«Дағдарысты еңсеруге өте көп мемлекеттік ресурс тартылды». «Алаш қайраткерлері бүгінгі билік пен оппозицияның уайымын түсінбес еді». «Доллар арзандап, теңге қымбаттай ма?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 19 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қазақстандағы кейбір мұсылмандар өз тілдерінде уағыз тыңдай алмайды”. “Қазақ билігі мен елдегі мұсылмандардың жетекшілері мұсылман жамағат арасында қазақ тілінің үстемдігін орнатуды көздеп отыр. Қазақстан зайырлы мемлекет бола тұра кейбіреулер шариатқа сілтейді дейді құқық қорғаушылар…

Атырау облысындағы дағыстандықтардың мәдени орталығының төрағасы Мұса АЛЫШАЕВ “Форум-18” ұйымының өкіліне Қазақстандағы дағыстандықтар жамағатының құлшылық үйі де, дағыстандық имамы да бар деп хабарлады. Бірақ жұма күні уағызды тыңдау үшін олар Атырау қаласының орталық мешітіне барады екен. “Дағыстындықтардың жамағаты жұмадағы уағызды өздерінің құлшылық үйінде тыңдамайтыны қалай?” деген сауалға имам бір сөзбен: “Тәртіп солай” деп жауап берді. Бірақ ол мұндай тәртіпті кім орнатқанын айтпады. “Орталық мешітте уағыздың қазақ тілінде айтылып, оны орыс тілді жамағаттың түсінбейтінінде тұрған ештеңе жоқ, Өйткені бәріміз де бір дәстүрді ұстанатын сүннитпіз”, – дейді Мұса Алышаев…”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

Болат Аюхановпен онлайн-конференция аяқталды”. “Азаттық радиосының веб-сайтында Қазақстан халық әртісі, балет өнерінің шебері профессор Болат АЮХАНОВпен онлайн-конференция өтті. Өнер майталманына шығармашылық қызметі мен мәдениет саясатына қатысты азаматтық позициясы туралы түрлі сұрақтар қойылды… Азаттық сайтының оқырмандары өнер майталманына қойған сұрақтарға Болат Аюхановтың жауаптары төменде жарияланды….”.

AIKYN.KZ. “Дағдарысты еңсеруге өте көп мемлекеттік ресурс тартылды”. “Ұлт көшбасшысы жариялаған жаһандық ұлы идеяларды, халықаралық ірі жобаларды, елді жарқын болашаққа бастар бастамаларды жүзеге асыру үшін білімі кемел, біліктілігі кенен, жаңаша ой ойлап, жасампаздықпен іс қылуға қабілетті азаматтар қажет. Кеше Астанада, Үкімет басшылығының қатысуымен өткен “Эксперт-100-Қазақстан” ІІ-ші Экономикалық форумда осындай ой айтылды.

Бүгінде Елбасының көптеген саяси бастамалары іске асырылуда. Олардың басты жемісі — елдің дәрежесі өсті, санасы серпілді, Қазақстанның әлемдегі абырой-беделі асқақтады. Осы орайда Үкіметбасы қазақстандықтарды ел Президентінің кең ауқымды жобаларына қатысу үшін кәсібилік пен біліктілік деңгейін арттыруға шақырды….

Қазақстан Үкіметі жаңа жылдағы жұмыс бағыттарын ендігі айқындап та қойған екен. “Біз 2010 жылдың аяғындағы үрдістерді ұғынып алдық және 2011 жылы қай жаққа қарай ілгерілейтіндігімізді білеміз, — деді ірі экономикалық жиынға қатысушыларға қайырылған К.МӘСІМОВ. — Қазақстан үшін келесі жылы елді экономикалық өрлетуге жеке бизнесті бұдан да белсендірек атсалысуға тарту мәселесі тұғырлы түрде маңызды болмақ. 2009 жылы және 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттің, Үкіметтің экономикадағы рөлі өте үлкен маңызға ие болды. Өйткені дағдарысты еңсеруге өте көп мемлекеттік ресурс тартылды. Ал енді жеке бизнес үлкен белсенділік таныта бастауға тиісті”. Премьер қазақ елінің дағдарыстан кейінгі дамуы шүкіршілік етер деңгейде екендігін айта кетті”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

Ерлан ҚАРИН, саясаттанушы: Алаш қайраткерлері бүгінгі билік пен оппозицияның уайымын түсінбес еді”. “- Ерлан мырза, сіздің көршілес Қырғызстанға сайлау тұсында барып, ол жақта бірқатар саяси партия басшыларымен кездескеніңізді білеміз. Жалпы, Қырғызстан халқы “қырғыз дағдарысын” реттеудегі ЕҚЫҰ төрағасының жұмысына қандай баға беріп отыр?

