«Темірді қызған кезінде соғу керек». «Ғарышкерлерге арнайы зейнетақы тағайындаған дұрыс па?». «Өткен жылға өкпе жоқ»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 29 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Жасарал Қуанышәлин: “Назарбаевсыз сайлау өткізу керек”. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВты президент қызметінде қалдыруды қолдайтын “Әділет” партиясы оған ешқандай шектеу жоқ екенін айтса, оппозиция қайраткерлері Назарбаевсыз сайлау өткізуді ұсынады…”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Ғарышкерлерге арнайы зейнетақы тағайындаған дұрыс па?”. “Мәжілісте соңғы уақыттарда қызу талқыға түскен заң жобаларының бірі — кеше таныстырылымы өткен “Ғарыш қызметі туралы” заң жобасы болды.

Дау тудырған — заң жобасының 33-бабы. Мұнда ғарышкерлерге арнайы зейнетақы тағайындау көзделген. Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек МОЛДАБЕКОВтің айтуынша, Ресейде ғарышкерлер 5 мың доллар көлемінде зейнетақы алады. Ал Қазақстанда мұндай жеңілдік көрсетілмеген. “Сондықтан ғарыш саласында 10 жыл қызмет еткен жан зейнетақы мен әлеуметтік жеңілдіктерге ие болуы керек. Сондай-ақ ғарышкерлер мен ғарышкерлікке кандидаттардың қызметтік мәртебесі айшықталып көрсетілуі тиіс. Оларға жасалуы қажетті әлеуметтік жеңілдіктердің қатары өте көп еді, алайда қаржы полициясы мен Үкіметтің сүзгісінен өткеннен кейін жобада біз ең төменгі деген жеңілдіктерді ғана қарастырып отырмыз”, — деді ол…. Ал Экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан АЙЫМБЕТОВ болса, ғарышкерлерге берілген қызметтік пәтерді 15 жылдан соң жекешелендіріп алу құқығын сынады. “Бұл мәселе әлі шикі. Оны қайта қарау қажет. Мәселен, Т.ӘУБӘКІРОВке пәтер 90-жылдары-ақ беріліп қойылған. Ол оны әлдеқашан-ақ жекеменшігіне өткізіп алған болу керек”, — деді комитет төрағасы”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

Темірді қызған кезінде соғу керек”. “Еліміздің тұңғыш Президенті — Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВтың өкілеттігін 2020 жылғы желтоқсанға дейін ұзартуды ұйғарған Өскемендегі бастамашыл топтың үндеуіне алматылықтар да үн қосып, Елбасының қазіргі қызметін жалғастыра беруін және қолға алынып жатқан қыруар шаруаны соңына дейін жеткізу үшін де Мемлекет басшысының құзіреті қажеттігін қызу қолдауда.

Осындай бір жиынды кеше интернационалист жауынгерлер ұйымдастырды. Ауған соғысының аласапыран жылдарын бастан өткерген соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің басын қосқан қоғамдық бірлестіктің мүшелері қазір қол жинауға кірісіп те кетіпті.

— Бүгінгі таңда Президенттің рейтингісі өте жоғары және ол кісі сенімге әбден лайықты, — дейді Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат ӘБДІЖАППАРОВ. — Дүниені дүрліктірген дағдарыстан қалай шыққанымыз, әлем назарын аударған ЕҚЫҰ саммиті өткізілуі Мемлекет басшысының ерен еңбегін көрсетеді. Бұл жерде “темірді қызған кезінде соқ” деген принципті қолданғанымыз да жөн шығар. Сондықтан да халықтың Президентке деген сенімінің өте жоғары екенін айтпасақ та түсінікті. Әрине, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Интернационалист жауынгерлердің сөзіне қарағанда, мұндай бастама Қазақстан беделінің көтерілуімен тікелей байланысты және ол пісіп жетілді. Халыққа ең бастысы — тұрақтылық қажет….”. Авторлары: Юлия ЯМПОЛЬСКАЯ, Жолдасбек ӘШІМХАНҰЛЫ.

EGEMEN.KZ. “Референдумның бастамашы тобын және оның республикалық референдумға ұсынып отырған мәселесін тіркеу туралы хабар”. “…Референдумның бастамашы тобына референдумның бастамашы тобын және оның республикалық референдумға ұсынып отырған мәселесін тіркеу туралы куәлік, сондай-ақ республикалық референдум тағайындау туралы бастамашылықпен тілек білдіруші, республикалық референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының қолдарын жинауға арналған қол қою парақтары берілді”. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы.

ALASHAINASY.KZ. “Жаңа жылда қоян етін жемеңіз”. “Барыс жылы табысты жылға айналып, тарих қойнауына аттанатын күн де алыс емес. Есіктен енгелі тұрған Қоян жылынан күтеріміз мол. Шығыс күнтізбешілерінің айтуына құлақ түрсек, Қоян жылы қай істің де оңынан тууына сеп болып, жолы болғыштарға оң қабақ танытатын жыл екен. Сондықтан бұл жылда бәрін де жақсы ырымға жорысақ, серігіміз сәттілік, жолдасымыз жақсылық болары сөзсіз. Сонымен, қоян жылы қандай ырым-тыйымға сенім артқанымыз жөн? Неден бас тартып, нені бағдаршам етіп алғанымыз дұрыс?

