«Халықаралық шиеленістер және ЕҚЫҰ саммиті». «Киiктiң обалы қазаққа, сауабы қытайға…». «Қазақ мәдениетіндегі еңбек феномені». «Жазғы Азия ойындарынан 20 алтыннан кем алмайтынбыз»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 30 қараша 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Балама саммит қайырды ЕҚЫҰ-ның келер жылғы төрағасынан күтеді”. “Дүйсенбі, қарашаның 29-ы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитіне балама түрде өткізілген екі күндік конференция аяқталды. Шетелдік азаматтық қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылар талап-тілектерін ЕҚЫҰ-на табыс ететіндерін мәлімдеді…”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

Арон Атабек диссидент ақын ретінде халықаралық сыйлыққа ие болды”. “Шаңырақ оқиғасы бойынша 18 жылға сотталған Арон АТАБЕК сингапурлық Freedom to Create халықаралық сыйлығына лайық деп табылды… Қарашаның 29-ы белгілі Шаңырақ оқиғасына қатысып, түрлі айыптармен сотталған азаматтардың аналары Алматыда баспасөз маслихатын өткізді. Олар бірнеше күннен кейін Астанада басталатын ЕҚЫҰ Саммитіне қатысушылардың назарын өз қасіретіне аударып, “жазықсыз жала мен ұрып-соғуға ұшырап, сотталған” туыстарының қылмыстық ісін қайта қарауды талап етіп отыр. Осы күнге дейін Қазақстандық соттың барлық сатысына арызданып келе жатқан аналар, ендігі үмітіміз Астанада өткелі отырған “әлем елдері жетекшілерінің елеулі жиынында” дейді…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Бұл саммит – ЕҚЫҰ тарихындағы теңдессіз оқиға”. “Кәрі құрлықтағы беделді ұйымның Астанада өтетін VІІ саммитінің алдында ұйымдастырылған ЕҚЫҰ аясындағы Шолу конференциясында Үкіметтік емес ұйым өкілдері “ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі қызметі бойынша барлық ұстанымдары мен міндеттерінің орындалуына шолу” және “Келешекке қажетті жобалар мен ұсыныстарды талқылау” деген тақырыптар төңірегінде ой толғады.

Үш күнге ұласқан форумның соңғы күніндегі жалпы отырысқа ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнаулы өкілі — Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин ЖИГАЛОВ пен ұйымның Бас хатшысы Марк Перрен де БРИШАМБО қатысты…”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ, Астана.

EGEMEN.KZ. “Қазақстандықтар тілегі үлкен жиын үстінде”. “Мемлекет басшысының атына Қазақстан халқы Оңтүстік Қазақстан облыстық Ассамблеясының сессиясында қабылданып, 18 этно-мәдени орталықтың төрағалары қол қойған хат келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.

Хатта Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары республиканың барша азаматтарымен бірге халықаралық өмірдің айтулы оқиғасына айналатын жаһандық форумға – ЕҚЫҰ саммитіне әзірлік барысын айрықша мақтаныш және қуаныш сезімімен қадағалап отырғаны хабарланған.

“Осы заманғы әлем құрылысы тарихының маңызды беті біздің көз алдымызда және бейбіт бастамаларын әлемдік қауымдастық орынды түрде атап отырған Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тікелей қатысуы жағдайында жазылып жатқанын қуанышпен атап өтеміз. Біз өзімізді бүкіл елімізбен бірге жоғары ұйымдық деңгейде, біздің халқымызға тән қонақжайлық жағдайында өтетініне сенімді шараның қуанышты иелеріміз деп санайтындықтан, осынау оқиғаға қатысты болу мүмкіндігіміз бар.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан дүние жүзіне ядролық сынақтардан бас тарту туралы бірінші болып жария етті; Еуразиялық идеяның және интеграцияның бастамашысы болды; этносаралық және ұлтаралық келісімнің бірегей моделін – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды; елорданы көшіру және жаңасын – Астананы салу жөніндегі батыл да тарихи жобаны іске асырды.

