«Қаржы полициясы енді «Аджипке» шапты». «Басты тақырып Ауғанстан болғалы тұр»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 22 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қаржы полициясы енді “Аджипке” шапты”. “Қаржы полициясы Қашаған жобасын игеріп жатқан Agip КСО компаниясының үстінен қылмыстық іс қозғады. Компания 110 миллион доллар көлемінде алаяқтық жасады деп айыпталып отыр. Сарапшылар қылмыстық іс қозғаудың өзге де себептері болуы мүмкін деп болжайды.

Қашаған жобасының операторы NCOC (North Caspian Operating Company N.V) компаниясына кіретін Agip консорциумының үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы жұма күні Қаржы полициясының ақпараттық-сараптамалық департаментінің бастығы Әділ ӘБІЛҚАСЫМОВ хабарлады. — Мұнай өндіруші Аджип NCOC компаниясы “Болашақ зауытының мұнай және газ дайындық кешенін орнату” нысаны бойынша атқарылған құрылыс-монтаж жұмыстарына кеткен 110 миллион доллар шығынды екі рет есептеген, — деді Әділ Әбілқасымов шикізат өңдеу саласының саяси-құқықтық мәселесіне арналған халықаралық конференция барысында….

NCOC компаниясы — Қашаған жобасының 2009 жылдан бері операторы. Бұл компанияның акционерлері: Agip Caspian Sea B.V. (16,81%)… Қашаған мұнай кенішінің геологиялық қоры 4,8 миллиард тонна деп есептелген. Кеніш игерілген жағдайда одан жылына 25 миллион тонна мұнай өндіріледі деген болжам бар”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Жетімдікті ешкім таңдап алмайды”. “Біз өмір сүріп жүрген ортада мемлекеттің көрсетіп отырған көмегіне қарамастан қағажу көріп жүретін бәйкүнә жандар бар. Олар ата-анасынан және ата-анасы бала тәрбиелеу құқығынан айырылған жандар. Құқық қорғау органдарының осы балалардың құқын қорғау мақсатында жүргізген тексерулері, өкінішке қарай, біздің алдымызға “жаға ұстарлық” дәйектерді жайып салып отыр.

Облыстық прокуратура анықтаған деректерге көз жеткізген соң, осылай демеске шара жоқ. Тағдыр тәлкегіне түскен балаларды тәрбиелеуші білім мекемелерінде бала құқығын айтпағанда, олардың адами қарапайым құқықтары сақталмайтындығы анықталған… Прокурорлық тексерумен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы мүлдем тағайындалмаған тәрбиеленуші бар екендігі анықталды. “Ақбота” балалар үйіндегі 8 жастағы Т.НЫҒЫМЕТОВке 3 жыл 4 ай мерзім бойы қорғаншы мен асыраушысынан айыру бойынша барлығы 391 006 теңге жәрдемақы тағайындалмай келген. Бұл өрескел кемшілік прокурорлық араласумен ғана шешіліп, жасөспірімге құжаттар жинақталып, қазіргі уақытта жәрдемақы тағайындалды.

Алқа жиынында айтылған ащы шындық осы. Ал дәйекті дәлелдер мен кемшіліктерін көрсетіп берген прокуратура қызметкерлерінің тексеруіне білім басқармасына қарасты мекеме басшылары ешқандай дәлел айта алмай, өз кемшіліктерін мойындап, жылда айтатын “түзетеміз” деген жырларын айтып, уәде берді”. Авторы: Тұрсын ҚАЛИМОВА, Атырау облысы.

EGEMEN.KZ. “Басты тақырып Ауғанстан болғалы тұр”. “Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ кеше Португалияның астанасы – Лиссабон қаласында басталған НАТО саммитіне қатысу үшін осы елге келген болатын. Жалпы, аталған ауқымды әрі маңызы айтарлықтай халықаралық басқосуға 28 мемлекеттің басшылары мен жоғары лауазым иелері жиналып отыр…

НАТО алдында тұрған қазіргі кездегі қыр көрсетулердің бірі Иран болып есептелсе, ал басқосудың басты тақырыбы Ауғанстан болғалы тұр. Альянс елдерінің көшбасшылары саммитке арнайы шақырылған Ауғанстан президенті Х.КАРЗАЙмен бірге елді басқару тізгінін жергілікті билікке беру мәселесін талқылайды деп күтілуде. Сөйтіп, бүгінде 150 мың адамды құрайтын бітімгершілер күші 4 жылдың ішінде бірте-бірте ел аумағынан толық шығарылуы тиіс. Саммитте сондай-ақ НАТО мен Ресей қарым-қатынасы мәселесі қаралатыны да белгілі болып отыр”. Авторы: Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Лиссабоннан.