Қырғызстанға мен сайлау кезінде де, сайлаудан бұрын да бірнеше рет барып-қайттым. Рас, елдегі 29 партияның барлығымен кездеспесем де, негізгі саяси партия жетекшілерінің басым көпшілігімен кездестім. Ауылдарды аралағанда да қарапайым жұртшылықпен кездесіп, пікірлесуге тырыстым. Қырғызстандағы қазіргі саяси жағдайды сұрастырғаннан бөлек, жеке мені қызықтырғаны — олардың біздің елге деген көзқарасы болды….

— ЕҚЫҰ-ға төрағалық қарсаңында Қазақстанда бірқатар заңдарға, оның ішінде “Сайлау туралы”, “Саяси партиялар туралы”, “БАҚ туралы”, т.б. заңдарға демократиялық талаптарға сай өзгерістер енгізу туралы ақыл-кеңестер берілді. Бұның бәрі қаншалықты іс жүзіне асты?

Бұл сұрағыңыз ақпараттық және саяси ортада кең тараған “Мадридтік міндеттемелер” деген ойдан туындап отырған сияқты. Шын мәнінде, ондай міндеттемелер жоқ. Екіншіден, егерде біз белгілі бір өзгерістерді қабылдайтын болсақ, онда оны “біреу ақыл айтты” деп емес, керісінше, ең алдымен өзіміздің ішкі қажеттіліктерімізге сай қабылдауымыз керек. Сондықтан да “БАҚ туралы”, “Саяси партиялар туралы” заңдарға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер де ішкі қажеттіліктермен айқындалған….

– Ал біз Алаш қайраткерлері армандағандай мемлекет құра алдық па? Біздің орнымызда олар болғанда, қандай мемлекет құрар еді?

Білмеймін. Бірақ Алаш қайраткерлері бүгінгі билік пен оппозицияның уайымын түсінбес еді. Олар аласапыран заманда, соғыс өрті жанып жатқан тұста мемлекет құру үшін күресіп жүріп, ғылыммен де, өнермен де, экономикамен де, тілмен де, дінмен де қатар айналысып жүрді. Яғни ұлттың дамуына кішкентай ғана пайдасы бар кез келген шаруаны назардан тыс қалдырмай, аяғына дейін жеткізіп отырды. Ал біздің қазіргідей бейбіт заманда және, ең бастысы, дербес мемлекет бола тұра, бар мүмкіндіктерді кең пайдалана алмай отырғанымызға алаштықтар таң қалар ма еді?! Өкінер еді. Қазіргідей оншақты институты жоқ кезде Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ қазақ тілінің дамуына қандай үлесін қосып кетті?! Жүсіпбектер романын жазса, Әлихандар геологиямен айналысты, тіпті қайта-қайта ұлтшылдығы үшін қамауға түсіп, соңдарында ГПУ мен НКВД-ның тыңшылары жүрсе де, Париждегі көрмеге қазақ өнерін паш етіп көрсетуге лайықты өнерпазды алдын ала тауып, дайындайық деп уайымдап жүрген олар бүгінгі біздің жай жүріске, қызу дауларымызға, бітпейтін мәжілістерге кем дегенде таңғалар еді. Міне, бұдан шығатыны, ұлт тағдыры өз қолымызда. Соны күнде сезінуіміз қажет…”. Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ.

EGEMEN.KZ. “Каспий мәртебесін айқындау”. “Кеше Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Атырау облысындағы жұмыс сапарынан соң Әзірбайжан Республикасының астанасы Бакуге ұшып келді. Елбасы мұнда Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының үшінші саммитіне қатысты…

… Енді ирандық әріптесіміз М.АХМАДИНЕЖАДтың ұсынысы бойынша Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенция бір жылда дайындалатындығы жөнінде тиісті ведомстволарға тапсырма бердік, деді Қазақстан басшысы.

Ресей Президенті Д.МЕДВЕДЕВ пен Түркіменстан Президенті Г.БЕРДЫМУХАММЕДОВ те саммиттің табысты өткенін атап өтті. Д.Медведев шекараны делимитациялау ісі аяқталған соң теңіздің құқықтық мәртебесін анықтау да қиын болмасын ескертті. Біз енді осындай саммитке жылына кем дегенде бір рет жиналатын болдық, деді ол. Осының өзі біздің ынтымақтастығымыздың арта түскенін көрсетеді.

Саммит жұмысының барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам ӘЛИЕВпен, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен және Иран Ислам Республикасының Президенті Махмуд Ахмадинежадпен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастардың кейбір мәселелері жөнінде әңгімелесті. Сонымен қатар, ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті туралы да пікірлер алмасылды. Сөйтіп, Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының Баку саммиті нақты мәселелерді шешуге қол жеткізген табысты жиын болды”. Авторы: Жақсыбай САМРАТ – Бакуден.

