«Енді 200 мың адамның қолын жинау қалды». «Азат» ЖСДП өкiлдерi 2011 жылдың 29 қаңтарында «Жаңа Қазақстан» Республикалық Демократиялық форумын өткiзуге шақырды»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 28 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Билік Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы ұсынысты елдің өзіне айтқызбақ”. “…Қазақстан Республикасының “Республикалық референдум туралы” заңына сәйкес, жалпыхалықтық референдум өткізу үшін оған Қазақстанның әр облысынан жинақталған кемінде 200 мың адамның келісімі керек. Сонда әр облысқа 12,5 мың адамнен келеді….

Дүйсенбі күні “Азат” жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері бұл ұсыныс президент әкімшілігінің тікелей өзінен түсуі мүмкін деп болжады. Партияның тең төрағасы Жармахан ТҰЯҚБАЙ “мәңгілік президент” идеясының 2000 жылдан бастап жетіліп келе жатқанын, оған таң қалуға болмайтынын айтты.

– Бүгінгі күні біз Назарбаевтың ел басында отыра беретіндігіне ешқандай күмәніміз жоқ. Бүгін-ертең оны орнынан алып тастауға тек қарулы көтеріліспен ғана баруға болады. Біз оған қарсымыз. Сондықтан біздің айтатынымыз – референдум өткізбей-ақ, сайлау өткізбей-ақ, парламентте дауыс беріп-ақ жасай салыңдар “30-жылға дейін президент отыра береді”, — дегенді айтты Тұяқбай мырза.

– Қазақта сөз бар “Жапалақты таспен ұрсаң да – жапалақ өледі, таспен жапалақты ұрсаң да – жапалақ өледі” деген. Бүгінгі күні біздің елдегі ахуал сондай. Бізде президент Назарбаев бар. Оны бүгінгі күні орнынан кетіретін, не өзінің кететін ойы жоқ. Ондай күш те жоқ, — дейді Жармахан Тұяқбай….

Партияның тең төрағасы Болат ӘБІЛОВ мұндай бастаманың еш елде кездеспейтінін “қазақстандық ноу-хау” екенін айтты…”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Енді 200 мың адамның қолын жинау қалды”. “Қазақстан Президентінің өкілеттігін он жылға референдум арқылы ұзарту туралы мәселе көтеріп отырған бастамашыл топ қол жинауға кірісті. Себебі Орталық сайлау комиссиясы кеше осы топты ресми түрде тіркеді. Бастамашылар 10 қаңтарға дейін 200 мыңдай қолдаушы табылатындығына сенімді… Бастамашыл топты тіркеу үшін қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына 2010 жылғы 23 желтоқсанда ұсынылған болатын..

Референдум жасау заңға сәйкес келеді. Бұл — халықтың тілегі. Заң бойынша 3 адамнан кем емес бастамашылар тобы құрылып, олар Орталық сайлау комиссиясына құжаттар тапсырады. Егер Орталық Сайлау комиссиясының осы бастамаға қатысты түпкілікті шешімі қабылданғаннан кейін оны Президенттің алдына қояды. Президент референдум уақытын белгілейді”. Авторы: Нұржан ЖЕҢІС.

EGEMEN.KZ. “Елбасымен біргеміз!”. “Қазақстандықтар Н.НАЗАРБАЕВтың президенттік уәкілеттігін ұзартуды қолдайды

Қазақстан халқы Ассамблеясының ел азаматтарына үндеуі

Қымбатты отандастар!

Қадірлі азаматтар!

Үстіміздегі жылы 23 желтоқсанда Өскемен қаласында Тұңғыш Президент – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың республикалық жиналысы болып өтті. Республикалық жиналысқа қатысқан 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларынан келген 850 делегат  бастаманы бірауыздан қолдады.

Олардың қатарында танымал қазақстандық ақын Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, генерал-лейтенант, “Халық Қаһарманы” Бақытжан ЕРТАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени орталықтардың басшылары, танымал қоғам қайраткерлері бар…”. Авторы: Қазақстан халқы Ассамблеясы.

