«Ата заңға өзгерістер енетін болды». «2010: табыс пен намыс өрнегі»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 30 желтоқсан 2010 ж.

Құрметті оқырмандар! Баршаңызды Жаңа жылыңызбен құттықтай отырып, амандық-саулық, бақыт, құт-береке, шығармашылық шабыт тілейміз!

“Zonakz.net” ғаламтор-газетінің редакциясы.

AZATTYQ.ORG. “Орталық Азия билеушілері Қырғызстандағы революциядан сабақ алар емес”. “Орталық Азиядағы бұрынғы советтік бес елдің барлығында да мемлекеттің саяси-экономикалық өрлеуіне тұсау салатын тамыр-таныстық пен жемқорлық өршіп тұр. Билеушілер халық шыдамының шегі бар екенін естен шығарды…”. Авторы: Чолпон ОРОЗОБЕКОВА.

Референдумды мақұлдаса, Конституцияны бұзған Назарбаевтың өзі болады”. “…“Президент сайлауын өткізбей қоя ма, немесе өкілетін арттыра ма” деген дау Назарбаевқа “елбасы” деген арнайы дәреже беретін заң шыққаннан бері үдей түскен еді. Конституция бойынша сайлау өткізбей, референдум арқылы президент өкілетін ұзартпақ болған топтың бұл асығыс әрекетінің себебі не? Бұл идеяны президенттің өзі мақұлдай ма? Азаттық радиосының дөңгелек үстелі осы тақырыпқа арналды…

Дөңгелек үстелге Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ та қатысуға ынта білдірді. Ол биыл қыркүйекте “Қазақстан билігі 2012 жылы президент сайлауын болдырмай, орнына референдум өткізе салады” деген болжамды жоққа шығарып, “елбасы 2012 жылғы сайлауда өз кандидатурасын ұсынады” деген еді. Бірақ сұхбат басталар кезде қолы тимейтінін айтқан Е.Ертісбаев дөңгелек үстелге қатыспай қойды.Сенаторлар Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА мен Ғани ҚАСЫМОВ дөңгелек үстелге қатысудан бас тартты…

Уәлихан Қайсаров: – Жаңа Мақсұт Сұлтанұлының өзі айтты ғой біздегі демократияның қандай екенін: бәрі бір партиялы. Бұрынғы Кеңес одағынан тараған елдердің ішінде, тіпті, Ресей конституциясында “парламентте аз дегенде төрт партия болуы керек” деп жазылған…”. Авторы: Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “Ата заңға өзгерістер енетін болды”. “…Сонымен, кеше, Төменгі палатаның жалпы отырысында қос шатырлы Парламент депутаттары “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің республикалық референдум тағайындауы туралы” мәселені қарап, Үндеу жолдады. “Парламент Қазақстан Конституциясының 24-бабы, 2-тармағы, 3-тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстанды құру мен нығайту ісіне баға жетпес үлес қосқан, Отанымызды прогресс пен гүлдену жолына бастап келе жатқан, тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы әрі оны құрушы ретінде Сізге — Тұңғыш Президент — Елбасына республикалық референдум тағайындау бастамасымен Үндеу жолдайды, — деп қайырылады депутаттар өз Үндеулерінде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВқа, — және оған “Сіз республикалық референдумда Тұңғыш Президент — Елбасы Н.Назарбаевтың Президенттік өкілеттілігін ұзарту мерзімін көздейтін Қазақстан Конституциясына өзгеріс енгізу туралы заңды қабылдайсыз ба?” деген мәселені шығаруды өтінеді. Парламент депутаттары, Қазақстан халқы секілді, еліміздің жарқын болашағын тек Сізбен және Сіздің есіміміңізбен байланыстырады”. Айтқандай, шығыстан шыққан ұранға қалаулылар уақытында үн қатыпты: 27 желтоқсан күні-ақ ел Парламентінде қос палата төрағаларының қатысуымен Ұлт көшбасшысының өкілеттігін республикалық референдум арқылы ұзарту жөніндегі қоғам өкілдерінің ұсынысын қолдауға бағытталған депутаттық бастамашыл топ құрылыпты. Ол — ол ма, заң шығарушы биліктегілер Конституцияға референдумды өткізуді қарастыратын өзгерістер енгізу туралы заңның жобасын да “көз ілеспес” жылдамдықпен, өте қысқа уақыт ішінде әзірлеп шыққандығы анықталды. Депутаттар ұсынған түзету қолданыстағы Конституцияға “Елбасы” деген ұғымды қосуға бағытталған. Бұған дейін бұл сөз Н.Назарбаев қол қоймай қойған, бірақ Үкіметбасы мен қос палата төрағаларының қолымен өмірге жолдама алған әйгілі қос заңның арқасында ұлттық заңнамаға кіргізілгендігін көзіқарақты оқырман ұмытпаған болар. Енді, міне, сол бастамашылар сәтті пайдаланып, Конституция шыңын шабуылдағалы жатыр. Ата заңымызға қатысты осы өз өзгерістерін қалаулылар жалпыұлттық референдумға Н.Назарбаевтың өкілеттілігін он жылға созудан кейінгі екінші мәселе ретінде шығаруды ұсынып отыр. “Заңгер ретінде Конституция мен заңдар арасындағы қайшылықтарды жою керектігін қолдаймын, — дейді депутат Ирак ЕЛЕКЕЕВ….”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “Бастама сенатта қолдау тапты”. “Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ палатаның пленарлық отырысында сөз сөйлеп ашып, онда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың өкілеттігін ұзарту мәселесінің қоғамда қызу талқыланып, кең қолдау тауып жатқанына ерекше тоқталды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ойын былай тұжырымдады: “Оған Елбасының халық игілігі үшін сіңірген қажырлы еңбегі, Отан мүддесіне риясыз қызметі негіз болуда деп ойлаймын. Біз сәулеті дәулетіне сай, іргесі берік, әлемде мерейі үстем болған мемлекетіміздің дамуындағы биік белестер мен жетістіктерді Елбасының есімімен тікелей байланыстырамыз”. Төраға осы ретте сара жолдағы көшіміз ілгері жылжуының бірден-бір кепілі – Елбасының сарабдал саясатының жалғасын табуында екені сөзсіз дегенді айта келіп, Сенат депутаттары бұл бастаманы бірауыздан қолдап, оны жүзеге асыруға қажетті заңнамалық негізді қамтамасыз етеріне кәміл сенемін дегенді тілге тиек етті…”. Авторы: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

