«Қазақтың табиғатында бұрын болған адалдықты алаяқтық пен пайдакүнемдiк басып тастаған сияқты. Әдiлеттi қоғам құру үшiн ең алдымен адалдықты қалыптастырып, таза жүйе орнату керек»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 12 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Әділет органы «журналистердің кесірінен» беделі түскенін айтады”. “Қарашаның 11-і күні баспасөз мәслихатын өткізген әділет министрінің орынбасары мен қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы БАҚ өкілдерінің кесірінен беделдері түсіп кеткенін мәлімдеді. Ал Көкшетауда сотталушылардың арыз-шағымы бойынша сот басталғанмен жәбірленушілерге қысым көрсету күшейген…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ, Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

Марғұлан Сейсембаев “президентке адал екенін” дәлелдеуге келіпті”. “…2009 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген “Альянс банк” АҚ-ының бұрынғы басшысы Марғұлан СЕЙСЕМБАЕВ Қазақстанға өткен айдың аяғында оралған болатын. Келген бойда ақпарат құралдарына мәлімдеме таратып та үлгерген ол елге оралуының себебін қарашаның 11-і күні көптің алдында тағы бір мәрте қайталады.

— Мен, “Альянс Банк” АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Марғұлан Қалиұлы Сейсембаев осы жылдың 25-ші қазанында Қазақстанға өз еркіммен оралдым және банктің акционерлері мен менеджерлеріне қарсы қозғалған қылмыстық істі тергеу амалдарына көмектесуге әзірмін. Шындықты анықтау үшін маған тағылған айып бойынша жауап беруге дайынмын, — деп жариялады кәсіпкер. Дегенмен Марғұлан Сейсембаев өзіне тағылған кінәні мойындамайтын көрінеді. Ол акциясының басым бөлігі мемлекетке тиесілі банктің ақшасынан бір тиын да ұрламағанын, оған қатысты айтылған айыптардың бәрі негізсіз деп бағалады…”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Қала ішінде мал сойылмайды”. “Астана әкімдігінің шешімімен биыл Құрбан айт кезінде қаланың ішінде құрбандыққа шалынатын мал сойылмайтын болды.

Құрбан айтқа мал сойып, садақа беретіндерге әкімшілік қаладан жиырма шақырым жердегі “Алтын таға” ет базарын белгілеп беріпті. Құрбандыққа шалынған малдың етін тарату үшін қаладағы барлық мешіттерден арнайы автокөліктер бөлінетін болады. Астана қаласының санэпидемқадағалау басқармасының директоры Жандарбек Бекшиннің мәлімдеуінше, “Алтын таға” ет базарында қасап жасап, құрбандық шалушыларға санитарлық жағынан барлық жағдай жасалынған. Оның үстіне базарда сырттан әкелінетін мал етін тексеретін ветеринарлық қызмет жұмыс істейді. Мұндай шара қала тазалығына қатысты жасалып отырғаны белгілі…

Діни мереке үш күнге созылады, бірақ оның алғашқы күні ғана жұмыс күні емес. Сондықтан жұмыс істейтіндерге Құрбан айттың алғашқы күні құрбандық шалғандары ыңғайлы болады”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

EGEMEN.KZ. “Билік пен бизнес серіктестігінің үздік үлгісі”. “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ (ҚМГ БӨ) қызметінің басым бағытының бірі – өзі қызмет ететін аймақтардағы тұрғындарға жағдай жасау.

Атырау облысы Мақат ауданындағы қоры таусыла бастаған мұнай кен орындарына жақын орналасқан Комсомол, Қошқар және Бек-Бике ауылдарында тұратын 211 отбасы облыс әкімдігінің бастамасымен Атырау қаласындағы және оған іргелес орналасқан аудан орталығы – Махамбет ауылындағы барлық тиісті инфрақұрылыммен қамтылған жаңа үйлерге қоныс аударды. Айта кету керек, елімізде мұндай кең көлемдегі қоныс аудару көптен бері болған емес…

ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ әлеуметтік жауапкершілігі зор компания ретінде алдағы уақытта да әкімдікпен арадағы серіктестігі аясында өзінің әлеуметтік бағдарламаларын одан әрі дамытып, компания қызмет ететін аймақтардың тұрақты дамуына және өсіп-өркендеуіне ықпал етуге күш салмақ”. Авторы: Серік АМАНБАЕВ.

