«2020 жылға дейінгі «Нұр Отан» партиясы бағдарламасының жобасы». «Балаларға – мультфильм, мамандарға – сөздік, оқырманға – аудиокітап». «Креационистік идеялар тек қана діни дисциплина ретінде оқытыла алатынын ашық айту»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 23 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Назарбаев университетінің” мәртебесі туралы заң мәжілісте мақұлданды”. “…Заң жобасын мәжіліс депутаттары алдында таныстырған білім және ғылым министрі Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ “НАЗАРБАЕВ университеті” және “Назарбаев зияткерлік мектептері” сияқты білім ошақтарының тиімді жұмыс істеуі үшін оқу орындарындарының академиялық еркіндігі мен дербестігі принциптерін іске асыруға қажет” дейді. Министрдің айтуынша, университет пен зияткерлік мектептердің білім беру қызметі лицензиялау мен мемлекеттік аттестациялаудың жалпы тәртібінен алынып тасталады…”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

Айбек пен Балғынбектің наурыздағы айтысы”. “…Азаттық радиосы осы жылдың наурыз айында Алматыда “…Тіл кеспек жоқ!” деген тақырыппен өткен ақындар айтысының аудиожазбаларын назарларыңызға ұсынған болатын. Оларды Азаттық сайтының арнайы парақшасынан тыңдай аласыздар. Сол жолы Айбек ҚАЛИЕВ пен Балғынбек ИМАШЕВтың айтысының аудиосы техникалық себептерге байланысты сайтымызда жарияланбаған еді. Жақында редакциямызға Балғынбек пен Айбек ақындардың наурыздағы айтысының видеосы келіп түсті…”.

AIKYN.KZ. “2020 жылға дейінгі “НҰР ОТАН” ХАЛЫҚТЫҚ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖОБАСЫ”. “Нұр Отан” партиясы құрылған кезден бастап-ақ 1999 жылы партияның І съезінде қабылданған Бағдарламасында тұжырымдалған міндеттерді ойдағыдай шешіп келеді. Партиямыздың бағдарламалық ұстанымының дұрыстығын уақыт көрсетіп берді және ол нақты істермен дәлелденді. “Нұр Отан” партиясы барлық сынақтарға дер кезінде назар аударып, өз Бағдарламасын жетілдіріп отырды. Біз бірігіп өзімізді де, елімізді де өзгерте алдық. Бірақ қол жеткенге тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайды.

Ел тарихының сапалық жаңа кезеңі басталды. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жариялаған реформаларды іске асыру экономиканы жаңғыртып, қоғам өмірін жаңартуға мүмкіндік береді. Олар Мемлекет басшысының “Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауында, 2020 Стратегиясында және 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапқан. “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясы халықты осы жауапты міндетті орындауға жұмылдыруда шешуші рөл атқарады…

“Нұр Отан” өз ұстанымы мен саясатын қалыптастырған кезде центристік көзқарасты ұстанады, оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев кең ауқымды әлеуметтік базаға негізделген байыпты және ымырашыл саяси бағыт ретінде негіздеме берді. Дәл осы центризм саясаты біз дәйектілікпен жақтап, жүзеге асырып отырған мынадай идеологиялық құндылықтарды білдіреді:...”. Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында 2020 жылға дейін Партия бағдарламасының жобасына ұсыныстар мен ескертулерді жинақтауға арналған Редакциялық комиссия құрылды.

ANATILI.KZ. “Бейәдептілік қоғамды бүлдіреді”. “Соңғы кездері БАҚ-да қазақ порнофильмдері туралы жиі айтылатын болды. Бұл мәселе қоғамда пікірталас та тудырып жүр. Елде бұрын-соңды кездестірмеген жағымсыз дүниелердің пайда болуы елең еткізді.