Мемлекеттің тарихи шежіресі біздің еліміздің халықаралық аренадағы беделін бұрынғыдан да нығайта түсетін оқиғамен толығатыны қуанышты жәйт. Өйткені, әлемдік тәртіптің өзекті проблемаларын реттеу мақсатында келіссөз үстеліне бірнеше ондаған мемлекеттердің басшылары отыратын болады…”.

Үлескерлер мәселесі қаралды”. “27 қарашада Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВтің төрағалығымен үлескерлік құрылыстағы проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі бірыңғай үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Отырыс барысында үлескерлердің қатысуымен салынған тұрғын үй құрылысы нысандарын аяқтау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, үлескерлерге келтірілген зиянның орнын толтыру үшін өз істеріне жауапсыз қараған құрылыс компаниялары иелерінің активтерін, оның ішінде – шетелге заңсыз шығарылған капитал және мүліктерін қайтару бойынша мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылының жоспарын іске асыру барысы қарастырылды”.

ZHASALASH.KZ. “Киiктiң обалы қазаққа, сауабы қытайға…”. “Киiк атқан адам үш жылға сотталсын! Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң мамандары осы бастамаларын заңға бекiтiп алмақ. Жалпы, елiмiзде Қызыл кiтапқа енген жануарларды атқандар мен өте сирек өсiмдiктердi кескендер қылмыстық жазаға тартылады. Бiрақ, мұның киiкке қатысы аз. Себебi, киiк Қызыл кiтапқа ене қоймаған. Алайда, жойылып кетудiң алдында ғана тұр. Деректерге көз жүгiртсек, 1980 жылдардың басында қазақ даласында бiр жарым миллион киiк жосылып жүрiптi. Жануарлардың iшегi мен өкпесiн iрiтiп жiберетiн пастерилиоз дертiнен олардың 1983 жылы 180 мыңы, 1988 жылы жарты миллионы қырылып қалған. Отандық ғалымдар дауасын таппай отырған осы дерттен биыл жыл басында Батыс Қазақстанда 12 мың бас өлексеге айналды. Даланың жез қанат күмiс бауыр ерке киiгiне бұл табиғаттан келген апат делiк. Алайда, ақбөкендердiң адам қолынан көрiп отырған қасiретi де аз емес. Орман және аңшылық шаруашылығы комитет төрағасы Ерлан НЫСАНБАЕВ бүгiнде елiмiзде 85,5 мың киiк бар дейдi. Бұған қуанбасқа болмас. Өйткенi осыдан 6-7 жыл бұрын 27 мыңдай ғана ақбөкен қалған едi. Бiр айта кететiнi, қазiр Ресейде 8 мың, Моңғолияда 4 мыңдай ғана киiк қалыпты. Ал Қытай, Өзбекстан және Түркiменстанда киелi жануар қалмаған. Яғни, Қазақстанда бары дүниежүзiндегi киiктiң 80 пайызы….

“Қара базардағы мүйiздiң құны бүгiн 35-40 мың теңге. Алматыда бұл баға 200 мыңға жеттi. Ал Қытайда бiр келiсi 4 мың доллар тұрады”, – дейдi Е.Нысанбаев…”. Авторы: Руслан ЕРБОЛҰЛЫ.

