«Қазақ интернеті — энтузиастардың қолында». «Көліктерді техникалық байқаудан өткізу қызметі жекеменшікке берілетін болды». «Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі жұмысында кемшілік көп»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 25 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Кедендегі сыбайлас жемқорлық туралы кәсіпкерлер ашық айта бастады”. “Қазақстандық кәсіпкердің айтуынша “Қорғас” кеден бекетінен барлық құқыққорғау органдары пайда көреді. Кеденді жайлаған заңсыздық жұмысына әбден тұсау болғасын кәсіпкер қалың бұқараға жемқорлықтың схемасын жариялауға мәжбүр. Енді ол жеке басының қауіпсіздігіне алаңдайды…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

Астаналықтар саммит кезінде балконға шықпайды”. “Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммиті кезінде парламент депутаттары да жұмысқа шықпайтын болды. Бүгін, қарашаның 24-і пленарлық отырыс өткізген мәжіліс депутаттары саммиттен кейін кездесетін болып тарқасты. Cаммит жақындаған сайын Астанадағы тәртіп сақшыларынан маза қашты. Олар тұрғындарға қауіпсіздік шарасын ескертіп жатыр…

Астана қалалық әкімдігінің сайтында ресми түрде қарашаның 26-сы мен желтоқсанның 3-і аралығында көшедегі көлік қозғалысы шектеледі делінген. Есіл өзенінің сол жағалауындағы көптеген көшелер “қызыл сызыққа” жатқызылып, ол ауданда тұратын тұрғындар да арнайы рұқсат қағазбен жүріп тұрмақшы. Астана қаласында қазірдің өзінде тіркелмеген автокөліктерге жүруге тыйым салынып жатыр. Қазақстанның басқа аймақтарынан келген полицейлер колледж жатақханаларына жайғасқан. Ал, қарашаның 26-сы мен желтоқсанның 3-і аралығында Астана оқушылары мен студенттері және бала-бақша бүлдіршіндері демалысқа жіберіледі”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

AIKYN.KZ. “Аршат ОРАЗОВ, IT маманы: Қазақ интернеті — энтузиастардың қолында”. “Аршат, Ақтөбеден Астанаға қызмет ауыстырып келдіңіз. Қазір Ақпарат министрлігінің бастауымен www.baq.kz жобасын жүзеге асырып жатқаныңызды білеміз. Бұл жобаның мақсаты қандай?

Бұл сайт — еліміздегі бүкіл ақпарат құралдарының басын біріктіретін үлкен платформа. Бұл жоба Ақпарат және байланыс министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВтің бастамасымен жүзеге асып жатыр. Айтулы платформаны екі түрлі сипаттауға болады: Біріншіден, ол жерде бүкіл сайттардың каталогы, яғни қазақша газет-журналдар, телеарналар мен радиолар, электронды БАҚ-тар айдары бойынша сайттар жинастырылған. Сол жерде бүкіл ақпарат құралдарының соңғы жарияланымдарымен танысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ сілтеме жасалған радио желілерін тыңдауға болады. Ал “Қазақстан”, “Хабар”, “Ел арна” және “Балапан” арналарын тікелей интернет арқылы көруге мүмкіндік жасалған. Екінші сипаты, ол — жаңалықтар агрегаты, топтамасы. Яғни әртүрлі газеттерде шыққан соңғы жаңалықтар сайтта жинастырылады. Оқырман www.baq.kz сайты арқылы басқа сайттарды араламай-ақ бір жерден оқи алады. Мәселен, көптеген сайттарға ұялы телефон арқылы кіру мүмкін емес. Бірақ baq.kz сайты арқылы кез келген газеттің сайтына қалтафон арқылы кіруге болады

— Сіз Ресейдің “Мой мир”, “Одноклассники” сияқты әлеуметтік желілеріне ұқсатып, “Кездесу.кз” жобасын жүзеге асырдыңыз. Бұл жобаға жастардың сұранысы қандай?

