«Экономистің» барлау тобы: «Назарбаев 2012 жылы қайта сайланады». «Сапасыз білім берген мектеп сотта жеңілді». «Бізге дау емес, даму қажет». «Орамалдан от шықпасын»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 23 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Экономистің” барлау тобы: “Назарбаев 2012 жылы қайта сайланады”. “2012 жылы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қайта президент болып сайланып, саясаттағы үстемдігін сақтап қалады; 2011-2015 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына Қытайдың ықпалы күшейе түседі; мұнай бағасы артқанымен, елдегі жалпы ішкі өнім өсімі баяулайды, теңгенің долларға шаққандағы құны арта түседі.

Америкалық “The Economist” журналының жанындағы “Экономистің” барлау тобы” (The Economist Intelligence Unit -EIU) Қазақстанның алдағы бес жылдағы саяси-экономикалық ахуалына осындай болжам жасады. “Экономистің” барлау тобы” (ЭБТ) — алпыс жылдан бері әлемнің әр еліндегі бизнес ахуалы, экономикалық жағдай, саяси өзгерістер туралы талдау әзірлеу болжам жасаумен айналысатын сарапшылар тобы….”. Авторы: Мұхтар ЕКЕЙ..

Алматы перзентханасында жаңа туған нәресте жоғалды”. “Алматыдағы № 1 перзентханада дүниеге келген сәби үш күннен соң жоғалып кетті….33 жастағы Светлана ШАШКОВА қарашаның 17-cі күні айы-күні жетіп ұл босанды. Салмағы 4200 грамм, бойы 56 сантиметр болып дүниеге келген ұлына Ратмир деген есім беріп үлгерді. Бірақ үш күннен кейін, қарашаның 20-сы күні перзентханадан үйіне шығуы тиіс ана сәбиін таба алмай зар еңіреп қалды….

Айта кету керек, осыдан екі жыл бұрын дәл осы перзентханада медбике өмірге келгеніне екі-ақ күн болған қыз баланы ұрлап кеткен еді. Ол жолы сәби көп кешікпей Алматының шетіндегі үйлердің бірінен табылып, аман-есен 19 жастағы анасына қайтарылған болатын. Ал оны ұрлаған №1 перзентхана медбикесы 22 жастағы Құралай Базарқұлова осылайша бала туа алмайтын апайына “жақсылық” жасамақ болған. Полиция перзентхана басшылығын емес, тек медбикеге қатысты қылмыстық іс қозғап, жауапқа тартқан еді. Сондай-ақ, былтыр Атырау облыстық перзентханасының бұрынғы бас дәрігері “бала сатумен айналысты” деген айып бойынша 7 жылға сотталғаны туралы Азаттық радиосының хабарлағаны белгілі”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

JASQAZAQUNI.KZ. “ҰЛТҚА, ТIЛГЕ ЖАНЫ АШЫМАЙТЫН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ҚАЖЕТ ПЕ?”. “ҚР Президент әкiмшiлiгiне, үкiметке және Қазақстан қаламгерлерiне ашық хат

Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан ОРАЗАЛИН “Қазақ әдебиетi” (29.10.2010 ж.) газетiнде жариялаған “Ақиқатты бұрмалау — арға сын” атты мақаласында одақ жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлгенiн айта келiп, осы өзгертiлген жарғыдағы “құрметтi төраға” туралы “жалған ақпарат таратты” деп есiмдерi ел аузында жүрген ақын-жазушылар Төлен ӘБДIКОВ, Мұхтар ШАХАНОВ, Дулат ИСАБЕКОВтерге кiнә артты. Мәселе мәнiне бармас бұрын әуелi одақ жарғысына өзгерiстер енгiзiлгенi туралы Н.Оразалиннiң жоғарыда бiз тiлге тиек еткен мақаласынан үзiндi келтiре кетейiк…

Мiне, осы Н.Оразалиннiң айтуынша, “бiр ауыздан қабылданған” жарғыдағы өзгерiстерге келiспеген үш әрiптесiмiз “жалған ақпарат таратушы” болып шыға келген. Ол аздай Н.Оразалин мырза өз сөзiн одан әрi “нақақ жала жабудың, жалған қауесет таратудың жауапкершiлiгi заңда нақтылы қарастырылған…” деп сес көрсете сабақтайды.

