«Ақ Азиаданы өткізуге Астана да, Алматы да дайын». «Тарихи күннің қадірін кетірмейік». «Қағазбастылықтан қашан құтыламыз?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 14 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Уикиликс”: Қазақстандағы жемқорлыққа британ банкирінің де қатысы бар”. “Уикиликс” жариялаған құпия құжаттардың жаңа топтамасында бұрынғы совет елдеріндегі мұнай басшыларына 219 миллион долларлық келісім-шарт үшін төленген параның көлемі қаншалықты қомақты екендігі айтылған…

Британ банкирі әрі коммерсант Роберт КИССИН құпия төлемдер арқылы 4 миллион доллар (2,5 миллион фунт) берген басты делдал болған деген күдікке ілікті…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

Полицияның жемқорлығына қарсы жалғыз блогердің әрекеті нені көрсетті?”. “…Блогер Александр ПАЛЕНЫЙ қазақстандық полициядағы жемқорлыққа бір өзі қарсы шықты.Интернет – жаңа әлеуметтік құбылыс, жаңа саясат, жаңа экономика және жаңа мәдени орта. Осынау жаңа құбылыстың қуаты қаншалықты екенін күнде көріп отырмыз. Барак ОБАМА Фейсбуктің арқасында президент болса, Алексей НАВАЛЬНЫЙ Живой Журналды (ЖЖ) ең танымал күрес алаңына айналдырды, ал Уикиликс әлемді бір-бір сілкіп алды…

Паленый біздің осы қоғамда да азамат болуға болатынын және азамат болу міндетіміз де екенін нақтылы мысалмен көрсетіп берді. Оның видеосы Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптастыру мен құқықтық мәдениет орнықтыруға септесіп жүрген барша қоғамдық ұйымдар мен шетелдік гранттардан әлдеқайда пайдалы болып шықты. Өйткені мұнда адам құқығы туралы жай ғана сөз емес, сол құқық үшін қалай күресуге болатыны іспен дәлелденген.

Мұндай әрекеттердің астарынан саясат іздеудің қажеті жоқ. Әдетте қоғамдық белсенділер мен құқық қорғаушылардың әрбір әрекетіне биліктің күдікпен қарайтыны мәлім (адам құқығына нұқсан келген нақтылы фактіні алға тартып билікті сынға алудың артында бақай есеп бар, билікті тек сайлау кезінде немесе парламентте ғана сынау керек деген түсінік елімізде әлі күнге сақталып келеді). Ал Паленыйдың батыл қадамы азаматтық, құқықтық қоғамға бастайтын саясаттың нағыз көрінісі, өйткені оның әрекеті өзгелерге айдан-анық үлгі”. Авторы: Дмитрий ЩЕЛОКОВ (Блогер Дмитрий Щелоковтың бұл мақалада айтылған жеке көзқарасы мен ой-пікірлері Азаттық радиосының ұстанымдарымен сай келмеуі мүмкін.).

AIKYN.KZ. “Ақ Азиаданы өткізуге Астана да, Алматы да дайын”. “Қазақ елі тағы бір ұлы жиынды өткеруге дайындалып жатыр: 2006 жылы мемлекетіміз Орталық Азия елдері ішінде тұңғыш рет VІІ Қысқы Азиаданы өткізу мәртебесіне ие болған еді. Құрлығымыздың “ақ олимпиадасы” жаңа жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында өтпек. Осы орайда кеше ел Президенті-Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ еліміздің бас қаласындағы қысқы Азия ойындарына тартылатын нысандардың ұлы спорттық жиынға дайындығымен танысты.

Алдымен, Мемлекет басшысы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан, елордамыздың сәулет туындысы саналатын “Қазақстан” спорт сарайында болды, содан кейін оның іргесінде бой көтерген, шайбалы хоккей додаларына арналған “Барыс” спорт кешеніне ат басын бұрды….