Негізінен, бұл жоба мені моральдық тұрғыдан қанағаттандырады. Бұл жобаны мен не үшін жасадым? Әрине, бұл “Мой мир”, “Одноклассники” сияқты ірі жобаларға бәсекелес бола алмайды. Себебі бұл жобаны жалғыз өзім жасап шықтым. Бұл арада мен “мұндай нәрсені қазақша жасауға болады” дегенді айтқым келді. Қазір бұл сайтқа көп адам кіреді. Жобаның іске қосылғанына бір жыл толмаса да, оның 500-ден астам қолданушысы бар. Яғни мұндай сайттарға да сұраныс жоғары. Онда қоғамдық желілерге тән барлық қызмет түрлері бар. Өкінішке қарай, техникалық тұрғыдан оған тым көп қолданушының кіруін көтере алмаймыз. Сервер тұрғысынан нақты мүмкіндіктеріміз жоқ.

… Қазір ойда жүрген қандай жобаларыңыз бар?

Бүгінде nur.kz — Қазақстандағы танымал порталдардың бірі. Сол сияқты орыстарда rumbler, yandex тек іздеу жүйесі ғана емес, ішінде поштасы да, ақпараттық блогы да, видео және аудио бөлімдері де бар үлкен портал. Мен де осындай кең ауқымда қамтылған үлкен портал жасағым келеді. Ол қазақтың бас порталына айналса екен деймін. Менің көзім жеткені — жүзеге асыруға болмайтын нәрсе жоқ. Бәрін де жасауға болады. Ең бастысы, бұған ниет пен қолдау қажет.

— Алғашқы блогшылардың бірі ретінде қазақша блогосфераның қазіргі жай-күйіне қандай баға бересіз?

Қазақ блогосферасы 2008 жылы үлкен дүмпумен дамып кетті. Асхат ЕРКІМБАЙлардың еңбегі мұнда зор. Сол жылдары біраз блогтар ашылып, оқырмандар жиналды. Адамдар блогтың не екенін түсіне бастады. 2008 жылдан кейін бұл бағытта семинарлар мен тренингтер де көбейді. Қазіргі аяқ алысы жаман емес. Асхаттың айтуынша, бүгінде қазақ тілінде 200-ден астам блог бар. Қазіргі блогтарды азаматтық журналистика деп атауға толықтай болады. Журналистердің өздері де блог аша бастады. Бұл да қуантарлық жайт.

Екінші жағынан, сізді спорт шолушысы ретінде де танимыз. Бұл арада сіздің авторлық құқықтарыңыздың да бұзылған кездері болды ма?

Кезінде менің қазақ қыздарына арналған arular.kz деген сайтым болды. Бұл жобаны қыздар жүргізіп отырды. Ол қыздардың ешқайсысы журналист емес-тін, біреуі Семейде, біреуі Атырауда, енді біреуі Алматыда тұрып, жобаны жүргізді. Ең қызығы, қыздардың жазған мақалалары мен түсірген суреттерін кейбір облыстық газеттер көшіріп жазып, өз аттарын қоятын кездер де болған. Әрине, ол жерде адамның авторлық құқы бұзылып, еңбегі зая кетеді. Осының салдарынан сайтта жұмыс істеп жүрген қыздар мақала жазғысы келмейтін. Яғни мұндай келеңсіздіктер адамның ықылас, ниетіне қаяу түсіреді…”. Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ.

EGEMEN.KZ. “Көліктерді техникалық байқаудан өткізу қызметі жекеменшікке берілетін болды”. “Кеше Парламент Мәжілісінің кезекті жалпы отырысы болып, онда көптеген мәселелер қаралды. Жалпы отырыс жұмысын палата Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов ашып, жүргізіп отырды…

Бірінші оқылымда қарауға ұсынылған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заң жобасы депутаттардың бастамашылдығымен дайындалған еді, сондықтан ол туралы негізгі баяндаманы депутат М.АЙСИНА, ал қосымша баяндаманы Ж.ДҮЙСЕБАЕВ жасады. Осы заң жобасы екінші оқылымда да қарауға ұсынылып, отырыстың соңынан ол екінші оқылымда да мақұлданды.