Ендi әңгiменiң ашығына келейiк. Бiрiншiден, Н.Оразалин ауыз толтырып айтып отырған 234 делегат одаққа мүше делiнетiн 700 жазушыны алмастыра алмайды. Сондықтан жарғыны “бiр ауыздан қабылдады” деу заңға томпақ келедi. Екiншiден, сол жиынның өзiнде “Құрметтi төраға ешқандай қисынға келмейдi” деп жиналысты тастап шығып кеткен Төлен Әбдiков пен оның бұл азаматтығын баспасөз арқылы ашық қолдаған Мұхтар Шаханов пен Дулат Исабеков қалайша “жалған ақпарат таратушылар” санатына қосылып кетпек?!…

Жазушылар одағында қалыптасқан өте күрделi ахуалды жазушылардың өздерi еркiн пiкiрлесу арқылы әдiлдiкке көз жеткiзе отырып шешуiне Президент әкiмшiлiгi де, Үкiмет те қамқорлық көрсетер, әдеби шенеунiк-қаламгерлердiң ескi дағдымен, бұра тартуларына жол бергiзбес деп сенемiз”.

Дулат ИСАБЕКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; Төлен ӘБДIКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; Мұхтар ШАХАНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстанның халық жазушысы;Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстанның халық жазушысы…..

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “САПАСЫЗ БІЛІМ БЕРГЕН МЕКТЕП СОТТА ЖЕҢІЛДІ”. “Баласына сапасыз білім берген мектепті анасы сотта жеңіп шықты. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғыны Елена ГОРДЕЕВА өзінің қызы үшін осындай әрекетке дейін баруға мәжбүр болған.

Оның баласы орта мектепте тарих сабағын жарты тоқсанға жуық уақыт мүлде оқымаған көрінеді. Қызының күнделігін күнде тексеріп, оқу үлгерімін жіті қадағалап жүретін ана бірде тарих пәні кітабының мүлде ашылмайтынын байқайды. Осыдан соң Елена Риддер қалалық №5 орта мектебіне барып, бұл пәннің расында оқытылмағанына көз жеткізеді. Бір тоқсанда тарихтың бақандай 14 сабағы өткізілмепті. Кейіннен сотқа дейін барған дау-дамай осыдан басталды….

Қалай дегенменде, бұл жағдайдан кейін мектеп білім сапасын қатаң қадағалауға алды. Ең бастысы, сабақ кестесі үзілмейді. Ал, Елена Гордеева қызын Риддер қаласындағы басқа мектепке ауыстырды”. Авторы: Қуаныш БАҚЫТ,“Заң газеті”, Шығыс Қазақстан облысы.

ABAI.KZ. “Омар Шаманов. Бізге дау емес, даму қажет”. Толқынды толқын қуады” деп жырлаған Мағжан ақын ардақты Алаш көсемдерінің жасы үлкеніне іні, кішісіне аға ретінде ілтипат көрсетті. Ағалар сол мәртебеге лайықты өмір сүрді. Інілер ағаларын үлгі тұтып, алдарынан кесе-көлденең өтпеді. Ал бүгінгі жас буынға үлгі- өнеге болуға тиіс  аға-буындарымыз не істеп жүр? Олар бірін-бірі мүйіздеп, жүз-жүзге, жер-жерге бөлінуден, қырықпышақ қырқысудан қолдары босамай жүр…

Осындай еркін заманда жастарымыз тайсалмай, көкбөрілігін көрсетсе, ағаларымыз олардың кеудесінен итеріп, меселін қайтарып тастайтын әдетін қоймай келеді. Бұған айғақ өте көп. Соның бір мысалы — үстіміздегі жылдың 21-қыркүйегінде Абай атындағы опера және балет театрында өткен жазушылар одағының 75 жылдық мерекелік пленуымында жастар атынан мінберге шығып сөз алған талантты жас ақын Ерлан ЖҮНІСтің баяндамасын бастамай жатып “шалдардан” қағажу көріп, мінберден түсіп кеткені болса керек….

Баспасөз беттерінде мұндай айтыстардың жиі болып тұруы әдетке айналғалы қашан?.. Мысалы, Қабдеш пен Әбдіжәмілдің айтысы, жаңағы қос Мұхтардың айтысы. Шаханов пен Әзілханның айтысы. Мұрат ӘУЕЗОВ пен Зәкіржан КӘЛКЕНБАЙ бастағандардың айтысы, Тұрысбек СӘУКЕТАЙ мен Жұма-назар СОМЖҮРЕКтің айтысы, Дүкенбай мен жастар айтысы. Тізе берсең кете береді. Соңы міне (лайым соңы болсын) Жазушылар одағындағы “құрметті төраға” бастаған топ пен Дулат ИСАБЕКОВ, Төлен ӘБДІКОВ, Мұхтар ШАХАНОВтардың айтысы…

Зиялы қауым ұлтты өрге бастар, сол ұлттың руханиятына, біліктілігіне, қараңғыда адаспай жол табуына жауапты болуға тиісті.

