«Елбасын» «мәңгі президентке» айналдыру науқаны басталды». «Банк, білім және ғарыш». «256 үміткерге «Болашақ» стипендиясы тағайындалды»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 24 желтоқсан 2010 ж.

AIKYN.KZ. “Президенттің өкілеттілігін ұзартуға шақырды”. “Кеше Өскеменде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдум өткізу бойынша бастамашы тобы халыққа үндеу қабылдады.

Өскеменде өткен форумда Семей мемлекеттік университетінің ректоры, бастамашыл топтың төрағасы Ерлан СЫДЫҚОВ: «10 желтоқсанда біз Ђскемен әкімшілігіне барлық қазақстандықтарға бірінші Президент, Елбасы, Ұлт көшбасшысының өкілеттік мерзімін ұзартуды ұсынатын бастамашыл топ құру бойынша жиын өткізуге өтініш бергенбіз”, — деді. Жиынға республиканың әр жерінен 850 адам жиналып, арнайы бастамашыл топ құрылды. Бұл топқа республиканың әр облысынан және Алматы мен Астана қаласынан 20 өкіл кірген. Барлығы — 320 адам…”. Авторы: Н.ЖЕҢІС.

БАРЫС ЖЫЛЫНЫҢ БЕТКЕҰСТАРЛАРЫ”. “Республикалық “Айқын” газеті әр маусымның ең үздік 10 спортшысын анықтауды біраз жылдан бері жақсы дәстүрге айналдырды. Бұл жолы да сол бағытымыздан жаңылған жоқпыз. Расында да, биылғы маусым ірі жарыстарға толы болды. Әлемнің әр қиырында дүркірген дүбірлі додалар өтті. Ердің ерлігінен бұрын, елдің елдігі сыналған сәтте отандастарымыз намыс туын биік ұстап, өз жанкүйерлеріне қуаныш пен шаттық сыйлады. Бір мақала аясында түрлі сайыстар барысында жанкештілік танытып, жеңіс үшін жанын салған спортшылардың барлығын атап шығу, әрине, мүмкін емес. Сол себепті біз бүгін тек “жүзден жүйірік, мыңнан тұлпар” шыққандарға ғана тоқталайық….”. Авторы: Ғалым СҮЛЕЙМЕН.

AZATTYQ.ORG. “Елбасын” “мәңгі президентке” айналдыру науқаны басталды”. “ЕҚЫҰ саммиті кезінде аймақтарда жүре тұруға мәжбүр болған депутаттар президент НАЗАРБАЕВтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы тың ұсыныспен оралды. Бастамашыл топ мәселені жалпыхалықтық референдумға шығармақ. Ал оппозиция Назарбаевтың алдағы сайлаудан қорқатынын айтады. 2012 жылы өтуі тиіс сайлауға өз кандидатурасын ұсынған саясаткер Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН “референдум туралы сөз бастау президенттің шынайы сайлаудан қорыққандығын байқатады” дейді….”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

Азаттық радиосының тұңғыш кітабы еркін сөз иелеріне арналды”. “…2010 жылдың басында Азаттық радиосы жаңартылған Блогстан айдарын ашқан болатын. Санаулы айдың ішінде Азаттық радиосының блог-платформасы кеңінен танымал бола бастады. Қазіргі таңда ондаған қазақстандық блогшы біздің вебсайттың тұрақты авторларына айналды…. “Блогстан” жинағына неғұрлым танымал, көп оқылатын (көп қаралатын) және көп пікір жинаған блогтар іріктеліп алынды. Интернет оқырмандардың аузына жиі ілінген мұндай блогшылардың қатарында мына авторлар бар:…”. Авторы: Артур НЫҒМЕТОВ.

