«Желтоқсаншылар» Тәуелсіздік күндері шырқ бұзбай, тыныш отырғысы келеді». «Кедендік одақтың керегі бар». «Бұйырмай кеткен Лениндік сыйлық». «Ескендір Хасанғалиевтің әні — Азиада әнұраны»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 9 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Желтоқсаншылар» Тәуелсіздік күндері шырқ бұзбай, тыныш отырғысы келеді”. “Желтоқсан жаңғырығы”, “Желтоқсан рухы”, “Желтоқсан-86. Тәуелсіздік қырандары” мен “Желтоқсан” республикалық-халықтық патриоттар қозғалысы. Сәрсенбі күні ақпарат құралдарын жинап, арнайы жиын өткізгендер журналистер алдында өздерін осылайша таныстырып өтті. Онда негізінен бірнеше мәселе айтылды: алдағы Тәуелсіздік күнін қалай қарсы алу мен қоғамдағы “желтоқсаншылар” туралы қауесеттер, “жалған желтоқсаншылар” жайлы да сөз болды…

«Желтоқсандықтардың» айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда желтоқсан оқиғасына қатысты құрылған 7 ұйым бар. (“Желтоқсан”, “Желтоқсан рухы”, “Желтоқсан-86. Тәуелсіздік қырандары”, “Желтоқсан көтерілісі”, “Желтоқсан жалауы”, “Нағыз желтоқсан”, “Желтоқсан ақиқаты”). Гүлбаһрам ЖҮНІСтің пікірінше, соңғы аталған “Желтоқсан ақиқаты” ұйымының «желтоқсаншылардың» мүддесін қорғамай, кездейсоқ құрылған ұйым…

Сәрсенбі күнгі жиында мұнан бөлек, билік өкілдерінің «желтоқсаншыларға» беті бері қарағанын, қазіргі таңда оған байланысты арнайы заң қарастырылып жатқаны турасында айтылды”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Қарағандылық коммунистің бірі қамауда, екіншісі психиатриядан екі тәуліктен соң шықты”. “…Қарағандылық коммунист Александр БОНДАРЕНКОның қала ортасындағы Лениннің мәрмәр тастан соғылған ескерткішін қорғаймын деп, екі тәулік психиатриялық диспансерге жатып шыққаны жөнінде сәрсенбі күні Азаттық радиосына оның әйелі Лариса Бондаренко хабарлады.

– Ол дүйсенбі күні Ленин ескертішінің орнынан алынуына қарсылық білдірген болатын. Сол күні оны және тағы да бір Андрей ЦУКАНОВ деген белсенді азаматты полиция бөлімшесіне алып кетті. Сол күні сот болып, Цукановты 7 күнге жауып тастапты. Ал менің күйеуіме кете бер деген екен. Алайда ол ғимараттан шыға салысымен, әй-шәйға қарамастан оны психиатриялық диспансерге алып кеткен. Сонда 48 сағат ұстап, сәрсенбі күні түстен кейін жіберді, — дейді коммунистің әйелі Лариса телефон арқылы…

Дегенмен сол күні-ақ, жергілікті билік жаңа технологияларды қолданып, ескертікшті бөлшектеп кесуге кірісті. Қала әкімшілігіндегілер ескерткішке ешқандай зиян келтірместен, 19 желтоқсан күні жаңа орынға толығымен орнатып қоямыз деп айтып отыр”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Кедендік одақтың керегі бар”. “Қазақстанға ресми іссапармен Ресей Федерациялық кеңесінің төрағасы Сергей МИРОНОВ келді. Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасымжомарт ТОҚАЕВ ресейлік әріптесімен кездесіп, екі ел арасындағы стратегиялық байланыстардың болашағын сөз етті. Оның ішінде Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрудың келесі кезеңі мен тиісті құжаттарды халықаралық деңгейде ратификациялау ісі де екіжақты келіссөздерге арқау болды…

Екіжақты қатынастардың негізгі бағыттарын талқылау барысында жүздесушілер ТМД, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, Кеден одағы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне де тоқталды. Қ.Тоқаев ықпалдастық үдерістерін дамытуда заң шығару органдарының рөлін атап өте келіп, “интеграция — жеңімпаздар мен жеңілгендері жоқ күрделі үдеріс, ол кезең-кезеңнен тұратын, халықтардың мүдделері мен армандарын ескере отырып уағдаластыққа қол жеткізетін қарбалас жұмыстар” екенін атап өтті.