Ал кейбір заңнамалық актілерге механикалық көлік құралдарына және олардың тіркемелеріне міндетті техникалық байқаудан өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қызу талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды және екінші оқылымда қарау туралы ұсыныс қабылданбады. Нақтырақ айтқанда, бұл көліктерді техникалық байқаудан өткізу ісін мемлекеттің міндетінен алып, бәсекелестік ортаға, яғни жекеменшік фирмаларға жүктеуді көздейтін заң жобасы еді. Ол депутаттар арасында әртүрлі көзқарас тудырды. Осы күні қазақстандықтарда 3 млн. 300 мыңнан артық көлік құралдары бар екен, оларды техникалық байқаудан өткізуге кемінде 3 мың теңгеден төленеді, сонда 9 млрд. теңге бюджетке түседі, сонша қаражатты неге жекеменшікке жібереміз деушілер де болды. Бірақ соның арқасында мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылатынын кейбір депутаттар ескермеген секілді.

Бірнеше рет ұсынылып қабылданбаған “Ғылым туралы” заң жобасы осы жолы бірінші оқылымда мақұлданды, ал екінші оқылымда да қарап жіберейік деген ұсыныс мұнда да өтпей қалды. Заң жобасы туралы негізгі баяндаманы Білім және ғылым министрі Б.ЖҰМАҒҰЛОВ, ал қосымша баяндаманы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Б.ӘЛІМЖАНОВ жасады. Одан әрі дипломатиялық қызмет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, 1968 жылы Венада қол қойылған Жол жүрісі туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімді ратификациялау туралы және т.б. заң жобалары мақұлданды”. Авторы: Жақсыбай САМРАТ.

ANATILI.KZ. “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы: қоғамдық пікір таразысында”. “…Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің әлеуметтік маңызды жобасы аясында 2008-2009 жылдары аралығында “Әріптес” үкіметтік емес ұйымдардың конфедерациясы қолдауымен “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі: елдегі жүргізіліп жатқан реформалардың азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыруда” бағдарламасы жүзеге асты…

Қоғамдық пікір тарапынан Қазақстандағы азаматтық қоғам мен саяси институттардың дамуын ынталандыру бастамаларының перспективалық бағыттары айқындалды. Азаматтық және саяси институтты дамыту шараларын былайша сипаттауға болады:

– Адам құқығының қорғалуын бақылау күшейді – 41%;

– ҮЕҰ дамуы – 32,1%;– Жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуы – 26,9%;

– Ақпараттық кеңістіктің кеңеюі – 12,8%;

– Ұлттық мәдени орталықтардың дамуы – 7,6%;

Көші-қон саясаты – 2,5%…

ЕҚЫҰ мен Қазақстанның жаңа тарихының жаңа беттері енді басталды. Төрағалық ететін шешуші жыл ағынындамыз. Қазақстан үшін де, халықаралық қауымдастық үшін де маңызды жаһандық оқиғалардың қатарында орын алған бұл кезең ел ішіндегі қарапайым азаматтардың қоғамдағы азаматтық ұстанымының нығаюына, саяси мәдениеті мен белсенділігінің артуына тікелей ықпал етерлік оқиға ретінде өрбуі тиіс. Қоғамдық пікір демократиялық құндылықтарға жетудің кепілі саналатыны рас. Өйткені демократиялық қоғам қалыптасуында бұқараның билікке ықпалы, саяси шешімдерге қатысуы, саяси үдерістерге белсене қатысуы, азаматтық ұстанымдарын танытуы маңызды”. Авторы: Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА, саясаттанушы-журналист.

