«Қазақстанда азық-түлік бағасы қымбаттап, етті Аргентинадан тасиды». «Нұрсұлтан Назарбаев: Бұл – менің жан жүрегімнен шыққан жоба». «Аға буынның ІТ сауаты төмен, ал бала буын кітап орнына планшет ұстамақ»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 8 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қазақстанда азық-түлік бағасы қымбаттап, етті Аргентинадан тасиды”. “…БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (БҰҰ ААҰ) деректері бойынша, әлемде миллиардқа жуық адам тоя тамақ ішпейтін көрінеді. Осыған байланысты БҰҰ аштықты тоқтату үшін саясаткерлерді петицияға қол қоюға шақырды. Ел үкіметі тәуелсіз 20 жылдағы экономикалық табыстары жайлы жағы талмай қайталаумен келе жатқан егемен Қазақстанда да тоя тамақ ішпейтін адамдар бар…

Ал енді статистика туралы агенттіктің деректері бойынша, азық-түлік өнімдерінің бағасы 2010 жылғы қазан айында 2009 жылдың қазан айымен салыстырғанда 8 пайызға қымбаттаған. Бұл, әрине, ресми деректер. Атап айтқанда, май мен тоң майдың бағасы – 14,2 пайызға, кофе, шай және какао – 11,9 пайызға, жармалар, жеміс пен көкөніс – 11,7 пайызға, қант бағасы – 11 пайызға, сүт өнімдері – 9,2 пайызға, кондитер өнімдері – 7,9 пайызға, ұннан жасалған өнімдер – 6,3 пайызға, алкогольді ішімдіктер – 4,9 пайызға, нан – 0,2 пайызға қымбаттаған. Ет пен ет өнімдерінің бағасы 11,3 пайызға көтерілген. Атап айтқанда: қой еті – 10,4 пайызға, шошқа еті – 7,4 пайызға, жылқы еті – 4,4 пайызға, шұжық өнімдері – 8,2 пайызға, құс еті – 7,7 пайызға қымбаттаған.Соңғы жылдарғы азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттау динамикасы мынадай: баға 2003 жылы – 7,1 пайызға, 2004 жылы – 7,4 пайызға, 2005 жылы – 8,1 пайызға, 2006 жылы – 7,3 пайызға, 2007 жылы – 26,6 пайызға, 2008 жылы – 10,8 пайызға, 2009 жылы – 3 пайызға өскен….”. Авторы: Дерия АТАБАЕВ.

Тәкееваның «Қорғасқа» қатысты кезекті мәлімдемесінде Әбіқаевтың аты аталды”. “…Кәсіпкер Қанағат ТӘКЕЕВА сейсенбі күні журналистермен кездесуді әдеттегідей, Ұлттық баспасөз клубының ішінде емес, сыртында өткізді. Оның түсіндіруінше, Ұлттық баспасөз клубы белгісіз себептермен бұл жиынды өткізуден бас тартқан. Ал баспасөз клубының әкімшілігі болса, мұны жиын өткізушілердің тиісті құжаттарды кеш тапсырғандығымен түсіндіріп отыр…

-Қаржы полициясының өкілдерінен маған келіп түскен фактілерді тексеруін сұрадым. Себебі, менен жұртшылық жауап күтіп отыр. Бірақ олар үнсіз. Істі өте баяу жүргізіп жатыр. Сол себепті бүгін НАЗАРБАЕВқа, ӘБІҚАЕВқа қайрылып тұрмын. ҰҚК-нің осы іспен айналысатын арнайы комиссиясы құрылып, оған Әбіқаев жетекшілік етсін. Мен қаржы полициясын да, ҰҚК-ін де жақтап тұрғам жоқ. Жай ғана онда тәртіп орнағанын қалаймын. Мынау фактілерді тексерсін! – деді Қанағат Тәкеева….

Осы істі Астанадан арнайы зерттеуге келген Қаржы полициясының өкілдері Арнур АХАНОВ пен Арман НҰРҒАЛИЕВке хабарласқанымызда кезде олар барлық сұрақтарға Қаржы полициясының баспасөз қызметі жауап беретінін айтты. Дәл осы күні қаржы полициясының баспасөз қызметінен жалғыз сөйлем жазылған бір парақ қағаз алдық. Онда: “Бұрын хабарланғандай, Қанағат Тәкееваның Қаржы полициясы органдарына келіп түскен арызы қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес тіркеліп, ол бойынша тексеріс жүргізілуде” деп жазылған екен”.