ABAI.KZ. “Омар Жәлелұлы. Қазақ мәдениетіндегі еңбек феномені”. “…Ә дегенде біз тәптіштеп жазған осы мағыналық жағынан ұқсас, туыстас сөздердің арасында ешқандай байланыс жоқ секілді. Бірақ назар салып, жіті үңілер болсақ, әңгімеге арқау болар біраз жайттарды байқаймыз. Енді осы көңілге түйген ойларды ортаға салайық. Алдымен, бұл сөздің дүниеге жаңа келіп, адамның қан тамырының соғысындай бүлкілдеп тұрған нәрестенің бас сүйегімен мағыналық байланысы біраз ойға жетелейді. Әдетте жас сәбиге құмартып, құшып-сүйіп, қолға алғысы келген адамдарды “байқа, әлі еңбегі қатпаған!” деп ескертіп жатады. Иә, “еңбегі қатпаған”: өмірге енді келіп, жарық дүниеге, тіршілікке әлі қалыптаса қоймаған сәби туралы әңгіме. Өмірге құмартып, тіршіліктің дәмін алған нәресте енді біраздан соң еңбектей бастайды. Еңбектеу барысында бас сүйегі қатайып, адам санатына кіруге талпынады. Бәлкім, іңгәлап жарық дүниенің есігін ашқан сәбидің ең алғашқы еңбегі де осы еңбектеуден басталатын шығар… Тізерлеп, етпеттеп жүру, кейін бой тасалай, бұғып жүру мағынасына ұласатын еңбектеу ұғымының антонимі — бой жазу. Бұл сөз: а) денесінің құрысқанын тарқатты; ә) дем алды, денесін сергітті; б) кеңшілік алды, еркіндікке қол жеткізді, — деген мағыналарды береді екен. Осы өзара қарама-қарсы ұғымдарды салыстыра келіп, еңбектің адамға оңай тимейтінін аңғарамыз: мұнда жан қиналу/еңбектеу, жорғалау, өрмелеу, тырмысу /, адамның табиғи еркіне тұсау салу /бой тасалап, бұғып жүру/ бар. Бәлкім қарапайым пенденің табиғи түйсікпен еңбектен қашатыны да осыдан болар. Қалай болғанда да, осы сөздердің астарына үңіле отырып, еңбектің еркіндік сүйгіш, өз еркімен жүріп-тұруға құмар, қалағанын істеуге бейіл адамға берілген бір “жаза” екенін түйсінеміз. Әрі “бой тасалай бұғып, тізерлей еңбектеп жүрген адам ғана түптің түбінде  әйтеуір бір бой жазады” деген де мағына шығады. “Еңбек түбі зейнет” деп келетін қанатты сөздің шығу төркіні де осыған меңземей ме?!…

“Би болған, болыс болған неге өнер емес?” — деген сұраққа әліміз келгенше енді жауап та беріп көрелік. Болыс боламын деп бар малын шығындап, болыс болып алған соң бар күш-қайратын сол малды қайта өндіріп алуға жұмсайтын қазақты Абай көзі көрді. Кімнің тарысы піссе соның тауығы болатын, “тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген атам қазақтың моральдік кодексін ұмытқан парақаор биді де Абай көрді. Көріп қана қойған жоқ, өзі де біраз жыл би, болыс болды. Болды да бұл істің баянсыз, жалған екендігін кәміл түйсінді. Ақын не жазса да басынан өткеріп, әділетті жүрегінен өткізіп барып жазды; бейнелеп айтар болсақ: “жүрегінің қанымен” жазды.

Абай айтқан осы жайт — бүгінгі күні де актуалды. Бұрынғының биі мен болысы — бүгінгінің депутаты мен әкімі. Қазір де жұрттың барлығы депутат, барлығы әкім болғысы келеді. Ал Абай айтып отыр: “Бұл сендердің жаппай ұмтылатын нәрселерің емес, одан да баянды еңбекке ұмтылыңдар” дейді. Қарапайым кәсіп /егін салу/ пен білімді билік пен тақтан жоғары қояды. Ой көзімен қарасақ, елдің экономикалық хал-ахуалы қазір екі нәрсеге — ауыл шаруашылығы мен жоғарғы инновацияларға негізделеген жаңа технологияларға байланысты. Елу елдің қатарына кіреміз деп ел алдында мақсат қойған Елбасының да арман-аңсары, ой мақсаты жастарды жаппай билікке емес, білімге жұмылдыру, кәсіби мамандарды даярлау, ауыл шаруашылығын көтеру. Әрине, ешкім депутат болма, әкім болма деп жатқан жоқ, — киелі жердің бос болмайтыны бесенеден белгілі, — бірақ жалпы ұлттық тұрғыда ол — мақсат емес. Мақсат — шын өнердің қатарына жататын баянды еңбеке бар күшіңді сарп қылып, халқыңа пайдалы болу. Қазақ елінің айнымас темірқазығы, ұлт ұстазына айналған Абай тағылмы бізді осындай ойға жетелейді” (“Жас Қазақ үні” газеті).

