«Саммитке 28 мемлекет басшысы қатысады». «Уикиликс» қазақ шенеуніктерінің әдеті мен әрекетін жаһанға жария қылды». «Не дейміз, кедей болсақ, мал-дүниеге емес, ынсапқа, ар-ұятқа, ұлтқа деген махаббатқа кедейміз»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 1 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Хиллари Клинтон Астананы азаматтық қоғамды дамытуға шақырды”. “Қарашаның 30-ы күні кешке қарай АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари КЛИНТОН Астанада қазақстандық және шет елдік азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. елдегі азаматтық қоғамды дамыту, “Уикиликс” сайтында жарық көрген құпия мәліметтер төңірегінде де сөз болды.

АҚШ мемлекеттік хатшысымен азаматтық қоғам белсенділерінің Астанадағы кездесуі “Орталық Азияның болашақ игілігі үшін азаматтық қоғамды нығайту” деген тақырыпта өтті. Сөз басында “Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия бойынша демократия мен адам құқтары саласындағы белсенділермен жолыққаныма қуаныштымын. Қоғам азаматтық еркіндік, бостандық болған жерде ғана дамып, гүлдене түседі” дей келе, Хиллари ханым азаматтық қоғам құрудың маңыздылығына тоқталды….”.

Уикиликс” қазақ шенеуніктерінің әдеті мен әрекетін жаһанға жария қылды”. “Қоғам назарынан тыс, қалтарыстағы құпия мәліметтерді жариялап отыратын “Уикиликс” сайтының Қазақстан турасында шығарған ақпараттары ел билігіндегі адамдардың жеке өміріне қатысты және де бизнес саласындағы қимыл-әрекеттері турасында болып отыр...”. Авторлары: Үкілі-ай БЕСТАЙ, Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ..

AIKYN.KZ. “Саммитке 28 мемлекет басшысы қатысады”. “Астанада ЕҚЫҰ саммитінің атқарушы хатшысы, айрықша тапсырмалар жөніндегі өкілі Сержан Әбдікәрімов журналистерге арналған брифингте саммитке 5000-ға жуық адамның, оның ішінде 2500 қатысушы, 1200 бұқаралық ақпарат құралының өкілдері, 600-ге жуық үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысып жатқанын мәлімдеді…

Жалпы, саммитке 33 халықаралық және аймақтық ұйымдардың өкілдері қатысуға келісімін растады. Ең алдымен, олар Еуропалық одақ, БҰҰ, Ислам конференциясы ұйымы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, ҰҚКҰ, ЕуразЭҚ, Азиядағы ықпалдастық пен өзара келісім кеңесінің басшыларымен қатар, Еуропалық Даму банкінің президенті, ТМД атқарушы хатшысының орынбасары, НАТО бас хатшысының көмекшісі, т.б. ұйым өкілдері келмек. Сөз соңында атқарушы хатшы: “Алдын ала қорытындылар бойынша, саммитке 11 миллион евро жұмсалды. Оның төрттен бір бөлігі мүше-мемлекеттер тарапынан бөлінеді” деп, мәлімдеді”. Дайындаған Шүкір ӘЛІМ.

EGEMEN.KZ. “Іске сәт, Астана Саммиті!”. “Бүгін Астанада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Саммиті басталады.

Жиын алдындағы жүздесулер

Бүгін өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммиті аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ БҰҰ Бас хатшысы ПАН ГИ МУНмен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі…”. Дайындаған Кәкімбек САЛЫҚОВ.

ЕҚЫҰ ПАРЛАМЕНТТІК АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ПЕТРОС ЭФТИМИУДІҢ (ГРЕКИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ МҮШЕСІ) МӘЛІМДЕМЕСІ”. “Ыстамбұлдағы соңғы ЕҚЫҰ Саммитінен беріде өткен 11 жылдан кейін Қазақстанда болатын жетінші ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бюросы бүгін Астанада жиналды.

Ассамблеяның жоғары басшылығымен болған бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалығы Ұйымға жаңа серпінділік және сенім әкелгенін тағы да бір рет атап көрсеткім келер еді. Қазақстан төрағалық лауазымында Шығыс пен Батыс арасындағы көпір құрылысының адал брокері рөлін атқара отырып, ЕҚЫҰ-ға тиімді басшылықты қамтамасыз етті.