DMK. KZ. “30%”. “ЗЕЙНЕТАҚЫ ОСЫНША КӨЛЕМГЕ КӨБЕЙЕДI. Зейнеткерлер үшін бұл жаңалық емес. Елбасы Н.НАЗАРБАЕВтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында айтылған әлеуметтік мәселелерді жақсы білетін жұрт қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің өсетінін күтіп жүрген болатын. Сондай-ақ, Елбасы тапсырмасын Үкіметтің мінсіз орындайтынына сенімді.

Десек те, зейнетақы мөлшері 30 пайызға артатынын сала министрінің өз аузынан естіген жұрттың бір серпіліп қалғаны анық. Мәжіліс төрағасы Орал МҰХАМЕДЖАНОВтың жетекшілігімен өткен төменгі Палатаның жалпы отырысында “Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы” Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы” Заң жобасы мақұлданды. Құжатта қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқталған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА жоба Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты” атты 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру мақсатында әзірленгенін атап өтті. Енді 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері 30 пайызға, соған сәйкес зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыстың шегі 32 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Ал әскери қызметшілер қатарынан шыққан зейнеткерлер үшін 86 айлық есептік көрсеткіштен 104 еселенген көрсеткішке дейін көтеру көзделеді. Министрдің айтуынша, бұл шаралар қазір зейнетақы алып жүрген зейнеткерлер және зейнеткерлікке енді шыққандар үшін теңдей жағдай жасауға мүмкіндік береді. Г. Әбдіхалықованың айтуынша, 8 мың теңге шамасындағы базалық зейнетақыны есепке алғанда, Қазақстандағы зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 мың 47 теңге болады. Ал орташа мөлшері 35 мың 950 теңге, ең жоғарысы 52 мың 226 теңгені құрайды…”. Авторы: Е. ӘБДІЖАППАРҰЛЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Отырысқа кешігіп келген министр ашуын отырғандардан алды”. “Асты-үсті қазынаға толы қазақ даласын емін-еркін еміп, пайдасына шаш етектен кенеліп жатса да, отандық компаниялар экологиялық тазалыққа мән бере бермейді. Лажы болса, пайдасын көріп болған соң, күл-қоқысын далаға шашып кетуге даяр тұрады. Тек өткен тоғыз айдың өзінде ғана отандық мұнай компаниялары қоршаған ортаға бес млрд-тан астам теңге шығын келтірген. Мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің бастығы Данияр ӘЛИЕВтің айтуынша, зиянкес компаниялардың көшін Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг компаниясы (KPO) мен “Теңізшевройл” бірлескен кәсіпорны бастап келеді екен.

…“Жақында мұнай-газ саласындағы компаниялардың экологиялық тиімділігіне қатысты тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеріс барысында 2010 жылы елімізде жұмыс істейтін мұнай компаниялары қоршаған ортаға бес млрд теңге көлемінде шығын әкелгені анықталды”, – дейді Д. Әлиев. Келтірген залал көлемін төлеу үшін аталмыш кәсіпорындарға санкция беріліп қойылған. “Қайсыбірі өз еркімен төлеп жатыр, ал біреулерінен сот арқылы өндіріліп алынуда”, – деп атап өтті ол. Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг компаниясына 1,9 млрд, ал “Теңізшевройлға” 100 млн теңге айыппұл салыныпты.