ALASHAINASY.KZ. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі жұмысында кемшілік көп”. “Осыдан төрт жыл бұрын алғышарты жасалып, былтыр ғана өмірге жолдау алған Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі жұмысында кемшіліктер әлі көп. Бұл туралы еліміздегі автомобиль жолдары саласының бір жылдық жұмысын қорытындылаған жиында белгілі болды. Солардың бірі – жол құрылысы жүретін жер телімдерін сатып алуға қатысты. Бұл жұмыстар әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысында сағызша созылып барады. Ал Жамбыл көрші қырғызбен арадағы шекара сызығының нақтылануына орай, жоба қайта қаралып жатыр…

Жиында сөз етілген кемшіліктер бұл ғана емес. Автожолдардың ой-шұңқырларын жамап-жасқайтын кәсіпорын тиісті технологияларды сақтамайды. Соның салдарынан соңғы 10 айдың ішінде 258 шаршы метр жөндеу жұмыстары жарамсыз болып қалған. 800 мың теңгеден астам қаржы желге ұшып отыр. Бұл – Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан өңірлерінде болған жай….

Биылғы бюджет те жаман болмаған – 219 млрд теңге. Отырыста мамандар бұл соманы осы салаға 2001 жылы бөлінген қаржыдан сегіз есе көп қаржы деп дуылдап жатты. Расында, ел Үкіметі әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, автомобиль жолдары саласына бөлінетін қаржыны қысқартқан жоқ. Соның арқасында 2001-2009 жылдар аралығында 32 мың шақырым жол жөнделіп, республикалық дәрежедегі жолдардың 70 пайызы мен жергілікті жолдардың 55 пайызының жыртығы жамалып шықты. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы биылғы жоспардың асыра игерілгенін айтады. 377 шақырым жолдың орнына 409,2 шақырым жол салынған. “Халықаралық дәліз өтетін Ақтөбе, Қызылорда және Жамбыл облыстары аумағында ұзындығы 1367 шақырым жол жүргізілді. Алдағы желтоқсан айында Оңтүстік Қазақстан облысында тағы 252 шақырым жол салу жұмыстары басталмақ”, – дейді Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы”. Автор: Бүркіт НҰРАСЫЛ, Астана.

ABAI.KZ. “Серік Ақсұңқарұлы: «Біздің зиялылардың естері дұрыс емес…»”. “- Серік мырза, Алматыдан алыста жүрсіз. Кейбір жазушылар Алматыдан жырақта жүрген қаламгердің шығармасында қуат болмайды, әдеби орта болмаған соң, жазғандары нәрсіз келеді деген пікір айтады. Әріптестеріңіздің айтқандарымен келісесіз бе, өзіңіз не жазып жүрсіз?

Мұндай әңгіме — сонау жылдардан бері айтылып келе жатқан ақжемі шыққан қасаң дүние. Әдеби орта Алматыда деу — жаңсақ сөз. Менің ұғымымда әдеби орта — әлем әдебиеті. Яғни әдебиетте әлемдік өреге көтерілген жазушылар. Олардың арасында қазақтың данышпан Абайы, ақиық Мұқағалиы да бар. Кітаптары үйімнің қабырғасында сіресіп тұр. Ал Алматыдағы әдеби орта ше? Жасыратыны жоқ, алматылық жазушыларды көріп жүрміз ғой, дастарқанның басында бірін-бірі мақтағаннан басқа өрелі еш нәрсе айтпайды. Айтпайды деу аздық етер, айтайын десе, түк білмейді. Әуелі сол жазушылардың біразы өз шығармаларынан басқа қаламгерлердің жазғандарын мүлде оқымайтын сияқты. Оқымаған соң, өзінен басқа классик көрмейді, ешкімді мойындамайды. Оларға қарағанда, мен бақытты жазушымын. Себебі, қабырғасы әлем классиктерінің кітаптарына толған үйімде — әдеби ортамда өмір сүремін. Оқимын, мойындаймын...

