«Әлем тұрғындарының төрттен бірі, қазақстандықтардың 80 пайызы пара берумен таныс». «Жаңа министр – жаңа реформа». «Желтоқсан жеткізген жетістік»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 10 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Жасарал Қуанышәлин төрт сөйлем үшін төрт жылдан кейін кешірім сұрауға мәжбүр”. “…Желтоқсанның 9-ы күні кешке Медеу аудандық сотында Қарасай ауданының тұрғыны Сейіткерім ҚОЖАНАЗАРОВтың Жасарал ҚУАНЫШӘЛИНнің үстінен түсірген арыз бойынша алғашқы сот процесі болды. Шағым иесі Сейіткерім Қожаназаров саясаткерді 2006 жылы тамыз айының 8-інде “Эпоха” газетінде жарық көрген “Законы пишутся не для Назарбаева” атты сұхбатта айтылған төрт сөйлем үшін айыптап отыр…

Сейіткерім Қожаназар Жасарал Қуанышәлинді Қылмыстық кодекстің 129-шы баптың 2-ші бөлімі және 130-шы баптың 2-ші бөлім бойынша яғни, ғайбаттап, қорлады деп айыптап отыр. Шағым иесі соттан айыпталушыдан моральдық шығын ретінде 55 мың АҚШ доллар көлемінде өтемақы өндіріп беруін сұрап отыр. 2006 жылы Сейіткерім Қожаназар Жасарал Қуанышәлинді президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың “ар-намысына нұқсан келтірді” (оскорбление чести и достоинства) деп айыптап, нәтижесінде саясаткер екі жылға бас бостандығынан айрылған еді. Ол сол кезде жарияланған амнистияға ілініп, босатылған болатын. Желтоқсанның 9-ы күні таңертең болған жиында Жасарал Қуанышәлин бұл айыптың сол кездегі сияқты саяси астары бар болуы мүмкін екенін жеткізген еді”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Әлем тұрғындарының төрттен бірі, қазақстандықтардың 80 пайызы пара берумен таныс”. “Transparency International ұйымы “2010 жылғы ғаламдық жемқорлық көрсеткіші” баяндамасын жариялады. Онда әлем тұрғындарының төрттен бірі жылына ең болмағанда бір рет пара беретіндігі атап көрсетілген. Ал Қазақстан социологтары мен саясаттанушылар ассоциациясының соңғы зерттеулері ел тұрғындарының 80 пайызы өмірінде кемінде бір рет пара бергендігін анықтаған…”. Авторлары: Мәншүк АСАУТАЙ, Саида БАБАМҚОЖА.

Талдықорған маңындағы саяжай тарихи ескерткіштер тізіміне енуі мүмкін”. “…Талдықорған қаласының түбіндегі “Үйтас” саяжай қауымдастығынан жер телімін алған ерлі-зайыпты Қажыомар ҚЫЛЫЕВ пен Тұрар КЕҢШІЛІКОВАға ойламаған жерден археологиямен шұғылдануға тура келіпті. Олардың сөздеріне қарағанда, өздеріне бөлінген жерден жартас сынықтары көптеп шығыпты….

Ерлі-зайыпты Қажыомар Қылыев пен Тұрар Кеңшілікова бау-бақша егетін жерлерін әлі күнге қоқыстан тазартумен жүр.

– Осынау қоқыр-соқырдың арасында басқа да тарихи ескерткіштер шыға келуі мүмкін ғой. Егер ғылымға керек болып жатса, бау-бақшалық жерімізді беруге де әзірміз, – дейді олар”. Авторы: Әлия АХМЕДИЕВА.