Бір қызығы, сағат 10-ға деп сауын айтылып шақырылған жиынға министрдің өзі 17 минут кешігіп келді. Сонысынан қысылды, бәлкім, бекерде иі жұмсақтау көрінетін бас эколог отырғандарға дүрсе қоя берді. Экологиялық заңнама талаптарын орындамаған мұнай-газ компаниялары қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. “…Біз Үкіметке экологиялық жауапкершілікті қатайтуға қатысты заң жобасын енгіздік. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске өзгерту енгізілетін болады. Егер де қоршаған ортаға келтірілген залал көлемі 130 млн теңгеден асып түсетін болса, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осыны қаперлеріңізде ұстаған жөн”, – деді ол мұнай-газ секторларының өкілдері мен менеджерлеріне қаратып. Енді табиғат ананы ластап қойып есіріп жүретін еркелермен басқаша сөйлесетін боламыз….”. Автор: Бүркіт НҰРАСЫЛ.

ZAMANDAS.KZ. ““Қытайдан қорықпа, Құдайдан қорық” десек те…”. Қазнеттегі” қатарымыз тағы бір интернет порталмен толықты. Ол – www.qogam.kz деп аталады… “Қоғамның” қадамына сәттілік тілей отырып, порталдағы “Қытайдан қорықпа, Құдайдан қорық” десек те…” атты мақаланы көшіріп басып отырмыз…

Әңгіме Қазақстанның ішкі жағдайына төндіріп отырған қытайдың қауіп-қатері жайында болмақ… Қытайдың бізге байланысты саясатының нәтижесін бір Алматы қаласы арқылы түсіндіре кетейін. Бір Алматы қаласында қазіргі күні жүзге тарта қытай кафесі мен мейрамханалары, 270 бірлескен кәсіпорын, 2 банк, 48 жанармай құю бекеті, бір Мәдениет орталығы, Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Қытай тілі орталығы, Конфуций институты, Ялянь сауда орталығы, Си Синхай, Бианху көшелері, Барахолка және Сауран сауда орталықтарындағы сауда нүктелері, Қазақстанның паспортын алған 5000-нан аса азаматты да қосыңыз. Бұл Қытай ақпаратынан алынған нақты мәліметтер. Ал біздің құқық қорғау органдарымыз мұндай мәліметтерді құпия ұстайды. Себеп қарапайым ай сайын әрбір Қытай азаматы өзінің амандығы үшін полиция бөлімшесіне 10 мың теңге, аудандық бөлім бастығына 25 мың теңгеден беріп отырады. Мұны бар Қытай азаматтары растап отыр. Ресейлік зерттеушілердің айғақтарына қарағанда, қытайлықтарды шетелге шығарып отырумен жүйелі айналысатын биресми жасырын ұйымдар бар екен. Әр елге шығарудың өзіндік мөлшері бар. Еуропа елдеріне 8-10 мың доллар, Ресейге 2,5-3 мың доллар көлемінде әр адамға шығын жұмсайтын көрінеді. Қазақстан ең арзандарының қатарына кіреді. Мекен жайға тіркелу үшін 100-200 доллар жеткілікті…

Енді осының бәрі аздай қытай және орыс тілдерінде “Хасакэсытань хуацяо бао” деген газетін шығара бастады. Газетте Қазақстандағы қытай диаспорасына арналған деп жазылған. Сонда біз қытай диаспорасының пайда болғанын да білмей қалғанымыз ба? Бұл жақын уақытта, мүмкін 5-6 жылда Қытай үкіметі Қазақстандағы қытай тілділердің құқығын қорғайды деген сөз. Әрине адам пайда болған жерде құқығы да пайда болады…

Жалпы Қазақстан бойынша Қытайдың 20 ірі компаниясы және орта-ұсағы бар 2000-нан аса бірлескен компаниялар жұмыс істеуде. Олардың басым бөлігі әрине энергетика саласында. Атап айтқанда Қытайдың иелігіне өтіп кеткен компаниялар:

Ақтөбемұнайгаз – 85,32 пайыз үлес

Маңғыстаумұнайгаз – 47

ПетроҚазақстан – 67

Қазгермұнай – 50

Қаражанбасмұнай – 50….

Сондай-ақ қытайдың 4 компаниясы қазіргі таңда мұнай бар жерлерге барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр…

Сонымен қатар Қытайдың қытайландыру саясатына қарсы бiзден басқа да көршiлерiнiң қалай сақтанып келген тәжiрибелерiн саралай отырып, тек Жапониядан ғана үлгi алуға болатынын баса айтқым келiп отыр….”. Авторы: Фазылбек АБСАТТАРҰЛЫ. апғып қалмады ма?тыстың арыны аптығып қалмады ма?

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...