AIKYN.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Бұл – менің жан жүрегімнен шыққан жоба”. “Ұлт көшбасшысы — Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өз атындағы жоғары оқу орнына барып, “Назарбаев Университетінің” студенттері мен оқытушы қауымының алдында дәріс оқыды. Елбасы шәкірттермен сұхбаттасу барысында көптеген ордалы ойларын ортаға салды, көргендерімен, көңілге түйгендерімен бөлісті. Қазақ елі бастан кешіп отырған тарихи оқиғаларға өз бағасын берді. “Қазақстан үшін жаңа заман басталды!” деп жариялады Нұрсұлтан Назарбаев…

Осы орайда кеше “Назарбаев Университетінде” дәріс оқыған Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке тапсырма берді. — Біздің экономикамызға постиндустриялдық формация кадрлары өте қажет! — деді Мемлекет басшысы. — Әйтпесе анау жүздеген жаңа тұрпатты кәсіпорындарда кім жұмыс жасайды? Уақыт шапшаң сырғуда. Сондықтан Үкіметке қазірден бастап жаңа университеттің түлектерін жұмысқа тұрғызудың нақты схемасына қатысты мәселені шешу қажет. Университетті бітірген әрбір азамат дер кезінде жұмысқа орналасуы үшін, жақсы табыс табуы және әлеуметтік қамсыздандырылуы үшін алдын ала қарап, ерте бастан бизнеспен қоян-қолтық жұмыс жасаған жөн. Бірде-бір түлек назардан тыс қалмасын! — деп нықтаған Елбасы бұл мәселені Президент Әкімшілігінің аппараты ұдайы бақылауда ұстайтынын хабарлады.

— Жаңа университет біздің елордамызды Еуразияның ірі ғылым мен білім орталығына айналдырады. Бұл оқу ордасын құру — менің жан жүрегімнен шыққан ең бір маңызды ұлттық жоба. Сондықтан оның даму барысын мен өзім жеке күн сайын, ай сайын қадағалап отырамын! — деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысының Жарлығымен Дүниежүзілік банктің бұрынғы вице-президенті Шигео КАТСУ (Shіgeo Katsu) “Назарбаев Университетінің” ректоры (президенті) болып тағайындалды”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “Адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы”. “Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астанадағы “Назарбаев университеті” коммерциялық емес акционерлік қоғамының студенттері мен профессор-оқытушылары құрамы алдында дәріс оқыды және студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды…

Мемлекет басшысы дәріс оқу барысында “Назарбаев университетінің” болашағына да тоқталып өтті. Елбасының тоқталып өткеніндей, бұл жаңа университет АҚШ, Еуропа және Азиядағы әлемдік білім беру орталықтарымен интеграциялануға, ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Осыдан жарты жыл бұрын ашылған бұл оқу орнында болашақта 4 мыңнан астам студент білім алатын болады. Ал бүгінде бұл университеттің аудиторияларында 484 студент оқып жатыр…

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев жаңа университетті құру идеясы қалай туындағаны туралы әңгімеледі. Президенттің атап өткеніндей, осыдан 5 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына қосу міндетін қойды. Сол міндеттердің бірі – елдегі білім және ғылым саласына терең өзгерістер енгізу болды. Бұл 5 стратегиялық міндеттердің шешілуіне байланысты. Мемлекет басшысы осы 5 міндетке жеке-жеке тоқталды. Бірінші – Қазақстанның қарқынды дамуына қажетті озық үлгідегі біліммен қаруланған мамандарды оқыту. Осыған байланысты еліміз 1992 жылдан бастап “Болашақ” бағдарламасы бойынша жыл сайын жүздеген қазақстандық жастарды шет елдің жоғары оқу орындарында оқытуды жүзеге асыра бастады. Бүгінгі күнге дейін “Болашақ” бағдарламасымен 20 мыңнан астам жас маман дайындалды. Көптеген болашақтықтар қазіргі кезде экономиканың жауапты учаскелерінде, мемлекеттік басқару, басқа да салаларда еңбек етіп жүр. Ондаған мың қазақстандық жас ақы төлеу тәртібімен шет елдерде білім алуда.

Екінші – біздің білім жүйесі үшін ХХІ ғасырдағы жоғары оқу орындарының эталоны қажет, деді осы жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев…”. Дайындаған: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Аға буынның ІТ сауаты төмен, ал бала буын кітап орнына планшет ұстамақ”. “…Алайда Қазақстандағы байланыс “поколениесінің” аға буын арасында қамтылуына қатысты олқы тұстар орын алып отырғаны анық. Мысалды алыстан іздемей-ақ, депутаттардың сөзінен аңғарғандаймыз. “Интернетті ақтарып шықтым. Негізінен, жастар, оның ішінде “нәзік жандылар” байланыс және ақпарат министрінің жұмысын жоғары бағалайды. Ал менің құрдастарым сізді сынайды. Не үшін? Өйткені газет-журналға көп көңіл бөлмейсіздер. Бүгінгі отырысқа “Қазтелекомның” әзірлеген материалын қараңыз. Түгелдей жас буынға арналыпты. Менің жасымдағылар түк түсінбейді бұдан. Сондықтан аға буын арасында пайдалану көрсеткішін арттыру қажет”, – дейді депутат Ирак ЕЛЕКЕЕВ. Бұдан әрі Ирак Қасымұлы ұялы байланыс қызметінің бағасына қатты шүйлікті. “Біз білеміз – олардың бәрі жекеменшік компаниялар. Яғни жеке тұлғалар халықтың қалтасын қағудан байып жатыр. Бізді ештеңе білмейді деп ойлайсыздар ма? Қатты қателесесіздер?!”, – деген депутат сөз соңында Малайзия тәжірибесіне көз жүгіртті. — Олар барлық оқушыларға планшет сыйлапты. Біз де сөйтейікші”…

