«Тәуелсіздігіміз баянды болсын, ағайын!». «Түйе шаруашылығын дамытуға түйінді тұжырым қажет». «Қазақстанның күріші неге қымбат – жер құнарсыз»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 15 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Тәуелсіздік күніне арналған тәуелді айтыс”. “Желтоқсанның 13-і күні Астанада тәуелсіздік күніне арналған ақындар айтысы аяқталды… “Тәуелсіздік тағылымы” деген атпен үш күнге жалғасқан айтыстың ақтық сыны алты сағатқа жуықтап, Астана уақытымен түнгі он бір жарымда аяқталды. Айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман, “ақындардың тіліне тиек қоймаймыз” дегенімен айтысқа қатысқан мәдениет министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД ашық айтысқа көшкен ақындарды тежеп отырды.

Астаналықтардың айтысқа сусап қалғанын “Конгресс холл” сарайына жиналған халықтың қарасынан-ақ байқауға болар еді. Көрермендердің де көңілі көтеріңкі болды. Екі жарым жылдан бері ақындар айтысы үлкен сахнаға шықпай кеткені белгілі. Сондықтан болар, ақындар да мүмкіндікті пайдаланып қарманып қалуға тырысты….”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ..

Қазақстандық мамандар “Уикиликске” қатысты дауды саяси ойын дейді”. “…Желтоқсанның 14-і Алматыдағы Саяси шешімдер институтында “Уикиликс” ақпараттық революция ма, әлде БАҚ үшін жасалған ақпараттық ілгек пе?” атты жиын өтті. Басқосуда көп күткендей жақында пайда болған ақпараттардың ішкі мазмұны талқыланған жоқ. Есесіне Уикиликстің құпия мәліметтерді қалайша қолға түсіргені туралы болжамдар айтылды..”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Мемлекеттік мерекелер күнін қайта қарасақ қайтеді?”. “Қазақстанда ресми бекітілген бір ұлттық (Тәуелсіздік күні), жеті мемлекеттік және екі діни мереке бар. Ең қызығы, бұл мерекелердің тең жартысы кеңестік заманнан мұраға қалған. Атап айтсақ, Жаңа жыл, Халықаралық әйелдер күні, Қазақстан халқының бірлік күні, Жеңіс күні, тіпті ұлттық маңызы басым Наурыздың өзі кеңестік заманның ақырғы жылдары тойлана бастаған еді.

Еліміз дербес мемлекет болғалы бері ұлттық тарих беттеріне жаңадан енгізілген даталарға екі діни мейрамнан бөлек, Конституция күні, Астана күні мен Тәуелсіздік күні ғана қосылды. Бірақ өкінішке қарай, елімізде әлі күнге дейін кеңестік заманнан қалған, қанша жаңашаланса да, тәуелсіз рухтың сұраныстарына жауап бермейтін коммунистік заманның мерекелері егеменді еліміздің тарихи даталарына дес бермейді. Тіпті кеңестік және тәуелсіз заманның мереке-мейрамдары өзара теке тіресіп, ұлттық санадан бірінші боп орын алу үшін өзара тайталасып жатқандай көрінеді. Бұл арада сарапшылар жағдайды ретке келтіру үшін мерекелер жүйесін қайта қарап, қазақ үшін шын мәнінде маңызды тарихи даталарды хандар дәуірінен бастап, егемендік жылдары орын алған маңызды оқиғалардан сарп ету керек деген ойда….”. Авторы: Кәмшат ТАСБОЛАТ.

Түйе шаруашылығын дамытуға түйінді тұжырым қажет”. “Елбасы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуды экономиканы әртараптандыру мен мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі деп атап өткені белгілі. Осы орайда жоғары сапалы, экологиялық тұрғыда таза және бәсекеге қабілетті өнімді (ет, сүт және жүн) өндірудің қосымша қоры бар мал шаруашылығының дәстүрлі саласының бірі — түйе шаруашылығы.

Ал бұл саланың Қазақстандағы даму барысы қандай? Әрине, алаңдатарлық мәселелер бар. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Мұрат ӘБЕНОВ түйе шаруашылығын дамыту бойынша Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВтің атына депутаттық сауал жолдады….

Қазақстандық ғалымдар машина арқылы сауу мен түйе жүнін қырқудың технологиясын жасап шығарған, тез бұзылатын сүт пен одан шығатын өнімдерді сақтау мерзімін ұзартуға және алыс жолға тасымалдауға мүмкіндік беретін түйе сүтін қайта өңдеу мен консервілеу технологиясы патенттелген. Сондай ақ жайлауда 50-60 бастай түйе мен оның 50-60 ботақанына арналған шағын сүт құрылғысы жасалған. Алайда ғалымдардың бұл еңбегі қаржыландыру болмағандықтан тоқтап тұр. Мысалы, Израильде түйе сүтінен диабеттердің аз ғана тәттілері саналатын қант қосылмаған йогурт пен балмұздақ жасалады. Әлбетте бұл технологияны Қазақстанда да қолдануға болар еді. Бірақ түйе шаруашылығының бүгінгі даму қарқыны қолда бар нақты мүмкіндіктерге сәйкес келмейді. Түйе шаруашылығын дамытуда түйінді мәселелердің шешілмей отырғанына алаңдаған халық қалаулысы өз кезегінде Үкімет басшысының мына мәселелерге назар аударуын өтінеді:

