«Құрбан айт құтты болсын!». «Мұнай бағасының 80 доллар мөлшерi негiзге алынуы тиiс». «Санақтың соңғы қорытындысы бойынша қазақтың үлесі — 63,9 пайыз. Қазақстандағы барлық халықтың саны — 16 миллион 9 мың 600 адам»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 15 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Санақтың соңғы қорытындысы бойынша қазақтың үлесі — 63,9 пайыз”. “Қарашаның 12-сі күні Астанада, статистика агенттігі 2009 жылы жүргізілген жалпы ұлттық екінші халық санағының түпкілікті қорытындысын жариялады. Ресми мәлімет бойынша Қазақстандағы барлық халықтың саны — 16 миллион 9 мың 600 адам. Ресми органның мәліметіне сүйенсек, 2009 жылғы санақтың қорытындысы бойынша қазақтардың үлесі 63,1 пайызды құраған. Содан бергі бір жылғы өсімді есепке алғанда 63,9 пайызға жетіп отыр. Алғашқы бетте қазақтардың үлесі 67 пайызға дейін жетті деген бейресми мәлімет тараған болатын. Әлихан СМАЙЫЛОВ ондай қате деректердің тарауына агенттіктің бұрынғы басшылығын кінәлайды…”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

Мемтапсырысты талқылағандар тоқтамға келмей тарқады”. “Қарашаның 12-сі күні Қазақстан баспасөз клубы ІІІ медиа құрылтай аясында “Қазақстандағы БАҚ бәсекеге қабілетті ме?” атты тақырыпта мамандар арасында ток-шоу ұйымдастырды. Бұл ток-шоуда мемлекеттік тапсырыс мәселесі талқыға тартылды. Ток-шоуға заң шығарушы, атқарушы орган, түрлі БАҚ өкілдері мен сарапшылар қатысты. Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы БАҚ барған сайын тұтынушыларынан айрылып барады. Деректер бойынша, Қазақстан тұрғындарының 50 пайыздан астамы Ресейдің, болмаса, шетелдің ақпарат құралдарының өнімін тұтынады….

Бір жарым сағатқа созылған пікірталаста мамандар қандай да бір қорытындыға келді деп айту қиын. Жиынның сарапшылары біржақты көзқарас ұстанған жоқ. “Мемлекеттік тапсырыс керек, бірақ ол балалар, спорт сияқты демеушілері жоқ қоғамдық салалардың мәселесін көтеруге жұмсалуы қажет” деген пікірде болды. Олардың пікірінше, мемлекеттік тапсырысты бірден емес, біртіндеп қысқарту қажет. Мемлекеттің тапсырыс беру арқылы медианарықты бақылауға тырысуы қате екенін ескертіп, тапсырыссыз-ақ күн көріп жүрген тәуелсіз басылымдарға кедергі келтірмеу қажет десті”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Түркіменстан мен Қазақстандағы жағымпаз “ақсақалдар”. “Түркіменстан басшысын өмірлік президент ету жайында кезекті ұсыныс жасалды. Қазақстанда да осындай мәлімдемелер айтылып жүр. Екі елде де бұндай идеяларды жұртшылық ақсақалдардан естіп отыр…. 1990 жылдардың басында елдің сол кездегі президенті Сапармұрат НИЯЗОВ “Түркіменстан халқын электр қуатымен, газбен және сумен тегін қамтамасыз ету туралы” қаулы қабылдады. Сол кезден бастап “түркімендердің жұмағы туралы ертегі” әлемді кезіп кетті. Айына әр адамға 25 киловатт-сағат электр қуатын, 50 куб метр сығылған табиғи газ (бір отбасына бір баллон), тәулігіне 250 литр су тегін берілетін болды…”. Авторы: Дерия АТАБАЕВ.