Астана Саммиті ЕҚЫҰ-ның ұжымдық қауіпсіздігі үшін Орталық Азияның маңыздылығын атап көрсетудің бірегей мүмкіндігін береді…

ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Бюросының атынан мен ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекет және үкімет басшыларын тиімді Декларация қабылдау жолымен өз міндеттемелерін қайта қуаттауға және қатысушы мемлекеттер арасында сенімділікті арттыру және ЕҚЫҰ-ны оның тиімділігі мен парламенттік өлшемдерін нығайту есебінен одан әрі дамыту мақсатындағы болашақ іс-қимылдары үшін қуатты кепілдік беруге шақырамын. Осының арқасында Астана Саммиті Еуропа мен Еуразияда ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады”.

Демократия – ел дамуының көрсеткіштерінің бірі”. “Кеше АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари КЛИНТОН ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне Америка делегациясының басшысы ретінде қатысу үшін Қазақстанға ұшып келді. Осы күні ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақстандық және халықаралық ҮЕҰ өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесу өткізді….”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Тергеуші неден секемденеді?”. “Обалы не керек, қолданыстағы заңнамаларымызда қорғаушыларымыздың өкілеттілігі жан-жақты көрсетілген. Алайда, өмір тәжірибесінде кездесетін кедергілерді есепке алсақ, сол тасқа басылған қағидалардың көбісі қағаз жүзінде қалып қойған. Тергеу органдарынан бастап сот сатыларына дейін созылып жатқан тізбекте қорғаушының сол заң жүзінде берілген өкілеттігін қиындықсыз атқаратын кездері өте сирек ұшырасатын жайт. Көптеген адвокаттар қорғауындағы адамдары қамауға алынған алғашқы сәттен бастап-ақ түрлі кедергілерге тап болады. Қылмыстық қудалау органдарының тергеушілері тергеу амалдарының бастапқы кезеңдерінен іс жүргізу барысында жіберген қателіктерін көрсетпеу мақсатында іспен таныстырмаудың түрлі амалдарын ойластырып, адвокатты жолатпауға тырысады. Дәлел керек пе, айтайық….”. Темірбек АҚШАЛОВ, Алматы облыстық адвокаттар алқасы бірінші орталық заң консультациясының меңгерушісі.

ABAI.KZ. “Жанар Елдосқызы.Қазақтың құны “беш” тиын ба? немесе Ерлан Әбдірге жауап”. “Қазақ кейісе, не демейді? “Кет дегенге ит те кетеді” дейді. “Сенің құның маған беш тиын” деп шорт сынады. Ашынғандағы айтқаны ғой. Әйтпесе, ерін 1000 қойға, етектісін 500 қойға (бүгінгіше кем дегенде 15 млн және 7 млн теңге) бағалаған бабамыз үшін елден қымбат не бар бұл қу дүниеде?

Бірақ, біз өзгердік. Азаматымыз нақақтан ажал құшса да, “әу” деп ауыз ашпайтын болдық. Би жоқ, батырып айтар, батыр жоқ, шектен шыққанды шауып алар. Ақын аз, ашынтып жырлар. Сондықтан шығар, адамнан ақша, атақ қымбат қазір. Әйтпесе, шейіт болғанға 500 мыңнан 1 миллионға дейінгі ақшаны аңыратып жүріп, әзер төлейтіндей не күн туды басымызға? Қызылағаштағы қырғын, Шығыстағы шығын, тағысын тағы…

Ереке, сен кезінде қазақтың құны 500 мың теңге деп қынжылушы едің. Қайдам, маған “беш” тиын секілді. Бірақ, кімге өкпелейміз? Баяғы сол кесірткелік қауқар қалдырмаған Кеңес Үкіметіне ме? Үстіміздегі зерлі шапанды сыпырып алып, жұмысшының қара киіміне, күміс жүгенді тартып алып темір таяққа, қымызды араққа, Құранды “Компартия тарихына” ауыстырып, қызыл саясат төрден есікке сүйреген қайран басымызды қай қиырдан іздеп табамыз енді? Табармыз-ау, қайтарып ала аламыз ба?

