«Б.Обама Н.Назарбаевтың барлық бастамаларын қолдайды». «Қазақстандық тәжірибе кейбір нормаларды қайта қарауға негіз болады». «Қазақ баласына қандай ат қояды?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 2 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Пан Ги Мун: Адам құқықтарын қорғауда Қазақстан ілгері басады деп үміттенемін”. “…Азаттық радиосының тілшісі Едіге Мағауинге берген сұқбатында ПАН ГИ МУН БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі форматын реформалау қажет деген пікірді БҰҰ мүшелерінің көпшілігі қолдап отырғанын жеткізді. Бас хатшы Қауіпсіздік Кеңесінің вето қою құқығына ие бес тұрақты мүшесі және он уақытша мүшесі бар қазіргі жүйесі ескірген деген пікірін білдірді….

Азаттық: – Енді ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған Қазақстан туралы сөз етсек. Төрағалық ететін ел басқаларға үлгі болуы керек деген қағидаға сенетіндердің көбі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауда осалдық танытып отырған Қазақстан Еуропаның қауіпсіздік пен құқық саласындағы белді ұйымын басқаруға лайықты емес еді дегендей пікірлер айтып жатады. Бұған сіз қалай қарайсыз? Қазақстанның осы жыл ішіндегі төрағалығын қалай бағалайсыз?

Пан Ги Мун: – Биыл ЕҚЫҰ-ны басқара отырып Қазақстан Қырғызстанда және басқа да аймақтарда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде алғырлығын, табандылығын танытты. Қырғызстанда бейбіт өмір мен тұрақтылықты, адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуде Қазақстан үкіметі ЕҚЫҰ-ның басқа мүшелерімен және БҰҰ-мен қоян-қолтық жұмыс істегенін атап айтқан жөн.

Осы саммит барысында Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың басшылығымен ЕҚЫҰ мүшелері ядролық қарудан арылу, бейбітшілік пен тұрақтылық, адам құқықтары, табиғатты қорғау сияқты бәрімізге ортақ мәселелерді шешуге мүмкіндік алады деп үміттенемін. Мұның барлығы – біз шешуге тиіс күрделі мәселелер. Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының аса маңызды әріптестерінің бірі және бұл ел әлеуметтік-экономикалық даму саласында көп жетістіктерге жеткен. Адам құқықтарын құрметтеу мен қорғауда да Қазақстан ілгері қадамдар жасайды деп үміттенемін. Қазақстан басшылығымен кездесуде дәл осы тақырыпты талқыладық. Ел үкіметі Адам құқықтары кеңесінің барлық ұсыныстарын іске асырады деп сенемін…”. Авторы: Едіге МАҒАУИН.

Астанадағы саммитпен қатар шеттегі қазақ елшіліктерінің алдында пикеттер өтіп жатыр”. “Шетте жүрген өзбек диаспоралары мен тәжікстандық журналистер Қазақстан елшіліктеріне барып, адам құқығы мен сөз бостандығының шектелуі жайлы саммитте арнайы мәселе көтеруді талап етті…”. Авторы: Үкілі-ай БЕСТАЙ.

AIKYN.KZ. “Хиллари КЛИНТОН, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы: Б.Обама Н.Назарбаевтың барлық бастамаларын қолдайды”. “…Кездесу кезінде жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың ашықтығы бойынша ЕҚЫҰ Қазақстанның бастамасын үлгі ретінде пайдаланса, ұтылмайтынын дәйектеген Хиллари КЛИНТОН: “Пайдалы қазбалар өндіретін компаниялардың ашықтығы туралы бастама — бұл шын мәнінде маңызды. Мол пайдалы қазбаларға ие кез келген мемлекет үшін негізгі 3 мәселе туралы айтуға болады. Бұлар — коммерциялық һәм жеке сектор, бұқаралық сектор және азаматтық қоғам. Бұл үшеуін орындықтың үш аяғымен салыстыруға болады. Егер оның бірі осал болса — қауіпті. Сондықтан да мұндай бастаманың маңызы зор. Мен Қазақстанның қабылдаған бастамасын жоғары бағалаймын. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ның бұл бастаманы үлгі ретінде қарастыруына болады деп есептеймін. Жалпы, ЕҚЫҰ-ның адами факторы маңызды әрі ұйым аясында ол қолдау табуы тиіс”, — деді….”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ, Астана.

EGEMEN.KZ. “Астана Саммиті басталды”. “Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жоғары деңгейдегі жетінші Саммиті өз жұмысын бастады.

