«Ереуілге шыққандардың еңсесін кім көтереді?». «Қаржы жоқ па, қарым жоқ па?». «Заң тінінде ел мүддесі жатуы тиіс»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 13 тамыз 2010 ж.

EGEMEN.KZ. “Әлеуметтік басты құндылығымыз”. “…Тәуелсіз Қазақстанның өткен қалыптасу жолы мен оның мемлекеттік-құқықтық дамуының қазіргі ахуалы 1995 жылғы Конституцияның қол жеткізілген саяси, құқықтық, әлеуметтік-экономикалық нәтижелері бойынша да, сондай-ақ мемлекет алдында жаһандану үдерістеріне байланысты тұрған міндеттерді ойдағыдай еңсеру жағынан да өзінің мазмұны бойынша оңтайлы базалық құқықтық акт болғанын көрсетті…

“Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасымыз құқық қорғау жүйесін реформалау болашағын нақтылай келе, әрбір мемлекеттік органның құзыретін нақты белгілеу арқылы құқық қорғау жүйесін оңтайландыру қажеттілігін ғана емес, сонымен қатар ішківедомстволық мүддеден азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ойысудың орындылығын қадап айтты.

Конституциямен және басқа да нормативтік құқықтық кесімдермен кепілдендірілген, мемлекет саясатының мазмұны мен нысаналы бағыт-бағдарында айрықша орын алып отырған азаматтар құқығының басымдылығы Қазақстан прокуратурасы органдарының әлеуметтік мәселелерге бағытталған құқық қорғау функцияларында өзінің толық көрінісін тапқаны айқын”. Авторы: Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры.

AIKYN.KZ. “Ереуілге шыққандардың еңсесін кім көтереді?”. “Осыдан бір күн бұрын Алматының қақ төріне орналасқан “Алмалы” метростансасы құрылысының 50-ге жуық жұмысшысы ереуілге шығып, жұмыс беруші кореялық азаматтардан қысқа мерзімде жалақыларын беруді талап етті. Мұқан Төлебаев атындағы көше бойына орналасқан “Алмалы” метростансасы жұмысшыларының не себепті жұмысты тоқтатып, ереуілге шыққанын білуге келгенімізде, олар каскалары мен қолғаптарын бір бұрышқа жинап қойып, Рамазан айының алғашқы күндерінің бірінде өздерінше Тәңірден тілек тілеп отыр екен. Ұйткені олардың тиесілі жалақыларын алмағанына табаны күректей үш ай болыпты…

Бет қатталып жатқанда: Кешқұрым оқиға орнына келген көлік прокуратурасының қызметкерлері “мәселенің ақ-қарасын анықтаймыз” деп, жұмысшылардың арызын жинап алып кетті. Ал біз “Алматы метроқұрылысы” АҚ-тың баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, олардан: — Біз өзіміздің мердігер — Оңтүстік Кореяның “Юранус Си-Эн-Ай” компаниясының есеп-шотына аванс ретінде 120 миллион теңге аударғанбыз. Дегенмен бұл компанияның бізге берешек қарызы 114 миллион теңгені құрап отыр. Демек, біз дәл осы “Юранус Си-Эн-Ай” компаниясына бір тиын да қарыз емеспіз, — деген жауап алдық. Қалай десек те, қарапайым жұртшылық бөркін аспанға атып “метроның 8,5 шақырымы таяуда беріледі” деп қуанғанымен, құрылысы 20 жылдан астам уақыт “жырға” айналған Алматы метросының құрылысын салу мынандай ереуілмен енді қанша жылға созылатыны бір Аллаға ғана аян”. Авторы: Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ.

Көлік апатынан 1363 адам қаза тапты”. “Жыл басынан бері республика жолдарында 5903 жол-көлік оқиғалары тіркеліп, 1363 адам қаза тапты және 6889 адам жарақат алды” деп хабарлады Ішкі істер министрлігінен полковник Олег ИВАШЕНКО.

Республика жолдарында тұрақты жүретін автокөліктердің саны жыл сайын өсіп келеді…”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

ALASHAINASY.KZ. “Қаржы жоқ па, қарым жоқ па?”. “Еліміздің Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі баршаның басты назарында. Жағымды жаңалықтар жағынан көрінсе, оны жазуға біз де асығар едік қой. Соңғы кездері аталған министрліктің сол құлағы тым қатты шуылдап кетті, білеміз. Әрине, не айтылса да, дәйексіз болмаса керек. Олар өздерінің шабан қимылын техниканың тозығы жеткендігімен түсіндіріп шыр-пыр. (Ол жайында сәл кейінірек)…