EGEMEN.KZ. “Банк, білім және ғарыш…”. “Мәжіліс Төрағасы Орал МҰХАМЕДЖАНОВтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі жалпы отырысында он төрт мәселе қаралды. Депутаттар күн тәртібіне шығарылған заң жобаларының бірқатарымен жұмысты жалғастыру қажет деп шешсе, қалған заңдық құжаттардың барлығын талқыға салып, тиісті шешімдерін шығарды…

Келесі мәселе Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялауға қатысты заңдық құжатты Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы ауырып қалуына байланысты оның орынбасары М.МОЛДАБЕКОВ баяндап берді. Келісімде ынтымақтастықтың барлық қырлары қарастырылыпты. Қазақстан тарапынан құзыретті үйлестіруші орган – Ұлттық ғарыш агенттігі болса, Ресей жағынан бұл міндетті Федералдық ғарыш агенттігі атқарары белгілі болды. Қаржыландыру осы мақсаттарға бөлінген қаржы есебінен жүргізілмекші.

Агенттік төрағасы орынбасарының депутаттар сұрақтарына жауабынан белгілі болғандай, “Казсат-2” Жер серігінің ұшырылымы екі айға шегеріліпті. Шамамен оны ұшыру уақыты келесі жылдың наурыз айына жоспарланғаны белгілі болды. Ал бұған дейін істен шыққан “Казсат-1” Жер серігі бойынша сақтандыру компаниясымен арада келісімдер жүргізіліп, пайыздық төлемақысы шешілуде. Осы ретте Мейірбек Молдабекұлы Ресеймен арада “Бәйтерек” ғарыш кешені, ресейлік-украиналық “Зенит” және “Днепр” жобалары бойынша бірқатар жұмыстардың жүргізіліп жатқандығына назар аудартты. Сондай-ақ отандық телевизиялық операторлар 34 миллион долларлық бюджет қаржысын шетелдік Жер серіктеріне төлеп келе жатқандығы тілге тиек етіліп, “Казсат-2” ұшырылымынан кейін бұл мәселе күн тәртібінен түсетіндігі көлденең тартылды. Ал “Казсат-3” Жер серігі отандық телевизия сигналдарын шетелдерге де жеткізе аларымен бөлісті агенттік төрағасының орынбасары. Заң жобасы мақұлданды.

Сол сияқты Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) төрағасы Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ таныстырған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бірінші оқылымда қолдау тапты”. Авторы: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

256 үміткерге “Болашақ” стипендиясы тағайындалды”. “Дәл осы күні Қанат САУДАБАЕВтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның 2010 жылдың қорытынды мәжілісі болды. Биылғы жылғы қарашаның 8-і мен 10 желтоқсан күндері аралығында өткізілген конкурстық ірікітеудің бірінші және екінші тураларының нәтижелері бойынша Республикалық комиссияның қарауына “Болашақ” халықаралық стипендиясын тағайындау үшін 519 үміткердің жеке істері ұсынылды.

Олардың ішіндегі 101 үміткер конкурстық іріктеуге шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетімен түсу арқылы қатысса, 418 үміткер жалпы конкурс негізінде өткен.

Өзге елдерде оқуға ниет білдіргендердің жалпы саны мынадай: бакалавриат – 186, магистратура – 228, клиникалық ординатура – 8, доктарантура – 1, ғылыми тағылымдамаларға – 96 үміткер.

Отырыс барысында белгілі болғаны, жастардың басым бөлігі өз құжаттарын АҚШ (174 адам), Ұлыбритания (122 адам), Ресей (49 адам), Канада (44 адам) секілді мемлекеттерде оқу үшін тапсырса, қалған үміткерлер Франция, Ирландия, Чехия, Нидерланды, Швеция, Швейцария, Малайзия, Германия, Австралия, Қытай, Норвегия секілді елдерді таңдапты.