AIKYN.KZ. “Ресей Назарбаевтың идеяларына ден қойды”. “Қазақ елі әртүрлі ұлыстар мен діндердің бір шаңырақ астында, бейбіт өмір сүруінің төл, дара үлгі-моделін түзе алды. Кеше Қазақстан Сенаты мен Ресей Федералдық жиналысының Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық бойынша парламенттік тобының отырысын ашқан Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ осындай байламын жария етті. Сенім, толеранттылық, мәдени дәстүрлердің өзара баюы, ашықтық және сұхбаттастық “ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалығының басымдықты тақырыптарына айналғандығын” атап өткен Жоғарғы палата төрағасы: “Біздің еліміздегі тұрақтылық — өңірлік, тіпті керек десеңіз, бүкіл жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы болып табылады!” деп мәлімдеді…

Қазақстан мен РФ-ның заң шығарушы биліктерінің Жоғарғы палаталарының арасында құрылған парламенттік топ “ел Сенатының шетелдік парламенттермен ынтымақтастығы бойынша топтардың ішіндегі ең белсендісі” болып табылады екен. “Бүгін біздің Сенаттың бүкіл құрамының үштен бірі дерлігі осында отыр. Ал ресейлік сенаторлармен достасуды қалайтындар одан да көп!” деді Қ.Тоқаев. Осы күнгі жиында Кедендік одақты заңнамалық қамтамасыз ету үшін ұлттық заңнамаларды жақындату бойынша ұсыныстар талқыға салынды. “Кедендік одақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың интеграциялық бастамаларын жүзеге асырудағы серпінді ілгерілеу болды! Бүгінде бұл ұлтүстілік органы, құқықтық базасы және нақты экономикалық басымдықтары бар бірінші мемлекетаралық ұйым болып табылады” деген Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев одан кейінгі қадам болып табылатын Біртұтас экономикалық кеңістікке қатысты келісімдер пакеті Қазақстан Сенатында “еш проблемасыз” ратификацияланатындығына сендірді”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

EGEMEN.KZ. “Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы”. “Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы

“Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығын іске асыру мақсатында қаулы етемін:

1. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін…”.;

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

Астана, Ақорда, 2010 жылғы қарашаның 29-ы. № 1113.

Көксарай кереметi”. “Елбасы идеясы өзiнiң өмiршеңдiгiн көрсеттi… Көксарайдың басты кереметі – биыл Кіші Аралға құйған дария суы 8,2 млрд. текше метрге жетті. Сонау бір жылдары Аралдан 150 шақырымға шегініп кеткен теңіздің қала іргесіне жетуіне 18 шақырым қалды. Мамандар дерегінше жыл сайын теңіз айдынын орта есеппен 2 млрд. текшеметр су толтырып тұрмақ.

Жағалауынан су қашып, ағайын абдырап қалған жылдары “Аралдың табанынан су кеткенмен, жұртының жүрегінен жыр кеткен жоқ” дейтін еңсе көтерер ел сөзі айтылып еді. Мемлекет басшысы күллі сырбойылықтардың осы үмітін “САРАТС” пен Көксарай арқылы сенімге жалғастырды.

Өзіміз түгіл өзгенің де өзегін талдырмаған Арал шалқары қайта оралып келеді. Теңіздегі тіршілік хабаршысы – шағала шаңқылы тым жақыннан естіледі…”. Авторы: Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ, журналист, ҚЫЗЫЛОРДА.

TURKYSTAN.KZ. “ЖАҢА МИНИСТР – ЖАҢА РЕФОРМА”. “ҰБТ форматы тағы өзгередi. 2010-2011 жылғы мектеп түлектерi үшiн Ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң (ҰБТ) форматы өзгермек. Бұл жайында Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ өзiнiң ресми блогында жазған. Министрдiң мәлiмдеуi бойынша, қазiр ҰБТ-ны жетiлдiру мақсатында арнайы комиссия жұмыс iстеп жатыр. Оқу жылының соңына дейiн комиссия өз жұмысын аяқтайды және қандай шешiм қабылданғаны жайында edu.gov.kz сайтында жарияланатын болады. Алдын-ала жасалған мәлiмдемелерге қарағанда, ҰБТ екi сатыдан тұратын болады. Бiрiншi сатысы бойынша ҰБТ-ға бүкiл мектеп түлектерi қатысады. Жылдағыдай үлгерiмi төмен оқушыларды қатыстырмау мәселесi қарастырылмайды. Бұл – орта бiлiм жөнiндегi аттестат алу үшiн, «Алтын белгiнi» қорғау үшiн қажет. Ал, екiншi сатысы жоғары бiлiм алуға ниеттi түлектерге арналған – кешендi тестiлеу болмақ. Яғни, биылғы ҰБТ сынағы екi рет өтедi деген сөз. Дегенмен, бұл ақпарат әзiрге нақтыланған жоқ. Бұл министрдiң алдағы уақытта болуы мүмкiн деген емеурiнiмен айтылып отырған ақпарат. Оның қашан нақтыланатыны да беймәлiм…

