«Тек мұнайдың күшімен алдыңғы қатарға ұмтылу қиын». «Қазақстандық басылымдар Интернетке жаппай көшіріледі». «Тауар айналымы 30 пайызға өскен»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 7 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Тек мұнайдың күшімен алдыңғы қатарға ұмтылу қиын”. “Азаттық радиосына берген сұқбатында “Азат Еуропа”/ “Азаттық” радиосының президенті Джеффри ГЕДМИН Қазақстан үкіметі баспасөз бостандығын жақсартуға қатысты шаралар қабылдауы қажет деді.

– Гедмин мырза, Қазақстан премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВпен Астанада болған кездесуде сіз Азаттық радиосының Қазақстанда FM-жиілікте таратылуына мүдделі екенін білдірдіңіз. Сонымен бірге сіз Азаттық радиосы Қазақстандағы қоғамдық теледидардың құрылуына қатыса алады дедіңіз. “Азат Еуропа/Азаттық радиосы” Қазақстанға тағы нені ұсына алады?

– Астанада Қазақстан премьер-министрімен өте қызықты кездесу болды. Өте ашық түрде пікір алмастық. Егер үкімет біздің үш ұсынысымызды қарастыратын болса, ризашылығымызды білдіретінімізді анық байқаттым.

— Біріншіден, бұл FM жиілігінде хабар тарату мүмкіндігі. Біз осы елдегі үлкен аудиторияны қамтымақ ойдамыз. Екіншісі, Қазақстанда қоғамдық теледидарды құруда әріптес болу немесе оған қатысу мүмкіндігі.

– Үшіншісі, журналистер үшін аймақтық тренинг орталығын ұйымдастыру мәселесі. Жергілікті ынтымақтасу аясында үкіметке осы үш ұсыныс немесе өтініш жасалды. Және премьер-министр де ашық-жарқын ниетте болды…”.

Желтоқсандықтардың” ең осал тұсы – ауызбірлігінің жоқтығы”. “Желтоқсандықтар қозғалысы тағы да дағдарысқа кезігіп отыр. Олар қазір екіге бөлініп алған. Біреулері билікке қызмет етсе, екіншілері шынайы тәуелсіздікке қол жеткізу үшін әлі күресіп жүр дейді Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар…

Ғалым ОСПАНОВ: – Меніңше, бұл жерде 27 қазанда Ұлттық баспасөз-клубында болған оқиғаға қатысқан менің жолдастарымды айыптағысы келіп отыр. Мен де дәл сол жерде болғанмын. Білесіздер ме, жұмыртқа лақтыру прогресшіл Батыстың жасаған ықпалы…

Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН:– Жалпы ол жерде “желтоқсандықтар” болды ма? Меніңше, болған жоқ. Ол жерде жанжалқорлар, бұзақылар, арандатушылар, яғни, “желтоқсандықтардың” атын жамылған адамдар болды. Гүлбаһрам ЖҮНІС, Талғат РЫСҚҰЛБЕК дегендер кімдер? Оның біреуі – ең негізгі “жұмыртқа лақтырушы” және бейпіл ауыз. Екіншісі – төбелесқор, бұзақы әйел. Олар “желтоқсандықтар” емес. Бір сөзбен айтқанда, бұлар бөгденің атын жамылушылар….”. Дайындаған Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “Қазақстандық басылымдар Интернетке жаппай көшіріледі”. “Қазақстанда ақшаның жаңа түрі пайда болмақ. Бұл үшін “Электронды ақша туралы” заң қабылданады екен. Кеше Парламенттегі “Үкімет сағатында” осындай жаңалық жария болды. Заң шығарушы билікке мағлұмат беруге келген Байланыс және ақпарат министрі А.ЖҰМАҒАЛИЕВ елімізде электронды коммерцияның дамуына серпін берілетіндігін хабарлады.

Бұл үшін ғаламтор арқылы үйден шықпай-ақ сауда жасап, тауар алғызуға мүмкіндік беретін Интернет-дүкендердің қазіргі қатарын 50%-ға артыру, эквайрингтік жүйені құру, “Қазпоштадай” өз желісімен бүкіл ел аумағын шырмаған алпауыттың осы тараптағы логистикалық құрылымын жақсарту жоспарлануда.