“Болашақ” стипендиясынан үміткер жастардың көпшілігі “Ақпараттық технологиялар мен жүйелер”, “Мемлекеттік басқару”, “Мұнай-газ ісі”, “Құрылыс және сәулет”, “Құқық”, “Биотехнология”, “Экономика”, “Математика”, “Білім беру саласындағы басқару” секілді мамандықтарды жан-жақты меңгеруге ниет білдірген көрінеді…

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының корытындысы бойынша 256 үміткерге “Болашақ” халықаралық стипендиясын тағайындау жөнінде шешім қабылданды”. Авторы: Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Шешім әділ болса, сенім артады”. “Халқымызда “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген қағида бар. Бұл билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ

жарған әділ болуы керек дегенді білдіреді. Егер осы аталы сөзді басшылыққа алып жұмыс жүргізетін болсақ, онда кез келген мемлекеттің сот жүйесі атына қаяу түспес еді.

Мемлекетімізде ұлттық сот жүйесі тек әділдікке негізделіп, заңға ғана бағынатын заман талаптарына сай қалыптастырылған….”. Авторы: Р.БИІКОВА, ?азақстан Республикасы Әскери сотының маманы.

ALASHAINASY.KZ. “Дайындық шала болып шықты”. “…Сонымен, Ақ Азиада эстафетасына шамамен кімдердің қатысатыны, эстафетаның маршруты анықталады. Ендігі қалғаны ұйымдастырушылардың бұл шараға қаншалықты дайын екендіктерін көру еді. Шыны керек, дайындық көңілімізден шықпады. Алғашында “қаланың бекітілген маршрутымен толық жүріп өтеді” деген алаугерлер тек бастапқыда – 100 метр, соңында 100 метр жүріп өтіп, дайындықтың ырымын ғана жасады. Ұйымдастырушылардың “біз дайындық кезінде эстафетаның қанша уақытқа жалғасатынын анықтайтын боламыз” деген ойлары да жүзеге аспай қалды. Құр әуреге түсіп, жиналған жұрт тоңып қайтты. Рас, бұған бір жағынан табиғаттың ерке мінезі де кесірін тигізген шығар. Себебі кеше Алматыда жапалақтап қар жауып, ұйымдастырушылардың жұмысына кедергі келтірумен болды. Алайда Ақ Азиада алауының эстафетасы кезінде күн ашық болып тұратынына ешкім кепіл бола алмайды ғой. Ал бетін аулақ қылсын, бірақ боран бола қалса қайтеміз?! Азиада алауын кейінге шегереміз бе?! Міне, жалпы Ақ Азиада ойындарына дайындық қалай болса, Азиада алауы эстафетасына да дайындық солай жүріп жатқан сияқты. Өкінішке қарай, ұйымдастырушылардың көңілден шығатын жұмыстарын әлі көре алар емеспіз”. Автор: Әзиз ЖҰМӘДІЛ.

ABAI.KZ. “Берік Әбдіғалиев. Смағұл сүйегінің күлі… Астанада жерленуі керек”. “…Бұның негізігі себебі Қазақ еркіндігін армандап, көре алмай кеткен асылдарымыздың есімдері мемлекеттік деңгейде дәріптелмей жатқаннан да болар деп ойлаймын. Біз Алаш арыстарының толқы құрамын әлі түгелдей алмай келеміз. Жуырда алаш қайраткері Смағұл САДУАҚАСОВты зерттеуші белгілі ғалым Диқан ҚАМЗАБЕКҰЛЫнан Мәскеу қаласындағы “Донской” зиратындағы шіркеуде Садуақасов сүйегінің күлі жатқанын естіп, арнайы іздеп бардым (суреттерді қараңыз — ред). Марқұмды Қазақстанға қайта жерлеу үшін, зират басшылығына өтініш білдірдім. Қарсылығымыз жоқ деді олар, бірақ қисапсыз көп құжаттардың керек екенін айтты. Мәскеуде көп таныстары бар, қоғам қайраткері Сабыр ҚАСЫМОВты көмекке шақырып едім, ол кісі менің өтінішімді бірден ескеріп, қазір рұқсат қағазын алып жатыр. Енді ел болып, жастай арманда кеткен арысымыз Смағұлды Тәуелсіз Қазақстанға, Астанамызға әкеліп жерлеу қажет”.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...