«Мемлекеттік орган, азаматтық қоғам институты және БАҚ жемқорлық дертімен күш біріктіріп күресуі керек». «Еуро–3 стандартына өту үшін сапалы бензин керек». «Еліміз Қырғызстаннан 500 мың тонна картоп сатып алатын болыпты»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 24 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Петр Афанасенко тартқан азабы үшін Рахат Әлиевтен “өтемақы” талап етеді”. “ҰҚК-нің бұрынғы офицері Петр АФАНАСЕНКО Рахат ӘЛИЕВтің үстінен азаматтық талап-арыз түсірмек. Ал Рахат Әлиев оның мұндай әрекеті айналып келгенде Астананың өзіне тиетін соққы болады дейді…

Петр Афанасенконың сөзінше “Рахат Әлиев оған өзі мен әріптестерінің мемлекеттік төңкеріс жасау үшін заңсыз қару-жарақ сақтағанын” күштеп мойындатқан. Осынау арандатушылық әрекеттердің негізгі көздегені – Қазақстан президентінің сол кезеңдегі ең басты қарсыласы, “су жаңа” саяси эмигрант Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИН болатын дейді Петр Афанасенко. “Әкежан Қажыгелдин Қазақстаннан кетісімен-ақ, 1999 жылы желтоқсаннң 8-і бұрынғы премьер-министрді күзеткен мені және әріптестерімді қамауға алды. Мені Рахат Әлиевтің кабинетіне апарды, онымен әңгімеден кейін Рахат Әлиевтің бұрынғы премьер-министрді Қазақстанға экстрадициялау үшін Әкежан Қажыгелдиннің үстінен “аса ауыр баптар” бойынша қылмыстық іс қозғауға тапсырма алғанын түсіндім….”. Авторы: Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

Өзбекстанда шекарадан жүк өткізетін қазақ отбасын өлтіріп кеткен”. “Ташкент облысы Қыбрай ауданында бір қазақ отбасын – бала-шағамен қоса бес адамды түгел өлтіріп кеткен. Алдын ала болжам бойынша, отағасы қазақ-өзбек шекарасынан контрабандалық тауар өткізумен айналысқан болуы мүмкін…

“Қыбрай ауданы орталығынан 8 шақырым жерде Чинабад деген ауыл бар. Сол Чинабадқа кіре беріс жолдан оң жаққа қарай Шыршыққа баратын, ал сол жағында Ташкентке кететін жол жатыр. Чинабад ауылында Октябрь махалласы бар. Бұл махалладағы бірінші үй қазақтардыкі болатын. Үй қожайынының есімін ешкім білмейді. Сол үйдегі бес адамды өлтіріп кетті. Отағасын, оның әйелін, екі баланы (олардың біреуінің жасы бір жарымда ғана) және сол күні осы үйде қонақ болып жатқан үй иесінің балдызы қаза болған. Бізге белгілісі, үй-ішімен қоса кісі қолынан өлген бұл жігіт таксист болып жұмыс істеген. Оларды бауыздап кеткенін ешкім білмеген. Бұл қаза туралы тек қайғылы оқиғадан кейін екі-үш күн өткенде ғана бір-ақ белгілі болды. Соншама күн мәйіттер үйде жатқан”, – дейді Ғафур ата….”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

AIKYN.KZ. “Еуро–3 стандартына өту үшін сапалы бензин керек”. “Қазақстан аумағына енгізілген Еуро-3 экологиялық стандарт жөніндегі техникалық регламент автокөлік иелерінің арасында толқу туғызып, Көлік және коммуникация министрлігіне хат жазуға мәжбүр етіп отыр.

