«Президент сайлау болсын, референдум болсын, бәрібір жеңіп шығады». «Билік айтыскерлерді бір одаққа біріктіріп, айтыс ережесін жасап бермекші». «Қазақстандық блоггерлердің ықпалы қаншалықты?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 27 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Билік айтыскерлерді бір одаққа біріктіріп, айтыс ережесін жасап бермекші”. “…Ақын Жүрсін ЕРМАН Азаттық радиосына берген сұқбатында осы уақытқа шейін биліктен теперіш көріп келген айтыс өнеріне биліктің беті бұрылғанын айтып отыр. Оған дәлел ретінде Тәуелсіздік күніне орай Астанада ұйымдастырылған айтысты алға тартқан Жүрсін Ерманның сөзінше, ұлттық өнердің өрісін одан әрі кеңейту мақсатында Қазақстанда енді айтыскерлер одағы құрылмақшы.

– Біз кешегі айтыстан кейін қорытынды жасадық. Республика деңгейінде президент әкімшілігінің келісімін ала отырып, мәдениет министрлігінің келісімін ала отырып, Қазақстан айтыскерлер одағын құрып жатырмыз. Оның қазір құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл мемлекет тарапынан қаржыландыратын қоғамдық мекеме болатын сияқты. Ең басты міндеті – жергілікті жерлерде ақындар мектептеріне қамқорлық жасау, – деді Жүрсін Ерман….”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Мұстафа Шоқайдың туғанына 120 жыл толды”. “…Биылғы жылдың қазан айында Париж маңындағы қалада Мұстафа ШОҚАЙдың ескерткіші мен оған арналған аллея ашылды. Мұстафа Шоқай осынау жалған дүниедегі 51 жылдық ғұмырының 20 жылын Францияда өткізгені белгілі…”. Авторы: Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

Зейнеткер Конституцияның президент туралы баптарын “жерледі”. “…Сот жүйесіне наразы жалғыз мен емеспін. Мен сияқтылар Қазақстанда миллиондап саналады” дейді Мейірман ЖАЗЫЛБЕКОВ. Конституция баптарын жерлеу шарасына тәуелсіз құқыққорғаушылар мен оппозициялық партиялардың өкілдері қатысты. .. Зейнеткер Мейірман Жазылбеков Қазақстан Конституциясы 14-бабының 1-тармағын, 40 және 41-баптардың 2-тармақтарын, 73, 77 және 83-баптардың 1-тармақтарын, сонымен қатар Сот жүйесі туралы конституциялық заңның 28-бабының 1 және 3-тармақтарын өлдіге санап, өз ауласында жер қойнына тапсырып, басына құлпытас орнатты. Жерленген баптар реті мынандай…”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

AIKYN.KZ. “Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ: Президент сайлау болсын, референдум болсын, бәрібір жеңіп шығады”. “….Ал Президенттің өзі өкілеттігін ұзартуға қатысты бастамалар жөнінде не ойлайды? Сіз онымен сөйлестіңіз бе?

— Мен сізге шынымды айтайтын, Астана саммитінен кейін 3 желтоқсанда мен Президентпен әңгімелестім. Президент өзінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі ретінде менің пікірімді сұрады. Мен 20 жылдай оның қасындамын ғой. Президент: «Сен менің позициямды білесің. Барлығы Конституцияға сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мен сайлауға түсуім керек. Бірақ жүздеген мың жеделхаттар келіп, әкімдер, ұжымдар жергілікті жердегі көңіл күйді жеткізіп, референдумның өтуін талап етуде. Сенің ойың қандай?» — деді. Мен сайлаудың нәтижелілігі тұрғысынан алғанда ешқандай айырмашылықтың жоқтығын айттым: «Сайлау немесе референдум өтсе де, 90 пайыз аласыз. Бірақ ежелгі римдіктер айтқандай, «халық нан мен қызықты қалайды». Нанмен қамтамасыз еттік. Ал қызықты сайлау береді. Сайлау кезінде әрдайым қызық қой! Сайлау — шахмат немесе футбол ойыны сияқты. Кім жеңіп шығады? Қандай нәтиже болады?» Осы тұрғыдан ойымды жеткіздім. Бірақ мен: «Ақтық шешімді Парламент қабылдасын», — дедім. Өйткені ең жоғарғы заң шығару орган ретінде Парламент барлық факторларды ескере отырып, шешім қабылдауы мүмкін. Ал маған бәрібір. Егер сайлау болса, біз сөзсіз жеңіске жетеміз. Сол үшін жұмысқа құлшына кірісемін. Егер референдум туралы шешім қабылданса, онда осы бағытта жұмыс істеп, елді сайлау учаскелеріне келіп, Назарбаевқа дауыс беруге шақырамын”. Сұхбаттасқан Айжан КӨШКЕНОВА.