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бiр сөзiнде: «ХХI ғасырда бiлiмiн дамыта алмаған елдiң тығырыққа тiрелерi анық» деген едi. Биылғы Елбасы Жолдауында да «Адам – басты байлығымыз» атты тарауда бiлiм беру iсiне ерекше мән берiлген. Мемлекет басшысы отандық бiлiмнiң әлеуетiн арттыру үшiн әр жыл сайын қолдан келер барлық мүмкiндiктi жасап келедi. Соңғы 2 жылдағы аталмыш салаға бөлiнген қаржыны мысалға келтiрер болсақ, 2008 жылмен салыстырғанда, 2009 жылы бөлiнген қаржы 9,5 пайызға артыпты. Яғни, 641,1 миллиард теңгеден 702 миллиард теңгеге көбейгенi бұл сөзiмiзге дәлел болады.

Бiрақ, бiлiм мен ғылымды дамытудың нақты және ұтымды жобасы ұсынылған жоқ. Әзiрге, әр министрдiң реформасын екiншi министр жоққа шығарып, жаңа реформаларды ұсынумен келедi. Ал, ауыл мектептерiн компьютерлендiру және интернетке қосу мәселесi әлi шешiлген жоқ. Сөйте тұра, қашықтықтан оқытатын оқулықтар дайындап, оны жүзеге асыруды қолға алып жатырмыз. Демек, бiлiм саласындағы жүйесiздiктiң салдары – оның жиi реформалануына жол берiп отыр. Ендiгi мақсат қолға алған реформаларды аяғына дейiн жеткiзу болуы тиiс. Жаңа министр осы мақсаттардың үдесiнен шығып, бiлiм берудiң ұлттық үлгiсiн жасай бiлетiн болса, құба-құп болар едi”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, Әсет ТҰРДЫҒҰЛОВ, Қазақстан Гуманитарлық-саяси коньюктура орталығының бас сарапшысы.

ALASHAINASY.KZ. “Медиация дегенше, билер соты десеңші…”. “Медиация туралы” заң жобасын осыдан біраз бұрын Мәжіліс жұмысқа алып еді. Кешегі отырыста мәжілісмендер мұны бірінші оқылымда мақұлдады. Тоқтала кететін жайт, құжаттың теориялық бағытына академик Салық Зимановтың зерттеу жұмыстары негіз болыпты. Ал ондай зерттеудің түп-тамыры қазақтың билер сотына барып тіреледі екен. Бір сөзбен айтқанда, қазақ даласына кешегі билер сотының өркениеттік үлгісі қайта оралып жатыр.