Ереке, мына суретті қара, жақсылап қара. 19-шы ғасырда орыс бит терісін басына қаптаған байғұс қазақтың бейнесі бұл. Екі ғасыр өтті. Ал сен Ақтаудағы вахтаға бар, Қарағандыдағы шахтаға бар, Алматының арбакешін көр, Аралдағы ағайынның амандығын біл. Айтарсың, айырмашылық бар ма? Сол баяғы қайыршылықтың таз кепеші таз қалпында. Азаттықтың ақ уызы аузымызға тиді дегендегіміз осы ма?! Ауылды аздырып, қалаға алпыс шақырым жерден жолатпай, итпен қуып, дуана күйге түсірген бағлан бабаның ұрпағына жасалған қиянатқа жауап беретін жан бар ма өзі? Қазақ сыймай жүрсе жарайды, сыйдырмай жүргенін көргенде бұ дүниеге сыймай кетеді екенсің. Сабырдан да ұят болды өзі…

Не дейміз, кедей болсақ, мал-дүниеге емес, ынсапқа, ар-ұятқа, ұлтқа деген махаббатқа кедейміз. Мүмкін, тәуелсіздік алдық деп қуаныштан қатты айқайлап жіберген шығармыз, енді жүрміз дауысымыз қарлығып, үніміз өшіп…”.

Сенатор-философ, Ғ. Есімге және “ғарифоллашыларға” жауап”. “Қараша айының 4-ші жұлдызында “Айқын” газетінің “Парасат” айдарында “Оқулықтағы олқылық (немесе) сараптамашылар ай қарай ма?” тақырыбымен сын мақала жарияланды…

Оқулықта Шыңғыс хан мен Елбасы саясаты арасында ешқандай ұқсастық немесе салыстыру туралы ниет жоқ. Айтпақшы Сенатор мырза “Хәкім Абай” атты кітабында өзін “герменевтик” ретінде көрсетіп еді. Сондықтан мәтіндегі “ниет” мәселесін түсінбегендіктен емес, ниеті қаралауға негіз іздеу екендігі анық болып отыр. Жалпы бірінші сындарыңыз сын көтермейді. Онда ешқандай теориялық, әдістемелік, нұсқаулық, педагогикалық тосын ой, ұтымды ұсыныс та жоқ. Бұл сындарыңыздан бізге ешқандай пайда болмады.

Енді екінші сындарыңызға келейік. “Оқулықтың стилі қарабайыр” депсіз. Оқулықтың стилі қазақтың қарапайым тілі. Оқулық шарты түсінікті, оқушыға жеткілікті болу. Біз сіздер ойлағандай “неғұрлым түсініксіз болса, соғұрлым терең философия” жазуды мақсат етпедік. Тағы да қайталаймын, бұл оқулық дінтану үшін жазылып отыр, дүниетану үшін емес. Әр сөйлемді жұлып, үзіп “Мұны қалай түсінуге болады?” — деп сұрайсыздар… Менің айтпағым “Сөйлемдерді өз орнына қойып, контекст ішінде тұтас оқыңыздар, сосын, “бір аударып” оқи салмай, көңіл қойып мұқият оқыңыздар; Бұл оқулықта 9 сынып оқушылары үшін ғана емес, сіздер үшін де пайдалы мәліметтер бар. Дін туралы сыдыртып оқи салып, бір аударып пікір айтуға болмайды. Ол өте нәзік, терең білім, сабыр мен үлкен жауапкершілікті талап етеді

Ғарифолла аға, Сіз де мен де осы салада “оқулық” жаздық. Маман ретінде өз оқулығымның ішіндегі барлық мәліметке ар алдында Аллаға, сот алдында халыққа жауап беремін. Ал сіздің “оқулықтағы” сауатсыздықтар туралы сізбен кез келген платформада, сенатта, мәжілісте “бетпе-бет” болсын, қай жерде пікір таластырамын десеңіз мен дайынмын. Бірақ, қоғамның жазығы жоқ. Онсызда қай жолдың ақиқат екенін біле алмай дал болып отырғанда, қоғамда фитна шығармаңыз. Ал, шәкірттеріңізді “дінтану” саласы бойынша А.Ясауи атындағы  халықаралық қазақ түрік университеті жанындағы “Біліктілік арттыру институтына” (ИПК) бір айлық тегін курсқа жіберіңіз. Құрметпен, КЕНЖЕТАЙ Досай Тұрсынбайұлы, философия және теология ғылымдарының докторы, А.Ясауи атындағы ХҚТУ Түркология ғылыми зерттеу институтының директоры

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...