Жұмағалиевтің командасы жаһандық Инет жүйесіне қазақ тілінің де кең қанат жаюына бұрын-соңды болмаған орасан күш-жігер бағыттамақ ниетте. Қазіргі кезде ғаламтордағы іздеу жүйелеріне қазақша сұрау салсаңыз, ақпаратты аз ұсынады. Сондықтан көптеген адамдар мәлімет іздеуде Инетте озық дамыған орыс тіліне тәуелді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Байланыс және ақпарат министрлігі Интернет айдынында еркін жүзушілер арасында “Уикипедия”, “Яндекс” және басқа да керемет танымал ресурстарды қазақша материалдармен толтыру, архивтік қорларды сандық күйге көшіру, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту порталын құру арқылы жаһандық тораптың қазақ тілді контентін кеңейтуге білек сыбана кіріспек.

Министр Асқар Жұмағалиев қазақстандық басылымдардың Интернетке жаппай көшіріле бастайтындығын да мәлімдеді. Жақын уақытта оқырмандар жаңа санын іздеп, сарсылып, дүңгіршек жағаламай-ақ, отандық 1000 басылымды Интернеттен еркін оқуға қол жеткізеді екен. “Мемлекеттік тілдегі контентті дамыту мақсатында BAQ.KZ атты қазақ тілді ақпарат құралдарының портал-агрегаторы өз жұмысын бастады” деді министр. Ал дөңгеленген дүниені ораған ғаламторда өзін еркін сезінетін қазақстандықтардың қатары күн санап емес, сағат санап артып келе жатқанға ұқсайды. “2010 жылы Интернетті пайдаланушылар саны 3,2 миллионнан 3,9 миллионға дейін ұлғайды, — деді А.Жұмағалиев, — Оның ішіндегі қалалық тұрғындардың саны 25%-дан 37%-ға дейін артты”. Елдің “электронды күйге” бой ұра бастағанын ұғынған Үкімет те жандәрмен сол көшке ілесуге асыққан. Осылайша, биылғы жылы Үкіметтің 45 отырысының онлайн-трансляциясы жасалыпты. Егер бұған дейін мәсімовтердің жиынын Үкімет үйіндегі “жергілікті” тележелі арқылы тек журналистер ғана көре алса, енді оны Инеттегі “Қазақстан” телеарнасының сайты және “BNews” мемлекеттік порталы арқылы кез келген қазақстандықтың тамашалауға мүмкіндігі бар. Министрдің мәліметінше, республикалық 6 телеарна мен 9 радиостанса да ғаламтор төрінен орын алған, енді олардың бағдарламалары мен хабарларын да әлемнің кез келген елінде отырып, Интернет арқылы көріп, тыңдап, қызықтауға болады….”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

EGEMEN.KZ. “Тауар айналымы 30 пайызға өскен”. “…Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың төрағалығымен кеңес өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.

Кеңес жұмысына Премьер-Министр К.МӘСІМОВ, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.САУДАБАЕВ, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.МУСИН, сондай-ақ министрліктер мен ведомстволардың басшылары қатысты.

Кеңес барысында Кеден одағының жұмысы, Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың мәселелері, сондай-ақ елдің ағымдағы экономикалық, индустриялық даму мәселелері қаралды.

– Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағы жұмыс істей бастаса, ал 1 шілдеден бастап Біртұтас кеден аумағы құрылды. Осылайша, 170 миллион халқы бар орасан біртұтас рынок құрылды, оның аясында кедендік кедергілер алып тасталынды, кедендік ресімдеу шаралары тоқтатылды. Осы шаралар бизнеске қосымша мүмкіндіктер беріп отыр. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, яғни Кеден одағы жұмыс істей бастаған кезеңде, тауар айналымының 30 пайызға өскені, Ресей және Беларусь елдеріне қазақстандық өнімдер экспортының арта бастағаны байқалады, – деп атап өтті Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы кеңестің қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар берді” .

