер саммиті болмайды». «Электронды үкімет: Билік және Біз»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 10 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Кремль империяны қайта жаңғыртқысы келеді”. “Кремль түрлі шаралар мен тәсілдерді қолдана отырып постсоветтік елдерге ықпалын арттыра түсті. Бірақ азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғау, сөз, жиын, шерулер өткізу бостандығы тұрғысынан келгенде өзінің де мақтана қоятындай жайы жоқ. Мысалы, жақында Еуропа Кеңесі Ресей билігін азаматтардың жиылыс өткізу жөніндегі конституциялық бостандығын сақтауға шақырды. Осы тақырыпқа арналған Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстеліне: Андрей Пионтковский, саясаттанушы (Ресей); Валерий Карбалевич, саяси шолушы “Азат Еуропа/Азаттық” радиосы (Беларусь); Тоқтоғұл Какчекеев, саяси шолушы (Қырғызстан) және “Азат Еуропа/Азаттық” радиосы Тәжік редакциясының директоры Сожида Джафарова қатысты. Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ жүргізді….”.

Астананы басып қалған полиция студенттер жатақханасына жайғасты”. “Желтоқсанның алғашқы күндері Астанада өтетін ЕЫҚҰ саммитіне дайындық басталып кетті. Қалаға Қазақстанның басқа облыстарынан полицейлер келіп қоныстанып жатыр. Қонақ үйлерде орын болмағандықтан полицейлер студенттердің жатақханаларына орналастырылды…”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

Ташкент метросының станциясы енді генерал Сабыр Рахимовтың есімімен аталмайды”. “…Совет Одағының батыры генерал Сабыр РАХИМОВтың есімімен аталып келген Өзбекстан астанасындағы метрополитен станциясының атауы биыл қарашаның 5-і күні “Олмазор” (өзбек тілінде – “Алма бағы”) болып өзгертілді. Бұл туралы хабар өзбектің “Узметроном” веб-сайтында жарияланды. Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан совет генералы Сабыр Рахимовтың есімі советтік Өзбекстанда даңқты болатын. Майданда қол басқарған генерал Ленин, Қызыл Ту, ІІ дәрежелі Суворов, ІІ дәрежелі Кутузов, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Өзбекстан совет заманында өзбектен шыққан батыр генерал деп келген Сабыр Рахимовты Қазақстанда этникалық қазақ деп біледі….

Қарашаның 8-і күні REGNUM ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған “Вести” деп аталатын өзбектің тағы бір сайты Өзбекстан парламентінде “Ташкент қаласындағы Сабыр Рахимов ауданының атауын өзгерту туралы” заң жобасы қаралғалы жатқандығын хабарлады…. Вести” веб-сайты соңғы екі айда осымен екінші рет елдегі маңызды атаулардың өзгертіліп жатқандығын атап өткен. Бұған дейін осы веб-сайт Өзбекстан парламенті сенатының депутаттары тамыздың 29-ы күні жалпы отырыста Ферғана облысындағы АХУНБАБАЕВ ауданының атауын Күштепе ауданы етіп өзгерту туралы қаулы қабылдағанын хабарлаған еді. Юлдаш Ахунбабаев – совет заманында Өзбекстанды басқарған адам. Өзбек үкіметінің саясатын дәріптейтін интернет-парақшалардың бірі “Пресс-Уз.Инфо” сайтында осыған дейін жарияланған бір мақалада кезінде біраз жерді Қырғызстанға беріп жібергені үшін Ахунбабаевтың есімі сынға ұшыраған еді…

Кейбір бақылаушылар совет кезіндегі ескерткіштер мен сол заманғы қаһармандардың “идеологиялық қуғын-сүргінге” ұшырауын Өзбекстан президенті Ислам КАРИМОВтың жүргізіп отырған антисоветтік саясатымен байланыстырады. Орталық Азия елдерінде совет кезеңіндегі тарихқа деген көзқарас әртүрлі. Мысалы, Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтарды құрметпен еске алу шаралары жыл сайын өткізіледі. Сонымен бірге Қазақстанда совет кезіндегі көптеген ескерткіштер әлі тұр, Совет Одағы батырлары есімдерімен аталатын көшелер де бар”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

AIKYN.KZ. “Шымкент жақ шулап жатыр”. “Апта басында Үкімет қабырғасында Оңтүстік Қазақстан облысында “Батыс Еуропа — Батыс Қытай” жол құрылысы түсетін жер учаскелерін сатып алудың кестесі жасалды.