Қоян – сұлулық пен ұзақ ғұмырдың белгісі. Шығыс күнтізбесі бойынша биыл “темір” қоян жылы болады екен. Сондықтан да сәттілік сәт сайын есік қағып тұрсын десеңіз, ең алдымен темірден жасалған қоян белгісін сатып алғаныңыз дұрыс. Оны көрнекті жерге, мәселен, үйіңіздің төріне іліп қойсаңыз жарасады. Жыл иесі, үйіңізден өз бейнесін көріп “қуанып” қалатын көрінеді. Қалқан құлақтың сүйікті асы – сәбізді шырша түбіне тастай салуды да ұмытпаңыз….”. Автор: Гүлжан КӨШЕРОВА.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Өткен жылға өкпе жоқ”. “Міне, қазақ спортшылары тағы бір жылды артқа тастады. Талай дүбірлі додалардың хаттамасы тарихи құжатқа айналып, мұрағаттан орын алды. Барыс қазақстандықтар үшін жеңісі мол, жеңілісі де жоқ емес, қуанышы көп, әттеген-айы да аз емес жыл болды…. Барыс жылы хоккей “Барысы” үшін де жаман болған жоқ. “Құрлықтық хоккей лигасындағы” бәсекені үздіктер қатарында аяқтады. Әттең, ақтық ойындарда біздің жас “Барыстың” әлі бұғанасы бекіп, буыны қата қоймағандығы байқалып тұрды. Өткен жылдың бір өкініші – хоккей ұлттық құрамасының әлемдік үздіктер тобынан шығып қалуы. Алайда, алдағы Әлем чемпионатында Андрей Хомутов шәкірттері шеберлік танытып, мықтылар қатарына қосыларына сенім мол.

2010 жыл үлкен теннисшілер үшін табысты болды. Спорттың бұл түрі елімізде енді-енді өркен жайып келеді. Соған қарамастан, Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Зарина Диас, Ярослова Шведова, Юрий Щукин сынды спортшыларымыз халықаралық жарыстарда тәп-тәуір өнер көрсетіп, әлем мамандарының назарына ілікті. М.Кукушкин халықаралық турнирде бәйге алып, бір мақтандық. Ерлер құрамасы “Дэвис кубогы” бәсекелерінің келесі кезеңіне өтті. Астанада республикалық теннис мектеп-интернаты ашылып, балғын спортшылар тәрбиеленуде. Бұл болашақта өзіміздің Борис Беккер, Роджер Федерер, Марина Шарапова, Марат Сафиндарымыз болады деген сөз. Соңғы кезде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі – ауыр атлетика. Барыс біздің зілтемір көтерушілеріміз үшін ерекше жыл болды. Әлем біріншілігінде Светлана Подобедова мен Майя Манеза төрт әлем рекордын жаңартып, алтыннан алқа тағынды. XVI жазғы Азия ойындарында да осы қыздарымыз және Зулфия Чичанло, Илья Ильин, Александр Седов, Татьяна Хромовалардың мерейі үстем болды. Ауыратлетші тарландардың ізін қуып келе жатқан жастар да баршылық. Олар А.Өтешов, С.Истомин, Р.Сыбай, И.Башанов. Міне, осындай жастарды тәрбиелеуде бас бапкер Владимир Ни және Э.Түркелердің еңбегі ерекше.

Жыл басында боксшыларымыз әлем біріншілігінде сәтсіз өнер көрсетіп, мамандар тарапынан сынға іліккен болатын. Дегенмен, жыл соңына таман қателіктерін түзеп, жоғары деңгейге көтерілді. Оған XVI жазғы Азиададағы жеңістері және “Елбасы кубогы” үшін болған бәсекелердегі ерліктері куә. “Астана арландары” халықаралық жарыста алда келе жатыр. Кәсіпқой боксшыларымыз үшін де Барыс бақытты жыл болды. Демьяненко мен Г.Головкин чемпиондық атақтарын қорғап қалды. Дзюдошыларымыз Алматыда өткен Әлем кубогында екі алтын, бір күміс, төрт қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды.

Самбодан әлем біріншілігінде Самат Құрманов күміс жүлдегер атанды. Әйелдер күресінен Азия біріншілігінде Гөзель Манюрова алтын, Жұлдыз Ешімова күміс, Ольга Жәнібекова қола медаль ұтып, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Кикбоксингтен Әлем кубогында қазақ спортшылары екінші орын алды. Өткен жылы бапкерлік қызметке ауысқан Әлия Юсупованың орнын Анна Алябьева басты. Аня қызымыз Әлем кубогында күміс медаль тағынды.

Канаданың Ванхувер қаласында өткен Қысқы олимпиадада жалғыз да болса жүлде алдық. Күміс жүлденің иесі биотлоншы Елена Хрусталева. Допты хоккей құрамасы Әлем чемпионатында 4-орын алды. Ақсүйектер ойыны аттанған бильярдтан Әлем кубогын Ернар Чимбаев жеңіп алды. Сорттың осы түрінен қазақ атын әлемге паш етіп жүрген Әлихан Қаранеев, Қаныбек Сағынбаев, Әуез Елубаевтарды ерекше атап өткен жөн болар. Гуанжоуда өткен XVI жазғы Азиадада 79 медаль ұтып алған ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 5-орынға ие болды. Жалпы, қазақ спортшылары үшін Барыс берекелі, мерекелі, жеңісті де жемісті жыл болды. Келесі жылдың байрақты бәсекесі – Астана мен Алматыда өтетін VII қысқы Азиада болмақ. Осы жарыста мерейіміз үстем болсын, ағайын!”. Авторы: Орынбек ӨТЕСІНОВ, “Заң газеті”.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...