«Халық санағының түпкілікті қортындысы әлі шыққан жоқ». «Ертең жазғы Азиаданың лауы тұтанады». «Ұлтқа, тiлге жаны ашымайтын жазушылар одағы қажет пе?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 11 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қазақстанда халық санағының түпкілікті қортындысы әлі шыққан жоқ”. “…Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы 2009 жылы 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында өтті. Ел тәуелсіздік алғалы бері екінші рет өткізіліп отырған ұлттық халық санағы Қазақстан тұрғындарының саны – 16 миллион 4 мың 800 адам болғандығын көрсетті. Бұл — 2009 жылғы ақпанның 24-інен 25-не қараған түнгі cағат 12-дегі есептеу сәтіндегі жағдай. Яғни, осыған дейінгі өткен (1999 жылы ақпанның 24-інен 25-іне қараған түнгі сағат 12-дегі) санақпен салыстырғанда Қазақстанда халық саны 6,8% -ға өскен. Алайда көп ұзамай, статистика агенттігінің төрағасы Әлихан СМАЙЫЛОВ, 2010 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан халқының саны 16 миллион 196 мың 800 адамды құрағандығын хабарлады. Оның сөзінше, бұл – халық санағы нәтижелерін ескере отырып, нақтыланған дерек….”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

LiveJournal жүйесіндегі қоғамдық тұлғаның блогы ашылмай қалды”. “Бұл виртуалдық қауымдастықтың өзге жүйелерден айырмашылығы – күнделік пен блог жазғысы келетін Интернет қолданушыларға ыңғайлы қызмет ұсынады. LJ web-тораптағы ақпарат алуандығы мен сөз еркіндігінің кеңейе түсуіне зор үлес қосып отыр. 2006 жылы LiveJournal-ға иелік ететін Six Apart компаниясы ресейлік SUP компаниясына брэндті орыс тілінде пайдалануға рұқсат беретін лицензиясын сатты. Айналасы бірнеше жылдың ішінде “Живой журнал” (“ЖЖ”) деген атпен танымал болып кеткен виртуалдық қауымдастыққа бір миллионға жуық орыстілді қолданушы мүше ретінде тіркеліп үлгірген… биылғы қазанның 9-ынан бастап Рахат ӘЛИЕВтің блогы қайтадан ашылмай қалды. Вебсайтқа кірмек болсаңыз LJ платформасының әкімшілігі орнатып қойған мына мәліметті ғана көресіз: “Бұл журнал жабылды. Мазмұнын көпшілік көре алмайды. LiveJournal журналдың жабылу себебін оның иесінен басқа ешкіммен талқыламайды”….”.

AIKYN.KZ. “Ешкімге де қауіп төнбейді”. “БҰҰ-ның апаттық қауіп-қатерлерді басқару жөніндегі Экономикалық ынтымақтастық ұйымының V конференциясына қатысқан Төтенше жағдайлар министрі Владимир БОЖКО Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті оқыс оқиғасыз өтетіндігіне кепілдік беріп: “Қала бойынша қауіпсіздік шараларын түгел жүзеге асырдық. Ешкімге, ешқандай қауіп төнбейді”, — деді...”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ.

2010 — Үшінші дүниежүзілік соғыс, 2012 — ақырзаман ?..”. “Нострадамус пен Ванганың табынушылары “2010 жылдың қараша айында дүниежүзілік соғыс болады” деп, елді дүрліктіргеніне біраз жыл болды. Сол айтқан қараша айы да орталап қалды, құдайға шүкір, Ай аман, Күн орнында. Соғыстың беті аулақ. Бұл аздай, ежелгі Майя күнтізбесіне сәйкес “2012 жылы ақырзаман орнайды” деген пәлекетті шығарды жұрт. Мұның бәрі қайдан шығып жатыр? Осы мәселелерді басынан бастап ежіктейік….

Әрине, қаншама болжамдар айтылса да, болашақты бір Алла ғана біледі. Ванганың болжамдары:

2016 жылы Еуропада адам тұрмайды (қалмайды).

2018 жылы Қытай әлемдік жаңа держава ретінде дүниежүзіне үстемдік жүргізе бастайды.

2023 жылы Жер орбитасы өзгеріске ұшырайды.