— Секе, Қазақстан Жазушылар одағы туралы таласты әңгіме көп айтылып жатыр. Жуырда өткен ұжымның мерейтойында төрағаның орынбасары Берік ШАХАНОВ: “Қазақстан Жазушылары одағы саясатқа араласпайды”, — деп, азарда-безер болып, мақала жазды…

Бұл — нағыз топас пікір. Саясаттың араласпайтын жері жоқ. Егер саясат — қазақтың рухани тәуелсіздігі, ұлттық идея азаттығы болса ше? Онда онымен айналыспаған Жазушылар одағының кімге керегі бар? Тәуелсіздік үшін бір ауыз тәуелсіз ой айтпаған, құлданған сананы оятуға үн қоспаған жазушы қазақтың қай тесігіне жамау болады? Ал “Құрметті төрағалық” деп, Жазушылар одағын аласапыранға салып жатқан мәселеге келсем, соны айту емес, ойлаудың өзі — ұят нәрсе. Біз неге көсемшіл болып кеттік? Осының алдында ғана “ұлт көсемін” шығарып едік, енді “Одақ көсемін” таптық. Масқара!

— Биыл сіз Мемсыйлыққа түсуден бас тартыпсыз. Өткен жылы ала алмаған соң, суынып қалдыңыз ба, жоқ әлде тағы да әділдік болмайтынын сездіңіз бе?

Жазушы шығармасын сыйлықпен өлшеу Ресейде де, Еуропада да бар. Ресейдегі сыйлықтардың жазушыларға берілу дәстүрі дұрыс қалыптасқан. Олардың комиссиясында тәуелсіз сарапшылар отырады. Сарапшылары — әдебиетті білетін мамандар. Ал Еуропада да, Ресейдегідей, әдебиеттің қадір-қасиеті сақталған. Бізде ғой — жазушы сорлап, “Мемсыйлықтың” құны кеткені. Сондықтан көзімнің тірі кезінде өзімді Мемлекеттік сыйлыққа ұсынбаймын деп шештім. Әдебиеттің өлшемі — сыйлық емес, халық және уақыт

— Қазақстанда дін мәселесі күннен-күнге асқынып барады. Жастар жалындап жанатын шағында түрлі діни ағымдардың құлы боп кетті. Аллаға серік қостырмайтын Исламның кейбір ағымдары пайда болып, еліміз түрлі діннің бейне қойыртпақ қазанына айналғандай. Азамат ретінде бұл жағдай жаныңызға батпай ма?

Батқанда қандай!.. Шынымды айтсам, Құдай деген құлмыз ғой. Бірақ Құдайды “қуыршаққа айналдырып”, білгенін істеп жүрген дінбұзарларды көрген сайын қорқынышпен өмір сүретін болдым. Өйткені дін — бомба. Біздің ел үшін бұл бомбаның жарылатын күні жақын сияқты. Бұрын кәпір, мұсылман болып бөлінсек, енді мұсылмандарымыздың өзі ішінен қырыққа айырылған. Бір үйде бірнеше діннің адамы өмір сүріп жатқан жағдайлар да кездеседі. Жағдай бұлай жалғасатын болса, енді жуық арада “Дін соғысы” бұрқ етуі мүмкін. Өйткені діннің әңгімесі ұлғайып барады. Негізінде, мұнымен ішкі істер органдары айналысуы керек еді. Алайда солардың не қарап отырғандарына таңым бар. Дегенмен білмей отырған жоқ қой. Мұнда шикілік бар….”. Әңгімелескен Жұқамыр ШӨКЕ. “Общественная позиция” (“DAT” № 42 (79), 24 қараша 2010 жыл).