Ресей БАҚ-тарының хабарлауынша, таяуда өткен “Ресей — Еуропалық одақ” саммитінде Ресейдің ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздері оңтайлы аяқталды. Бірақ Сергей Миронов: “Егер де процесс жүзеге аса бастаса, олардың біздің арамыздағы келісімшарттарға кереғар келмеуі үшін Ресей өз әріптестерімен керек кезде кеңесіп әрі жағдайды бақылап отырады” деп ақталуға тырысты. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан да ДСҰ-ға ұзақ жылдар бойы ұмтылып келеді. Бірақ Кедендік одақтың құрылуымен бұл бастама кейінге шегерілген болатын. Себебі бұл ұйымға Кедендік одақтан бұрын әрбір мемлекет жеке-дара кіруі керек”. Авторы: Кәмшат ТАСБОЛАТ.

Бұйырмай кеткен Лениндік сыйлық”. “Жұмабай ТӘШЕНОВ көзі тірі болғанда бүгінде сексен бес жасқа толар еді. Қазақта Тәшеновтер көп емес. Елге есімдері белгілілері тіптен аз. Сол аздың бірі — кезінде ХРУЩЕВпен айқасып, қазақтың көп жерін аман алып қалған жолбарыс жүректі қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов те, екіншісі — жазушы, драматург Жұмабай Тәшенов. Төмендегі әңгіме соңғысына қатысты. Жақында Жұмабай ағаның жесірі, артында қалған мұрасын қызғыштай қорғап отырған сексен үш жастағы Раиса КҮЛШИМАНОВА апаймен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Желтоқсанның 28-і күні дүние-жүзі киноның алғаш шыққанына 115 жыл толуын атап өтеді. 1895 жылдың дәл осы күні Парижде әлем бойынша тұңғыш рет қысқаметражды фильм көрсетілген. Ал Ресейде кино 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін ғана пайда болса, қазақтың ұлттық киносы 1937 жылы түсірілген “Амангелді” фильмінен басталады. Кино тарихын еске алып отырған себебіміз, 1967 жылы қазан төңкерісінің 50 жылдығына байланысты Мәскеудің ең білгір деген кинозерттеушілері жарты ғасыр ішінде Кеңес Одағы бойынша түсірілген мыңдаған кеңестік фильмдер ішінен ең таңдаулы жүз фильмді іріктеп алады. Бұл таңдаулы жүздікке бір ғана қазақ фильмі ілігеді. Ол — Жұмабай Тәшеновтің сценарийі бойынша 1963 жылы.

А.КАРПОВ түсірген “Ана туралы аңыз” көркем фильмі еді…

— Жылда 9 мамыр қарсаңында осы фильмді теледидардан көрсетіп жатады. Сұрапыл соғыс кезіндегі колхоздың өмірі жайындағы кино ғой, — деген Раиса апа қолыма қалың кітапты ұстатты. “Алтын қор. Совет киносының 100 фильмі” деген 1967 жылы Мәскеудің “Искусство” баспасынан шыққан кітап екен. Кітапқа қазақ киносына атақ пен даңқ әперген “Ана туралы аңыз” фильмі ғана еніпті. Бұл фильм әлемнің 37 елін аралап шыққан екен. 1964 жылы Карловы Варыдағы халықаралық кинофестивальда құрметті дипломға ие болыпты. Ал басты рөлді сомдаушы Әмина ӨМІРЗАҚОВА сол жылдары Бүкілодақтық кинофестивальда ана бейнесін шебер шығарғаны үшін арнаулы дипломмен марапатталыпты.