AIKYN.KZ. “Он миллионнан асып, Ордалы елге айналдық!”. “Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан СМАЙЫЛОВ көптен күткен ІІ жалпыұлттық халық санағының қорытындысын жариялап, биылғы жылдың 1-қазанындағы дерек бойынша республика халқының саны өткен жылғы санақ қорытындысын қоса есептегенде 16372 мың адамды құрағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстандағы қазақтардың саны 10458 мың адамға жетіп, жалпы, халық үлесінің 63,9%-на сәйкес келген. Бұған дейінгі “Қазақтардың саны 67%-ға жетті” деген ақпараттың расталмағанын ашып айтқан агенттік төрағасы: “Әу баста қазақтардың саны 65 — 67% деген мәлімет таратылды. Бұл — дұрыс емес. Неге десеңіздер, санақтың қорытындысын шығармай, санақтың дерек қорын өңдемей, санақтың қорытындысын жариялауға болмайды. Бұл — Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымының қателігі. Ђңдеу жұмыстары енді ғана аяқталды. Нақты мәлімет бойынша, Қазақстандағы қазақтардың үлесі — 63,9%. Осы санға сену керек”, — деді. Санақаралық кезең ішінде ел халқының саны 1028,3 мың адамға артып, осыдан 10 жыл бұрынғы санақпен салыстырғанда 6,9% өсімді көрсеткен. Оның ішінде қала халқының саны — 8662,4 мың, ауыл халқы — 7347, 2 мың адамға пара-пар болған. Нәтижесінде қала халқының үлесі — 54,1%, ауыл халқының үлесі — 45,9%-ға тұрақтаған. Ал еліміздегі ерлер саны — 7712,2 мың, әйелдер саны — 8297,4 мың адамды құрап, 1999 жылғы санақпен салыстырғанда бөріктілер — 6,9%, көріктілер — 6,8%-ға көбейген.

Олардың санының ара қатынасы әрбір 1000 әйелге 929 ер адамнан келген. “Санақ барысында отандастарымыз түгел қамтылды ма, қалып қойғандар болған жоқ па?” деген журналистердің сауалына Әлихан Смайыл: “Санақ деген өте үлкен жұмыс. Ол кемшіліксіз болмайды. Халықаралық тәжірибеде жалпы халық санының 3 % санаққа ілінбесе, санақ нәтижесі дұрыс деп қабылданады. Бізде бар мәлімет бойынша, еліміздегі жалпыұлттық санаққа бүкіл халықтың 1-ақ % ғана алынбай қалды. Бұл — 160 мың адам деген сөз. Ескерте кетейін, біз бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқпыз. Есепке алынбағандарды санақ қорытындысына қостық”, деп жауап берді. Еліміздегі жекелеген этностардың өзгерісіне келетін болсақ, өзбектер — 23,3%-ға өсіп, 457,0 мың, ұйғырлар — 6,8%-ға өсіп, 224,7 мың, орыстар — 15,3% -ға азайып, 3793,8 мың, немістер — 49,5%-ға азайып, 178,4 мың, украиндар — 39,1%-ға азайып, 333,0 мың, татарлар — 18,0%-ға азайып, 204,2 мың, басқа этностар — 4,8%-ға азайып, 721,7 мың адамды құраған. Мұның ішінде ҚР азаматтары — 99,0 %, басқа мемлекеттердің азаматтары — 0,6 % және 0,4 % азаматтығы жоқтардың санатында….. “…Бұл қорытынды — соңғы қорытынды”, деді”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ, Астана.

Салық салып, халықтың санын көбейте аламыз ба?”. “Қазақстанда халық санының өсуі үшін дүниеге сәби әкелмегендерге және отыз жасқа дейін үйленбей, соқа бастарын алып жүрген сүрбойдақтарға салық салу керек, деген пікірмен Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ келіспейтіндігін айтты.