Батыстық порнофильм болса оған назар аудармас едік. Оны қайда көрсетпей жатыр, видео дейсің бе, DVD дискі, интернет, телеарналарда… барлық жерде бар. Оны қалыпты жағдай ретінде қабылдап қойғанбыз. Бұл жерде мәселе қазақ порнофильмі туралы болып отыр. Мұндай “өнер туындысын” шығару кімнің ойына келген екен, ол жағы әзірше беймәлім. Ең бастысы, уақыт создырмай, дер кезінде шара қолданған дұрыс…

Біз – ата дінімізді берік ұстанатын, ұлттық құндылықтарды жоғары қоятын мұсылман мемлекетіміз. Қазақы мінезіміз, табиғи болмысымыз басқа. Жат қылықтар бізге жараспайды. “Ұлағатты ұл ұлтын, тәрбиелі қыз жұртын сақтайды” демекші, біздің халқымыз ар мен намысты, имандылық пен әдептілікті жоғары қойған. Ел ішінде орын алған келеңсіз жайттар мен бейәдептерді дер кезінде ауыздықтап, алдын ала тыйып отырған. Мұхтар ӘУЕЗОВтің “Абай жолы” романындағы Құнанбайдың Қодарға байланысты шығарған үкімін мысал ретінде айтуға болады. Ел ішінде орын алған бейәдеп пен өрескел қылықтардың жолын кесу – қоғамға қажет іс-амал. Бұл мәселені тек құқық қорғаушылардың иығына артып қоюға болмайды, баршамыз болып күресуіміз керек. Сонда ғана нәтиже болады. Ақша үшін арын да, барын да сататындар қатаң жазалануы тиіс. Ал көше бойында, базарлардың маңайында жабайы саудамен айналысып, DVD дискілерін сататындар да жауапқа тартылғаны жөн. Мәселен, Алматы қаласы маңайындағы “Барахолкада” мұндайлардың қарасы көбеймесе, азаймай отырғанын байқайсың. Ал телеарналарға келетін болсақ, бұл мәселеде өте сақ болған дұрыс. Ұлттық ар-намысқа тиетін, жөн-жосықсыз анайы дүниелерді бадырайтып, бүкіл елге паш етіп көрсету – тым өрескелдік. Мұндайларға жол бермейік”. Авторы: Қанат ӘБДІМАНАПҰЛЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Балаларға – мультфильм, мамандарға – сөздік, оқырманға – аудиокітап”. “Өзгенің “өрмекші адамы” мен “тасбақа батырларын” пір тұтып өсіп келе жатқан қаракөз құлыншақтарымыз қазақтың қаһармандарымен қауышар күн болар ма екен деп жүр едік. Қалауымыз табылып, “қар жанатын” секілді. Қазақ аңыздарының белді кейіпкері, күлкі менен тапқырлықтың түп атасы Алдар Көсе жайлы бір емес, екі, тіпті он да емес, отыз сериялы алғашқы қазақ мультфильмі дүниеге келді. Және де бұл – жалғыз жаңалық емес! “Тағы айтарым тағы бар” дегендей, осы игі істің ұйытқысы Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасы мұнымен қатар әрқайсысы 16 сағаттық “Асыл сөз”, “Шәкірттерге шашу” атты қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінен құралған аудиокітаптар да шығарды…”. Автор: Мәриям ӘБСАТТАР.

ZHASALASH.KZ. “Батырларымызды пародияламайықшы”. “…Иә, бiрақ қазақ телеарналарынан көрсетiлiп жатқан “Қарасай батыр”, “Райымбек батыр”, “Қалқаман – Мамыр” жайлы түсiрiлген фильмдердi көрiп, қуанышымыз су сепкендей басылды. Неге? Айтайық.

Бiрiншiден, фильмдегi батырлар мен оның төңiрегiндегiлердiң ұсқын-келбетi “мынау менiң папам, мынау мамам” деп, өздерi салған шимай-шатпаққа мәз болатын 3-4 жастағы сәбидiң суретiне ұқсап кеткен.

Екiншiден, жүрiс-тұрыстары, қимылдары дөрекi, үйлеспейдi, Робот секiлдi. Дене пiшiндерiнде симметрия жоқ. Мәселен, Қалқаманды атар кезде Көкенай садақты қолтығының астына қысып тұрып атады. Сiрә, суретшiлер өмiрiнде садақ атқан адамды көрмесе керек. Үшiншiден, батырларымыздың келбетi, дене бiтiмi сүйкiмдi болуы керек қой. Фильмдегi батырларымыз балшықтан домбаздай салған, балабақша балаларының “өнiмi” секiлдi. Сiрә, мультфильмдi жасаушылар қазақ мультфильмiнiң “iнжу-маржаны” есептелiп жүрген “Қаңбақ шалды” және тағы да басқаларды көрмеген-ау деп ойлаймыз.