Министр Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВтің таныстырған бесжылдық бағдарламасы жеті түрлі бағытты қамтиды… Елдің жартысы тек төрт телеарнаны ғана толық көре алады. Ал 220 шетелдік телеарна Қазақстанда спутниктік және кабельдік желілер арқылы емін-еркін таралып жатыр. Біздің отандық телеарналар саны аз, 52 ғана. Сондықтан да “Байланыс туралы” заңға өзгерістер енгізіп, спутниктік байланыс арқылы отандық телеарналардың барлығын ел аумағына толық таратамыз деген үміт бар”, – деді бас байланысшы”. Автор: Қанат ҚАЗЫ.

ABAI.KZ. “Нұра Матай. Қарақалпақ ат басын Қазақстанға бұрғалы отыр”. “…Қарақалпақтардың арасында “Қазақстанға қайта қосылатын күн жетті-ау, шамасы” деген ауандағы әңгіме бар екенін астын сызып көрсетеді. Бірақ, мұның астарында қарақалпақтардың тәуелсіздігі үшін күресі емес, Қазақстанға қоныс аудару ойы жатқаны аңғарылады дейді Ферғана.ру.

Қарапқалпақтың көп бөлігі қазақ. Жалпы Өзбекстанда миллионнан астам қазақ бар екені белгілі. Соның басым бөлігі Қарақалпақстанды мекендеп отыр. Қарақалпақстанның жағдайы мүшкілденсе, ондағы бауырлардың халі нешік болатыны айтпай-ақ түсінікті. Ал, Өзбекстанның Қазақстанға көзқарасының қашанда қыңыр, қыли болып келетіні тағы рас.

Қазірдің өзінде Қарақалпақстаннан елімізге 250 мың адам қоныс аударған. Қарақалпақстан халқының Қазақстанға ауа көшуінің бірнеше себебі бар. Бірінші, тіршілік етіп өмір сүрудің күн сайын қиындап, жыл санап мүмкін болмай бара жатқаны болса, екінші жағынан экологиялық ахуалдың діңкелетіп тастағаны. Қарақалпақстан жерінің 80 пайызы шөл дала. Онымен қоса, Арал теңізінің оңтүстігінде орналасқандықтан Аралдағы экологиялық дерттің эпицентрі де болып отыр…

Ал, Өзбекстан Қарақалпақ жерінен алып отырған табиғи байлықтардың пайдасын автономиямен ешқашан бөліске салғысы жоқ. Қарақалпақтар болса, Өзбекстаннан бөлініп шығу мүмкін емес екенін әдбен біледі. Ендігі үміт – Қазақстанда”.

MINBER.KZ. “Қазақстанның демократиясы өзгеше”. “swissinfo.ch басылымы Астанадағы Саммиттен кейін оған қатысып келген Кристин ЕГЕРСЗЕГИден (Christine Egerszegi) сұхбат алыпты. Ол ОБСЕ-дегі Швейцария парламенті делегациясы президентінің орынбасары.

Бір жылдың ішінде ұйым қандай жетістікке қол жеткізіп, не нәрсеге қол жеткізбегенін сұраған тілші сөз арасында:

“Диктатураға жақын тұрған Қазақстан тәрізді елде конференция өткізу арқылы Еуропа қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы өзінің ұстанған бағыттарынан тайқып кетіп отырған жоқ па?”- деп сұрайды.

Саясаткер бұл сұраққа былай деп жауап берген [ағыл]: Қазақстан демократиясы бізден өзгеше Орталық Азиядағы республика. Оның бірнеше түрі бар. Жартылай автономиясы бар бұрынғы Советтік республикалар сәтті дамыды. Қазақстанның аймақтағы ықпалы үлкен. Ол Азия мен Еуропаның түйіскен тұсында орналасқан. Аймақта түйіні шешілмеген мәселелер де бар. Ауғанстан, Қырғызстан және Түркменстан солардың кейбірі ғана. Сондықтан да Қазақстан тәрізді тұрақты мемлекеттер маңызды.

Шетелдік сарапшының аузынан осы сөздерді естігенде: “Япыр-ау, осы бір сөздерді бұрын қайдан естідім?” деген ойлар келеді екен”. Дайындаған Асхат ЕРКІМБАЙ, www.neweurasia.net сайтынан.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...