«Ғарышқа бөлiнген қаражат қайда?». «Мигранттар сор ма, әлде қор ма?». «Азиадаға жұмсалған қаржының өтемi бола ма?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 29 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қазақстандағы православие шіркеуі қазақша уағызға көшпек”. “Қазақстанда православие діні өкілдері алдағы уақытта құлшылық рәсімдерін қазақша жүргізбекші. Бұған қатысты басқа діни топтардың көзқарастары сан алуан болып шықты…

– Халқымыздың басқа дінге бет бұруының басты себебі – ресми имамдарымыздың қызметтерін нашар атқаруынан деп есептеймін. Олар өздеріне сөз келтірмес үшін ең әуелі міндеттерін дұрыс атқаруы тиіс. Басқа діндерге қысым жасау арқылы өз дінін тарату – қате, – деді Мұрат ТЕЛІБЕКОВ қарашаның 26-сы күні.

— Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 4 500-ге жуық діни бірлестік тіркелген. Бұл діни бірлестіктердің қарамағында 2300-ден астам мешіт, 230-ға жуық православие шіркеуі, 69 католиктік және 40 протестанттық ғибадатхана бар”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Азаматтық қоғамның ЕҚЫҰ жұмысына қатысуы ерекше маңызды”. “…Сыртқы істер министрлігінің Ерекше істер жөніндегі елшісі Мәдина ЖАРБОСЫНОВАның айтуынша, қазақстандық төрағалық “адами өлшем” саласындағы ЕҚЫҰ-ның барлық жыл сайынғы міндетті шараларын үкіметтік емес ұйымдарды кең қатыстыра отырып, өткізген. “ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығын даралар ерекшеліктердің бірі — мемлекеттік құрылымдардың азаматтық қоғаммен және халықаралық маман-сарапшылармен жүйелі жұмыс жүргізуі болып табылады”….”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “4 буынды интернет желісі – WіMax (4G) іске қосылды”. “Астанадағы “Пекин Палас” қонақ үйінде Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВтің қатысуымен “Alem Communіcatіon Holdіng” ЖШС коммерциялық негіздегі 4 буынды интернет желісі – WіMax (4G) іске қосылды. Бұл шараға Байланыс және ақпарат министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ та қатысты…

Сонымен қатар, Байланыс және ақпарат министрі Тәуелсіздік күніне орай спутниктік-сандық телеарнаның іске қосылатындығын хабарлады. Телеарна Қазақстанның барлық аймағын қамтитын болады. Бүгінде бұл іс бойынша барлық техникалық мәселелер реттелді, деген А.Жұмағалиев Үкімет басшысын арнаның тұсаукесер рәсіміне шақырды”. Авторы:Венера ТҮГЕЛБАЙ.

TURKYSTAN.KZ. “ҒАРЫШҚА БӨЛIНГЕН ҚАРАЖАТ ҚАЙДА?”. “Өзге елдер отандық ғарышты дамыту үшiн күн-түн демей еңбек етiп жатса, бiз керiсiнше рәсуа қылуды ермек етiп отырмыз. Қазақстанның ғарыштық жобаларға үкiметтен бөлiнiп отырған қаражаты орынсыз пайдаланып келген, тiптi кейбiр салалар бойынша белгiленген бағытта жұмсалмаған екен. Ғарыш жобаларын iске асыруға бөлiнген мемлекет активтерi және республикалық бюджет қаражаты тиiмсiз пайдаланылуда дейдi Есеп комитетi…

«Ғарыш жобаларының техникалық-экономикалық негiздемелерi сапасыз жасалған. Мәселен, iске қосу алаңында ұшыру кешенiн салу және техникалық кешендi пайдалану жөнiнде экономикалық тұрғыдан тиiмсiз қате шешiм қабылданған», – деп белгiледi Есеп комитетi. Есесiне, аталмыш мекемелердiң әкiмшiлiк шығындары арта түскен.

