«Балет өнері «Бәйтерекпен» толықты». «Билік партиясы аймаққа назар аудармақ». «Тiзгiнiн шендiлерге ұстатқан айтыс жыр сүйер қауымды екi ұдай ойға қалдырды»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 21 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Әлихан Бөкейхан шығармаларының тағы екі томы жарық көрді”. “Әлихан Бөкейхан. Толық шығармалар жинағы” жобасы бойынша шығып жатқан 7 томдықтың 4-ші және 5-ші томдарына Алаш қайраткерінің бұрын-соңды жарияланбаған еңбектері еніп отыр…”. Авторы: Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “Балет өнері “Бәйтерекпен” толықты”. “Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Тәуелсіздік мерекесіне арналған шаралар шеңберінде “Бәйтерек” балетінің премьерасы өтті. Балеттің тұсауын кесуге келген халық ұлттық музыкамыз жаңа қойылыммен толықты деп қуанып қайтты.

Қазақ сахнасындағы ұлттық музыкалық қойылымдар аз емес. Алайда ол шығармалардың дені осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған. Сол жауһарларымыздың қатарын жаңа туындылармен толықтыруды көздеген Мәдениет министрлігі қазіргі заман талабына сай шығармалардың дүниеге келуіне сеп болуға бет бұрған сыңайлы. Музыка авторы — танымал композитор Әділ БЕСТІБАЕВ. Айта кету керек, Ә.Бестібаев былтыр ғана өткен “Тәуелсіздік толғауы” атты хореографиялық өнер байқауында жеңімпаз атанған-ды. Байқау шартына сәйкес, жеңімпаз шығарма еліміздің бір театрының сахнасында қойылуы тиіс еді. Ал жеңімпаз туындыны сахналау бақыты астаналық балет бишілеріне бұйырды. Бүгінде Канада тұратын Әділ Бестібаев балетті жазу барысында қазіргі өмірді тарих шежіресімен шендестіріп көрсеткісі келгенін айтады…”. Авторы: Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана.

Билік партиясы аймаққа назар аудармақ”. “Биылғы жылдың 24-желтоқсаны мен келесі жылдың 25-қаңтары аралығында билік партиясы аймақтарда есептік-сайлау конференциясын өткізеді. Оған партияның бастауыш, аудандық, қалалық, облыстық ұйымдары түгел қатысады. Осыған орай дайындық жұмыстарының жай-жапсарымен танысу үшін “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан НЫҒМАТУЛИН партияның аймақтың бөлімшелерінің басшыларымен селекторлық жиын өткізді…”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ.

Ғылым мен өндірістің бірлігі қажет”. “Алматы қаласындағы Қазақ-Британ университетінде “Қазақстан Республикасының өндірістік секторында инновациялық ІT және химия-технологиялық зерттеулерді енгізу” тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті…

А.Б.Бектұров атындағы Химия ғылымдарының институты мен Д.В.Сокольский атындағы Органикалық катализ және электрохимия институтының ҚБТУ құрамына кіргенін ескерсек, біз ғылыми жаңалықтың өндіріске енгізілу үдерісін тездетеміз. Ендігі мақсатымыз — осы бастаманы жаңа деңгейге көтеру, ол үшін Қор тарапынан қажетті қаржылық көмек көрсетіледі. Институттарымызды қайта жаңғырта отырып, біз олардың әлеуеті мен экономикаға әкелетін пайдасын арттырамыз. Осылайша, тек бірлескен жұмыс арқылы ғана кәсіпорындар мен ғылыми институттар индустриялық-инновациялық дамуға қол жеткізе алады” деп бүгінгі таңда ғылым мен өндірістің бірлігі қажеттігін ерекше атап көрсеткен”. Авторы: Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ.

Тамашаның” тарланы, сахнаның саңлағы еді”. “Тамаша” ойын-сауық отауының тарланы, театр және кино актері, Қазақстан Республикасының халық артисі Құдайберген СҰЛТАНБАЕВтың жүрегі кенеттен соғуын тоқтатты.

Жексенбі күні кешкісін театрдағы жаңа қойылымның тұсаукесеріне бармақ болып, жиналып жатқан сахна саңлағы бір-ақ сәтте мәңгілікке аттанып кете барды. 1 мамыр күні теміржолшылар отбасында туып, есімі “Первой Май” атанып кете жаздаған талантты тұлға 63 жаста болатын…”.