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Мұғалім мен оқушы бірін-бірі түсіне ме?”. “Облыстық білім басқармасының үлгерімі “үштік” бағаға жетпейді. Себебі, Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында Ақтөбе облысы республика бойынша орташа көрсеткіштен төмен. Көп ұзамай, қаңтар айында ҰБТ-ға дайындау, 11 сынып оқушыларының шамаларын байқап көру сынағы басталады. Алғашқысында оған жаппай қосылғанымен, сынақ өткен сайын олардың қатарлары сирей береді. Мәселе білім сапасына тікелей байланысты. ΧΧI ғасырдың мұғалімі мен оқушысы қандай? Заман талаптарына сай ма? Бүгінгі әңгіме осы жөнінде….

Қазіргі сарапшы педагогтар: “Ленинше “оқы, оқы және оқы” деп біреуді біреу мәжбүрлемеу керек”, – дейді. Бүгінгінің ұрпағы “оқимын, оқимын және оқимын” деп өзі жұлқынып тұруы қажет. Оқушының міндеті – оған жағдай жасау. Үкіметтің міндеті – мектеп салып, оқу-материалдық базасын жасау. Елу шақты үйі бар ауылда екі қабат зәулім емес, оңтайлы мектеп салу керек.

Оқушы қит етсе, “ананы-мынаны алып бер” деп талап қоймай, өзі ізденуі, білімге құмартуы қажет. Бұл қалай қалыптасады? Ол ортаға, ата-анаға, мектепке байланысты. Бірқатар ата-аналар қазіргі оқу бағдарламасының ауырлығын, оқулықтар мазмұнының күрделілігін көлденең тартады. Мамандар индустриялды-инновациялық экономиканы мақсат тұтқан қоғамда білім соған лайық терең болуы қажет деп есептейді. Бұл үшін мұғалім не істеуі қажет? Ол интернет қарап, өзі ізденіп, білімін оқулықтан тыс ақпараттармен толықтырған бәрін білетін шәкіртінің алдында төменшіктеп қалмай ма? Бұрынғының бұлбұл мұғалімі кітаптағы тақырыпты жатқа айтып, түсіндіріп, келесі сабақта қайта сұрайтын. Бүгін бұл аз. Оқушыға естімеген, айтылмаған жаңалық қажет. Мұғалімің міндеті – соны қайдан табуға болатынына жол сілтеу. Тақырыптың негізін түсіндіру – оқушының ізденіс көзін ашу…”. Авторы: Айдос ШӨКІШ, “Заң газеті”.

ZHASALASH.KZ. “Күткен үмiт ақталмады”. “…Астана саммитiнiң қорытындысын қазақ баспасөзi аспанға шығара алмай, жабылып мақтап жатқанда орыстар оның “жаназасын” шығарып та қойды. Елдiң абыройы мен халықтың аузынан жырылып, тойға кеткен шығынды ойлағанда ресейлiк журналистерге “iштерiң күйсе, тұз жалаңдар!” дегiң-ақ келедi. “Мықты болсаңдар, ЕҚЫҰ-ға бiзден бұрын төраға болып, саммит өткiзiп көрмедiңдер ме?!.” деген ренiш те тұр көкейде…