Балалардың басын қатырмайық”. “Оқушыларды дүбәра қылмас үшін Қазақстандағы жалпы білім беру мектептерінде оқытылатын бағдарламадан Чарльз ДАРВИНнің ілімін немесе Дін тану пәнін алып тастау керек. Мәжіліс депутаты Бекболат ТІЛЕУХАН осындай талап қойып отыр...”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

EGEMEN.KZ. “Қазақстан Республикасының азаматтарына ҮНДЕУ”. “Қадірлі отандастар!

Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына аяқ бастық. Бұл уақыт тағдырлы шешімдердің, ерен еңбек пен тарихи табыстардың кезеңі ретінде халқымыздың санғасырлық тарихына енеді. Бұл жүздеген жылдарға татитын жылдар болды.

Қазақстан алып империяның сарқыншағынан өңірлік державаға дейінгі, посткеңестік кеңістіктегі экономикалық және саяси көшбасшыға дейінгі үлкен жолдан өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВтың табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында көптеген мемлекеттер үшін әлі күнге дейін өзекті болып отырған шекара мәселесі түпкілікті шешімін тапты. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет мемлекеттік шекарасын заң жүзінде бекітті, демек біздің келер ұрпағымыз көршілермен жер үшін ешқашан таласпайтын болады.

Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі бүгінде әлемдегі ең табысты үлгілердің бірі ретінде мойындалып отыр….

Біздің нағыз Көшбасшымыз бар – ол өз отандастарына және шетелдік серіктестерге таңдалған жолдың өзгермейтініне деген бұлжымас сенімді нығайтуда.

Біздің еліміздің мақсаты – әлемнің барынша дамыған мемлекеттерінің қатарына ену. Сондықтан біз бүкіл әлемге өз болашағымызға деген ортақ жауапкершілігімізді және береке-бірлік пен өркендеуге деген өз ұмтылысымызды таныта отырып, Көшбасшымыздың айналасына бірігуіміз қажет.

Жоғарыда айтылғандарды терең сезіне отырып, Қазақстанның барлық азаматтарын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі ұсынысты қолдауға шақырамыз.

Бұл шешім біздің болашаққа деген сенімімізді нығайтып, халқымызды біріктіре түспек, Отанымыз – Қазақстан Республикасын жаңа белестерге бастауда бізге күш-қуат бермек.

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашыл тобын құруға арналған Қазақстан Республикасы азаматтары жиналысына қатысушылар.

Өскемен қаласы, 2010 жылғы 23 желтоқсан”.

Біз қуатты Қазақстан үшін Елбасымен біргеміз!”. “…Нұротандықтар шығысқазақстандықтардың еліміздің тұңғыш Президенті өкілдігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастамасын назардан тыс қалдырмады. Сондықтан болар, жиын барысында осы мәселе ерекше талқыға түсті. Партиялықтар референдум өткізу мәселесін толық қолдайтындықтарын білдірді.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН тек Қазақстан Көшбасшысы тұлғасы еліміздің болашақ дамуындағы негізгі фактор екеніне сенімді. “Береке мен бірлік, бейбіт өмір мен ұрпақтың жарқын болашағы – ол бүгін Қазақстанымыздың ең үлкен жетістігі. Ал осының барлығы Президентіміздің туған еліне жасап жатқан ерен еңбегінің жемісі. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетімізді алдағы уақытта да басқаруы туралы шешім қабылданса, меніңше, ол – тікелей халықтың тілегі екені сөзсіз”, – деп атап өтті партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Дәл осындай қолдау “Нұр Отанның” барлық бастауыш партия ұйымдарында айтылды.