Ағымдағы жылы Ресей премьер-министрi В.ПУТИН отандық ғарыш саласына 67 миллиард рубль бөлiнгенiн хабарлаған едi. Мұндай көп қаражаттың не үшiн қажет екенi белгiлi. Себебi, державаның ғарыштық мүмкiндiктерi артқан сайын, қондыру-ұшыру айлақтары жетiспеуде. Алайда, Қазақстан тарапы да бұл жөнiнде аянып қалған емес. Қажетiнше бюджеттен арнайы қаражат қарастырады, ал орындау мекемелерi бет-албаты жұмсауға жол бередi немесе қол сұғуға барады. Тiптi, қамба түбiнде жұмсалмай сарғайған қаражатекi-үш жылға дейiн қала берген. Ал, ғарышты дамыту, елiмiздiң байланыс аппаратын ұшыруды алға қойып, аттан салып отырсақ та, қаржыны жұмсаудағы немқұрайдылықаяқтан шалып отыр”. Авторы:Ақниет ОСПАНБАЙ.

ALASHAINASY.KZ. “Қыдырәлі Болманов Королева Виктория сыйлығын алды”. “Қарашаның қоңырқай күндері қазақ топырағына түу Тұманды Альбионнан күтпеген қуанышты хабар жетті. Қазақтың белгілі продюсері, әнші Қыдырәлі БОЛМАНОВ Ұлыбританияның Оксфорд қаласындағы Еуропа бизнес ассамблеясының ұсынуымен Королева Виктория атындағы эксклюзивті, яғни ең таңдаулы адамдарға берілетін ағылшын сыйлығымен марапатталыпты. Аталған сыйлық иесінің қоғам үшін атқарған ерен еңбегі, ең бастысы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы көрсеткен ерлігі мен адалдығы, адамгершілігінің халықаралық дәрежеде мойындалуын білдіреді делінген құжатында…

“Ұлытау” бәлкім, біреулер үшін Қыдырәлінің ғана тобы шығар, бірақ білгенге ол – ұлттық идеологияның қозғаушы күші. Голливудтан қазаққа Гран-при алып берген этнотоптың негізгі тірегі күмбірлеген домбыраның қоңыр үні – қазақтың үні емес пе? Ал оған дейін естеріңізде болса, жаппай батыстың әуеніне төңкерілген ел өз домбырасын керек етпей, телеарналар мен радиода дәстүрлі әнді бермей тастағаны рас…”. Авторы: Мәриям ӘБСАТТАР.

ABAI.KZ. “Есеп Түгелов. Мигранттар сор ма, әлде қор ма? ”. “…Жылына, орташа есеппен, Ресейде жұмыс істеп жүрген өзбек ағайындар үйлеріне 3 миллиард доллардан астам қаражатты аударатын болып отыр. Бұл тек ресми деректер бойынша!

Ресейден шетелге ақша аудару бойынша бірінші орында алпауыт Қытайдың мигранттары тұрған көрінеді. Қытайлық гастарбайтерлер елдеріне үш айдың ішінде 1,089 миллиард доллар аударыпты (шамамен бір жұмыскер еліне бірден 10 мың доллардай қаражат аударады).

ТМД елдерінің ішінде Ресейден ақша аудару бойынша екінші орында тәжік ағайындар орналасқан. 2010 жылдың үшінші тоқсанында тәжік мигранттары отандарына 756 миллион доллар (бір адамға шаққанда 404 доллар) қаражатты аударыпған екен. Олардан кейін қаржы аудару бойынша Украина — 606 миллион доллар (625 доллар), Армения — 348 миллион доллар (677 доллар), Қырғызстан — 334 миллион доллар (396 доллар), Молдова — 261 миллион доллар (591 доллар), Әзірбайжан — 252 миллион доллар (680 доллар), Қазақстан — 290 миллион доллар (741 доллар), Беларусь — 57 миллион доллар (407 доллар), Түрікменстан — 10 миллион доллар (584 доллар) елдері орналасыпты…

… Біздің пайымдауымызша, Ресейден Қазақстанға жылына 1 миллиард доллардай қаражат аударылады. Еліміздегі орыстілділердің саны 23 пайыз құрайтынын естен шығармайық. Орыстілділердің жастары негізінен Ресейге барып білім алуға, сол жақта жұмыс іздеп, сол жақта қалуға құмар екені анық. Сондықтан бұл соманы негізінен туған-туысқандарға көмек көрсету деп түсінген дұрыс болар.