Орталық Азия университетінің ректоры, демограф-ғалым Мақаш ТӘТІМОВтің пікірінше, балалары жоқтарға және 25-30 жас аралығындағы үйленбей жүрген қыздарға салық салу керек, бұл — Қазақстанда халық санының өсуіне ықпал ететін болады деген. Демограф Қазақстанның солтүстік облыстарындағы халық санының өсімі баяулап бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Кеңес өкіметінің тұсында, Сталин басқарып тұрған соғыстан кейінгі кездерде халық санын өсіру керек болды. Сол заманда некеге тұрмағандарға және баласы жоқтарға салынатын салықтың екі түрі болған. Салықтың бұл түрі бертінге дейін сүрбойдақтардан алынып келді. Мақаш Тәтімовтің айтуынша, салықтың көлемі аз болғанмен, психологиялық жағынан қатты әсер ететін көрінеді. Сондықтан адамдар бұған назар аударатыны сөзсіз. Денсаулығына байланысты бала көтере алмайтындардың жөні бір бөлек, ал мүлде үйленбейтіндер, бала туғысы келмейтіндер айына бес мың теңге салық төлеп отырса, ойланады ғой. Оның үстіне “көгілдірлер” сияқты немесе керісінше, бір жынысты адамдардың қосылуы сияқты қоғамда ауытқушылықтар пайда болды. Бұлар да дүниеге бала әкелмейді. Бұл — демограф-ғалымның жеке пікірі. Ал салық салу туралы құжаттарды дайындап, Парламентке ұсыныс жасайтын тиісті органдар бұл туралы ешқандай мәселе көтерген жоқ….”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН .

Шетелде жүрген талантты ғалымдар Қазақстанға қайтуы керек”. “Қазақ елі кезінде тентіреп, жұмыс іздеп, жатжұрттарға кетіп қалған ғалымдарымызды Отанға қайтаруға шындап кіріспек. Бұл жаңалықты кеше Жоғарғы палатада Білім және ғылым министрі Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ жария етті.

Ол өздерінің арнайы бағдарлама әзірлеп, Үкіметке енгізетіндерін жеткізді. “Бүгінде ғалымдарды, әсіресе, талантты ғалымдарды Қазақстанға оралту мәселесі пысықталуда, — деп құлақтандырды сенаторларды министр мырза. — Біз шетелде жұмыс істейтін қазақстандық ең талантты ғалымдардың тізімін құрдық, оған 125 тұлға кірді. Қандай да бір себептермен, әртүрлі жылдарда жатжұрттарда қалып қойған өзіміздің белгілі ғалымдарымызды қайтару жөніндегі арнайы бағдарламаны біз Үкіметке енгізуге дайындалып жатырмыз”.

Білім және ғылым министрі Қазақ елінің “ақыл-ойдың дағдарысы” деп аталатын кері құбылысты тоқтатуға енді қауқары жететіндігін айтты. Елімізде интеллектуалдық әлеуетті сақтау үшін жағдайлар жасалуда. Атап айтқанда, “Назарбаев Университеті” АҚШ-тағы “Силикон алқабының” баламасына айналдыру көзделуде екен. Бұл ғылым мен білім ордасының айрықша салықтық жеңілдіктер мен преференциялар жүйесі әрекет ететін төл еркін экономикалық аймағы болады. — Соңғы уақытта Қазақстаннан “интеллектуалдық меншіктің” кетуі тиылып келеді, — деді министр Бақытжан Жұмағұлов….”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

EGEMEN.KZ. “АЗИАДА – 2011: Бізге – бедел, басқаға – бәсеке!”. “Қысқы Азия ойындары біз үшін жаңа жылдың ең басты, ең қуанышты оқиғасы болатыны даусыз. Өйткені, Еуразияның жүрегіндегі Қазақ елінде тұңғыш рет өткелі отырған әлемдік деңгейдегі спорт додасы біз үшін үлкен бедел, зор мәртебе екені белгілі. Алайда, спорт мерекесінің болатын күні жақындаған сайын, сан-түрлі сауалдар да туындап жатыр. Мәселен: “Бұл Азиаданың басты жаңалығы неде?”, “Дүбірлі додаға қанша қаражат жұмсаймыз?”, “Ақ Азиада бізге не береді?” деген сауалдарға қысқаша жауап іздеп көрелік…