ZAMANDAS.KZ. “Жоғалған бала табылды”. Алматыдағы №1 перзентханадан жоғалған нәрестенің табылып, анасына қайтарылды. Кіндігі кеппеген баланы ұрлады деген күдікпен 25 жастағы әйел ұсталды. Ол анасы маужырап ұйықтап жатқанда палатаға мысықтабандап кіріп, нәрестені ұрлап кеткен…

Алматыдағы №1 перзентханада қарашаның 17-і күні дүниеге келген ұл бала үш күннен соң осы мекемеде жоғалып кеткені туралы бұған дейін жазған едік. Алматы полициясы бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу бастағаны белгілі. Алматының №1 перзентханасында бала ұрлау оқиғасы соңғы үш жылда осымен екінші рет тіркеліп отыр. 2007 жылы ақпан айында осы перзентханада медбике өмірге келгеніне екі-ақ күн болған қыз баланы ұрлап кеткен еді. Ол жолы сәби көп кешікпей Алматының шетіндегі үйлердің бірінен табылып, 19 жастағы анасына аман-есен қайтарылған болатын”. Авторы: Н.ҒАЛЫМЖАН.

ASPECT-M.KZ. “Ж. Ерман: халық барда, қазақ барда айтысты алатайдай бүлдіру мүмкін емес”. “Қазақ халқының ғасырлар бойы күткен тәуелсіздігімен ілесе оның төл өнері – айтыс та жаңғырып, жаңа сипатта халық өміріне енді. Бұл саланы өркендетуде еңбек сіңірген азаматтарды санамаласақ, бір қолдың саусақтарының өзі артылып қалары хақ. Әйткенмен, сол айтыстың ұймдастырылып, халықтың құмарын қандыруына мұрындық болған жандардың өздерін түртпектеп, жеке мүдделер қақтығысының ортасында жеке тұлғаны былай қойып, халықтың байырғы төл өнерін де көкпарға салып жібергендерін әлгіндей жолбикелер аңғарған да жоқ. Елбасының атын жамылып, ерлерге ауыз салғандардың әрекеттері Президенттің құлағына жетіп, біраз уақыт тоқтап қалған АЙТЫС соны серпінмен алға басты.

Біз де осы игі хабарды естіп, қазіргі уақыттағы айтыстың бірден-бір жанашыры болып даусыз есептелетін ақын Жүрсін ЕРМАНға жолығып сұхбаттасқан едік. Қысқа да болса, нақтылы жауаптарымен ол кісі талай мәселеге қатысты өткір пікірлерін бізбен бөлісті.

— Жүрсін Молдашұлы, соңғы кездері айтыстың тоқырап қалғаны туралы әртүрлі әңгімелер айтылып жүр ғой. “Осы айтыстың төңірегіндегі қалыптасып, белең алып кеткен ахуал турасында Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВқа айтылмады ма, жеткізілмеді ме?” деген сауал халық көкейін тесіп жүргені белгілі…

Бұл сұрағыңа жауап берсем, қойғалы отырған талай сұрағыңа жауап беріледі. Айтыс, кейінгі алты жылда көрсетіліп келген айтыс соңғы екі жылда жабық тұрды. Айтыстың тоқтатылғаны рас, эфирден де алып тастады. Қазір Қазақстанда белсенді түрде айтысып жүрген 50-60 шамалы айтыскер ақын бар….

— Соңғы сұрақ. Осы қолға алынып жатқан, яғни жаңғыртылып жатқан айтыстың басшылығы, атқару жұмыстарындағы қызмет бөліністері қалай жүзеге асырылмақ?

Өткелі жатқан айтыстың барлық қаржылық, басшылық жағын Мәдениет министрлігі, оның Мәдениетті қолдау қоры көтеріп отыр. Идеологиялық басшылық – осы айтыстың көптен бергі қамқоршысы, қазақтың абызы атанып жүрген Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВтың қолында. Ал, бұрынғысынша, қара жұмыстарын атқару, ұйымдастыру, дайындау, шақыру-келтіру, бағыт беру, теледидарға жеткізіп, оны монтаждап эфирге беру жұмыстары – менің мойнымда. Түйіп айтқанда, барлығымыздың да илейтініміз бір терінің пұшпағы болмағы айдан анық ақиқат….”. Сұхбаттасқан Бейбіт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, “Аспект М” әлеуметтік-гуманитарлық зертттеулер орталығының сарапшысы.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...