Үкімет үйінде Премьер-министр Кәрім МӘСІМОВке Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ “Жол салынатын 232 шақырымның 202 шақырымы бос жатыр, бұл жерлерде жұмысты бастай беруге болады. Ал мәселе туғызып отырған 30 шақырымның 2/3 бөлігін сатып алу желтоқсанның 15-іне дейін аяқталады. Сотқа жүгінетіндей даулы мәселелер орын алған жағдайдың өзінде, бұл жұмыс 2011 жылғы наурыздың 10-ына дейін шешімін табады”, — деп баяндаған. Қытай мен ЕО елдері арасын жалғайтын транзит дәліз жобасының 3 шақырымы Оңтүстік Қазақстан облысының Темірлан елді мекені арқылы өтеді. Темірлан ауылының тұрғындары “жол ауылдың арасынан өтсін” дегенге келісім берді…

Алайда кеше Шымкент жақтан тағы да шу шықты. Бұл жолы жол өтетін жердің құнына қатысты мәселеге Халықаралық қайта құру және Даму банктің өкілдері араласқанға ұқсайды. Ауыл тұрғындарының өтінішімен құрылған қоғамдық бақылау орнының жетекшісі Бауыржан ИСАЛИЕВ журналистерге берген сұхбатында:

– Біз алғашында-ақ жер телімдерін бағалауда алалаушылықтардың орын алғанын байқағанбыз. Алдағы желтоқсан айында Халықаралық банк өкілдері келіп, жағдаймен танысады, — дейді.

– БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: … Көлік және коммуникация министрлігі “Батыс Еуропа — Батыс Қытай дәлізі бойына орналасқан жер телімдерінің бағасына қатысты даудың аражігін айқындау туралы шұғыл тапсырма алды деген ақпарат алдық”. Авторы: Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ.

EGEMEN.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: АСТАНА ФОРУМЫ ДАЙЫН ШЕШІМДЕР САММИТІ БОЛМАЙДЫ”. “…ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті осыдан 11 жыл бұрын Ыстамбұлда өтті. Сол уақыттан бері ЕҚЫҰ тұрақты түрде Батыс-Шығыс желісі бойынша қарсы тұрушылыққа байланысты төменге құлдырап келді. Сіз көп жағдайда түрлі, кейде тіпті қарама-қайшы мүдделердегі 56 елдің басшысын Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы бастамаңызды қабылдауға қалайша көндіре алдыңыз?

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның саяси менеджері ретіндегі төрағалығы Ұйымға қатысушылардың барлығының пікірлері мен мүдделерін есепке алу қажеттігінен шығып отыр… Еуропалық қауіпсіздік түсінігі туралы айтқанда оның іс жүзінде “Ванкуверден”, бірақ “Владивостокқа дейінгі” емес, “Белостокқа дейінгі” кеңістікті ғана қамтитын барлығымыз үшін аса негативті сценарийді жүзеге асыру мүмкіндігі де жоқ емес.

Ал мұндай сценарийде ЕҚЫҰ түпкілікті летаргиялық ұйқыға кеткен болар еді.

Осы аралықта егер ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық елдер конструктивті қадамға барып, саяси көрегендік таныта білмесе, онда саммиттің пайдалылығы туралы ешқандай дәйектемелер оң нәтиже бермес еді.