Заң жобасының атауына қатысты осы құжат жұмысқа қабылданған күні-ақ мәселе туындаған еді. “Бітімгершілік”, “ымыраластық” етіп алуға болатындығы меңзелген. Дегенмен әзірлеуші тарап халықаралық қабылданған терминнен аса алмапты. Әйтсе де атауға қатысты тұшымды мәселелерді депутаттардың өздері қолдаса, “қатып қалмаған дүние” еместігін, келісе пішуге болатындығын байқатады. Құжатта “медиация” ұғымына анықтама беріліп, негізгі принциптері, қолданылу аясы, медиаторлардың құқықтық мәртебесі мен оларға қойылатын талаптарды белгілеу қарастырылады. “Заң жобасы бойынша, дауларды жеке қарсылық аясынан шығарып, мүдделі пікірталас аясына беру көзделеді. Мүдделі азаматтар мен ұйымдарға дауларды сотқа жүгінбестен, сотқа дейінгі сатыда қарау барысында шешу іс-әрекеттерін бір жүйеге келтіру қамтылады. Уақытты үнемдейді, соттарда қаралатын істердің саны да айтарлықтай азаймақ. Бұдан бөлек заң жобасының әлеуметтік бағыты да баршылық. Себебі жергілікті қауымдастық деңгейінде пайда болған кейбір жанжалдарды медиация арқылы шешу мүмкіндігі көзделіп отыр”, – деді депутаттар алдында заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Мұсабек ӘЛІМБЕКОВ. Оның айтуынша, дауларды сотқа жеткізбестен, өзара бітімгершілікпен аяқтау судьяларға жүктемені азайтып қана қоймайды, “қоғамда орын алып отырған даулардың шешімін табуға септігін тигізіп, мемлекеттік мекеме атына айтылатын сынды да азайтуы” әбден мүмкін…

…Мәселен, депутат ұсынған мәліметке сүйенсек, әлем елдеріндегі секілді, Қазақстанда да халықтың қартаю үдерісі, белсенді түрде жүріп жатқан секілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтауы бойынша, 65-тен асқан адамдар қарт адамдар қатарына жатқызылса, бүгін Қазақстандағы мұндай санаттағылар 1,1 млн адамды құрайды. Бұл – жалпы халық санының 7,14 пайызы. “Әлгі 7 пайызды аттаған мемлекеттер халқы қартайған елдер қатарына жатады. Ал біз 2002 жылы-ақ ол деңгейден өтіп кеттік. БҰҰ сарапшыларының бағалауына сүйенсек, Қазақстан шапшаң қартайып бара жатқан мемлекеттер қатарында тұр. Олардың болжауы 2050 жылы елімізде 25 пайыз егде адамдар болатынын көрсетеді”, – деді А.САМАҚОВА. Депутат ханымның айтуынша, еліміздегі егде тартқан адамдардың үштен бірі материалдық қиындықтарға ұрынып жатса, 40 пайызы өздерінің денсаулық жағдайын нашар бағалаған. Осыған орай А.Самақова егде адамдарды әлеуметтік қолдауға қатысты бірқатар шара атқарылуы тиістігін, заң жүзінде тиісті нормалар қабылдау қажеттігін айтады”. Автор: Қанат ҚАЗЫ.

ABAI.KZ. “Нұра Матай. Қарақалпақ ат басын Қазақстанға бұрғалы отыр 2”. “Осындай тақырыппен Өзбекстандағы автономия Қарақалпақстан және оның халқы жөнінде өткенде мақала жазған едік. (http://www.abai.kz/content/nyra-matai-karakalpak-basyn-kazakstanga-byrgaly-otyr) Сол мақала аса мәртебелі оқырмандарымыз тарапынан талқыға түсіп, ой-пікірлердің ордасына айналды.

Асылы, Қарақалпақтың халі осыншалықты талқыға түседі деп шынында күтпеген едік. Біздің мақсат — Аузымыздан жырып, алдына ас, қорасына қой салып бермесек те алтын баулы тегі бір  Алты Алаштың жоқ-жітігін, жетісігін, бүгінгі халін шамамыз жетіп, қолымыздан келіп тұрған құрал арқылы қалың елге жеткізек деген ой.

Байқағанымыз, қазақтың бойындағы түркілік санасы әлі өлмеген екен. Алты Алаштың бірі қарақалпақты жоқтап, бүгініне мұңайып, болашағына қол ұшын созсақ деген оқырмандардың ойлы пікірі соның айғағы болып тұр.