Айта кетейік, VІІ қысқы Азия ойындары Астана және Алматы қалаларында қатар өтеді. Азиаданың бағдарламасына сәйкес, қатысушылар 11 спорт түрінен сайысқа түседі. Жеті күн бойы барлығы 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп жоспарлануда. Орталық Азия тарихында тұңғыш рет өткелі отырған осынау ұлы спорттық додаға 4 мыңға жуық спортшылар мен қонақтар келеді деп күтілуде. Оның ішінде 25 елді ұсынатын 1 мың 130 спортшы мен 543 ресми тұлға Астанаға келеді делінуде. Қалғандарын Алатау бөктеріндегі әсем шаһан құшақ жая қарсы алады. Елбасыға ере жүрген Үкімет мүшелері мен қос бас қаланың басшылығы Азия құрлығының шартарабынан ағылатын қадірменді қонақтарды қабылдауға Астананың да, Алматының да сақадай-сай, дайын екендігіне сендірді”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

Тарихи күннің қадірін кетірмейік”. “Желтоқсан рухы” қоғамдық бірлестігі, Республикалық “Желтоқсан-1986-тәуелсіздік қырандары, Халық қаһарманы” қозғалысы мен “Желтоқсан” республикалық халықтық-патриоттар қозғалысының басшылары мен елімізге белгілі бірқатар азаматтар Қазақстан халқына Үндеу жолдады.

“Биыл, халқымыздың ғасырлар бойы асқақ арманы Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 19 жыл және Тәуелсіздіктің алғашқы лебі болған саяси және тарихи мәні зор 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 24 жыл толғалы отыр” делінген онда…

Сондықтан да Тәуелсіздік күні мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы орын алған тарихи күндерді лайықты деңгейде атап өту үшін ел ішінде дүрбелең салушы топтардың шараларына тоқтау салып, оған жол бермеуге шақырамыз. Тәуелсіздік мерекесі — барша жұртты жұмылдыратын, отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын шынайы қасиетті күн болуы шарт. Ел тұрақтылығын ойлаған әрбір азамат ата-бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздік тұғырының нығая түсуіне еңбек етіп, өз ісімен өскелең ұрпаққа үлгі көрсете білуі қажет деп білеміз. Осы орайда біз барша тараптарды бар күш-жігерді ел ішіндегі ауызбіршілікті нығайтуға, жастар бойында отансүйгіштік сезімді күшейтуге үндейміз. Ұлттық маңызы зор болған айтулы күндерде ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтай білу — баршамызға үлкен сын деп білеміз”. Авторы: Еркін ҚАЛДАН.

EGEMEN.KZ. “Спорт кешендері Aзиадаға толықтай дайын”. “Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ VII Қысқы Азия ойындары қарсаңында Астанадағы бірқатар спорттық нысандарда болып, олардың дайындығымен танысты. Сондай-ақ жаңадан құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген республикалық велотрек ғимаратында “Астана” велокомандасы мен ҚР Велоспорт федерациясының басшыларымен кездесті…

Мемлекет басшысы сондай-ақ “Қазақстан” спорт сарайына іргелес тұрғызылған әрі жаңадан пайдалануға берілген “Ақбота” мұз айдынында да болды. Бұл нысанда шайбалы хоккейден клубтар арасындағы кездесулер басталар алдында, дәлірек айтқанда, хоккейшілер үлкен мұз айдынына шығар алдында дене қыздырып, бой жазады. Сонымен қатар, аталған мұз айдынында жасөспірім хоккейшілер де жаттығып, жарыстар өткізеді. Онда ойындарды тамашалауға келгендер үшін 1 мың орындық орнатылған. Бұдан бөлек спортшыларға қажетті басқа да жағдайлар жасалған”. Авторы: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

Қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы трендке айналуда”. “Соңғы жиырма жыл барысында әлемдік қауымдастық қаржылық сауатсыздықпен күресу ісіне ерекше назар аударуда. ТМД мемлекеттері арасында Қазақстан бұл үрдіске бірінші болып кірісті – 2007 жылы ел халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын көтеруге 2007-2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. 2008 жылдың күзінде Бағдарламаны іске асыру Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігіне (АӨҚО ҚРА) тапсырылды. Осы уақыт аралығында іске асырылған жобалармен танысу мақсатында біз Алматы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Дархан НҰРПЕЙІСОВПЕН әңгімелесуді жөн көрдік…

“Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың бастапқы мақсаттары мен міндеттері өзгеріске ұшырап отырады. 2007-2011 жылдарға арналған халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыру бағдарламасы да мұндай өзгертулерден тыс қалған жоқ. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері мен негізгі ережелері Агенттіктің стратегиялық жоспарына көшіріліп, біздің қызметіміздің басым бағыттарының біріне айналатын болады.

Бағдарлама шеңберінде барынша әсер ету тетіктері пайдаланылды деп ойлайсыз ба?

– Жалпы алғанда, біз барлық ақпараттық ресурстарды қамтыдық. Барлық бағыттарда – телевизия, Интернет, БАҚ, тікелей оқыту – үлкен жұмыстар жүргізілуде. Барлық әзірленген оқыту материалдары халық үшін қолжетімді болып табылады және тегін таратылады. Тағы да қайталап айтатыным, халықты қаржылық сауаттылыққа үйретудің жүйесі қалыптастырылды, ендігі кезекте барлығы адамдардың өз қолында, білім меңгерем деген адамдар үшін мүмкіндіктердің барлығы жасалды.

Өз азаматтарының қаржылық сауаттылық деңгейін арттырумен көптеген мемлекеттер айналысады, олардың тәжірибелеріне сүйенетін болсақ, отбасы бюджетін жүргізудің қажеттілігі, келешек зейнетақы туралы ақпарат беретін білім беру бағдарламаларынан жылдам нәтижені күтуге болмайды. Нақты нәтижеге бағдарлану теріс әсер туындатуы мүмкін”.

ZHASALASH.KZ. “17 желтоқсан күнi сағат 11-де Желтоқсан құрбандарын еске алу рәсiмi өтедi”. “Кезiнде күллi әлемдi дүр сiлкiндiрген Желтоқсан көтерiлiсi қазақ жастарының асқақ рухын шырқау биiкке көтергенi мәлiм. Кавказдағы қарбаластар, Балтық бойы елдерiндегi дүрбелеңдер Алматының “мұзда жанған алауынан” – Желтоқсан көтерiлiсiнен бастау алды. Шынтуайтына келгенде, бұл күнде дербес шаңырақ көтерiп отырған қаншама мемлекеттер азаттық таңының атуына жол ашқан Желтоқсан көтерiлiсiне белгiлi деңгейде қарыздар… Бұл күннiң халық жадынан өшпеуi тиiс. Осыған орай 17 желтоқсан күнi сағат 11.00-де Желтоқсан көтерiлiсiнiң қайраткерлерi және елiмiздiң зиялы қауымы бастаған көпшiлiк қауым Республика алаңында Желтоқсан көтерiлiсiнiң құрбандарын еске алу рәсiмiн өткiзедi, оларға арнап гүл шоқтарын қояды.

Халқымыздың күрескерлiк асқақ рухын аспанға көтерген мерекелiк шараның басы-қасында болу – әр азаматтың парызы екенi даусыз”. “Тәуелсiздiктi қорғау” халықтық-демократиялық қозғалысы.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Қағазбастылықтан қашан құтыламыз?”. “Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың бастамасымен соңғы кездері еліміз бойынша қағазбастылықтан құтылу жөнінде көптеген нақты шаралар іске асырылып, батыл реформалар жүргізілді. Жергілікті аймақтарда да ғаламтор іске қосылды. Бұрындары талап етілетін біраз құжаттар тұтынушылардан сұралмайтын болды. Әсіресе, кәсіпкерлікпен айналысу көп жеңілдеді. Енді, міне, еліміз бойынша Электронды үкімет құруға күш салынуда. Жүргізіліп отырылған осындай ауқымды жұмыстарға қарамастан жергілікті жерлерде, әсіресе, зейнетақы төлеу орталықтарында өздерінің қорларында бар құжаттарды сұрату әлі күнге тоқталмай отыр…