TURKYSTAN.KZ. “ҰЛТТЫҚ СОЦИАЛИЗМ”. “Ел өмiрiндегi келелi мәселелердi үнемi көтерiп жүрген «Түркiстан» газетiнiң №42 санында жарық көрген қаламгер Жұма-Назар СОМЖҮРЕКтiң «Социализмдi сағынып жүрмiн» деген көлемдi мақаласын оқып шықтым. Иә, жазушы қауымы қашанда халық мүддесiн бәрiнен биiк қояды. Социализм дегенiмiз кеңестiк жүйеге қайта оралу деген сөз емес. Жапон тiлiнiң маманы ретiнде осы тақырыпқа қатысты менiң де айтарым бар.

«Капитализм ұлттың түбiне жететiн болды, басқа бiр жаңа жүйе құрайық» деген идеяны жапон ойшылдарының арасынан алғашқы болып Накано КОУДЖИ көтерген болатын. 1980 жылдары Жапонияның баспасөз беттерiнде қаламгердiң «бiздiң қоғам құлдырап барады, материалдық байлық қарапайым халықты бақытқа жеткiзбейдi. Сондықтан ежелгi пролетарлық жүйеге көшейiк» деген идеяларды айтқан мақалалары жиi жарық көрдi. Наканоның «Сэйхинношисоу» (Пролетариат толғамдары) деп аталатын кiтабы 1992 жылы жарық көргенде бүкiл жапон қоғамы дүр сiлкiнген болатын. Наканоның «ежелгi пролетарлық жүйе» деуiнде терең тарихи мән бар. Пролетариат идеясы Маркс, Энгельс, Ленин еңбектерiнен басталады десек қателесемiз. Ежелгi Рим мемлекетiнде пролетариат деп еңбек иелерiн атаған. «Пролетар» сөзi ең алғаш Туллия патшасына қатысты деректерде кездеседi. Жапон жазушысы кiтабында капитализмды қатты сынаған….

Рас, қазақ қоғамында дiнiмiзге оралу, тiлiмiздi жаңғырту, салт-дәстүрдi ұстану тұрғысынан көптеген iстер көрiнiс беруде. Бiрақ адам азған ортада, адалдық жоқ жерде жақсы iс өз нәтижесiн бередi деп айту қиын. Социализм кезiнде болмаған туысқанының үйiн тартып алу, аяусыз қанау сияқты озбырлықты қазақ өзгеден емес, өз қандасынан көрiп отырғаны тағы шындық. Қазақты қазақ қанап жатқандығы ақиқат. Жан Жак РУССО «Табиғатқа оралу» идеясында «Экологиялық дағдарыс табиғатты интенсивтi меңгеруден пайда болған. Ендiгi жерде табиғатты экстенсивтi игеру қажет» деген екен. Жерiмiздегi байлықты шетелдiктер рұқсатсыз тартып алған жоқ. Оларға ерiк берiп, төбемiзге шығарып, қарап отырған өзiмiз. «Осал кiнәнi өзгеден iздейдi» дегендей, қандай жағдай болса да себебiн бөтеннен көрудi әдетке айналдырып алдық. «Жерiн жауға таптатпаған бабалардың мықты рухын-ай!» дейсiң осындайда. Бiз көшпендiлер философиясын ұстана алмаспыз. Бiрақ қалай болғанда да ұлттық социум, қазақ қоғамы деп аталатын жүйе қалыптастыру қажет (қазiргi жүйеге қазақ деген сөздi қосу ұят)…

«Социализмдi сағынып жүрмiн» деген мақаланың авторы Ж.Сомжүрек: «Доктор ғалымдарымыз ғылыми ойларын, пiкiрлерiн айтсын» деген ұсыныс тастапты. Менiңше, ұсыныс-пiкiрдi қарапайым оқырмандардан, жай халықтан күту керек. Себебi, бiздегi ғылым жүйесiнiң өзi алақолдардың ұясына айналған. Егер социализм заманында елiмiзде бес-алты академик болса, капиталистiк қоғамда бес қабатты үйдiң әр подъезiне бiр-бiр академиктен келедi. Сәл-пәл әсiрелеп айтқаным ғой. Әйтпесе, «бiзде орнықты ой айтар ғалым жоқ» деген сөз емес. ЖОО-дағы капиталистiк елдерден көшiрiп алынған магистратура мен аспирантурадан басталатын ғылыми жүйедегi iшкi былықты көзбен көрген соң айтып отырмыз. Алаяқтығымен талайды сансоқтырып жүрген бiр әйел «Шәкәрiм Құдайбердиев философиясынан» доктор атанды. Қор болған Шәкәрiм деңiз. Жалаңаш клип түсiрген әншiнiң «Ақын-жыраулар мұрасынан» диссертация қорғағаны тәрiздi мысалдарды көптеп тiзуге болады. Сондайларды қорғатқан ғалымдар әдiлеттi қоғам туралы ой айтпақ па? Ж.Сомжүрек ағамыз «қазақтың табиғатында бұрыннан бар қауымшылдық» деп, социализм тақырыбын кеңiнен қозғаған. Қазақтың табиғатында бұрын болған адалдықты алаяқтық пен пайдакүнемдiк басып тастаған сияқты. Әдiлеттi қоғам құру үшiн ең алдымен адалдықты қалыптастырып, таза жүйе орнату керек”. Авторы: Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА, халықаралық журналист.