Сөзімізді түйіндейтін болсақ, әлемдік деңгейдегі спорт додасы тәуелсіз Қазақстан үшін зор мәртебе екені сөзсіз. Бұл – егемен елдің, жаңашыл жұрттың өсіп-өркендеуіндегі жаңа белесі. Сонымен қоса, қонақжай қазақ үшін де, спортшы қауымы үшін де үлкен сын, жоғары жауапкершілік. Өйткені, алдын-ала жасалған болжамға сүйенсек, Азия құрлығындағы 45 мемлекеттің 30-дан астамы Азиадаға толық қатысатындықтарын мақұлдады. Мұндай жарыстардың бағдарламасына сәйкес, 11 спорт түрі бойынша 69 жарыс өткізіліп, 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Соның ішінде, Қазақстан да спорттың 11 түрінен 169 спортшысымен сынға түсіп, бақ сынайды. Олай болса, көк байрағымыз көкте желбірейтін дүбірлі додада спортшыларымыздың маңдайы жарқырап, жүлделі болсын деп тілейік!”. Авторы: Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.

DMK.KZ. “Құрбан айт құтты болсын!”. “…Бұл күн – халқымыз үшін ырыс пен берекенің бастауы. Құрбан – араб тілінде “жақындау” дегенді білдіреді. Яғни, бұл дүниеде жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Жаратушы Аллаға жақындай түсу деген сөз.

Қазақы түсінікте бұл күн ағайын-туыс, берісі көршіңмен, арысы адамзат баласымен бауыр болып, тіріге береке тілеп, өліге иман келтіретін сауапты күн. Иман – әділетті, мейірімді һәм берекелі қоғамның ұйытқысы.

Биылғы жыл – Қазақ елі үшін айтулы, жауапты жыл болып тұр. Қай заманда да ел амандығын, адамзат тыныштығын ту еткен халқымыз төрткүл дүниенің ұйытқысы болып, жер бетіндегі тыныштықтың кепілі – бірлік пен ынтымақ екенін паш етпек.

Құрбан айттың соңынан күллі әлем көз тіккен халықаралық аса беделді ұйым – Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастық ұйымының Саммиті өткізілмекші. Желтоқсанның 1-2 күні елордамыз Астанаға 55 мемлекеттің басшылары жиналып, мәңгілік бейбітшілік ұстанымына бәтуаласпақ. Астана Саммиті – Қазақстанның халықаралық аренадағы абырой, беделінің даусыз дәлелі. Бұл – бейбітшілік жолындағы қолға алған істі баянды етуге бел шеше кірісетін ұлтымыздың ұлылығын әйгілейтін тарихи іс. Ендеше, осынау ақ ниет, адал пейілімізді Алла қабыл етсін деп тілейік ағайын!

Ырыс пен дәулеттің бастау бұлағы – Құрбан айт мерекесі құтты болсын!”.

МҰНАЙ БАҒАСЫНЫҢ 80 ДОЛЛАР МӨЛШЕРI НЕГIЗГЕ АЛЫНУЫ ТИIС”. “Бюджет – болжамды көрсеткіштерді заңдастыратын құжат. Сондықтан да, оның белгіленген мерзімдер арасында қайта қаралып, түзетулер енгізіліп жататын жағдай кездесе береді. Десек те, түзетулердің тым ауқымды болуы біліктілікке сын. Айталық, үш жылдық бюджетіміз бекітілгенде оның бірінші жылындағы кіріс 4 трл. 49 миллиард, екінші жылындағы кіріс – 4 трл. 373 миллиард, соңғы жылындағы түсім – 4 трл. 779 миллиард теңге болады деп көрсетілген. Біздің болжауымызша бұл алда мол сомалы өзгеріс енгізілетін құжат болып тұр. Өйткені, үш жылдық бюджетте түсімнің негізгі бөлігін құрайтын мұнай бареллінің әлемдік рыноктағы 65 долларлық межесі негізге алынған. Ресей Федерациясы да таяуда өздерінің үш жылдық бюджетіне өзгеріс енгізіп, мұнай бареллінің бағасы 75 доллар болатынын негізе алды. Біз мұны да “арық айтып, семіз шығудың” бір белгісі ретінде қабылдаймыз. Әйтпесе, қазірдің өзінде 88,5 доллардан асып кеткен мұнай бареллінің бағасы таяудағы 3 жылда бұдан төмендемек түгіл, әлде қайда мол өсімге ұмтылатынын әлемдік сарапшылар мойындап үлгерді. Ал біз болсақ, мұнайдың бареллі биылдың өзінде 90 доллардан асып, келесі жылы бұл бағаның өсімі ең кемі 10 пайызды құрайды деген пікірдеміз. Сондықтан да, Қазақстан бюджетін жасаушылар алдағы 3 жылда мұнай бареллі 80 доллар болады деген межені ұстанса да ұтылмайды. Ойымызды дәлелдейік…