Сағат тілі 9-дан асқанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің мемлекет және үкіметтер басшыларын, халықаралық ұйымдардың жетекшілерін, сондай-ақ бірқатар елдердің мемлекет басшылары атынан келген ресми делегация басшыларын салтанатты жағдайда қарсы алып, шаңырақ иесі әрі ЕҚЫҰ Саммитін өткізуші ел ретінде құрмет көрсетті. Қарсы алу рәсімінен соң ресми делегация басшылары пленарлық отырыс өтетін кең зал төрінде ескерткіш суретке түсті.

ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі Саммитін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашты және Саммиттің бірінші сессиясына төрағалық етті…”.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақстандық тәжірибе кейбір нормаларды қайта қарауға негіз болады”. “ЕҚЫҰ – дүниежүзілік саяси-экономикалық жүйені қалыптастыратын институттардың бірі. Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), Дүниежүзілік банк (ДБ) тәрізді ұйымдардың мақсаты – саяси-экономикалық идеялар мен нормаларды қалыптастыру және оларды насихаттау екені белгілі. Қазіргі таңда бұл ұйымдар әлемдік еркін сауда ортасын қалыптастыру, мемлекеттің экономикаға араласуын шектеу және бәсекелестікті дамыту сияқты нормаларды насихаттайды. ЕҚЫҰ-ға қатысты бұл нормалар “Кәсіпкерлік және инвестициялық ортаны жақсартуға арналған үздік үлгі-нұсқаулығында” (Best-Practice Guide for a Positive Business and Investment Climate) қарастырылған. Осы орайда “бұл нормалар Қазақстанның және басқа да дамушы елдердін экономикалық дамуына үлес қоса ма?” деген сұраққа жауап іздесек…”. Автор: Қайрат МОЛДАШЕВ.

ZHASALASH.KZ. “Қытай желге де қол салды. Оның Қазақстанға экспансиясы үдеп барады”. “Экономикасының қарыштап дамуы жолында энергетика саласының ролi басым Қытай мемлекетi ендiгi кезекте табиғи таза қуат көзiн өндiру мақсатымен Қазақстанның желiн пайдалануға кiрiстi. Бұл туралы ақпаратты Вашингтондағы Джеймстаун қорына қарасты “Еурейша дейли монитор” басылымы таратып отыр. АҚШ-тың стратегиялық және тактикалық одақтастары болып табылатын елдердегi қауымға сараптама жасаумен айналысатын бұл қордың мәлiметiне қарағанда, “стратегиялық серiктестiк” аясында қанатын кеңге жайған аспан асты елi Орталық Азия мемлекеттерiне экономикалық экспансиясын одан әрi күшейтiп келе жатыр.

11 қарашада “Самұрық Қазына” Ұлттық әл-ауқаттық қорының басшысы Қайрат КЕЛIМБЕТОВ пен Қытайдың “Датанг оверсиз инвестмент” компаниясының басшысы ЛЮ ШЕН ДА қалпына келетiн қуат көздерi жобаларын дамытудағы ынтымақтастық туралы бiрлескен меморандумға қол қойды. Алайда уақыттың әрбiр сәтiн қалт жiбермейтiн қытайлар меморандумға қол қойылмай тұрып-ақ, Алматы облысының Шелек елдiмекенi маңында желден қуат көздерiн өндiретiн генераторларын орнатып, келесi кезекте бұл аймаққа жел энергия стансасын салуды жоспарлап та тастаған. Ең қызығы, қытайлықтар энергия қуатын қай мемлекеттiң мүддесi үшiн өндiретiнi таратылған ақпараттарда нақтылы айтылмаған…”. Авторы: Меруерт ХУСАИНОВА.

ABAI.KZ. “Алғадай Бекбатыр. Қазақ баласына қандай ат қояды?”. “…Замана, қоғам ыңғайына қарай да қойылған есімдер қазақ арасында жетерлік. Негізінде, кез келген қоғамдық, саяси жүйе адамдардың санасына, жүйкесіне әсер ететіні анық. Мысалы, 19 ншы ғасырдың соңындағы қазақ қоғамындағы ислам дінінің күшті әсері сол тұстағы адамдардың есімінен танылғандай. Ол кездегі екінің бірінің аты Құраннан алынып қойылған. Және пайғамбарлардың, әулие-әмбилердің де аттары жиі кездеседі. Ибраһим, Мұхамедқанафия, Досмұхаммед, Мұстафа сынды есімдер ескі заманның естелігі.

Сонымен бірге, өткен ғасырдың аласапыран уақытында қызылдардың “құдайы” жасаған кезеңде қазақтың есімі де өзгеріске ұшырады. Совхозбек, Съездбек, Мэлс, Пионер сияқты тізе берсең кете беретін есімдер ұлттық санамызға отаршылдықтың қаншалықты қатты соққы бергенінен хабар береді.