Мысалы, Серікжан есімді тұрақты оқырманымыз Қарақалпақтың мүшкіл халіне қабырғасы қайыса отырып, бауыр халықтың жойылып бара жатқаны жанына бататынын егіле жазады…

“…Өзбекке Қарақалпақтар керек емес, олардың жері керек. Қарақпақстанның жер астында (Арал мен Үстіртте) мұнай мен газдың үлкен кен орындары бар. Ресейдегі Ноғайлылар сияқты, Венгриядағы Қыпшақтар сияқты, біздің Қазаққа әлемдегі ең бір егіздің сыңарындай туысқан халық, «Алты Алаштың» бірі болатын Қарақалпақтар көз көре жойылып бара жатыр. Қарақалпақтардың қазіргі тағдырын тартылып бара жатқан Арал теңізің тағдырына ұқсатамын. «Ел мен жер — егіз» деген сол”...”.

ZAMANDAS.KZ. “Желтоқсан жеткізген жетістік”. Бәзбіреулер айтатындай “Тәуелсіздік бізге аяғы салбырап аспаннан түсе салған” жоқ. Қазақ хандарының, Алаш арыстарының, ұлт зиялыларының ерен еңбегі, қайсарлы қайраты, тегілген төр, судай аққан қанның қасіретін арқалап барып жетті. Әсіре айтты демеңіз, зарықтырып келді. Желтоқсанның ызғарлы желі болмағанда бұл егемендікке қолымыз жетер ме еді, жетпес пе еді, кім білсін?!…

Желтоқсан оқиғасы қазақ тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі. Мыңдаған жастың жанын қинаған, “алқаш” атанып, “нашақор” деп күйе жағылған қыз-жігіттердің тәуелсіздік таңын жақындатқаны шыққан күндей ақиқат. Жиын барысында қатысушылар осы тарапта көп сөз қозғады. Сондай-ақ бір кезде бөлінбестей, іргесі сөгілместей көрінген жастардың бүгінде әрбірі ұйым құрып, жеке шауып жүргені де айтылды. Жиын соңында қатысушылар “Желтоқсан оқиғасы мен тәуелсіздікті бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Бұл – егіз ұғым” деген тоқтамға келіп, тәуелсіздіктің тұғырлы болуын тілесіп тарқасты”. Авторы: Диана МҰРАТҚЫЗЫ.

Қазақты қорлау”. “…“Алтын адамды” кім қорлады?” деп ойлап отырған шығарсыз. Қазақстанда “Алтын адам” – “Жыл адамы” атты байқау жүреді. Жыл сайын әр сала бойынша үздіктерді тауып, “Алтын адам” деп атайды…

… Біздің шымбайымызға батып, намысымызды жанып өткен жағдай басқа. “Жыл адамы” атағы Ермек ТҰРСЫНОВқа беріліпті. Иә, қағыс оқыған жоқсыз, қазақ қыздарының намысын таптап, келіндерінің абыройын айрандай еткен Тұрсынов алды бас жүлдені.

Тұрсыновқа не үшін берілді? Жоба ұйымдастырушыларының есептеуінше, Ермектің “Келін” фильмі Қазақстанның халықаралық имиджін арттырыпты”. О, сұмдық-ай. Ұлтты аяққа таптаған, тұтас бір халықты жексұрын еткен, “ешкімен жыныстық қатынасқа түседі” деп қорлаған кино қалайша біздің халықаралық имиджімізді арттырады? Бұл барып тұрған бассыздық емес пе? Асыңды ішіп, дастарқаныңды аяғымен таптағандық қой. Төрдегі басыңды, есікке сүйреп, бар қоқысты төккені емес пе?

Қазір қазақты қорлаудың түрлі айла-тәсілі пайда болды. Ерінбеген, тілімен де, ісімен де қазақты қорлап, басынан тебеді. Әсілі, ұлтты ұшпаққа шығармауды ойлайтын топ бар. Әйтпесе, қазақты қорлғанды “Алтын адам” деп есі түзу адам әстпеттей ме? Бұл нысаналы түрде, мақсатты түрде жасалып отырған қадам. Қазақты қорлаудың бұдан асқан классикалық түрін көргеніміз жоқ, сірә”. Авторы: Н.ҒАЛЫМЖАН.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...