«Байқоңыр: Қазақстан азаматтары әкімшілік тәртібіне наразылық білдірді». «Қазақстан үшін қолайлы сәт туып тұр». «Қазiргi қаламгерлердiң алдында екi жол тұр». «Қазақтың санын көбейту үшiн қайта санақ жүргiзу қажет пе?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 17 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Құрбан айттан президентке дейін”. “Қарашаның 16-ы Қазақстанның мұсылман халқы Құрбан Айт мейрамын тойлап жатыр. Тарихы Ибраһим пайғамбардан бастау алатын құрбан шалу рәсімінен бөлек Алматы мен Астанада соңғы бірнеше жыл ішінде тағы бір жаңа дәстүр пайда болған сияқты. Ол орталық мешітте президент Назарбаевты күту деп аталады. … Расында да президент келгенше Орталық мешіт үш сағат бойы ғибадат жасай алмай тұрып қалды емес пе?…”. Авторы: Бәзілхан ЖҰМАБАЙ. (Бәзілхан Жұмабай — Алматыда тұратын журналистің лақап аты. Бұл мақалада жазылған оның жеке көзқарасы мен пікірі Азаттық радиосы редакциясының ұстанымымен сай келмеуі мүмкін).

Байқоңыр: Қазақстан азаматтары әкімшілік тәртібіне наразылық білдірді”. “Байқоңырдағы Қазақстан азаматтары қаланы басқаратын әкімшілік орнатқан ережеге наразылық білдірді. Қарашаның екінші аптасында болған оқиға жайында әзірге ресми түсінік берілген жоқ. Байқоңырда тұратын Қазақстан азаматтары қалаға кіріп — шығатын бақылау пунктінің маңындағы мотовоз жүретін теміржол желісін жауып тастаған еді. Олар Байқоңыр қаласына кіріп — шығудың белгілі сағат аралығында реттелуіне қарсы. Әсіресе, қала төңірегіндегі ауыл тұрғындары қатынастың осылай шектелгеніне қатты алаңдаушылық білдіріп отыр…

Осы уақытқа дейін тұрғындар талабының негізінде жергілікті ардагерлер кеңесі осы мәселенің реттелуін сұрап “Нұр Отанның” Байқоңырдағы бөлімшесіне арыз жазған. Тұрғындардың айтуынша, әзірге жауап жоқ. Бұлай жалғаса берсе, байқоңырлықтар өз талаптарын ереуіл арқылы білдіретінін айтады.

– Жергілікті әкімшілік қанша шырылдағанмен Ресейдің әкімшілігі оларды көзіне де ілмей отыр. Мұнда осылайша Ресей заңымен өмір сүріп, Ресейдің заңына бағынып жүрміз. “Нұр Отанға” жауап беруге міндетті емеспіз” дейтіндер де бар. Қалаға депутаттар, министрлер келгенін естиміз. Облыстың әкімі келіп жатыр. Олардың кімдермен сөйлесіп жүргенін білмейміз, әйтеуір, қарапайым қазақтың жағдайын сұрап жатқан адам жоқ. Қай елдің заңымен өмір сүріп жатқанымызды білуден қалдық. Ана жерге барсаң: “Бұл – Ресей” дейді, мына жерге барсаң: “Сен – Қазақстанның азаматысың, Қазақстандікіне бар” дейді. Баратын жер жоқ болғандықтан амалсыз осы жерде жұмыс істеп келе жатырмыз, — дейді Нұржан ЕСПЕМБЕТОВ…

Мәліметтерге қарағанда, Байқоңыр тұрғындарының үштен екі бөлігін Қазақстан азаматтары құрайды”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Еңбек ауылының тұрғындары күн сәулесімен жұмыс істейтін кептіргіш пайдалануды үйренді”. “Алматы облысы Еңбек ауылының бір топ тұрғыны грант есебінен ауыл шаруашылық өнімдері өндірісін жолға қойды. Күн қуаты пайдаланылатын бұл өндіріске жұмсалатын шығын аз. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Еңбек ауылында жалпы көлемі 40 шаршы метрлік күн қуатымен жұмыс істейтін 10 секция кептіргіш орнатылды. Оларға бір мезгілде 1400 келі жеміс-жидек өнімдерін немесе 400 келі шөп салып қоюға болады. Ауыл адамдары мұнда әртүрлі дәмдеуіш қоспалар, дәрілік шөптер, құрғақ жемістер, алуан түрлі көкөністерді кептіріп, кейін сатуға шығарады.

БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшысы Гүлнәр БЕКТҰРОВАның сөзіне қарағанда, бұл жоба “Климат өзгерісі туралы” Конвенция шегінде жүзеге асып отыр. Қазақстан Конвенцияға 1995 жылы мамыр айында қосылған….”. Авторы: Елена ВЕБЕР.

AIKYN.KZ. “Қазақстан үшін қолайлы сәт туып тұр”. “Өткен апта дүниежүзілік қаржы-экономика саласында жүргендер үшін дүрбелеңге толы кезең болды. Ол дүниежүзілік банк жетекшісінің әлемдік дағдарысқа қарсы күрес шараларының бір нұсқасы ретінде әлемдік валюталарды алтынмен шендестіру қажет деген мәлімдемесіне байланысты туындады.

Осы мәлімдемеден кейін алтын, күміс және басқа да бағалы металдар құны күрт өсімге ұмтылды. Лондон қор биржасында алтынның унциясы фючерстік сатылымда 1400 доллардан асып кетті. Бұл — сары металдың бағасы 2007 жылдың тамызынан бері екі еседен астамға өскенін көрсететін нәтиже…

Әлемдік сарапшылар көмірсутектері мен өндірістік металдар бағасының бұлайша шексіз өсімге ұмтылуын аса қауіпті жағдай дейді. Олардың пікірінше, бұл өсім “натуралды-тауарлы өндірістің өсімі есебінен емес, тек қана валюталар тайталасының нәтижесінде өмірге келген ақиқат” болғандықтан да, түптің түбінде бағалардың шарықтауы шикізат экспорттайтын елдер мен аймақтар үшін ғана тиімді болып, дамыған индустриялы елдердің қайта өркендеуіне тежеуіштей әсер ететін көрінеді…

Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды, алтын бағасы қазіргі кезде қатерлі бағытта жылдамдығын өсіруде. Мұның қатерлі болатын бірнеше себебі бар. Біріншіден, өндірістік шикізаттар бағасының өсуін өзі мен компаниялардың құнды қағаздарынан алып, шикізат саудасына салуда. Ал ол түптеп келгенде эмитент компаниялардың тұралауын өмірге әкеледі. Біз үшін ең алдымен, Отанымыздың жағдайын ойлау басты міндет. Осы тұрғыдан болашаққа көз жүгіртсек, Қазақстанның жағдайы алдағы үш жыл ішінде ұдайы жақсару бағытында болатынын байқаймыз. Өйткені ең басты экспорттық тауарларымыздың бағасы осы мерзім ішінде өспесе, төмендемейді екен. Оның үстіне, Парламентіміз алтын өндірушілерден ұсталатын қосымша құнға салықты алып тастады. Демек, бағасы өсіп бара жатқан құнды металымыз ішкі рынокта қалып, еліміздегі ақша айналымын жеделдете түседі. Қысқасы, 2010-2020 жылдар аралығында еліміздің экономикасын түбегейлі өзгерту бағдарламасын жасап, жүзеге асыруға кірісіп кеткен Қазақстан үшін нағыз қолайлы сәт туып тұр, қалғаны атқарушы биліктегі лауазымды тұлғалардың білім-білігі, іскерлігі, мемлекетшілдігі секілді қасиеттеріне байланысты өріс алмақ. Біз Алладан шенеуніктеріміздің бойына осындай қасиеттерді дарыта гөр деп тілейік…”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

