«Қуатты Қазақстанды бірге тұрғызамыз». «Соғыс қорытындылары қайта қаралмауы тиіс». «Діни төзімділік – татулық тірегі». «Қазақстанда аң аулауды 5 жылға тоқтату туралы Үндеу»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 22 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Досқалиев төрт айыптың біреуіне байланысты жауап берді”. “…Адвокат ШОМПИЕВтің айтуынша, Астанадағы тергеу изоляторында жатқан Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ өзіне тағылған төрт түрлі айыптың тек біреуі бойынша жауап берген. Адвокаттың айтуынша, тергеушілер Досқалиевпен тергеу изоляторының ішіндегі ем қабылдап жатқан дәрігерлік бөлімінде сөйлескен.

– Алғашқы тергеуде Досқалиев мырзадан тек бір қылмыстық іс бойынша – жедел жәрдем стансасының құрылысына қатысты іске байланысты жауаптар алынды, – дейді адвокат Эдуард Шомпиев….”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

Бұрынғы сарбаз өтемақы туралы сот шешіміне 17 жылдан соң қол жеткізді”. “…Сол оқиғаның ізінше Дәуренді жаралы еткен әлгі жауынгер өзін-өзі атып өлтірді. Сөйтіп айыпқа тартылар ешкім қалмады. Алайда арада 17 жыл өткеннен кейін Дәурен Кенжебеков мемлекетке қарсы талап-арыз беріп, сотта жеңіп шықты. Әрине, ол кездегі армия – Совет армиясы болатын. Дегенмен жауынгер Дәурен КЕНЖЕБЕКОВ талап-арызды тәуелсіз Қазақстан әскерінің басшылығына қарсы түсірді. Таяуда Талдықорған гарнизонының әскери соты арызданушының талабын қанағаттандырып, 600 мың теңге төлеу жөнінде шешім шығарды….

Дәурен Кенжебеков сотқа түсірген талап-арызында қорғаныс министрлігінен 250 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік өтемақы, сондай-ақ 2,5 миллион теңге морльдық шығын өндіріп беруді сұрады. Талдықорған гарнизонының әскери соты сот үдерісінің оңай болмағанын айтады. Дәурен Кенжебековтың пайдасына шешім шығарған сот заң да, мораль да зардап шегушінің жағында екенін мойындап отыр…

Мүгедек Дәурен Кенжебеков пен қорғаныс министрлігі арасындағы сот тартысы күшейіп барады. Алда әлі талай сот отырысы болатын түрі бар. Бірақ Дәурен Кенжебеков және оның туыстары мен жақтастары әділдікке жету үшін барлық инстанциядан өтуге дайынбыз деп отыр”. Авторы: Әлия АХМЕДИЕВА.

AIKYN.KZ. “Қуатты Қазақстанды бірге тұрғызамыз”. “Астана төрінде, еліміздің атын тұтас иемденген “Қазақстан” орталық киноконцерттік залында Индустрияландыру картасының жаңа жобаларының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты шараға Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қатысты. Алдымен Елбасы Үкімет мүшелері мен әкімдерді ертіп, барлық өңірлердің көрмелік экспозицияларын аралап шықты.

Соңынан аймақтармен “Қуатты Қазақстанды бірге тұрғызамыз” атты телекөпір өткізіп, он-лайн режимінде бірнеше жаңа кәсіпорынды іске қосты. Осының арқасында бірнеше мыңдаған отандасымыз жаңа жыл қарсаңында жаңа жұмысқа қол жеткізді. Қазақстан бесжылдық Жаңа индустрияландыру саясатының алғашқы жылын осылайша табысты қорытындылап отыр. Елбасының Индустрияландыру картасы — Қазақстанның қазіргі қарым-қарқыны мен жарқын келешегін қатар көз алдымызға келтіреді…”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “Соғыс қорытындылары қайта қаралмауы тиіс”. “Ұлтшылдықтан тыс әлем – барша адамзаттың жаһандық міндеті” деген тақырыппен таяу күндерде Мәскеуде өткен халықаралық конференцияда ұлтшылдық белгілерінің жолын кесудің, нәсілшілдікке, ксенофобияға, басқыншы ұлтшылдыққа қарсы күресті үйлестіру және ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің ұйымдастыруымен өткен шараға әлемнің 44 елінен келген парламенттік делегациялар, құқық қорғау ұйымдарының, ғылыми орталардың өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан конференцияда Сенат Төрағасының орынбасары М.КӨПЕЕВ, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Х.ВАЛИЕВ және Мәжіліс депутаты В.ВИШНИЧЕНКО болды.

Конференцияда М.Көпеев сөз сөйледі. Неонацизмге, фашизмге және ксенофобияға қарсы күрес жөніндегі шараларды әзірлеу қажеттігін атап өте келіп, ол Берлинде болған “Екінші дүниежүзілік соғыс пен Холокост сабақтары” халықаралық конференциясында қабылданған үндеу туралы еске салды. Бұл құжатта, атап айтқанда, “соңғы кезде ХХ ғасыр тарихындағы қанқұйлы соғыс туралы естеліктер саяси саудагерлік мақсатында құбыла бастады”, деп атап өтілген болатын.

“Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыс қорытындыларын қайта қарауды айыптайды. Оларды тарихи, саяси және адамгершілік тұрғысынан тексеруге талпыныстар жасау, аз дегенде, дұрыс емес және негізінде кешіруге жатпайды”, деді М.Көпеев…

Төраға орынбасары өз сөзін қорытындылай келіп, Президент Н.НАЗАРБАЕВтың: “Қазіргі кезде өткен соғыстың “балама тарихы” дейтін пайда болуда, оның ішінде, қазіргі фашизм мен оның идеологтарының ажал төндіруші қаупін әдейі сейілтіп, фактілер мен оқиғалар өзгеруде. Біздің дүние адам айтқысыз нәзік және ғажап әлсіз екенін түсінеміз. Біз өзімізге ортақ Ұлы Жеңісіміздің ақиқатын сақтау ісінде барша халықтармен бірге болдық, біргеміз және бірге бола береміз”, деген сөзін көлденең тартты, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі”.

ALASHAINASY.KZ. “Ақ Азиада алдындағы сын”. “Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Киевте өткен ірі халықаралық турнирге қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Бұл Қазақстан хоккейшілері үшін VIІ қысқы Азия ойындары қарсаңындағы маңызды дода еді. Әрі осы турнирге қатысатын екі елдің құрамасы 2011 жылдың сәуір айында өтетін әлем чемпионатындағы қарсыластарымыз болатын (Украина және Польша). Сондықтан бұл турнирде біздің құрама “бір оқпен екі қоян атты” деуге болады. Ақ Азиада алдында дайындықтарын пысықтап, әлем чемпионатындағы қарсыластарының әуселесін пайымдап қайтты. Сол себепті бапкерлер құрамы Киевтегі турнирге ең үздік хоккейшілеріміздің бәрін жиюға тырысты…”. Автор: Нұрғазы САСАЕВ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Діни төзімділік – татулық тірегі”. “Келер жылы еліміздің құрамына 57 мемлекет кіретін Ислам Конференциясы ұйымына төрағалығы басталады. Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің ІV Съезін өткізу жоспарланып отыр… Ел аумағында 40 конфессияны құрайтын 4460 діни бірлестіктер мен топтар бар. Оның ішінде 2370 мешіт, 266 православтық және 88 католик храмдары. 6 синагога, 600-ден астам протестанттық және дәстүрлі емес діни бірлестіктердің құлшылық ету үйлері қызмет етеді. Ел заңнамасы республикадағы барлық діни қауымдар қызметіне тең құқық берген “мейірімді” құжат. Кездесуде сөз алған Парламент Сенаты аппаратының ақпараттық-сараптама бөлімінің бас кеңесшісі Гүлдария РАЙЫМБЕКОВА пікірін былай қорытты: “Дін – өте нәзік ұғым. БАҚ өкілдері діни қақтығыстар туындатпай, әр нәрсенің байыбына барып жазғаны жөн. БАҚ жанжалдың ұлғая түсуіне емес, керісінше, оны бейбіт жолмен реттеуге ниетті болуы тиіс”. Үстінен іс жүргізіліп жатқан, тұтқынға әлі алынбаған күдіктілер туралы ақпаратты таратуға тыйым салынады…”. Авторы: Тыныс АХМЕТЖАНОВА, “Заң газеті”, АСТАНА.

ABAI.KZ. “Сәдібек Түгел. Қазақстанда аң аулауды 5 жылға тоқтату туралы Үндеу”.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВқа,

ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы О.МҰХАМЕДЖАНОВқа,

ҚР Парламент Сенатының төрағасы

Қ.Қ.ТОҚАЕВқа

ҚР Үкіметінің Премьер-Министрі МӘСІМОВке

және барлық табиғат жанашырларына

Қазақстанның Ұлы Даласында аң аулауды 2011 жылдың 1-ші қаңтарынан, 2016 жылдың 1-ші қаңтарына дейін 5 жылға тоқтату туралы Үндеу

Құрметті ағайындар! Қадірлі бауырлар!

Бұл күнде туған еліміз — Қазақстан Республикасы жеріндегі аң-құстарға зор қауіп төніп тұр.  Аңдар көптеген аймақтарда,аудандарда мүлде жоғалудың алдында тұр. Олар: аюлар, ақ бөкендер, дала бұғылары, еліктер, арқарлар, қасқырлар, барстар, сілеусіңдер және тағы басқалары.

Неге осындай  жағдай туындап отыр?!

Біріншіден, табиғатты аялаудан, қорғаудан қалып барамыз.

Екіншіден, жауыз аңшылыққа-браконьерлікке қарсы қоғам мүшелері немқұрайдылық, үнсіздік танытуда.

Үшіншіден, соның салдарынан, бей-берекет- броконьерлік аңшылық өршіп, асқынып тұр.

Төртіншіден, аң аулау саясаты, лицензиялық аң аулау қазіргі заман талабына сай емес, оны қайта қарау керек.

Сөзім дәлелді болу үшін бір-екі мысал келтірейін.

“Арқада аяз қатты болмаса  — Арқар ауып несі бар” — дейді аталарымыз. Қазір Сарыарқада қыс жылы. Бірақ, бірде-бір Арқарды кездестіре алмайсыз. Өйткені, олар мылтықпен атылып, жойылып кетті.

Сондай жағдай киіктеріміз — ақ бөкендеріміздің де басында тұр…

Біз, жер-ана, туған табиғатымыздың баға жетпес құндылықтары аң-құстарын, балықтарын, сол қалпында сақтап, болашақ ұрпаққа қалдырайық десек, осындай батыл, маңызды шешімдер қабылдауымыз қажет”. Сәдібек ТҮГЕЛ — ҚР еңбек сіңірген қайраткері, “Менің Қазақстаным” атты экологиялық партиясы төрағасының орынбасары, жазушы.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...