P.S. Сондықтан аяулы ағалар, ұлт үшін, Отан үшін қалтқысыз қызмет етіп, кейінгі буын жастарға жақсы өнеге көрсетеміз, қадірімізді қашырмаймыз десеңіздер, айтыс-тартысты біржолата қойып, бір мақсат, бір тілекте бірігіп күресіңіздер. Бізге дау емес, даму қажет. Жұрт сіздердің жеке мүдделеріңіз үшін тартысқандарыңыздан жалығып бітті. Онсыз да ұлттық мәселелер шаш етектен болып тұрғанда, соларды шешу жолында бас қатырғандарыңыз жөн болар. “Жау жағадан алғанда бөрі етектен аладының” кебін кигізбесеңіздер екен”. “Абай-ақпарат”.

ZAMANDAS.KZ. “Орамалдан от шықпасын…”. “Агротехникалық колледжде оқитын мұсылман қыз хиджаб кигені үшін оқудан шығарылды. Ал Атырау университетінің бір топ студент қыздарын мұсылмандық үлгідегі киімдері үшін бірнеше күн сабаққа кіргізбей қойды. Екі оқу орыны да ішкі тәртіп ережесін алға тартады…

Атап өтер жайт, Қазақстанның батыс өңірінде ислам дінін қабылдаған жастар саны көбейіп отырғаны байқалады. Жас жігіттер мен қыздар әртүрлі ағымдағы, ал кейбір мәселелерде бір-біріне қарамай қайшы ұстанымдағы діни қауымдар қатарына қосылып жатыр. Атырау облысындағы билік және арнайы қызмет органдары ресми тіркелген мұсылман мешітіне барудан бой тартатын дәстүрлі емес діни ұйымдардың өкілдерін қудалаумен келеді. Адам құқығын қорғаушылар осындай қуғын-сүргін мен қолдан жасалған қылмыстық айыптау істерінің кесірінен жүздеген адамның алыс-жақын шетелдерге босып кеткенін айтады”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН, www.azattyq.org.

ZAMANA.KZ. “Түркістанда хандардың пантеоны салынбақ”. “Қазақ хандығы” Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық қоры 2011 жылы Түркістан қаласында “Қазақ хандары” деп аталатын пантеон салуды қолға алмақшы. Бұл жаңалықты біз аталған қордың президенті Камалиддин ДУЛАТОВтан (суретте) естіп-білдік. Қор басшылығына пантеон салу идеясы осыдан сегіз жыл бұрын келіпті….

Сенатор Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ, саясаткер Әлихан БӘЙМЕНОВ сынды елге белгілі азаматтар бұл идеяны бірден қолдады. Шымкенттегі Халықтар Достығы университетінің президенті Әбдімұса ҚУАТБЕКОВ жаңалықты ести сала өзі хабарласып, көмектесетінін айтты. Алматылық ғалым, тарихшы Талас ОМАРБЕКОВ те қордың бастамасын құптап отыр. Сондай-ақ Махмуд НӘЛІБАЕВ, Дінмұхамед ИДРИС сынды алматылық кәсіпкерлер де аянбаймыз деген уәде берді. Оңтүстіктегі әр аудан-қалалардан да демеушілер шыға бастады. Солардың бірі ретінде түлкібастық Сейітбек АҚЖЕРКЕНОВті бөле-жара айтуға болады”, – дейді К.Дулатов.

Қазір пантеонның жобасы дайын. Алда тек кем-кетігін түзеу жұмыстары бар. Әзірге құрылысқа шамамен 700 миллиондай теңге жұмсалады деп болжанған. Түрік ағайындар да бұл шарадан шет қалмайтындарын білдіруде. Жетпей қалған қаржыны қор басшылығы демеушілердің көмегімен таппақшы. Бүгінде пантеон салынатын жердің мәселесі талқыланып жатқанға ұқсайды. Ол Түркістанға Шымкент бағытынан кіре берістегі оң жақ бетте бой көтеруі мүмкін”. Авторы: А. КИІКБАЙ.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...