Есептік-сайлау шарасы 25 қаңтарға дейін жалғасады”.

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіндегі нәтиже қандай?!”. “Денсаулық сақтау министрлігінде 2010 жылы Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесін енгізудің қорытындылары және 2011 жылға арналған жаңа міндеттер жөнінде республикалық кеңес болып өтті. Аталған кеңеске Премьер-Министрдің орынбасары Ербол ОРЫНБАЕВ, Денсаулық сақтау министрі Салидат ҚАЙЫРБЕКОВА, республиканың денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары қатысты…”. Авторы: Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақстандық блоггерлердің ықпалы қаншалықты?”. “Қоғамда “блог” ұғымы кең таралып келеді. Батыста басталған бұл дәстүр қазіргі таңда инфрақұрылымдық жүйесі жедел дамып келе жатқан мемлекеттердің көпшілігіне қолжетімді дүниеге айналды. Оның ішінде қазақстандықтар да бар. Жуырда өткен кезекті бір жиын барысында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Антон МОРОЗОВ “қоғамдық пікір қалыптастыруда журналистерден гөрі блоггерлер қауіпті” деген пікір айтты. Бұл көзқарасқа айтар уәжіміз бар.

Біздіңше, белгілі бір ақпараттан қоғамдағы азаматтардың көпшілігі құлақтанып, сол оқиғаны талқыға салып, көпшілік арасына тараған кезде ғана қоғамдық пікір қалыптасады. Ал біздің қоғамда пікір қалыптастыратындай блогосфера әлі дамыған жоқ. Шыны керек, ортамызда қоғамдық пікір қалыптастыруда үрей туғызбақ түгіл, блог жайында қарапайым түсінік бере алмайтындар көп. Бұл жерде қазақтілді блоггерлердің саусақпен санарлық екенін айта кеткен жөн. Себебі қазақтардың көпшілігі интернеттің иісі мұрны тұрмақ, төңірегіне де бара бермейтін ауыл-аймақтарда күнелтіп жатыр. Ал елімізде мемлекет құраушы ұлттың басым екенін және күн санап көбейіп келе жатқанын ескерсек, орыстілді блоггерлер қоғамды жарып жіберетіндей пікір қалыптастырып, ой туғызады дегенге сену қиын….

Саяси сарапшылар “Қазақстандағы блоггерлер журналистерді ақпарат кеңістігінен ығыстырады” деген пікір айтады. Бірақ қазіргі отандық блоггерлердің дені – журналистер. Жуырда оn.kz атты қазақ тіліндегі тұңғыш әлеуметтік желі іске қосылған-ды”. Автор: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.

ABAI.KZ. “Ақылы тас жол тығырыққа тіремей ме?”. “2011 жылы Астана-Бурабай тас жолы ақылы болмақ. Бұл туралы көлік және коммуникация министрі Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ мәлімдеді. Министрдің айтуынша, тас жолмен жүру ақысы жеңіл көліктер үшін шақырымына 1-2 теңге, коммерциялық оның ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктер үшін шақырымына 5-ден, 15 теңгеге дейін болады екен.

Яғни, автобанның ұзындығы 236 километр болса, оны жеңіл көлікпен өткен адам 472 теңге төлесе, ауыр көлік иелері 3,5 мың теңге төлейтін болады. Абырой болғанда, тас жолдың бойында орналасқан ауыл тұрғындарынан ешқандай ақы алынбайды депті министр. Алайда, бұның іс жүзінде қалай іске асырылатыны белгілі ғой…

Сөйтіп, ақылы жолдар деген түсінік бізге де жетті. Алайда, дәл қазір Қазақстанға тас жолды ақылы ету қаншалықты қажет? Жалғыз ғана жолды ақылы қылғанымыз қалай?…”.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...