Мәселен, Еуроодақ өкiлiнiң басшысы “бiз көтерiп отырған мәселеге қалай жету керектiгi туралы кешендi және нақты ешқандай бағдарлама жасай алмадық” деп өкiнiш бiлдiрдi. Ал осы саммитке зор үмiтпен келген едiк деген Канада елiнiң өкiлi “ұзақ уақытқа созылған қақтығыстарды реттеудегi аса маңызды мәселелерде ортақ келiсiм мен iске асатын нақты жоспар жасай алмадық.  ЕҚЫҰ мен Ауғанстанды жақындастыратын, трансұлттық қауiптердiң алдын алатын жоспар ұйымға, алдағы күнге ауадай қажет едi” деп қынжылды. “Өкiнiп, қынжылса несiне құжатқа қолы қойыпты?” деп отырған боларсыз. Оның жауабын Молдова өкiлi айтып бердi. “Бiздiң өкiлдiк Астана декларациясына қол қойғанымен, он бiр жылдан кейiн өткен осы саммитте бiз күткен үмiт ақталмады. Қаншама тер төксек те, саяси салмағы бар декларация мен пайдасы тиер әрекеттiң жоспары  жасалмады. Құжаттың шикiлiгi сол ЕҚЫҰ-дағы мемлекеттер мен менiң елiмдегi қауiпсiздiкке және де өзге өзектi мәселелердiң шешiлуiне жауап бере алмайды. Алайда, бұл саммитте қандай да бiр құжатқа қол қоймау ЕҚЫҰ-ның абыройын айрандай төгер едi”, – дедi. Сөздерiнiң бас жағында саммиттiң ұйымдасуы жоғарғы дәрежеде өттi дегендей дипломатиялық сипап салма болмаса, Италия, Чех, Ресей, АҚШ, Румыния өкiлдерi қабылданған құжаттың мысқылдай салмағы жоқтығын ұғындырып өттi. Сондай-ақ, бұл саммитте қанша айтылса да, созылмалы қақтығыстарға қатысып отырған елдерде бiр-бiрiне деген сенiм мен үмiттiң оянбағанын да қадап айтты. Дегенмен, Мемлекеттiк хатшы Қанат САУДАБАЕВ Астана саммитiнiң декларациясының қабылдануы Н.НАЗАРБАЕВтың теңдесi жоқ ерен еңбегi деп қойды. Ал түнгi бiрде журналистердiң алдына шыққан Н.Назарбаев қорытынды құжатты қабылдау оңайға түспегенiн, әр бөлiм бойынша тартыс болғанын, 56 елдiң бiреуi қол қоймаған болса, декларацияның қабылданбай қаларын жеткiздi. Сондай-ақ, саммиттен кейiнгi күнi шендi-шекпендiлердi шақырып алғысын айтқанда: “Бiз бiрiн-бiрi жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмiлеге келтiрдiк. Еуропа мен Азия ұғымын бiрiктiрiп, қауiпсiздiктiң кеңiстiгiн кеңейттiк. Ұзаққа созылған ортақ келiсiмнен кейiн, тарихи Астана декларациясын қабылдап, Ұйымды жаңа белеске көтердiк!” – дедi…”. Авторы: Руслан ЕРБОЛҰЛЫ.

ABAI.KZ. “Сымбат Сұлуова. Қазақ сайттарының бағасы қандай? — 2”. “Осыдан бір ай бұрын порталымызда “Қазақ сайттарының бағасы қандай?” деген мақала жарияланған болатын. Онда әлемдегі веб-ресурстардың “бағасын” өлшейтін www.websiteaccountant.com сайтын пайдаланып, елімізде шығатын ұлттық басылымдар мен тек қана қазақтілді сайттарының рейтингісін жариялаған болатынбыз. Арада бір ай өтті. “Қазақ интернеті қалай дамып жатыр?”, “Сайттардың тіршілігінде нендей өзгерістер бар?” дегендер үшін біз жаңа рейтинг жасап шықтық. Және де осы рейтингке өткен жолы тізімге кірмеген біраз сайттарды да қосқанды жөн санап отырмыз.

Осы мақсатта біздер қазақ баспасөзін біріктіретін www.baq.kz сайтында тіркелген қазақтілді газеттер мен сайттарды тізіп, www.websiteaccountant.com сайтына салып, бүгінгі “бағасын” көрсетіп отырмыз. Болашақта біздің портал осындай ретингтерді ай сайын жасап отыратын болады. Егер осы тізімдерге тағы да бір газеттер мен сайттарды кіргізу қажет деп санасаңыздар мақаланың астына жазып жіберулеріңізді сұраймыз.

Қарап отырсақ, өткен айдың ішінде қазақтілді газеттердің сайттарының ішінде аса үлкен өзгеріс бола қоймапты. Қазақ басылымдары веб-парақшаларының арасында “Айқын”, “Жас Алаш” және “Түркістан” газеттерінің интернет-оқырмандарының саны өсіп, осы арқылы олардың бағасының да артқанын байқай аламыз…”.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...