Көптеген жекеменшік автокөлік иелерінің арыздарын Тәуелсіз автомобильдік одағы қолдап, Көлік және коммуникация министрлігінің Еуро-3 экологиялық стандартқа өту туралы ұсынысының сауатты дайындалғанына күмән келтіріп отыр. “Автокөліктерден таза түтін шыққанын, ауаның лас болмауын біз де қалаймыз. Бірақ “Еуро-3 стандартына бүгін өту керек” деген қате пікір. Алдымен бензиннің сапасын жақсарту керек. Хрусталь бокалға қызыл арақты құйғанмен, ол шампанға айналмайды. 2005 жылғы әлемдік сараптау бойынша, бензиннің сапасы жағынан Қазақстан Пәкістан, Уругвай, Тәжікстан сияқты елдермен қатарлас, 90 орында тұр. Ал 2010 жыл бойынша 82 орындамыз” дейді Тәуелсіз автомобильдік одағының төрағасы Эдуард ЭДОХОВ…

Сонымен қатар Тәуелсіз автомобильдік одағы, Еуро-3 стандартына сай емес, шетелдерден жаңа әкелінген көліктерді заңдастыратын “сертификаттау орындары” пайда болып, тақыр жерден ақша жасайтын болады деген болжау айтады. Бұл қосымша шығын болғанымен, басқа шара болмағандықтан көлік иесі соларға жүгінетін болады”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

Ерлан ҚАРИН: Алдағы он жылда Орталық Азия елдері одағының қажеттігін бәрі мойындайтын болады!”. “Білім және ғылым министрлігінің Жастар саясаты департаменті Қазақстан жастарының Конгресімен бірлесіп 2010 жылғы 23-24 қарашада Алматы қаласында Саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың І Ортаазиялық Конвентін өткізді….

— Орталық Азия елдері одағын құру идеясы жақын көршілерімізден қолдау таппады. Сіз мұның астарын саясаттанушылар арасындағы саяси альянстың іргетасының қаланбағандығынан деп ойлайсыз ба?

Жоқ, мүлдем олай емес. Меніңше, бұл жерде мәселе сол елдердің таңдап алған саяси жүйесіне байланысты. Осыдан 20 жыл бұрын тәуелсіздік алған елдердің таңдап алған саяси жүйесі әртүрлі болды. Осы өңірде орналасқан бес мемлекет арасындағы саяси дауларға әлі соңғы нүкте қойылған жоқ. Ең басты кедергі — саяси қайшылықтар. Орталық Азия одағының құрылуы — алдағы болашақта күмәнді.

— Сіз оның негізділігіне күмән келтіріп отырсыз ба?

Алдағы он жылда Орталық Азия елдері одағының қажеттілігін сол елдердің басшыларының бәрі мойындайтын болады. Себебі ғаламданған әлемде жеке-дара өмір сүріп, түпкі нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Себебі тек қана түркі әлемінің ішінде қазақтардың үлесі — 7 пайыз. Егер Одақ құрылар болса, 65 миллиондық алып экономикалық-нарықтық кеңістікке жол ашылар еді. Бізге ғаламдық кеңістік Одақ ретінде топтасқанда ғана орын береді….

— Бірақ ЕҚЫҰ-ның әлеуетін пайдалануға біздің көршілеріміздің бәрі бірдей ықылас таныта қойған жоқ қой. Аймақтық мүдделі топтардың басы тағы да бірікпей қалды. Сіз қалай ойлайсыз?

Оған да түсіністікпен қарау керек. Біз ЕҚЫҰ төрағалығы тұсында ауған проблемасына алпауыт елдердің назарын аудара алдық, қырғыздағы жағдайды ретке келтірдік. Мүмкін, жақын көршілеріміз ЕҚЫҰ-ның әлеуетін көрсете алған жоқ шығар, дәл біздің елдегідей мазмұнға айналдыра алмаған болар. Бірақ қазақ төрағалығы тұсында бірқатар аймақтық проблемалардың түйіні шешілгенін аңғарып қалды.

— Біз күні бүгінге дейін бір-бірімізді танымай келдік. Қазақ өзбекті танымайды. Оған біздің саясатымыз да кінәлі емес пе? Біздің сыртқы саясатымыз батыстық — ресейлік векторға көбірек басымдық еткендей…

Біздің тәуелсіздігіміздің тарихы бар болғаны 20 жыл ғана. Біз мемлекеттік қалыптасудың алғашқы кезеңінен өттік. Әлем қауымдастыққа тәуелсіз қазақ елі екенімізді мойындаттық. Шынайы тәуелсіздік үшін күрес енді басталды!”. Авторы: Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ.