EGEMEN.KZ. “Бәріміздің шыққан алтын бесігіміз – ауыл”. “Мемлекет басшысы Н.НАЗАРБАЕВ сан мыңдаған ауылдан шыққан жастардың жолын ашып, білім беретін киелі  қарашаңырақ – Қазақ ұлттық аграрлық университетінде болып, оқу орнының ұжымымен және студенттерімен кездесіп, ондағы ғалымдардың аграрлық саладағы ғылыми жетістіктеріне жоғары баға берді…

Ал жастар атынан сөз алған Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА мемлекеттің, оны басқарып отырған Елбасының салиқалы саясатының арқасында кеше ғана ауылдан арман арқалап оқуға келген талапкерлердің ғылымға жолдары ашық екендігін, оның барлығы өздеріне жасалынып жатқан зор қамқорлықтың арқасы екенін ілтипатпен жеткізе келе, ауылдағы үкілеп өсірген ата-аналарының рахметін, достарының ризашылығын, университетте оқып жатқан ауыл балаларының ыстық ықыласын білдіре кетті. Сонымен қатар, биыл студенттер арасында сауалдама жүргізгенде, төртінші курсты аяқтайтын мыңға жуық түлек диплом алған соң ауылға барып, ауылды көркейтуге өз үлестерін қосатындығын жеткізгенін көлденең тартты. Ал ҚазҰАУ-ды бітіріп, шетелде магистратурада оқып, PhD докторлығын қорғап, әлем деңгейіндегі зертханаларда жұмыс істеп келген Алеся БЕРЕЖНАЯ өз Президентіне есеп беріп, рахметін жеткізді…

Университеттің бас ғимараты алдындағы кездесуден кейін Елбасы еліміздің жоо-лары арасында тұңғыш құрылған студенттік ассамблея мүшелерінің “Достық” биін тамашалап, талантты жастарға өз ықыласын білдірсе, университет ғалымдарының атқарып жатқан білім, ғылым салаларындағы және өндіріспен байланысқан жұмыстарына сәттілік тіледі”. Авторы: Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Құрбандықтан қашып, жардан қарғыды”. “Түркияда құрбандыққа шалынатынын сезген бір отар қой жардан секіріп, өздерін-өздері өлтірді. Оқиға Эрзинкан қаласынан жеті шақырым жерде болған. “Джихан” агенттігінің хабарлауынша, Мехмет Ган есімді шопан Ид аль-Адх мерекесіне орай құрбан шалуға бір отар қой айдап әкеле жатқан. Құрбандыққа сойыларын сезгендей, сол күні малдар айдағанға көнбей, төрт аяқтап тұрып алыпты. Бір биік жардың маңына таяған кезде ырықсыз келе жатқан отардың арасынан бір қошқар төменге қарай орғып кетеді. Оның соңынан бірден 52 бас жандық та бір-ақ секіріпті. Қойшы бұлай боларын ойламаса керек, малдың ешқайсысының тірі қалмағанына таңданып та, налып та отыр. Елдегі көнекөздердің айтуынша, кейде құрбандыққа шалынатынын малдың өзі алдын ала сезіп, бұған қарсылық білдіреді екен. Бірақ бір қора қойдың өзін өлімге айдағаны – ілуде бір кездесетін жайт”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “ЕЛІМІЗДЕ 2205-ші МЕШІТ АШЫЛДЫ”. “Алматы облысы, Қарасай ауданы, Еңбекші ауылында республика бойынша заңды түрде тіркеліп, жұмысын бастаған 2205-ші мешіт пайдалануға берілді….”. Авторы: Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, “Заң газеті”, Алматы облысы.

ZHASALASH.KZ. “Қоржынымыз қола медальмен толуда”. “Өткен аптаның соңында Қытайда XVI жазғы Азия ойындары тұсауын кестi. Гуанчжоуда жалауы көтерiлген дүбiрлi жарысқа Азия құрлығының 57 елiнен он мыңға жуық спортшы қатысуда… Әзiрге бiзге белгiлiсi, екi күндiк жарыс қорытындысы ғана. Жарыс қожайындары бұл екi күнде қоржындарына 37 алтын, 15 күмiс, 11 қола медаль салды. Ал елiмiздiң спортшылары екi күн жүрiп, 3 күмiс, 7 қола медальға әзер қол жеткiздi….