Ал ҚР ТЖМ-ның өзі “құтқарушы бөлімшелеріміз арнайы автокөлік техникасымен бар-жоғы 30 пайызға ғана жабдықталған” дейді. Қазір аталған министрлікті қажетті техникамен қамтамасыз етуге олар Үкіметтен 20-25 миллиард теңге қаржы сұрап отыр. Басқа басқа, ТЖМ-ны не керекпен қамтамасыз ету керек, әрине. Қандай төтенше жағдайды ал, бәрінің артында адам факторы тұр. Тек сол қаржыны ақсап тұрған жерлерге дұрыс жұмсап, тасқын болсын, өрт болсын – адам шығынына жол берілмесе екен дейміз. Жыл басынан бергі жеті айда елімізде барлығы 11462 төтенше жағдай орын алыпты. Бұл өткен жылғы осындай мерзіммен салыстырғанда, 9,4 пайызға артық. Төтенше жағдайлар салдарынан үстіміздегі жылдың қаңтар мен тамыз айлары аралығында 1194 адам қаза болған екен. 2009 жылдың алғашқы жеті айымен салыстырғанда, бұл да 25,8 пайызға көп”. Автор: Ләззат Билан.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Заң тінінде ел мүддесі жатуы тиіс”. “Заң жобасын дайындау мен қабылдаудың арасындағы процестің басты қағидасы оның біреуге ұнап, енді біреуге ұнамауы болмаса керек. Өйткені, қандай да бір заң болмасын, сөз жоқ, біреуге қаншалықты жақса, екінші біреуге соншалықты ұнамайды. …“Атамекен” одағы” Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы мен Қаржы полициясы арасындағы “Жалған кәсіпкерлік туралы” заңға байланысты пікір қайшылықтары егер де әлемдік қаржы дағдарысының елімізге жасап жатқан кейбір теріс ықпалын кеміту және отандық экономиканы қолдауға кері әсер ететін болса, ондай заң керек пе?…

Біздіңше, аталған заң төңірегіндегі екі жақтың да пікір-таласындағы келісер тұс, “оның орындалуы қаншалықты іске асуда” деген мәселе төңірегінде өрбуі. Бізге жеке кәсіпкердің мүддесі емес, сол кәсіпкердің еткен еңбегінде қаншалықты ұлттық, мемлекеттік, қоғамдық сана-сезімнің жемісі барлығы керек. Кез келген заңның біреуге ұнап, екінші біреуге ұнамауы кездейсоқтық емес, заңдылық. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде заң ешуақытта да бүкіл адамзаттың көңілінен шығуы үшін дайындалып, қабылданбайды. Онда ең бастысы жоғарыда біз тілге тиек еткен ұлттық, мемлекеттік, қоғамдық мүдде жатуы тиіс”. Авторы: Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

USHKIYAN.KZ. “Азаматтық қоғамның артықшылықтары қандай?”. “…Демократиялық процестердiң дамуы қашанда күрделi қайшылықтарға толы. ХХ ғасырдың соңғы он жылы демократияландырудың “жаңа толқыны” деп бағаланды. Егер 70-шi жылдардың ортасында 40-тай мемлекеттi шартты түрде демократиялық елдерге жатқызсақ, 90-шы жылдардың ортасында демократиялық елдердiң саны 117-ге жеткен. Әйтсе де, күнi бүгiнге дейiн әлi көптеген ел ешқандай оппозициясыз, көппартиялық жүйесiз-ақ өмiр сүрiп жатыр…

Бүгiнгi таңда саяси жүйенiң қыз-метi демократиялық қоғам талабына сәйкес келмесе, экономикалық модернизация жетiстiктерi халық мүддесiне қызмет етпейтiн дәрежеге жеттi. Сондықтан, саяси жүйенiң барлық сегменттерiн қамтитын саяси реформалар iске асырылуда. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында саяси сфераның жаңаруындағы осындай сабақтастық мәселесiне ерекше көңiл бөлiнген.

“Саяси жүйенiң қызметiнiң бүгiнгi қоғам талаптарына жауап беруi, елдегi заңдылықтың күшеюiне байланысты”, – деген едi Елбасымыз. Бұл турасында Жолдауда: “Қоғамда демократия дәстүрлерiнiң қалыптасуына азаматтық қоғам сегменттерiнiң нығаюы ықпал жасайды”, – делiнген…”. Авторы: Азат ҮСЕН.

KAZ.GAZETA.KZ. “Қазгидрометтің” болжауынша бүгін, тамыздың 13-і күні Қазақстанның солтүстік аумағы атмосфералық ағымдар бөліктерінің ықпалында болады.

Ал республиканың қалғанжерлеріндегі ауа райын жоғары атмсофералық қысымның аумағы анықтайды.

Мәселен, Оңтүстік Қазақстан мен күндіз Қызылорда облыстарының кей жерлерінде шаңды дауыл мен 15-20 м/с екпінде жел күтілуде. Күндіз Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді деп болжануда.

Ал Атырау мен Батыс Қазқақстан облыстарында аптап ыстық сақталады. Маңғыстау, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарының кей аумақтарында қатты ыстық болуы ықтимал.

Қазгидрометтің ескертуінше, жоғары дәрежелі өрт қаупі Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қостанай және Қарағанды облыстарының жекелеген өңірлерінде сақталады.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