1. Етті мал шаруашылығын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының тұжырымдамасына түйе шаруашылығын да енгізу;

2. Түйе еті мен жүнін субсидиялау шараларын қарастыру және шұбатқа бөлінетін субсидия мөлшерін ұлғайту;

3. Қазақ түйелерін жетілдіру бағытында оларды асылдандыру жұмыстарын жүргізу;

4. Түйе шаруашылығы үшін азық қорын қалыптастыру;

5. Жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында түйе шаруашылығына мамандарды дайындау;

6. Түйе өнімдерінің бәсекеге қабілетті бағыттарын дамыту бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу;

7. Түйе шаруашылығы дамыған шалғай елді мекендерде бастапқы өндеу пункттерін құру мүмкіндіктерін қарастыру;

8. Түйе шаруашылығымен айналысатын орта және ірі ауыл шаруашылық құрылымдарын құру үшін олардың құқықтық және экономикалық негіздерін айқындау”. Авторы: Берік БЕЙСЕНҰЛЫ.

EGEMEN.KZ. “Астана мерекелік декларациясы”. “Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында

1. Біз, ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекеттің мемлекет және үкімет басшылары, Ыстамбұлдағы жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ-ның бұдан бұрынғы Кездесуінен кейін 11 жыл өткен соң Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте келісілген қағидаттарға, бірлескен міндеттемелер мен ортақ мақсаттарға негізделген еркін, демократиялық, ортақ және бөлінбес еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын өзіміздің жақтайтындығымыз туралы тағы да мәлімдеу үшін Астанада жиналдық. Хельсинки Қорытынды актісінің 35 жылдығын және жаңа Еуропа үшін Париж хартиясы қабылдануының 20 жылдығын атап өте отырып, біз осы Ұйым негізделген қағидаттардың өзектілігін және біздің оны жақтайтынымызды тағы да қуаттаймыз. Біз айтарлықтай прогреске қол жеткіздік, бірақ та бұл ретте осынау арқаулық қағидаттар мен біз әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдер саласында, әсіресе адам құқықтары мен негізгі еркіндіктері саласында өзіміз мойнымызға алған міндеттемелердің толық құрметтелуі мен орындалуын қамтамасыз ету үшін көбірек іс атқару қажеттігін де мойындаймыз…

13. Қазақстанға біздің кездесуімізді өткізгені үшін, сондай-ақ бұл ел 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың сан алуан қиын міндетін атқарған күш-жігері мен энтузиазмы үшін өзіміздің терең ризашылығымызды білдіреміз. Біз Ұйымда 2011 жылы Литваның, 2012 жылы Ирландияның және 2013 жылы Украинаның төраға болуын құттықтаймыз.

ЕҚЫҰ-ның құжаттары ағылшын тілінде бекітілетіндіктен, басқа жұмыс тілдеріне, соның ішінде орыс тіліне де, аудармасы бейресми аударма саналады. Қазақша нұсқасы орыс тіліне бейресми аудармадан тәржімаланды”.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын беру туралы”. “…1. Бейбітшілік пен достықты, халықтар арасындағы өзара сенімді нығайтуға қосқан айрықша үлесі және түркітілдес елдердің арасындағы мәдени-рухани қатынастарды дамытуға бағытталған белсенді қызметі үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының 2010 жылғы Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы Әзірбайжан Республикасының халық әртісі Полад БЮЛЬБЮЛЬ ОҒЛЫна берілсін.

2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді”.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақстанның күріші неге қымбат – жер құнарсыз”. “…Әрине, қазақ жерінің әр бөлігінің құнары әрқалай. Сыр өңірі шөлді аймақта қоныс тепкен. Дария бойындағы дүйім ел суармалы егіншілікке арқа сүйейді. Күріш дақылы үш-төрт ай бойы суда тұрады. Дегенмен осы суармалы алқаптың жай-күйі алаңдатарлық болып отыр. Облыста өндірілген күріш өнімі елімізді толықтай қамтамасыз етуге жетеді. Әйтсе де күріш шаруашылығындағы күрмеулі мәселелер көлденеңдеп жүргені жасырын емес. Суармалы жерлер бірте-бірте кеміп барады. Бұл – тек Сыр өңіріндегі жұрттың проблемасы емес. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін ойлайтын болсақ, өз өнімімізді өндіруге жол ашқан болар едік. Өкінішке қарай, Қазақстанда шетелден келетін күріш өнімдері көбейіп барады. Айталық, Қытайдың күріші қаншалықты сапалы? Оны ешкім дөп басып айта алмайды. Бағасы арзан өнімге күмән де көп. Одан қалды, Ресей өнімдері де бізге келе бастады. Оның да бағасы қымбат емес. Тұтынушы қалтасына олқы соқпайды. Өкінішке қарай, бізде күріштің өзіндік құны қымбат болып тұр. Себебі аз емес. Солардың бірі – жер құнарының төмен болуы…”. Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы.