ABAI.KZ. “Жазушылар одағы: pro & contra”. “Ұлтқа, тiлге жаны ашымайтын жазушылар одағы қажет пе? Президент әкiмшiлiгiне, үкiметке және Қазақстан қаламгерлерiне ашық хат

Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан ОРАЗАЛИН “Қазақ әдебиетi” (29.10.2010 ж.) газетiнде жариялаған “Ақиқатты бұрмалау — арға сын” атты мақаласында одақ жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлгенiн айта келiп, осы өзгертiлген жарғыдағы “құрметтi төраға” туралы “жалған ақпарат таратты” деп есiмдерi ел аузында жүрген ақын-жазушылар Төлен Әбдiков, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабековтерге кiнә артты…

Республика қаламгерлерiн екi топқа бөлген бұл мәселелердi қарау үшiн Қазақстан Жазушылар одағының кезектен тыс съезiн немесе кеңейтiлген пленумын шақыруды талап етемiз. Жазушылар одағында қалыптасқан өте күрделi ахуалды жазушылардың өздерi еркiн пiкiрлесу арқылы әдiлдiкке көз жеткiзе отырып шешуiне Президент әкiмшiлiгi де, Үкiмет те қамқорлық көрсетер, әдеби шенеунiк-қаламгерлердiң ескi дағдымен, бұра тартуларына жол бергiзбес деп сенемiз”. Дулат ИСАБЕКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; Төлен ӘБДIКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; Мұхтар ШАХАНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстанның халық жазушысы;Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстанның халық жазушысы...

Ақиқатты бұрмалау — арға сын

Биылғы жылғы қыркүйектiң 21-22-жұлдызында Қазақстан Жазушылар одағының және одақ құрылтайшылығындағы әдеби басылымдар — «Қазақ әдебиетi» газетi мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарының 75 жылдық мерейтойы Алматы қаласында кеңiнен аталып өткенi баршаға мәлiм.

Бiрiншi күнi Абай атындағы академиялық Опера және балет театрында ел зиялыларының, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтардың, Алматыда, Астанада және аймақтарда тұратын қаламгерлердiң қатысуымен Салтанатты жиын (мерекелiк пленум) болды…

Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерi Мұхтар ШАХАНОВ пен Дулат ИСАБЕКОВ, өкiнiшке қарай, оқырман мен көрермендi адастыратын жалған ақпарат таратты. Өздерi қатыспаған жиынға сырттай тон пiшiп, өздерi байыбына жетпеген әңгiменiң көрiгiн үрледi. Байбалам салды. Жарғыда атымен жоқ «мәңгiлiк төраға» деген аңызды ойлап тауып, қауесеттiң өртiн қаулатты. Конференцияда ешқандай төраға да, құрметтi төраға да, «мәңгiлiк төраға» да сайланған жоқ. Дардай бастарымен жоқты бардай қып айтып, жалған ақпарат таратқан әрiптестерiмiз әуелi жарғыны қабылдауға бiрауыздан дауыс берген делегат-әрiптестерiнiң алдында не дейтiндерiн, сонан соң қалың оқырмандарының алдында қалай жауап беру керек екенiн ойланды ма екен?! Әзiрге бұл сауалдардың жауабын әрiптестерiмiздiң өз арына жүктедiк. Ел алдында жүрген қаламгерлер ғой, байыбына жетiп, байсалды сөзге жүгiнiп, «адасқанның — алды жөн, арты — соқпақ…» дейтiн ұлы Абайдың даналық-уәжiне тоқтап, конференция делегаттары мен ұйым басшылығынан кешiрiм сұрауға ерлiктерi жетер деп ойлаймыз.

Ақиқатты бұрмалау — арға сын!

Кез келген ақпарат құралдарының артында мыңдаған, жүз мыңдаған көрермен мен оқырман тұрғанын ескере отырып, кез келген тұлғаның қалың жұртшылыққа бағыттайтын сөзiне үлкен жауапкершiлiкпен қарағаны ләзiм. Ал нақақ жала жабудың, жалған қауесет таратудың жауапкершiлiгi заңда нақтылы қарастырылған…

Жазушылар одағы — ешкiмнiң жеке меншiк ұйымы емес. Бұл — қазақ руханиятының қара шаңырағы, ұлттық тұтастығымыздың ұйытқысы”. Авторы: Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты (“Жас Алаш” газеті).

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...