Өз кезегінде, ТМД елдерінен Ресейге де қомақты қаражат аударылатын көрінеді. Ресей мамандары ТМД елдерінде жоғары жалақы алатын жұмыс орындарын иеленеді. Қазақстаннан Ресейге оқуға не жұмыс атқаруға кеткен балаларға ата-аналары, туыстары қаржылай көмек көрсетеді. Бұл қаражат, әрине, банк жүйесі арқылы қозғалысқа түседі. 2010 жылдың үшінші тоқсанында тек қана Қазақстаннан Ресейге 181 миллион доллар қаражат аударылыпты. Шамамен бір адамға шаққанда 1 мың 144 доллар. Бір жылдың ішінде бұл сома 1 миллиард долларды құрап қалатын сияқты.

Қалғанын өздеріңіз топшылай беріңіздер”. “Абай-ақпарат”.

ZAMANDAS.KZ. “Азиадаға жұмсалған қаржының өтемi бола ма?”. “…Халықаралық сарапшыларды айтуынша, егер VII Қысқы Азия ойындары жоғары деңгейде өткiзiлетiн болса, жуық арада Қысқы Олимпиада ойындарын өткiзуге қазақ елiнiң жоғары мүмкiндiгi бар екен. Ол үшiн ұйымдастырушылар Ақ Азия ойындарына қомақты қаражат бөлуi қажет.

Қысқы Азия ойындарын өткiзу үшiн әу баста ұйымдастыру комитетiнiң басшылары 768,2 млн. доллар қаражат бөлген болатын. Алайда, бұл көрсетiлген қаржы АОК басшыларының жоспарлағанынан 20 млн. долларға аз болып шықты. Осылайша, Қысқы Азия ойындарының негiзгi бағдарламасына енген 11 спорттың төртеуiн қысқартамыз деген шешiм шығарды. Егер Ақ Азия ойындарының бағдарламасынан төрт спорт түрiн қысқартатын болса, жарысты қос қалада өткiзудiң де маңызы болмайтын едi. Осы себеппен, 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындары комитетiнiң басшылары қосымша 301,5 млн. доллар бөлуге мәжбүр болды…

Ақ Азия ойындарына арналған құрылыс нысандарына мемлекет қоржынынан 1,36 млрд. доллар қаражат бөлiндi. Ал, Алматыдағы жаңадан салынған К95, К 125 халықаралық трамплиндерiндегi құрылыс жұмыстарының мерзiмiнде аяқталуы үшiн қосымша 34 млн. доллар берiлсе, “Шымбұлақ” тау-шаңғы кешенiндегi қос бiрдей подстанцияның құрылысына 40,8 млн. доллар жұмсалды. Алматыдағы Қысқы Азия ойындарына байланысты қайта жасалған негiзгi 14 көшенiң құрылысына (жалпы ұзындығы 36 шақырым болатын) 37,4 млн. қаржы бөлiндi…

Бөлiнген қаражатты қалай қайтаруға болады?

Ұлттық Олимпиада комитетiнiң вице-президентi Павел НОВИКОВ Қысқы Азия ойындарына арналып салынған нысандардың барлығы жарыс аяқталған соң жеке кәсiпкерлерге пайдалануға берiлетiндiгiн айтқан болатын. Оның пайымдауынша, Ақ Азиадаға бөлiнген қаражат жуық арада кеткен шығынның орнын толтыра алмайтын көрiнедi.

Ұлттық Олимпиада комитетiнiң басшылары жұмсалған қаражаттың бiр бөлiгiн жарыстың ашылу және жабылу салтанатына, сондай-ақ, жарыстарға кiру билеттерi арқылы қайтарып аламыз деп отыр. Оған байланысты билеттердi дайындау үшiн 1,8 млн. доллар жұмсалды.

Басқа да салалар бойынша

Қысқы Азия ойындарының кәдесыйлары ретiнде сатылымға түскен жейде, қалпақ сияқты заттарды жасау үшiн 156,5 мың доллар жұмсалды. Сондай-ақ, жарыс басталған күннен бастам тiкелей көрсетiлiмдi қолға алатын компанияға 20 млн. доллар бөлiнген”.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...