Раиса апа 1964 жылы 24 қаңтар күні шыққан “Известия” газетінің сарғайған қиындысын қолыма ұстатты. 46 жыл бұрын шыққан газет бетінде әдебиет пен өнер саласы бойынша 1965 жылғы Лениндік сыйлыққа ұсынылған шығармалардың тізімі жарияланыпты…

— Өкінішке қарай, Жұмабай ағаң үкімет сыйлығын ала алмады. Қазақтың іштарлығы, көреалмаушылығы қалған ба? Одақтағы ең жоғарғы сыйлықты Жұмекеңе беретін болып, шешім шығаруға бар болғаны бірер күн қалғанда, Мәскеуге Алматыдан 17 адамның қолы қойылған арыз-шағым барыпты. Тексеріп, ақ-қарасын анықтауға үлгере алмайтын болған соң, атақты амалсыз басқа фильмге берген. Сөйтіп, дүниежүзі мойындаған туынды арызқойлардың кесірінен Лениндік сыйлыққа іліге алмады. Бұл жағдай Жұмекеңе қатты батқаны соншалық, инфаркт алып, ауруханаға түсті, Алты ай ауырды. Осы картина кейін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, кинода Ана рөлін сомдағаны үшін Әмина Өмірзақоваға Мемлекеттік сыйлық берілді. Ал сценарий авторы Жұмекеңнің аты тағы сызылып қалып, қиянат болды ғой, — деген Раиса апа терең күрсініп салды.

Проза, драматургия, кино саласында талай туындыларды дүниеге әкелген Жұмабай ағаның “Қаладан келген қылжақбас”, “Студенттер”, “Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды”, “Құрдастар”, “Үш кемпір, бір шал”, “Ауылдан келген жиендер” атты драмалық туындылары қазір де сахнаға сұранып тұрған шығармалар десек, қателеспейміз. Ал марқұмның артында қалған мұраларын кітап етіп бастыру — тірілердің, оның ішінде баспагерлердің міндеті. Ал үйінде қаттаулы тұрған кітаптарын қабылдайтын мекемелер табылып жатса, одан олар ұтпаса, ұтылмайтыны айдай ақиқат. Тек осының бәрінің қадіріне жетер қазақтың есті ұл-қыздары табылсын деңіз….”. Авторы: Төреғали ТӘШЕНОВ.

ANATILI.KZ. “Бітер істің басына, жақсы келер қасына”. “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры алдағы уақытта өз ресурстарын ел экономикасын әртараптандыруға, индустриялық-инновациялық өрлеу жолына жұмылдырмақ. Елдің үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 70 пайызы осы “Самұрық-Қазына” құрамындағы даму институттарының күшімен жүзеге асады. Жалпы алғанда, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры қазіргі уақытта шетелдiк инвестицияның көлемiн кеңейтiп, инвестициялық жобалардың санын арттыруды және шикiзаттық емес секторды жандандыруды көздеп отыр.Осы арқылы отандық және шағын бизнестi көтеруге атсалыспақ. 2010-2014 жылдары инфрақұрылымдық және электр желiсi, химия, мұнай химиясы, металлургиялық инвестициялық жобаларға көптеп көңiл бөлiнбек…

Олай болса, “Самұрық-Қазынаның” бірінші кезектегі міндеті отандық бизнеспен біріге отырып, өзінің Даму институттары арқылы Индустрияландыру картасына кірген инвестициялық жобаларды іске асыру болып табылады. Бұл ретте Қор құзырына жататын ауқымды 19 жобаның жиынтық құны 14,16 млрд. долларды құрайды. Бұдан басқа, республикалық деңгейдегі 2 жоба бойынша қордың қатысуымен ұзындығы 1510 шақырымдық Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ газ құбыры және газ-химия кешені салынуда. Сонымен қатар өңірлердің бақылауымен ҚДБ қаржыландыруындағы 21 жоба жүзеге асуда. Осылайша, жалпы алғанда, “Самұрық-Қазына” қоры 2010 жылы жалпы құны 20 млрд. доллардан астам 40-тан аса жобаны іске асырумен шұғылдануда”. Авторы: Сұлтан ТАЙҒАРИН.

ALASHAINASY.KZ. “Ақ Азиада әнұранын ана тілімізде шырқаймыз”. “…Сонымен не керек, 2011 жылдың 31 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында еліміздің Астана мен Алматы қалаларында өтетін VII қысқы Азия ойындарының әнұраны болып Өтеген ОРАЗБАЕВтың сөзіне жазылған Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВтің “Азиада алауы” әні таңдалды. Мұны баспасөз мәслихатында VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Мағжан ҚАНҒУЖИН қуана жариялады…

Ақ Азиада әнұраны байқауына барлығы 105 ән қатысты. Оның 49-ының мәтіні – қазақ тілінде, 45-і – орыс тілінде, 11-і қазақ, орыс және ағылшын сөздері аралас мәтінде болды. Байқауға қатысқандардың ең егдесі 72 жастағы Алматы қаласының зейнеткері болса, ең жасы 17 жастағы Шымкент қаласының оқушысы болды. Дауыс берудің нәтижесі:1-орын: Ескендір Хасанғалиев “Азиада Алауы” — 49,5 %. Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ.