Қазақ батырларын былай “пародиялағанша” шығармағандары жөн едi”. Авторы: Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ, Қазақстан халық ағарту iсiнiң үздiгi, Алматы.

ABAI.KZ. “Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Бекболат Тілеуханға жауабы!”. “Күні кеше Мәжіліс депутаты Бекболат ТІЛЕУХАН үкіметтен ДАРВИНнің эволюциялық теориясының мектептерде оқытылуына тыйым салуды етті.

Әсіре діншілдер мен креационистердің ғылымға шабуылы үдеп бара жатқанға ұқсайды. Күрес қарапайым үй ішіндегі әңгімеден парламент мінберіне дейін жетіп отыр. Бұл өте қауіпті тенденция!

Осыған орай біздер осыдан үш жыл бұрын Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы қабылдаған “Білім берудегі креационизмнің қаупі туралы” атты қарарды аударып бергенді жөн санап отырмыз.

“Абай-ақпарат”

Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының № 1580/2007 қарары

“Білім берудегі креационизмнің қаупі туралы”

1. Бұл қарардың басты мақсаты дінге күмән туғызу немесе оған қарсы күрес жүргізу емес, себебі діни сенім бостандығы бұған жол бермейді. Оның мақсаты — ғылым мен білімді діни сеніммен ауыстыру әрекеттерінен сақтау. Діни сенім мен ғылымды айыра білу қажет. Олар бір-біріне қайшы келмейді және бір-бірімен бейбіт өмір сүре алады. Ғылымды дінге қарсы айдап салуға болмайды, алайда, діннің де ғылымды жоққа шығаруына жол бермеген жөн.

2. Кейбір адамдар үшін діни сенімнің діңгегі болып табылатын Жаратылыс ілімі өмірдің мәні болып табылады. Дегенмен де, Парламенттік Ассамблея креационизм идеяларының біздің білім беру жүйелерінің ішіне ену мүмкіндігі мен бұның біздің демократиялық мемлекеттердің болашақтығы үшін тигізер кеселдері турасындағы алаңдаушылығын білдіргенді жөн санап отыр. Егер біздер қажетті қадамдарды іске асырмасақ, креационизм Еуропа Кеңесі үшін маңызды болып табылатын адам құқықтары мәселесіне қауіп төндіруі ықтимал.

3.  Адамзат эволюциясының табиғи сұрыптау нәтижесінде пайда болғанын теріске шығару мақсатында пайда болған креационизм ілімі ұзақ уақыт бойы тек қана таза американдық феномен болғаны хақ. Бүгін креационизм идеялары Еуропаға жол салып, Еуропа Кеңесі мүшелері болып табылатын кейбір мемлекеттерді қамтып отыр.

4. Басым көпшілігі христиан немесе мұсылман дінін ұстанатын бүгінгі креационистердің басты нысанасы — білім беру жүйесі. Олар өз идеяларының мектептің білім беру бағдарламасына енгенін қалап, сол үшін аянбай еңбек етуде. Алайда, креационизмнің ғылыми дисциплина емес екендігі анық…

19.4. Креационизмнің мектептерде эволюция теориясымен бірдей дәрежедегі ғылыми дисциплина ретінде оқытылмауын қамтамасыз ету. Креационистік идеялар тек қана діни дисциплина ретінде оқытыла алатынын ашық айту.

19.5. Эволюционизмді мектептік оқу бағдарламасының аясында таза, сұрыпталған фундаменталды ғылыми теория ретінде оқыту.

20. Ассамблея Еуропа Кеңесінің мүшесі болып табылатын 27 мемлекеттік Ғылым академияларының 2006 жылы эволюционизмді оқыту қажеттілігі тіралы декларацияға қол қойғанын құптай отырып, қалған мемлекеттердің барлығын осы декларацияны қолдауға шақырады.

2007 жылдың 4 қазаны”.

Қарардың ағылшын тіліндегі түпнұсқасы мына жерде — http://assembly.coe.int/Main.asp?link=/Documents/AdoptedText/ta07/ERES15…”.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...