EGEMEN.KZ. “Үш тұғыр”. “Мемлекеттік орган, азаматтық қоғам институты және БАҚ жемқорлық дертімен күш біріктіріп күресуі керек…

Орал қаласында өткізілген жемқорлыққа қарсы форумда Парламент Сенатының депутаты, “Нұр Отан” ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы О.Ә.ӘБДІКӘРІМОВ сөз сөйледі. Біз төменде Оралбай Әбдікәрімұлының сөзін ықшамдап бергенді жөн көрдік… Мемлекеттік қызметкерлердің табатын табыстары мен пайдасы, жылжымайтын мүлкі жөнінде БАҚ бетінде ақпарат жариялап отырудың да мәнісі ерекше. Бұл акция – мемлекеттік басқару органдары басшыларына тұрғындардың сенімін орнықтыра алатын тұтқа. Бұл көрсеткіш жөнінен Орал өңірі республикада ортаңғы орындардың бірінде тұр. Тұтастай алғанда, облыстан жоғары органдарға жолданатын арыз-шағымдардың саны азайып келеді. Яғни, бұл мысалдың өзі облыста жүргізілген саяси түсінік жұмыстарының деңгейі жоғарылап келе жатқанынан белгі береді…

Форумға қатысушылар талқыланған мәселе бойынша тиісті үндеу қабылдады. Онда жоғарыда көрсетілген үш тұғырдың үйлесімін орнықтыру жөнінде нақты атап көрсетілген”. Авторы: Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.

ALASHAINASY.KZ. ““Қызыл кітаптан” пана таппаған киікті заң қорғай ала ма?”. “Ықылым заманнан қазақтың кең даласын еркін жайлаған киіктердің саны соңғы 15-20 жылда қатты құлдырап кетіп, енді-енді тұрақталып келеді. Қазір қайта көбейтуге күш салып жатқандаймыз. Алайда ағымдағы жылдың мамырында иен далада жортқан жануарға зобалаң тиіп, қатарын ойсыратып кеткені тағы бар. Әйтсе де мамандар табиғаттың зобалаңынан келер қауіптен емес, адамның “жыртқыштық-тағылығынан” келер қауіптің зор болатынына алаңдаулы. Сондықтан да ақбөкеннің өрісін кеңейтіп, басын көбейту үшін оларды адам қолымен жасалатын қастандықтан арашалаған ләзім. Кеше киіктерді қорғау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында осы мәселе талқыға түсті.

Ең алдымен, Ауыл шаруашылығы министрлігі “сұғанақ қолды аңшыларға”, яғни браконьерлерге қатысты заңды қатайту қажеттігін алға тартады. “Браконьерлерді шартты түрде соттау тәжірибесі қолданыста бар, – дейді Аң және орман шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан НЫСАНБАЕВ, – бірқатар өңірлерде ондайлардың мүлкін тәркілеп, айыппұл салу арқылы келтірілген шығынның орнын толтыруға ұмтылыс байқалуда. Дегенмен браконьерге қанша тыйым салсақ та, даладағы қырғын салуын тоқтатар емес, түрмеге жаппасқа болмайтындай. Біз заң талабын сол тұрғыда қатайтпақпыз”…”. Автор: Қанат ҚАЗЫ.

ZHASALASH.KZ. “Алаш ұландары алтынға лайық емес пе?”. “Ендi санаулы күндерден кейiн, дәлiрек айтсақ, 27 қараша күнi Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтiп жатқан Азия ойындары өз мәресiне жетедi. Бұл сында елiмiздiң спортшылары дүйсенбiге дейiн 37 жүлденi өз қоржындарына салды. Оның 4-еуi – алтын, 12-сi – күмiс, 21-i – қола медаль.

Бүгiнгi күнге дейiн кейбiр спорт түрлерiнен сарапқа салынған жүлделер өз иелерiн тапты. Мәселен, ауыр атлетика, дзюдо, таэквондо, велотрек, жүзу, спорттық гимнастика сияқты спорт түрлерiнен ендi ешкiм де жүлде күтпейдi. Кеше “спорт падишасы” саналатын жеңiл атлеттердiң бәсi басталды….