… Біздің пайымдауымызша әлемдік экономиканың ұзақ мерзімді сенімді дамуы – халықаралық қаржы жүйесіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ ұсынған қажетті де өміршең өзгерістерді енгізбейінше мүмкін емес. Ал, әлемдік валюталарды Дүниежүзілік банк жетекшісінің ұсынғанындай алтынмен шендестіру – ақиқатқа айналмайтын бос қиял ғана. Өйткені, тек АҚШ мемлекетінің өзі ғана долларды алтынмен қамтамасыз ету үшін дүниежүзінің қазір қолында бар алтынын жинаса да жетпейді. Міне, жағдай осылай болып тұрғанында таяудағы 3 жылдың қарқынды дамуына жағдай жасап, содан кейін дүниежүзілік қаржы-экономика жүйесіндегі ақиқаттарға қарап, бағдарымызды айқындай жатармыз. Солай ағайын!”,– деп белгіледі Жұмабек ЖАНДIЛДИН.

ABAI.KZ. “Дулат Исабеков: “Жазушы болмасам, етік тігер едім”. “- Осы сіз қатарлы жазушыларды қазір халық жақсы таниды, бірақ бұл бедел қазіргі еңбектеріңізден гөрі, бұрынғы жазғандарыңызға көбірек байланысты сияқты. Ал қазіргі жастарға қалам сілтеу арқылы халық арасында айтарлықтай бедел жинау мүмкін нәрсе ме?

Мүмкін деп ойлаймын. Егер заманына сай, озық үлгідегі шығармалар жазатын болса, ол міндетті түрде халықты елең еткізеді. Ешбір дамыл алмай еңбек етсе, тобырдың арасынан суырылып шығуға болады. Ондай адамға заман кедергі келтіре алмайды. Бірақ сондай жастарды мен көп көріп жүрмін деп айта алмаймын. Біздің кезімізде де жазатындар көп болды. Бірақ солардың арасынан Оралхандар секілді алғашқы шығармасымен-ақ жарқ етіп шыққандар халықты дарынымен мойындатқан еді.

— Қазіргі жазушылар тек қана ашықхаттарға қол қоюмен ғана шектеліп қалатын, билікке ешбір сөзін өткізе алмайтын әлжуаз күшке айналып кеткен жоқ па?

Жазушылар әлжуаз күшке өздігінен айналған жоқ, оны айналдырды. Бұл екеуі — екі бөлек ұғым. Мен билікті ғана айтып отырған жоқпын, оған әсер еткен факторлар көп. Қазір жазушылардың арасында билікке сөзі өтетін адам қалмады.

— Дегенмен қазіргі өзіміздің билікті Кеңес үкіметімен салыстырсақ, арасы жер мен көктей ғой. Сол замандағыдай қысым болмаса да, жазушылардың салмағы неге жеңілдеп кетті?

Иә, рас. Кеңестік кезеңде қысым күшті болды. Бірақ ол кезде жазушының оқырманы бар еді. “Сөз өзгерді, тыңдаушы, сен де өзгер” деген тіркес қазіргі заманда жүрмей қалды. Сөз өзгерді, сөз түзелді, бірақ тыңдаушымыз қалыс қалды…”. Сұхбаттасқан Сәкен КӨКЕНОВ, “Алаш айнасы” газеті.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...