Кедендік одақтың құқықтық базасын құрайтын құжаттар пакеті Мәскеуге жол тартады”. “Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын құрайтын құжатты экономикалық даму және сауда министрі Жанар АЙТЖАНОВА таныстырып шықты. Министрдің сөзінен аңғарғанымыз, аталмыш құжат 17 түрлі келісімнен тұрады. “17 келісімді төрт топқа бөлуге болады. Бірінші топ – келісілген экономикалық саясат жүргізуді қамтамасыз етуге бағытталған келісімдер. Бұлар – бәсекелестікті қорғаудың және табиғи монополияларды реттеудің бірыңғай қағидалары туралы, келісілген макроэкономикалық саясат туралы, өнеркәсіптік және ауылшаруашылық субсидиялар берудің бірыңғай қағидалары туралы келісімдер”, – деп атап өтті Айтжанова ханым. Құжаттардың екінші тобына капитал мен қызметтер қозғалысының еркіндігін қамтамасыз ету мәселесі кіріп отыр.

Үшінші бөлімі – жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталған келісімдер. “Бұл еңбек мигранттары мен олардың отбасыларының мәртебесі туралы келісімдер болып отыр. Сондай-ақ заңсыз миграцияға қарсы тұру туралы келісімдер де қаралған”, – дейді ол. Яғни жұмыс іздеп келгендердің үш мемлекет арасында емін-еркін кіріп-шығу жағы ескеріліп отыр.Келісімдердің төртінші тобы тараптардың табиғи монополияларының қызметтеріне және инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталғаны белгілі болды. Бұларға теміржол, мұнай және газ құбырлары саласын реттейтін келісімдер жатады. Бұл – Экономикалық кеңістікке кірген мемлекеттердің көлік инфрақұрылымын қолдану туралы келісім. Отандық компаниялардың Ресей және Беларусь теміржол саласы мен мұнай-газ құбырларын қандай шарттарды негізге ала отырып қолдану туралы жан-жақты көрсетілген.

Ақыры, Бірыңғай экономикалық кеңістік құруға бағытталған 17 құжаттан құралған келісімдер пакеті мақұлданды. Отырғандар “жүз пайызға қолдаймыз” деп (барлығы 17 адам) бармақтарын басып, куәлік етіп жатты…

2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кедендік одаққа мүше елдер арасында үш тарифтің орнына оңтайландырылған бір тариф қолданылатын болады… Сондай-ақ Бірыңғай экономикалық кеңістік елдеріндегі теміржол қызметтері де қолжетімді болмақ.

Бұл келісімдер елімізде оңтайлы баға мен тарифтік саясат қалыптастырып қана қоймай, Бірыңғай экономикалық кеңістік құру шеңберінде электр қуаты саласындағы табиғи монополиялар қызметіне қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік бермек…”. Автор: Бүркіт НҰРАСЫЛ.

ZHASALASH.KZ. “Бұл бұрынғы Бозымбаев емес…”. “Шынында, қазiргi БОЗЫМБАЕВ пен былтырғы Бозымбаевты салыстыра алмайсыз. Ђткен қыстың алғашқы күнi әкiмдiк қызметiне кiрiскен ол бiр жылдың iшiнде қатты өзгердi. Былтыр жаңа әкiмдi таныстыру кезiнде Бозымбаевтың бес-алты қазақша сөздi қағазға қарап оқуынан ел әжептеуiр секемденiп қалған-ды. Сол жолы “Жас Алаш” газетiнде “Бозымбаевтың болашағы – қазақ тiлiнде…” деген мақала жазғанбыз. Артынша облыс әкiмi үлкен бiр жиында “маған алты ай уақыт берiңiздер, алты айдан кейiн қазақ тiлiнде “айтысатын” боламын” деп ағынан жарылды. Дәл қазiр Қанат Бозымбаев қолына домбыра ұстап, ана тiлiнде айтысып кетпесе де, мақалдатып, қарамағындағыларға қазақша тапсырма берiп, мемлекеттiк тiлде “сүмiрейтiп” салады….