Консенсусқа қол жеткізуде Хатшылықтың және ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның жеке басының, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның барлық институттарының мықты қолдауы мен тер төге атқарған жұмысы үлкен үлес қосқанын атап өткім келеді…”. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың танымал “Euronews” телеарнасының тілшісі Константино де Мигельге сұхбаты.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақтың сиырын асылдандыру Американың бұқасына қарап тұр”. “…Мәжілістегі Үкімет сағатына ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек КҮРІШБАЕВ келіп, атакәсібіміз – мал шаруашылығын дамытудың біраз жай-жапсарымен таныстырып кетті. Жиында әсіресе Зеңгі баба төлін асылдандыру мәселесі ерекше сөз болды. Бұған қарап “сиыр пұл болды” демеңіз. Әйтсе де тұқымы құрып бара жатқан қазақтың ақбас сиырын қайта асылдандыру үшін “ҚазАгро” бас болып, Американың Ангус пен Герефорд атты тұқымның бұқасына “құда” түсіп қойыпты. Заты асыл осындай шетелдік әрбір бұқаға “қалың” төлеп, олардың біреуі үшін кемінде бес мыңдық көк қағазды шығындағанға ұқсаймыз…”. Автор: Қанат ҚАЗЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Oйланбай шығарылған шешім”. “426 миллион теңгені опырып кететін түрі бар. Жасыратыны жоқ, бүгінде жергілікті жерлердегі бар билік әкімдердің қолында. Оларды, шын мәнінде, өздері басқаратын аумақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын әмірші ме дерсің? Жергілікті жердегі биліктің бір қолда болғанының дұрыстығын, көп мәселені сөзбұйдалыққа салмай, бір адамның шешіп жататыны өңірді дамытуға серпін беретін бағдарламаларды жүзеге асыруға игі ықпалын тигізетіндігін теріске шығармаймыз. Бірақ та, сол өздеріне берілген шексіз билікті теріс пайдаланып, өздері суын ішіп отырған құдыққа түкіретіндер, яғни, жалақы төлеп отырған мемлекет қаржысын ханталапайға салатындар да кездесіп қалады.

Щучинск қаласының бұрынғы әкімі Б.ДОСЫМОВты да сондайлардың қатарына жатқызсақ, артық болмас. Өйткені, бұл лауазымды адамның осыдан бірнеше жыл бұрын жасаған әрекеті қазір мемлекеттік бюджеттің қыруар ақшасын опырып әкетер түрі бар….”. Авторы: Қалкөз ЖҮСІП, “Заң газеті”, Ақмола облысы.

MINBER.KZ. “Электронды үкімет: Билік және Біз”. “Соңғы кезде “Электронды үкімет” сөзін дәстүрлі емес медиа кеңістігінде жиі естуге болады. Бұрында қолданушылардың көбі “мен egov.kz сайтында тіркелдім” дегенмен шектелсе, қазір электронды цифрлық қолды жасап алдым, салықты енді онлайнда төлейтін боламын немесе некеге тұру туралы анықтама аламын деген әңгімелер интернеттегі блогтар мен форумдардан көптеп кездеседі. Бұған таң қалудың қажеті жоқ, ақпараттық технологияларға жақын болатындар коммуникациялық өзгерістерге деген сенімсіздіктен әлдеқашан арылды…

Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, бүгінде Электронды үкімет жобасы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген мемлекеттерге де инфрақұрылымды қалыптастыру үшін біраз уақыт қажет болды. Мысалы, Канада мемлекеттік құрылымның ақпаратын ашық түрде ұсыну үшін жобаның іске асырылуын үш кезеңге бөліп, жүйені бес жылдың ішінде құруға жоспарлады. Бүгінде Канада, Сингапур мен АҚШ – өз азаматтарына үкіметтік веб-сервистерді ең көп ұсынатын мемлекеттер. Айта кететін бір жайт, мақсаты, міндеті ұқсас бола тұра, әр мемлекеттің электронды үкіметті құрудағы құралдары мен әдістері әр түрлі болып келеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл салада бәріне ортақ пайдалы болатын кеңес жоқ.

Қазақстан азаматары үшін мемлекетік қызметтерді қол жетімді, пайдалануда жедел, әрі тиімді етіп ұсыну – бәсекеге қабілетті қоғам құруда маңызды қадам. Бұндай қоғамды, сөзсіз, тек электронды инфрақұрылымы дамыған елде ғана құруға болады”. Авторы: Әлия СЕМБАЙ.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...