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА

Қазақстандық Владислав Поляков кеше кешкiсiн Қазақстан құрамасының қоржынын тағы бiр күмiс медальмен толықтырды. 100 метрге брасс әдiсiмен жүзген жерлесiмiз жапон спортшысы Рио Татейшиден қалып қойды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан спортшылары әзiрге 11-орында тұр. Көш басында Қытай спортшылары. Кеше кешкiсiн олар он төрт алтын медаль жеңiп алды. Жарыс қожайындарының жүлде қорында 52 алтын, 19 күмiс, 19 қола медаль бар”. Авторы: Төлеубек ӘДIЛБЕКҰЛЫ.

ABAI.KZ. “Темірхан Медетбек: “Қазiргi қаламгерлердiң алдында екi жол тұр”. “…Халыққа пайдасы тиетiн көптеген шаруалармен айналысудан гөрi, ұсақ-түйек жұмыстармен шектелдiңдер” деп отырған сөзiңнiң төркiнiн түсiндiм. Осында келерiмнiң алдында осы сұрақтың алдымнан шығатынын да бiлдiм. Жеке басқа табынушылықтың ең озық үлгiсiн танытып жүрген Қазақстанда ендi төмендегi басшылар өздерiнiң қарамағындағылардың құлдық психологиясына “шабуыл” жасай бастады деуге болады. Бiзде “Ұлт көшбасшысы” деген атақты иеленген бiр “табынушымыз” бар емес пе? Ендi соның артын алып, кез келген мекеме басшысын да төбемiзге көтерiп, көсемге пара-пар ете берсек, немiз қалмақ? Қолдан көсем жасау мен жалбақтаудың да жөнi бар емес пе? Мен бұрын Жазушылар одағындағы жағдай туралы көп айтқам. Бiрақ одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Содан кейiн мен бұл әңгiмеге бұдан былай араласпай-ақ қояйын деп шешкен ем. Бiрақ жақында өткен конференцияда қабылданған жарғы мен онымен өздерiнiң келiспейтiндiктерiн бiлдiрген М.ШАХАНОВ, Д.ИСАБЕКОВ, Т.ӘБДIКОВтердiң қарсылықтарына орай жазылған Нұрлан ОРАЗАЛИНнiң «Ақиқатты бұрмалау — арға сын» деген мақаласын оқығаннан кейiн үндемей қалуды өзiме күнә санадым. Өйткенi, Нұрланның әлгi үш жазушыға кiнә артып, олардың арына салмақ сала сөйлеуi тiптi орынсыз болып көрiндi

Апыр-ау, болашақта “құрметтi төраға” кiмнiң болатыны жарғыда тайға таңба басқандай көрiнiп тұр ғой. Нұрлан оның несiне шапшиды? Бұрын төраға болған көзi тiрi екi-ақ адам бар. Бiрi — Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, екiншiсi — Нұрлан Оразалин. Олжасты байлап әкелсең де құрметтi төраға болмайды. Яғни болашақ құрметтi төраға Нұрланның өзi болады деген сөз. Ол өзiне алдын ала орын дайындап отыр. Орын болғанда қандай! Құрметтi төраға! Вето қою құқығына ие! Ол — одақ мүлкiн қадағалап, оның қаржысын бақылап отырады. Сонда жазушылар сайлаған төрағаға не қалады? Ол тек ұйымдастыру жұмысы мен кадр мәселесiмен ғана айналыспақ…”. Авторы: Меруерт Кеңесбекқызы. “Жас Алаш” газеті.

Қажет Андас. “Қаражорға” болмаса…”. “…Қысқасы, басқаның мәдениетін тез игеріп, өз қажетіне жаратуда қытайлардан асқан шебер халық жоқ. Олардың бүгінгі мәдениеті міне, осындай өзге жұрттың озық жетістіктерінің жиынтығы. Алайда, қытайлықтардың өзгелер тапқырлықпен тауып, сонан соң тарих қойнауына лақтыра салған жәдігерлерді сақтап, дамытып, бүгінгі күнге жеткізгеніне амалсыздан алғыс айтуға туралы келеді және еріксіз мойындауға мәжбүр боласың.