Бірақ, қазақ қашанда өз ортасынан шыққан ұлт тұлғалары мен игі-жақсылардың жолын ұрпағыма берсе, ол да елі үшін еңіреп өтсе деп ырымдаған. Сол ырым мен ізгі тілек соғыс жылдары Қасым, Бауыржан, Мәлік есімді балаларға қойылса, алпысыншы, жетпісінші жылдардағы төлдер Мұхтар, Олжас атанды. Сұм соғыстың аяқталуын аңсаған ел тағы да соған ырымдап қарадомалақтарына Жеңіс деген ат берді.

Кейін келе заман ауысты. Тәуелсіздік жылдары қазақ балаға ат қоюда өзінің әдетіне басып еліктеп бақты. Батыс пен славияндықтардың неше түрлі есімдері қазақ балаларын тегінен, өзінен ажыратып жібергендей болған. Араға уақыт салып Нұрсұлтан атты балақайлардың легі келді өмірге.

Оның сыртында қоғамды елеңдеткен кейбір оқиғаларға қатысты да ат қоятындар табылды. Оңтүстікте Дағдарыс деген баланың бар екені бұған дейін айтылған. Енді міне, елі іші — ендігі балалардың аты Саммитхан, Саммитек, Азиада болар деп мысқылмен миығынан күледі.

Қазақ ішінде балаға есім беруде жүлгесі үзілмей келе жатқан бір дәстүр бар. Ол — батырлардың аты. Райымбек, Баян, Наурызбай, Ерасыл деп келетін ныпсылар бүгінде қазақ баласына көптеп қойылады… Әр заманның өз батыры болатыны тағы рас… Үш нүктені оқырманға қалдырдық.

Өткенде “Ел боламын десең, есіміңді түзе” деген мақала жарық көрген. (http://www.abai.kz/content/symbat-syluova-el-bolamyn-desen-esimindi-t-ze) Сондағы кестеге қарағанда, қазір қазақ қыздарына Аружан, Аяулым, Кәусар ал, ұлдарына Ерасыл, Нұрасыл, Әлихан деген есімдермен қатар Әмина, Мәдина, Ислам дегендей діни есімдерде көптеп қойылатынын көрдік. Бұл дегеніңіз, қазіргі қазақ арасында 19 ншы ғасырдың аяғы мен 20 ншы ғасырдың басындағыдай әсіре діншілдік әсер етіп жатқанын көрсетеді. Есесіне, Аяулым, Кәусар ныпсыларының көптеп қойылуын — бүгінгі адамдардың бойынан ізгілік пен мейірімділіктің аздығынан және қоғамда етек алған түрлі озбырлық пен жемқорлықтан, адам қасиетінің азайғанынан жаны мен санасы шаршағандықтан әділдік пен мейірімді, ізгілікті күткен жанның түпкі қалауы деп түсіндік…”.

ZAMANDAS.KZ. “Саммиттiң алғашқы отырысында қандай мәселелер қаралды?”. “…Аталған саммиттiң ерекшелiгi – Еуропаның жағрафиялық шекарасынан мыңдаған шақырым алыс жатқан Еуразия жүрегiнде өткiзiлуi. Бiздiң көзқарасымыз бойынша, бұл еуропалық қауiпсiздiктiң қағидасын өзгертуге септiгiн тигiзедi.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Ауғанстандағы күрделi ахуалды кешендi түрде реттеу стратегиясын жүзеге асыру керектiгiн, Қырғызстандағы саяси дағдарыс Орталық Азиядағы жаңа келiспеушiлiктерге жол ашуы мүмкiн екендiгiн жеткiздi.

Елбасы АҚШ және Ресей басшыларымен, ЕҚЫҰ-дағы өзге де әрiптестерiмен ақылдаса отырып, аймақтағы ахуалды қалыпты жағдайға түсiрудi тиiмдi жүзеге асырғаны жөнiнде айтып өттi.

Жаппай қырып-жоятын қару-жарақ, адам саудасы, заңсыз көшi-қон, есiрткi тасымалы сынды қауiптердiң негiзгi көзi Еуропадан тыс жерлерде орналасқан. Яғни, басқа әлемдегi жағдайларға Еуропаның экономикалық және энергетикалық қауiпсiздiгiнiң негiзгi аспектiлерi тәуелдi болып отыр. Мұны жаһандық дағдарыс та көрсетiп бердi.

“Еуразиялық қауiпсiздiк – бұл қарапайым метафора емес, бұл қатаң геосаяси фактор. Сондықтан, ЕҚЫҰ саммитi – бiз үшiн ғаламдық қауiпсiздiктегi ЕҚЫҰ-ның мүмкiндiктерiн саралаудың үлкен мүмкiндiгi”…”. Әзiрлеген – Айжан АЛТАЙБАЕВА.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...