ABAI.KZ. “Желтоқсанның басты құжаты”. “Тарих атаулы бұлтартпас айғақтар мен құжаттардан тұрады. Құжаттардан құтылу қиын. Тіпті, уақыт дегеннің өзі құжаттардан тізбегі. Құнын жоймайтын, ақиқаттың жаршысындай жалаулап тұратын мұрағаттағы құпия құжаттарда уақыты келгенде елге жетеді. Шындық пен әділдік бәрібір салтанат құрады. Мүмкін, сәл кештеу болар. Сонда да.

Төмендегі тарихи құжат жоғарғы сөздің айғағы. Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінің бастауы осы құжатта жатыр. КОЛБИНді сайлаған және бәрін біле тұра соған дауыс берген адамдардың тізімі. Бәлкім біреулер қалыс қалып, іштей қарсы болған да шығар. Олардың ішінде кімдер жоқ дейсіз. Уақыттан, халықтан ешнәрсені жасыру мүмкін еместігінің тағы бір дәлелі. Оқыңыз, танысыңыз. Кімнің кім екенін біле жүріңіз…

ПОСТАНОВЛЕНИЕ Пятого Пленума ЦК Компартии Казахстана “О тт. Колбине Г. В. и KУНAEВe Д. А.”…

ПРОТОКОЛ V пленума Центрального Комитета Компартии Казахстана….”.

ASPECT-M.KZ. “Тәуелсіздігіміз баянды болсын, ағайын!”. “Осыдан бес-алты жыл бұрын жол түсіп, Пәкістанда болғаным бар. Сонда Пәкістан мен Үндістанның шекарасында күн сайын қарауылдың салтанатты түрде ауысатынын және бұл рәсімнің ондаған жылдар бойы (қателеспесем, қырық жылға жуық уақыт бойы) жалғасып келе жатқанын естіп, жағамды ұстаған едім. “Көп естігеннен бір көрген артық”, қарауыл ауысатын уақытта межелі жерге біз де жеттік. Жап-жасыл жалауды желбірете көтерген жасы жетпістер шамасындағы бір шал есімде қалыпты. Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде болса-дағы, сол шалдың отты жанарынан “тәуелсіздігімді ешкімнің табанына таптатпаймын” дегенді оқығандай болып ем. Біртіндеп халықтың қарасы көбейе түсті. Сізге өтірік, маған шын, мың қаралы адам жиналды. Арасында мемлекеттік шенеуніктер де бар. Бір мезгілде мемлекеттік хор капелласы сияқты бәрі бір дауыспен “Пакистан, зиндабад!” деп айқайлай бастады. “Арғы беттен” “Индустан, зиндабад!” деген дауыстар естіледі. “Зиндабад” дегені “ғұмырлы бол, жасың ұзақ болсын!” дегені екен. Тәуелсіздікке тағзым деген осындай болса керек. Әсілі, Пәкістанның да, Үндістанның да халқының той тойлайтын, салтанат қуатын жағдайы жоқ. Бұл екі ел де кедейшілік жайлаған, ауру-сырқау дендеген, баспанасыздар мен босқындардың мәселесі бас ауруына айналған, экологиялық ахуалы да ауыр мемлекеттер. Бірақ, тәуелсіздіктің қадірі мен қасиеті олар үшін бәрінен жоғары, бәрінен биік. Ал бізде ше?..

Биліктегілер үшін мемлекеттің емес, өз басының тәуелсіздігі көбірек маңызды. Оппозиция болса, анда-санда мәлімдеме жасап, “әу” деп қоюды да сиретті. “Тіл, тіл” деп тілін безеген ШАХАНОВыңыздың да сүйкімі кеткендей. Ал зиялы қауымыңыз… Зиялы қауым қызмет, атақ, даңқ, марапат, мансап үшін қан төгуге бар шығар, бірақ тәуелсіздіктің жоғын жоқтайтыны, әй, сирек-ау, сирек…

…Сонымен, биыл Тәуелсіздік күнін неліктен ұмыт қалдырдық? Төрт күндік демалыс түріндегі жарылқауды айтпағанда, әрине! Біздіңше, мұның астарынан біртұтас экономикалық кеңістіктің “иісі” шығады. Биыл бұл кеңістік құжаттарын қаттап, кең тыныстамақ. Ал “ортақ мүдде” маңызды болып табылатын мұндай жағдайда Тәуелсіздік күнін атап өту әлдебір талаптарға қайшы келуі мүмкін. Егер шындығында олай болмаса, менің-ақ жағыма жылан жұмыртқаласын!..

Бәрін айт та бірін айт, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ БАЯНДЫ БОЛСЫН, ағайын!”. Авторы: Жұлдыз ӘБДІЛДА.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...