2010 жылғы 25 желтоқсан, Алматы қаласы.

ZHASALASH.KZ. “Тағы он жылдық тоқырау”. “Кеше Алматыда ЖСДП “Азат” партиясы баспасөз мәслихатын өткiздi. Президент өкiлеттiгiн 2020 жылға дейiн ұзарту, кезектi президенттiк сайлауды өткiзбей, референдум арқылы мәселенi шешу туралы көтерiлген бастамаға партия өкiлдерi өз пiкiрiн бiлдiрдi… Елдегi саяси мәселелермен қатар тәуелсiздiк алған жылдары Қазақстанда миллиардттаған қаржыны желге шашқан 100 шақты жобаның қабылданғанын, бiрақ ешқандай мардымды нәтижелердiң бола қоймағанын сөз еткен партияның тең төрағасы Жармахан ТҰЯҚБАЙ алдағы уақытта халықтың әлеуметтiк проблемаларын шешудiң бiрқатар жолдарын атап өттi. “2000 жылдың басында-ақ НАЗАРБАЕВтың президенттiк өкiлеттiгiн ұзарту туралы ұсыныстардың болғаны белгiлi. Бүгiнгi көтерiлiп отырған референдум осы бастамалардың пiсiп жетiлген түрi деуге болады. Референдум немесе сайлау арқылы өкiлеттiгi ұзартылатын президенттiкке байланып тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы, осы кезге дейiн шешiмi табылмаған әлеуметтiк, экономикалық, саяси проблемалардың демократиялы жүйеленiп, реттелуi. Референдум өткiзiп, қаржыны желге шашқанша, халықтың әлеуметтiк проблемаларына көңiл бөлiп, мәселенiң тиiмдi тұстарын қарастыру жағы бiздердi көбiрек алаңдатады”,– дедi Ж.Тұяқбай.Тең төрағаны қолдаған Болат ӘБIЛЕВтiң де пiкiрi қоғамдағы қордаланған проблемалар түйiнiн тарқату төңiрегiнде болды. “Өркениеттi елдердiң алдында әдiлетсiз, қисық-қыңыр болса да, президенттiк сайлау өткiзу әлдеқайда дұрысырақ болар едi. Күнi кеше бiрнеше мемлекет басшысының басын қосып, саммит өткiзген Қазақстанның имиджiне бүгiнгi бұл бастама көлеңкесiн түсiрерi даусыз. Бiздiң партия әдiл, бұрмалаусыз президенттiк сайлау өткiзудi жөн санайды, референдум жинап, президенттiң өкiлеттiгiн ұзартуға қарсымыз”, – дедi….

Сонымен қатар “Азат” ЖСДП өкiлдерi 2011 жылдың 29 қаңтарында “Жаңа Қазақстан” Республикалық Демократиялық форумын өткiзуге шақырды. Қоғамға, заман талабына сай, демократиялық бәсекелестiкке лайық, әлеуметтiк жауапты мемлекеттi орнату туралы бағдарламаны ұсынуды мақсат еткен форум арқылы ұйқыдағы халықты ояту ниеттерi барын жасырмады. Авторитарлы басқару жүйесiндегi бәсекелестiкке әлсiздiк, заманауи талаптарға лайықсыздық – президент өкiлеттiгiн тағы он жылға ұзартуға мәжбүрлеп отырғанын мәлiмдеген партия өкiлдерi мәселенiң референдуммен шешiлмейтiнiн алға тартты. Тарих елiмiздiң халқына Қазақстан 2020 құрудың мүмкiндiгiн берiп отырғаны туралы мәлiмдеудi өздерiнiң азаматтық парызы санаған “Азат” ЖСДП осынау бағытқа алғашқы қадам жасаудың уақыты жеткенiн атап көрсеттi.

“Ел аман, жұрт тынышта қисынға келмейтiн ұсыныс қабылданды”. Авторы: Меруерт ХУСАИНОВА.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...