Әкiм болғанына екi ай толар-толмаста, ел алдында берген есептiк жиында Қанат Бозымбаевтың аузынан “Ол тiрлiктi Құдай қаласа да, қаламаса да жасаймын…” деген сөз шығып кеткен. Қазiр әкiмнiң Құдайға деген көзқарасы өзгердi. Жасқа тән албырттығымен Құдаймен құрдасындай “қалжыңдаса” беретiн Қанат Алдабергенұлы жақында Орталық мешiтке үлкен медiресе салып бердi. Екi қабатты үлкен ғимаратқа 143 миллион теңге жұмсалыпты. Жамбылдың бұған дейiнгi басшылығы Орталық мешiттi он жылда әрең тұрғызып едi, Бозымбаев есебiн тауып, медiресенi бiр маусымда-ақ бiтiрiп тастады. Әкiмнiң бұл iскерлiгiне қуанбаған мұсылман баласы жоқ. “Бiлiмдi болу – әр мұсылманның парызы” деген, дiндi терең бiлiп, түсiнетiн, жүрегiнде иманы бар адам қоғам мен мемлекетке жақсылық әкеледi” дептi облыстық газеттерге берген сұхбатында Қанат Бозымбаев”. Авторы: Оралхан ДӘУIТ, Жамбыл облысы.

ABAI.KZ. “Ескендір Хасанғалиевтің әні — Азиадада әнұраны”. “VII қысқы Азиада ойындарының ресми әнұраны болып Өтеген Оралбаевтың сөзіне жазылған Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВтің “Азиада алауы” әні таңдалды. Бұл туралы бүгін “2011 жылғы VII қысқы Азиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-ның вице-президенті Мағжан Қанғожин хабарлады. Байқауға барлығы 105 жұмыс қатысқан. Олардың 49-ы қазақ тілінде, 45-і орысша, 11-і музыкалық композиция болатын. Финалға өткен 10 әнге ашық дауыс беру өткізілді. Оған еліміздің 3 992 азаматы ат салысты. Жеңімпазға белгіленген жүлде қоры 1 млн. теңге.

Ескендір ағамызды жеңісімен құттықтаймыз! Өзге әндерге қарағанда “Азиада алауы” ұлттық бояуы басым әрі патриоттық рух беретін гимн болғанын әділ қазылар да, дауыс беруге қатысқан отандастарымыз да бірауыздан мақұлдады…”.

MINBER.KZ. “1929-1931ж.ж. Қызыл империяға қарсы 372 көтеріліс болғанын білеміз бе?”. “Ресми құжаттарға қарағанда, 1929-31 жылдар аралығында Қазақстанда 372 шаруалар көтерілісі болған. Бұл көтерілістерге 80 мыңдай адам қатысқан [10, 239 б]. ОГПУ-дің саяси құпия бөлімінің 1931 жылы 1 желтоқсанда берген статистикалық мəліметіне қарағанда, 1929 жылы 54, 1930 жылы 77, 1931 жылы болған көтерілістердің барлығын қосқанда 372 көтеріліс болған. Көтерілістерге 1921 жылы 31 топ, 351 адам, 1930 жылы 85 топ, 1925 адам, 1931 жылы 80 топ, 3192 адам қатысқан. Барлығы үш жылдың ішінде 196 көтерілістер жасаған. Аталған жылдары көтерілістерге барлығы 5468 адам қатысса керек. Кеңес үкіметіне қарсы 460 рет қастандық əрекеттері, колхоз жəне совхоз құруға қарсы 127 рет зиян келтіру оқиғасы ресми тіркелген [11,1-2 пп]. Жоғарыдағы мәліметтер ресми орындарда істеген қызметкер-лерден алынған. Әсілі, бұл мәліметтер толық емес. 1929-39 жылдар арасында тек қана қазақтардан екі миллионнан астам адамның аштық, соғыс т.б. себептермен өлгенін немесе өлтірілгендігі ресми берілген мәліметтерде көрсетілмейді деп айта аламыз [2, s. 100]…”. Авторы: Ергүн АКГЕДІК, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлeкеттік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының ізденушісі (Жалғасы), “Қазақстан-Заман” газеті.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...