Ал, таяудан бері Қытайда қазақтың “Қаражорға” биі жан-жақты қолдау тауып, оқу орындары үзілісте оқушылардың бой сергітетін спорттық жаттығуға айналдырғанын біздің ақпарат көздері жарыса жазып келеді. Тіпті, Қытайдағы  қандастарымыздан құралған он мың адам осы биді билеп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Әрине, қазақтың биін әлем таныды деп мақтануға, оны қытайлар оқу орынында қолдана бастады деп шаттануға да болар еді. Бірақ, сол ата-бабадан аман жеткен саф өнердің болашағын ойласаң денең түршігеді. Себебі, Қытайда 56 ұлт өкілі тірлік кешеді. Оның ішінде ұйғыр, қазақ, мүңген, доңган, заңзу (тибет), жуаңзу сияқты ұлттарға автономиялы құқық берілген. Яғни, саяси тұрғыда өзге ұлттардың өзін-өзі басқаруына мемлекет тарапынан толық жағдай жасалған. Бірақ, Қытайдағы жер және өнер, мәдениет, ғылым, тағы басқа саладағы құндылықтар ұлттарға бөлінбейді. Оның бәрі мемлекет меншігі болып саналады. Бұл олардың қазіргі қолданыстағы салиқалы заңдарында ашық жазылған. Сол заңдар бойынша қазақ биі енді қазаққа емес, қытайға қызмет етеді, келешекте солардың рухани құндылығына айналады деген сөз.

Осы жерде қытайлар “Қаражорғаға” неге қызығады деген заңды сұрақтың туатыны да хақ. Әрине, Қытайда бәрі бар, тек ұлттық би ғана жоқ болатын бүгінге дейін. Енді олар көрген жанды елең еткізіп, делебесін қоздыратын қасиетті биді қамқорлық қанатының астына алды да, мемлекеттің меншігіне айналдыра бастады.

Біз тарихта көшпенділер мәдениетін жаратқан ұлттың өкілі болсақ та қолда бар қымбатына ие бола алмаған ұрпақ ретінде мүлде ұсақталып бара жатырмыз. Бұлай айтуға толық негіз де бар. Көкпар — қырғызға, қымыз — неміске, қазанда былқып пісетін ет — жапонға кетті, тағысын тағылар. Енді келіп қазақша күреске өзбек ағайындар таласып жатыр. Бірді-екілі жанашырлардың жанайқайы болмаса, басқамыз сол бұрынғыша қамсыз жүрміз. Өткенде “тоғызқұмалақ” турасында қазақ-қырғыз ортасында туындаған дау ушығып, халық арасында сауалнама жүргізілгенде Қырғызстандағы барлық адам бұл ойынды білеміз деп жауап берген. Ал, Қазақстанда тоғызқұмалақты тұрғындардың 20 пайызы ғана білетін болып шықты. Соған қарағанда, тоғызқұмалақ та қырғыздардың еншісінде кетуі әбден мүмкін.

“Қаражорғаны” алған Қытай келесі кезекте өздері Гиннестің рекордтар кітабына енгізген қазымызға да ауыз салуы ғажап емес. Сонда бізге не қалады? Бәлкім, бәрі қазақтікі деп кеудемізді қағатын шығармыз? Бірақ, қағазға түсіп, мөрленген құжаттар ғана үстемдік құратын мына заманда, ұлттық рухани құндылықтарымызды өз елдеріндегі заңдарға сәйкестендіріп, құжаттандырып алғандар барымызды түгел меншіктеп кетпесіне ешқандай кепілдік жоқ. Дәл қазіргі кезде және болашақта құжатпен дәлелденбейтін құрғақ сөзге ешкім иланбайды.