TURKYSTAN.KZ. “Астана саммитiнiң күн тәртiбiнде: АУҒАНСТАН”. “…Елбасы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердiң сыртқы iстер министрлерiнiң бейресми кездесуiн ашу рәсiмiнде сөйлеген сөзiнде де Ауғанстаннан бастау алатын есiрткi тасымалының кесiрiнен халықаралық қауымдастықтың қауiпсiздiгiне төнген қатерге баса назар аударды…

Сондықтан да Ауғанстанда бейбiт тiрлiктiң орнауын болашақтағы кикiлжiңдердiң алдын алуға жасалған қам деп ұғу керек. Жетiншi Саммитте Ауғанстан тақырыбынан басқа қару-жарақты бақылауда ұстау, сенiм шараларын нығайту, трансұлттық қауiптердiң алдын алу мәселелерi талқыланбақ. Қаржы-экономикалық дағдарыс пен экологиялық апаттардың салдарын жою тақырыбы бөлек қарастырылмақ. Осы Саммит қорытындысы ретiнде ЕҚЫҰ Жалпыға ортақ саяси декларациясы қабылдануы керек. Бұл құжат еуроатлантикалық және еуразиялық кеңiстiктегi ортақ қағидалар мен мiндеттемелерге сүйенген қауiпсiздiк қауымдастығын құруға негiз болмақ. Орталық Азиядағы тыныштықтың тұнығын есiрткi мен терроризм лайламаса екен. Жетiншi Саммит делегаттары осыған жол нұсқаса, қанекей?”. Авторы: Гүлбиғаш ОМАРОВА.

ALASHAINASY.KZ. “Доллар арзандап, теңге қымбаттай ма?”. “Жаңа жылда теңге нығайып, доллар әлсірейді. Қараша айынан бергі халықаралық қаржы нарығындағы жағдай осыны меңзейді. Таяуда АҚШ-тың федералдық резерві жүйесі 2011 жылдың II тоқсанында 600 миллиард доллардың америкалық мемлекеттік бағалы қағазын сатып алу туралы шешім шығарды. Халықаралық инвесторлар тағы да көк қағазды басып шығару станогын іске қосқан АҚШ-ты “долларды қасақана арзандатып, тағы бір қаржы дағдарысының басын қылтитуда” деп айыптауда… Міне, халықаралық нарықтағы осындай жағдайларға байланысты, отандық қаржыгерлердің пікірінше, келесі жылдың басында бізде доллардың құны 147-ден 141 теңгеге дейін түсуі ықтимал. Алайда Ұлттық банктің төрағасы Григорий МАРЧЕНКО бұл болжамды жоққа шығарып отыр… 2010 жылдың 5 ақпаны мен 2011 жылдың 20 наурызына дейінгі Ұлттық банк белгілеген бір доллардың ұлттық валютаға шаққандағы курсының өзгермелі құбылысы 127,5-тен 165 теңге аралығында болмақ.

Дерек пен дәйек. Соңғы екі айда евроның курсы долларға шаққанда 8 пайызға қымбаттаған. Алтынның бағасы болса тамыз айынан бері 21,8 пайызға өскен. Қытай юані 1 пайызға бекіді. Ағылшын фунт стерлингі 6 пайызға қымбаттаса, Ресей рублі 4 пайызға нығайған”. Автор: Кәмшат САТИЕВА.

ASPECT-M.KZ. “Айтыстың арыны аптығып калмады ма?”. “…Әйтсе де, Жүрсін ЕРМАНның ұйымдастырған айтыстарын аңсап, “неге тоқтатылды?” деген сауалға жауап таба алмай дағдарған тыңдарманның санының да мол екендігі бұл күмәннің қауқарсыз екендігіне сеніміңді нықтай түседі. Осы тұрғыдан келгенде аталған шараға ұйытқы болған Мәдениет министрлігі “Аспект М” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер орталығының жүзеге асырған іс-шаралары да ауыз толтырарлық. Таратыңқырап айтсақ, бірқатар облыстардың аудандарында, атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында, Өскемен қаласында, Жамбыл облысының Қордай ауданында, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Алматы облыстарының біраз аудандарында жүзеге асырған, сондай-ақ, алдағы уақыттарда атқармақ іс-шаралары сөз етіп отырған саламыздың өркендей түсуіне зор ықпал етері хақ…

Жиырма жылдай халықтың айызын қандырып, сусынын жырмен қандырып келген айтыстың жабылуы төңірегінде де талай-талай алып-қашты әңгімелер де, айтысқа қатысты уәлі пікір айта алатындармен сұхбаттар да жасалды. Алайда, түбегейлі шешім, бәрібір, қабылданған жоқ. Оның қабылдануына мүдделі жандар да болмады, ал, болса, оларды тұншықтырып тастады. Бұл, ешкім жоққа шығара алмас ақиқат….. Міне, осындай жауабы жоқ сансыз сауалдар тек айтыс қана емес, сол арқылы бүкіл ұлт ертеңі үшін алаңдайтын көкірек көзі ояу жандардың барлығын да толғандырып жүргені шүбәсіз”. Авторы: Бейбіт МЕКЕЕВ, «Аспект М» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер орталығы.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...