ANATILI.KZ. “2010: табыс пен намыс өрнегі”. “…Былтыр дәл осы уақытта қазақ қоғамында ерекше екпін пайда болды. Ұлтшыл-патриоттар бастаған топ “Ел бірлігі” доктринасын сын садағына іліп, құжаттағы кем-кетікті көзге шұқып көрсетіп жатты. Ел іші алатайдай бүлінбесе де, аласапыран пікір қайшылықтарына толып кеткені анық еді. Мұндай сәтте қолтыққа су бүркіп, маздаған шоқты отқа айналдырушылардың табылатыны да шындық. “Ел бірлігіне” қарсы кейіп танытып, халықты көшеге сүйремекшілер де табылды. Қашаннан сабырлы, кең пішіп, терең толғайтын халық емес пе едік? Әйтеуір, халық ондай қитұрқы бастамаға бой алдырған жоқ. Есесіне екі тарап келісім үстеліне қатар отырып, “Ел бірлігі” доктринасын қайта жасап шықты. Сөйтіп, жұрт ішінде түрлі пікірге арқау болған құжат қабылданды. Елбасының мөрі соғылды. Барыс жылы намыс сынға түсті. Қадым замандағы қағандардың, Алаштың азаттығы үшін ат үстінде тақымы тозған хандардың тұсында қазақ аты әлемге бұлай жайылмаған-тын. Биыл біз Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік…”. Авторы: Ержан БАЙТІЛЕС.

ZHASALASH.KZ. “Үкiмет қанша ураласа да...”. “Күнi кеше ғана үкiметтiң соңғы отырысы өтiп, премьер-министр Кәрiм МӘСIМОВ: “2010 жыл – елiмiз үшiн өзгерiстерге толы, табысты жыл болды”, – деп мәлiмдедi. Расында да, биылғы жылы үкiметтiң бiрқатар табысқа жеттiк деп кеуде көтеретiндей жайы бар. Бiрақ бұл жетiстiктердiң бiрсыпырасына үкiметтiң қызу еңбегiнiң арқасында емес, мұнай мен түстi металдар бағасының арқасында жеттiк. Былтырғы жылдан айырмасы, осы жылы 6-7 пайыздық экономикалық өсiмге қол жеткiземiз деген болжам бар. Алайда жалпы iшкi өнiм шикiзат бағасы есебiнен өскенi анық. 2010 жылдың өткен жылмен салыстырғанда, экономика мен қаржы саласы үшiн титтей болса да жылымық әкелген жыл болғаны да содан.

Олай болса, экономика мен қаржы секторы биыл қандай күй кештi? 2010 жылдың ең басты оқиғалары қандай? Бiздiңше, ең басты жетiстiк-кемшiлiктер мыналар…”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...