Біздің мықты деген азаматтар қайда? Олар рухани құныдылығымызды түгендеудің орнына әлемдегі көп қалталының қолы жете бермейтін Түркияның курорттық аймағы Анталиядағы 700 мың долларлық құнға ие алқаны, шетелдердегі ең қымбат ғимаратты сатып алумен, Дубайдағы бір түні 3 мың доллар тұратын қонақүйлерде демалумен, сондай-сондай істермен басқаға мойын бұруға шамалары келмей, мұрындарына су жетпей жүр. Әрине, мұны жазыла, жазыла жауыр болған тақырып дерсіз. Кәперіңізге салайын, “ата-бабасынан мұра болып қалған мирасты дүниесіне егелік ете алмаған елдің ертеңі күмәнді”. Бұл — Қытайдың ұлы ойшылы Кунфуцийден қалған ғибыратты сөз…”.

ZAMANDAS.KZ. “Қазақтың санын көбейту үшiн қайта санақ жүргiзу қажет пе?”.

Осыдан бiр жыл бұрын елiмiзде жүргiзiлген ұлттық санақтың ресми қорытындысы жарияланды. Оның нақты қорытындысы осы жылдың басында жарияланып, халық саны 16 млн. 196 мың адам деп көрсетiлген едi. Қорытындының бұлайша ұзаққа созылып кетуiне де өзiндiк себептер болды. Өйткенi, санаққа бөлiнген мемлекет қаржысын сол кездегi Статистика агенттiгiнiң басшылары талан-таржаға салды.

Оның үстiне санаққа iлiнбеген азаматтар, тiптi тұтас бiр ауылдар да бар болатын. Ендi осы кемшiлiктердiң барлығы түзетiлiп, Статистика агенттiгi жаңа қортындыны жариялады. Бiрақ, бұның өзiне де күдiкпен қарап, санақты қайта жүргiзу керек дегендер де табылуда

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР Статистика агенттiгiнiң төрағасы: …. Жыл басындағы қорытынды бойынша жалпы халық саны 16 млн 196 мың адам деп көрсетiлген едi. Ол кезде қазақтардың үлесi 67 пайыз делiнсе, қазiр бұл көрсеткiш 63 пайызға төмендеп отыр. Бұл – асығыс жасалған қорытынды және алдыңғы төрағаның жiберген қателiгi.

Өңдеу жұмысы ендi бiтiп отыр. Сондықтан 63,9 пайыз қазақтың үлесi осы санға сену керек. Сенбей тұрған тек сенатор Ғани ҚАСЫМОВ. Оның сөзiнше, мемлекеттiк комиссия құрып, санақ қорытындысын қайта тексеру керек. Халық санағын қайта өткiзудiң еш қажеттiгi жоқ. Айырмашылығы бiр пайыз ғана. Ол үшiн қайта қаржы жұмсап, босқа шығындалудың қажетi шамалы.

Ғани Қасымов, Сенат депутаты: – Өткен жылы өткiзiлген халық санағы әлемiштеу болды. Тiптi, халықтың көпшiлiгi тiзiмге iлiккен жоқ деп батыл айтуға болады. Соңғы қорытындыны мүлдем мойындамай, жаңадан санақ жүргiзу керек деп бiлем. Нағыз мемлекеттiк айқын, ашық санақ!

Р.S. Жалпы санақты жүргiзу үшiн бас-аяғы 5 млрде теңгеден астам ақша жұмсалды. Әдепкiде бұл қаржының басым бөлiгi талан-таражға түсiп, Статистика агенттiгiнiң бұрынғы басшылары абақтыға қамалған болатын. Бостандықта жүрген тек Агенттiктiң бұрынғы төрағасы Анар МЕШIМБАЕВА. Соңғы қорытындыны әзiрлеу үшiн бюджеттен қосымша 59 млн. теңге бөлiндi. Осының арқасында дерекқорлардың барлығы түгел өңделiп, тиiстi ведомстволармен салыстырылды”. Авторы: Жан ИСМАЙЫЛ.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...