MINBER.KZ. “Халықаралық шиеленістер және ЕҚЫҰ саммиті”. “…Саммитке 61 елден ресми делегация келеді. Олардың ішінде 29 елдің – Ресей, Финляндия, Франция, Сербия, Ауғанстан, Армения, Әзірбайжан, Тәжікстан т.б. президенттері, Италияның премьер-министрі Сильвио БЕРЛУСКОНИ және Германия канцлері Ангела МЕРКЕЛЬ, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хилари КЛИНТОН бар.

ЕҚЫҰ саммиті бұған дейін Түркияның Стамбул қаласында өткеннен бері 11 жыл өтіпті. Сарапшылар, саммиттің ұзақ уақыт бойы өткізілмей келгенін ЕҚЫҰ құрылымының дағдарысымен байланыстырады. Әлемдік саясаткерлер Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ұйымға жаңа серпіліс бергенін және түрлі деңгейде саяси дағдарысты басынан кеше бастаған Еуропадағы ең беделді құрылымның жұмысының жанданғанын айтады…

Өзгені былай қойғанда, Саммит күн тәртібінде алға шыққан ТМД кеңістігіндегі даулы мәселелердің өзі біршама. Қырғызстандағы ұлтаралық араздық: елдің оңтүстігіндегі өзбектер мен қырғыздардың проблемасы; Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Карабах шатқалы, Молдовадағы Приднестровье, Грузия мен Ресей арасындағы геосаяси ойынның құрбанына айналып отырған Оңтүстік Осетия мен Абхазия мәселесі. Бұған Орта Азиядағы ең тұрақсыз мемлекет Ауғанстанда саяси тұрақтылық орнату, халқын сауаттандыру, қарулануды азайту, есірткі саудасын тоқтату және терактілердің алдын-алу секілді толып жатқан жаһандық проблемалар қосылады. Демек, саммиттің көтерер жүгі ауыр…

P.S. Демек, екі күннен кейін басталатын мәртебелі жиында Қазақстан мемлекеттер арасындағы шиеленістерді біржақты етуді басты мәселе ғып отыр. Бұның нәтижесін саммит қорытындысы көрсетеді. Ал, елбасы Жолдауындағы басым бағыттын бірі – ЕҚЫҰ-ға абыройлы төрағалық пен ЕҚЫҰ саммитін Астанада өткізу – Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделін тағы мәрте өсіретін болады”. Авторлары: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, Әсет ТҰРДЫҒҰЛОВ, Қазақстан Гуманитарлық-саяси коньюктура орталығының бас сарапшысы.

ZAMANDAS.KZ. “Өзбектен озсақ болды ма?!”.

Бiз Жазғы Азия ойындарынан 20 алтыннан кем алмайтынбыз. Бұл жолы да солай болады деп алдын-ала сәуегейлендiк. Тiптi, Ұлттық Олимпиадалық комитеттiң вице-президентi Павел НОВИКОВтың кемiнде 25 алтын аламыз деп желпiнуi де тегiн емес шығар дестiк…

Бiз алғаш 1994 жылы Хиросима қаласына 12-Жазғы Азия ойындарына атттанған едiк. Сол баяғы алдымызды орайтын Қытай, Жапония, Оңтүстiк Корея спортшылары… Әйтсе де, бүгiнгiдей спортымыз кеңiнен дамыған заман болмаса да, тамтұмдап жүрiп 25 алтынды қоржынға салып, 4-шi орынды еншiлеген едiк…

Жақында ғана басталған Гуанчжоудағы Жазғы Азия ойындарының жалпы қорытындысы белгiлi болды. Медалiмiз көп болғанмен, алтынымыз ирандық спортшылардан аз болды. Тарихымызда тұңғыш рет 20-дан кем алтын жүлдеге иелiк еттiк….”. Әзiрлеген Жандос БАЙДIЛДА.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...