EGEMEN.KZ. “Еліміз дағдарыстан кейінгі дамудың даңғыл жолына түсті 2010 жылдың 11 айының қорытындылары”. “Әлемдік қаржы дағдарысымен тиімді күрескен Қазақстан Үкіметінің ағымдағы 2010 жылы атқарған жұмыстары мен қабылдаған кешенді шаралары оң нәтижесін берді. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ел экономикасының қозғаушы күшіне айналған барлық негізгі салаларда өсім байқалды.

Аталған кезеңдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларына қарағанда, қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,2 пайызды құрады. Сонымен қатар, үстіміздегі жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында ішкі жалпы өнім көлемі 14 триллион 250,6 миллиард теңгеге жетіп, 7,5 пайызды құрап отыр. 11 айда өнеркәсіп өндірісі 10,5 пайызға, өңдеуші өнеркәсіп 18,8 пайызға, жүк айналымы 12,6 пайызға, ал байланыс қызметі 5,0 пайызға өскен. 2010 жылдың қаңтар-қараша айларында инфляция деңгейі 7,1 пайызды құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайыздық пунктке төмендеді…

Өнеркәсіп өнімінің ең көп өсімі Ақмола (34,3%), Қостанай (16,9%), Павлодар (16,1%), Оңтүстік Қазақстан (15,8%), Жамбыл (15,3%), Атырау (14%) облыстарында және Алматы (25,4%) қаласында байқалады…”.

ZHASALASH.KZ. “Тiзгiнiн шендiлерге ұстатқан айтыс жыр сүйер қауымды екi ұдай ойға қалдырды”. “…Бүгiнгi саясат сахнасында “жағымпаздар жарысы” деген спектакль болып жатса, айтыскерлер соның iшiндегi “жағымсыз кейiпкерлер” болып шыға келдi. Сiрә, Жүрсiн ЕРМАН өткiзген соңғы айтыс 2008 жылы Алматыда Алашорданың 90 жылдығына орай өткен айтыс болса керек. Ақындар бiрiнен соң бiрi алдаспандай жарқылдап, шырылдап шындықты айтуға барын салды. Халық аяғымен жер тепкiлеп, қазылар алқасындағы “кеңестiң сарқыншақтары” алақ-жұлақ асып-сасып, залда отырған “құлақ, көздердi” әбден әбiгерге салған осы айтыс Жүрсiнге де, айтыскерлерге де уақытша “демала” тұруға “жағдай жасады”. Бiрақ олардың демалып жатқанын жаңағыдай көңiлiнде қаяу, қыжылы бар халық “жақтыра” қоймады. Жан-жақтан iздеу салып, жанұшыра жоқтады. Аты жоғалса, аттан салатын қазақ шыр-пыр болып араша түстi. “Айтыстың қажетi қанша, бiз пәлен күн, пәлен жыл кiтап жазып түк алмаймыз, бұлар бiр сәтте көлiктi қағып кетедi” деп жүргендердiң айызы қанды, билiктiң құлағы тынышталды…”. Авторы: Жасұлан АҚКЕР, Астана.

ABAI.KZ. Күлдіріп жүріп күрсініп өткен бір ғұмыр”. “Тамашаның” тағы бір тарланы — Құдайберген СҰЛТАНБАЕВ дүниеден озды. Ажал адаммен әзілдеспейді, Алаш жұртын ақжарылқап күлкіге кенелтекен сахна өнерінің сұлтаны Сұлтанбаев қайтып келмес саппарға аттаныпты. Кеше. Жексенбіде… Жүрек талмасынан.

Қазақ дейтін халқының қойны-қоншын қытықтап күлкі таба білген, күлдіре білген,1970 жылдардың өзінде-ақ зар-заманның зарпынан жүрегі шайлыққан еліне әзілмен тіл қатып, астарлап ой айта білген есіл талант келмеске кетіпті. Удай өкініш қаныңды ұйытса да шындық — осы енді.

Құдайберген Сұлтанбаев 1978 жылы құрылған “Тамаша” ойын-сауық отауының әйгілі әртісі болды. Ойын-сауық отауында ол ерке баланың да, бетонбет бюрократтың да, сылқым серінің де, шалқалаған шалдың да, кейуана кемпірдің де күлкілі бейнесін сомдамды… Құдекең неге екені белгісіз, комедия жанрында жүріп, трагедияны ұнататынын жиі айтушы еді. Көпті күлкіге кенелткен таланттың ішінде бір күрсініс кетті. Ол анық. Бақи бол, сахнаның сұлтаны”.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...