Балатопар ауылдық округінің әкімі Қанат ҚАМАУБАЕВ телефон шалып: “Аудан әкімдігінің ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы Ләззат СЫДЫҚОВАда екі үлкен кісінің – Бибіқыз САДЫҚОВА мен Тыныштық КЕРІМБЕКОВАның “Күміс алқа” иелері деген марапаттары бар. Зейнетақысына аз да болса ақша қосылады ғой. Аудандық зейнетақы төлеу орталығына өткізе салшы”, – деген еді…

… Бәлкім, елімізде пәрменді жүргізіліп жатқан артық қағазбастылықтан арылу талаптары аталған мекемеге жетпеген де шығар. Уақыттың өзі талап етіп отырған орынсыз қағазбастылықтан арылу өздерінің жұмыстарына да жеңіл емес пе?! Жоғары жақта отырған жауапты адамдар осындай басы артық құжаттарды өз қорларынан іздеуді, бәлкім, “ұсақ-түйек” деп, артық жұмыс көреді ме екен… Жұмыс басты, шаруа адамының жүйкесін осындай күнделікті ұсақ-түйектер тоздырады”. Авторы: Марат ҚАШҚЫНБАЕВ, Бақанас селосы, Балқаш ауданы, Алматы облысы.

ABAI.KZ. ““Ақ жол” демократиялық партиясының мәлімдемесі”. “Ақ жол” демократиялық партиясының МӘЛІМДЕМЕСІ

1917 жылдың 13 желтоқсанында тұңғыш Ұлт Кеңесі — Алашорда үкіметі құрылды. Алаш автономиясының жариялануы мен Алашорда үкіметінің құрылуы қазақ халқының дербестік пен тәуелсіздікке ұмтылысын ешкімнің ешқашан жоя алмайтынының жарқын дәлелі болды. Алаштың ұлы қайраткерлерінің жанқиярлық ағартушылық, саяси, азаматтық қызметтері қазақ санасын қысқа уақыт ішінде жаңа деңгейге көтерді, өшпес терең із қалдырды.

Алашорда үкіметі — қазақтың заманауи , демократиялық мазмұндағы тұңғыш үкіметі . 13 желтоқсан — қазақ тарихындағы ұлы күн.

2007 жылы «Ақ жол» партиясының басшылығы Үкіметке осы ұлы күннің 90 жылдығын оның ел тарихындағы маңызы мен орнына, Алаш арыстары әруағына лайық абыройлы да көлемді , мағыналы да тәлімді атап өтуді ұсынған еді. Өкінішке орай Қазақстан үкіметі бұл ұсыныстарды қабылдамай, формальді түрде «мерейтойлар 25 жылда бір аталады » деп жауап берді .

Бүгін біз Республика үкіметіне тарих, қазақ және болашақ алдындағы жауапкершілігін ескере отырып төмендегідей шаралар қабылдауды ұсынамыз.

1. 13 желтоқсанды ресми түрде «Алашорда » күні деп атау.

2. Жыл сайын қараша мен желтоқсанда барлық оқу орындарында , мемлекеттік органдар мен әскери бөлімшелерде «Алаш тағылымдары » айдарымен сабақ , дәріс , жиналыс , көрме т.б. шаралар өткізу.

3. Астанада «Алашорда» аллеясын ашып , онда Алаш қайраткерлерінің ескерткіштерін орнату”. “Ақ жол” партиясының төрағасы Әлихан БАЙМЕНОВ.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...