Бет қатталып жатқанда

Кеше кешкiсiн Қазақстан қоржынына төрт медаль түстi. Жеңiл атлетшi қызымыз Ольга Терешкова 400 метр қашықтықта алдына жан салмай чемпион атанса, Марина Масленко дәл осы қашықтықта қола медальдi жеңiп алды. Өкiнiшке қарай, грек-рим күресiнен 96 келiде бақ сынаған Әсет Мәмбетов финалда Иран палуанынан ұтылып, күмiс алқаға ие болды. 84 келiде күрескен Әлзахур Өздиев Азия ойындарының қола жүлдегерi атанды. Осыдан төрт жыл бұрын Азия ойындарының жеңiмпазы болған 74 келiдегi Роман Мелешин қола медаль үшiн болған сайыста кәрiс спортшысынан ұтылып, бесiншi орында қалып қойды”.

ABAI.KZ. “Нұра Матай. Қарыштап дамып жатқан Қазақстан Қырғыздың картобына тәуелді”. “…Ұзын сөздің қысқасы еліміз Қырғызстаннан 500 мың тонна картоп сатып алатын болыпты. Құдай-ау, сонда ала жаздай алашапқын болған қырғыздар қазаққа сататын картобын қашан егіп үлгеріп жүр?! Қалай болғанда да, ұзына жаздың бойында тойдан қолы тимеген, елдің беделін Еуропада көтереміз деп ойға, қырға шапқылап жүрген қазақ билігі қара күз түсіп, қамбаға қараса картоп жоқ! Мәссаған, безгелдек, енді қайттік? Сөйтіп, ауыл аштан өлмейді деп шешкен ұлықтар қала халқына картоп іздеу ойға түскен ғой. Сөйтсе, іздегенге сұраған дегендей Қырғыздан картоп табыла кеткен. Енді міне, салықтан құралған үкіметтің бюджетінен ақша шығарып, 500 мың тонна картоп алмақ болып алақанын ысқылап отыр біздің Экономикалық даму және сауда министрлігі.

Дәл осы жерде аталған министрліктің сауда комитетінің төрағасы Айдар ҚАЗЫБАЕВ сонша картоп елге бір жолда керек емес. Сондықтан оны бөліп-бөліп алайық. Сонда картопты сақтау Қырғыздардың міндетіне қалады деп көрегендік көрсетіпті.

Мұнымен тоқтамаған кішкентай ұлық картоптың бағасы шамамен 47 теңгенің шамасында болады депті. Біз білсек, дәл осы бағадан су татиды. Өйткені, Алматының кез келген базарында картоптың бір келісі, үкіметтің көңілін аулап айтқан күннің өзінде 60 теңге және одан әрі қарай самғап кете барады. Мүмкін Есілден бері өтпеген ұлықтар келісі 47 теңге тұратын картопты майға қуырып жеп жүрген шығар кім білсін?!

Енді қараңыз, жалпы, шамалап алғанда еліміздің барлық өңірлерінде әлгі картоп дегеніңіз еккен жанға өнім береді. Ауыл ешкімнен картоп сұрамайды. Тіпті, жаппай картоп салатын кейбір аудандардың жинаған өнімі сол маңдағы кішігірім қалаларды қанымдауға жетіп жатады. Әрине, халық тығыз орналасқан ірі қалаларда бұл картопқа деген сұраныс күшті екені белгілі. Бірақ, көптеген өңірлері аграрлық болып саналатын еліміздің жұртын картоппен қамтамасыз ете алмай отыруы ұят енді. Оны әлгі батыстың ұйымына мүше елдер естімесін дейік.

Бұдан шығатын қортынды біздегі ұлықтар көп айтатын дамып жатқан экономиканың аграрлық саласы сырт көзге керемет болғанмен,  шын мәнінде ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыра алмайтын халде тұр деген сөз. Аграрлық саланы айтасыз, ит басына төгілетін қара көмірдің шахталары бола тұра, көмірдің бағасы суық түсе құлағынан үріккен аттай болып секектеп, удай болып шыға келеді. Біздің үкімет бағамен жылда тіпті, күнде күресіп жатады. Ақыр соңында үкімет бекіткен баға “Хабардан” бір көрініп ғайып болады. Сонда үкімет қайда, ел қайда, картоп қайда?”. “Абай-ақпарат”.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...