2025 жылы Еуропаға жұрт аздап болсын қоныстана бастайды.

2028 жылы Энергияның жаңа көзі табылады. Венераға корабль аттандырылады.

2033 жылы Поляр мұздары еріп, мұхиттар арнасынан таси бастайды.

2043 жылы әлемдік экономика гүлдейді. Еуропаны мұсылмандар билеп-төстейді.

2046 жылы адамның кез келген органын ауыстырып салу іске асады”. Авторы: Төреғали ТӘШЕНОВ.

Ертең жазғы Азиаданың лауы тұтанады”. “Ертең Қытайдың Гуанжоу қаласында ХVІ жазғы Азия ойындарының алауы тұтанады. 15 күнге созылатын жарыс барысында 57 спорт түрі бойынша 476 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Оған сары құрлықтың әр қиырынан келген 12 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Айтулы додаға Қазақстан құрамасы да жан-жақты әзірленді. Республикамыздың ең үздік деген 341 спортшысы 36 спорт түрі бойынша сайысқа түседі. Осы саланың тізгінін ұстаған мамандардың айтуынша, біздің ұлттық құрама командалық есепте алғашқы төрттікке енуді жоспарлап отыр…

Енді бұған дейінгі Азия ойындарында Қазақстан қанша медальға иелік еткені жайында айта кетейік. 1994 жылы Хиросимада 25 алтын, 26 күміс және 26 қоланы олжаладық. 1998 жылы Бангкокта 24 алтын, 24 күміс және 30 қоланы қоржынға салдық. 2002 жылы Пусанда 20 алтын, 26 күміс және 30 қолаға қолымыз жетті. 2006 жылы Дохадағы ойындарды 23 алтын, 19 күміс және 43 қола медальмен қорытындыладық. ХVІ жазғы Азия ойындарында біз, негізінен, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, велоспорт, ескек есу, бокс, грек-рим, дзюдо, каратэ-до, жүзу, таэквондо, нысана көздеу секілді спорт түрлерінің өкілдеріне арқа сүйейміз. Командалық сайыста гандбол мен ватерпол, көгалдағы хоккей мен волейболшылар табысты өнер көрсететініне сенім зор. Басқа да спорт түрін серік еткен ұл-қыздарымыз намыс туын биік ұстайды деп үміттенеміз. Мамандардың пайымдауынша, егер Гуанжоуда жерлестеріміз 25 алтынды жеңіп алса, командалық есепте 4 орынды олжалауға тамаша мүмкіндік бар. Ертең аспанасты елінде алауы тұтанатын жазғы Азия ойындарында Қазақстанның спортшыларына сәттілік пен табыс тілейміз”. Авторы: Ғалым СҮЛЕЙМЕН.

ANATILI.KZ. “Әрбір отбасына береке, бақыт қонғай!”. “Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды хақ деп білетін мұсылман баласы үшін Жаратушымыз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы Құрбан айт күндеріне де жеттік. Алла Тағаланың разылығы үшін мал шалынып, кең дастарқан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қазақстан жұртшылығына да ырыс пен береке әкелсін!

Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Асылы, “Құрбан” сөзі де араб тілінен аударғанда “жақын болу”, “жақындау” мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал…

Құрметті мұсылман бауырлар мен отандастар! Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла Тағала қабыл етсін. Әрбір отбасына бақыт, береке қонғай! Көп ұлт пен ұлысты Отанымызға бірлік пен ынтымақ бергей!

Жаратушы Иеміз сүйікті Қазақстанымыз бен ел қамында жүрген Елбасымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауызбірлігін арттыра бергей! Әмин!”. Авторы: Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти:

ALASHAINASY.KZ. “Мұнайды ұқсатып пайдалану немесе өз даму жолында Қазақстан қандай үлгіге жүгіне алады?”. “Әңгіме мұнай саласына ойысқанда, біздің көз алдымызға “мұнай қарғысы”, “ресурстық қарғыс” деген ұғымдар келе қалады. Алайда, расын айту керек, ұлттық экономикаларға көмірсутегінің үлкен қоры кері, зиянды әсерін тигізеді деген артықтау әңгіме. Канада, Норвегия, Австралия секілді шикізаттық елдердің мұнайдың игілігін көріп отырған табысты мемлекеттер екенін білеміз. Демек, мұнай – халықтың игілігі. Мәселе тек оны ұқсатып пайдалана білуге келіп тіреледі.

Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасы:

Бұл арада Қазақстанға тоқталсақ, онда елімізді дұрыс бағытпен келе жатыр деп айтуға болады. ХХ ғасырдың 50-70 жылдары Норвегия жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейі бойынша Еуропаның бірқатар елдерінен, тіпті көршілері – Дания мен Швециядан да көш кейін еді, қазір бұл ел дәл осы көрсеткіш бойынша әлемде үшінші орын алады. Норвегия – әл-ауқаттылыққа әсер ететін: жоғары сапалы білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету секілді жайттарды қарастыратын ерекше скандинавиялық үлгіні жасады. Мұнай-газ секторы болса, экономиканы жаңғырту кезінде негізгі рөл ойнады. Міне, дәл осы жайт төңірегінде Қазақстан мен Норвегияның арасында ұқсастық түзуге болады…”.

ZHASALASH.KZ. “Ұлтқа, тiлге жаны ашымайтын жазушылар одағы қажет пе?”. “Президент әкiмшiлiгiне, үкiметке және Қазақстан қаламгерлерiне ашық хат

Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан ОРАЗАЛИН “Қазақ әдебиетi” (29.10.2010 ж.) газетiнде жариялаған “Ақиқатты бұрмалау – арға сын” атты мақаласында одақ жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлгенiн айта келiп, осы өзгертiлген жарғыдағы “құрметтi төраға” туралы “жалған ақпарат таратты” деп есiмдерi ел аузында жүрген ақын-жазушылар Төлен ӘБДIКОВ, Мұхтар ШАХАНОВ, Дулат ИСАБЕКОВтерге кiнә артты. Мәселе мәнiне бармас бұрын әуелi одақ жарғысына өзгерiстер енгiзiлгенi туралы Н.Оразалиннiң жоғарыда бiз тiлге тиек еткен мақаласынан үзiндi келтiре кетейiк….

Бұл үшiн, бiрiншiден, 22 қыркүйектегi конференцияның “құрметтi төраға” лауазымын енгiзу және съездiң өткiзiлу мерзiмiн ұзарту жайындағы шешiмдерiн заңсыз деп тануымыз керек. Өйткенi жарғылық өзгерiстер тек съезде жасалуға тиiс. Екiншiден, осы ашық хатқа қол қоюшылар мен Президент әкiмшiлiгiнiң, Үкiметтiң өзара келiсiлген шешiмiмен шұғыл түрде тәуелсiз комиссия құрылып, болашақ съезге ол тарапынан одақтың күллi дүние-мүлкiн, қаржы-қаражатын, шаруашылық жұмыстарын сараптауы, арнайы баяндама әзiрлену керек. Одақтың басшылығы, барлық қызметкерлерi тәуелсiз комиссияның жұмысына еш кедергi келтiрмей, жұмыс iстеуiне жағдай жасап, тиiстi құжаттар мен материалдарды және сұралған анықтамаларды берiп отыруға мiндеттi. Аталған баяндаманы арнайы шақырылатын съездегi немесе басқа өкiлеттi жиналыстағы талқылауға дейiн алдын ала танысулары үшiн, жазушыларға жазбаша түрде ұсыну қажет.

Республика қаламгерлерiн екi топқа бөлген бұл мәселелердi қарау үшiн Қазақстан Жазушылар одағының кезектен тыс съезiн немесе кеңейтiлген пленумын шақыруды талап етемiз.

Жазушылар одағында қалыптасқан өте күрделi ахуалды жазушылардың өздерi еркiн пiкiрлесу арқылы әдiлдiкке көз жеткiзе отырып шешуiне Президент әкiмшiлiгi де, Үкiмет те қамқорлық көрсетер, әдеби шенеунiк-қаламгерлердiң ескi дағдымен, бұра тартуларына жол бергiзбес деп сенемiз”.

Дулат ИСАБЕКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; Төлен ӘБДIКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; Мұхтар ШАХАНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстанның халық жазушысы;Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстанның халық жазушысы…

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...