«Жаңа бағдарламада мемлекеттік тілді дамытуға басымдық беріледі». «Министр мәселені қабырғасынан қойды». «Ауған мәселесі» – басымдықтарымыздың бірі». «Халал» деп жүргеніміз харам емес пе?». «СТАН-ды шешетiн кез келдi»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 26 қаңтар 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “ГУЛАГ-тың жабылғанына жарты ғасыр толуына арнап Алматыда өлең оқу шарасы өткізілді”. “…Қаңтардың 25-і күні ГУЛАГ-тың жабылғанына 50 жыл толды. Осынау атаулы күнге орай, Алматыда “Ар. Рух. Хақ” қоғамдық ұйымы Қаңтардың 25-і күні ГУЛАГ-тың жабылғанына 50 жыл толды. Осынау атаулы күнге орай, Алматыда “Ар. Рух. Хақ” қоғамдық ұйымы совет заманындағы сталиндік саяси қуған сүргін құрбандарын еске алып, қаладағы Халық батырлары аллеясында арнайы шара өткізді. Қоғамдық ұйымның жетекшісі Бақытжан ТӨРЕҒОЖИНАның айуынша, жергілікті әкімді оларға шара өткізуге рұқсат бермей қойған….

Тарихи дерек бойынша, Қазақстан көлемінде 103 мың адам (соңғы дерек бойынша 108 мың) репрессияға ұшырап, оның 25 мыңы атылған”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

AIKYN.KZ. “Жаңа бағдарламада мемлекеттік тілді дамытуға басымдық беріледі”. “Кеше Үкіметбасының қатысуымен өткен алқа мәжілісінде Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД мемлекеттік тілдің тұғырын бекемдеу бағытындағы атқарылған шаралар жайында есеп берді. Былтыр мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға министрлік ерекше көңіл бөлген екен.

Келесі жылы бұл жұмысқа тың серпін берілмек. 2011 жылы елімізде қазақ тілінің елге өз мәртебесінде қызмет етуінің жаңа тұрпатты бағдарламасы күшіне мінбек. Оны әзірлеу бағытында қазір қызу жұмыс басталып та кеткен. «Тілдерді дамыту саласында министрлік 2001-2010 жылдар аралығын қамтитын мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Комиссия төрағасы ретінде оның барысын өзім қадағалап отырмын, — деді Премьерге министр М.Құл-Мұхаммед. — Биыл бұл бағдарлама өз мәресіне жетеді. Бүгінде 2011 жылдан бастап іске қосылатын жаңа бағдарламаны әзірлеу шаралары басталды».

Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік тілге арналған жаңа құжат бойынша жұмыстарды биылғы шілде айынан соң «негізінен аяқтауды» көздеп отыр. Ал тамыз айында ел күткен бағдарлама жоба күйінде Үкіметтің қарауына ұсынылмақ. «Сөйтіп, 2011 жылдан бастап, біз Қазақстанда тілдерді дамытудың жаңа бағдарламасымен жұмыс істеуге кірісеміз, — деді Үкімет басшысына бұрылған министр мырза. — Сіздің тапсырмаңыз бойынша Қазақстандағы тілге жаны ашитын барлық азаматтардың және депутаттық корпустың қатысуымен өткен аптада Алматыда үлкен жиын өтті. Сонда көптеген ұсыныстар айтылды, — деген Мұхтар Абрарұлы енді министрліктің сол жиын ұсынымдарының барлығын жаңа бағдарлама жасау барысында ескеретіндерін жеткізді. Бұл ойды қоштаған Премьер тілдерді дамытудың алдағы онжылдық жаңа бағдарламасында бәрінен бұрын мемлекеттік тілді дамытуға басымдық берілуі керектігін атап көрсетті.

… Тұтастай алғанда, Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, қазақ тілін үйретудің бірыңғай әдістемесі ендігі түзілген. Қолданыстағы қазіргі әдістемелік базаға қосымша, 2009 жылы 260 мың дана жалпы таралыммен 8 сөздік және қоғам өмірінің сан алуан салалары бойынша 10 орысша-қазақша тілашар жарық көріпті. Сонымен қатар көп таралыммен «Мемлекеттік қызметшінің тілдік портфелі» шығарылған, бұл ғажап кешен 19 аталымдағы электронды аудио және бейне оқулықтардан, грамматикалық анықтамалықтардан, оқыту сөздіктерінен тұратын көрінеді. Бұл ретте 6 тілдік сөздік пен терминологиялық анықтамалыққа ғаламтордағы www.tіl.gov.kz адресінде орналасқан “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі” тілдік порталы арқылы қол жеткізу мүмкіндігі берілуде. Екіншіден, мемлекеттік органдардағы іс жүргізуді мемлекеттік тілге кезең-кезеңмен көшіру жүзеге асырылды. “Меморгандардағы қазақ тіліндегі құжат айналымы 60,5 пайызға жетті” деп жазылған министрліктің ресми таратқан ақпарында. Үшіншіден, “толеранттық тілдік ортаның қалыптасуы” аясында ұлттық-мәдени орталықтар жанындағы екі жүздей жексенбілік мектепте мемлекеттік тіл курстары ұйымдастырылыпты. Жалпы, бұл білім ордаларында 7 мыңнан астам балалар мен ересектер Қазақстанда тұратын этникалық диаспоралардың 30 тілін үйренеді екен…

Министрлік қазақ мәдениетін шетелде насихаттауға да үлкен күш салыпты. Былтыр Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі, Беларусьтегі, Түрікменстандағы, Сауд Арабиясындағы, Иорданиядағы мәдениет күндері жоғары деңгейде өткізіліпті. 2009 жыл “Қазақстанның Германиядағы жылы” болды. 2010 жыл енді “Қазақстанның Кореядағы жылы”.

Кеше елді елең еткізерлік, көңіл сүйсінтерлік тағы бір жаңалық жария болды: соңғы кездері етек-жеңі жиылып, қорытындылана басталғандай көрінген “Мәдени мұра” бағдарламасы жалғасын табады екен және де болашағы алдағы 10 жылға бір-ақ ұзармақ. “Бүкіл қоғамымыз бірауыздан қолдаған “Мәдени мұра” бағдарламасын қорытындылап, алдағы 10 жылға жаңа бағдарлама жасау керек” деді Үкімет басшысы. Сосын К.МӘСІМОВ: “Бұл — өте маңызды мәселе. Рухани байлығымызды жастар қадірлейтін болсын! Онсыз — болашақ жоқ!” деп шарт түйді”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

Үш адам үйінді астында қалды”. “Қарағанды облысының Ақтоғай ауданының аумағындағы «Дарьял-У» Балқаш-9 радиолокациялық стансасы маңында бірнеше адам көпқабатты құрылыс нысанын бұзып жатып, үйінді астында қалды. Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша құтқарушылар құлаған ғимарат астында қалған үш адамды әлі таба алмай жатыр.

Ресми ақпарат көздерінің айтуынша, бірнеше адам сол күні аталған аумақтағы құрылыс нысандарының бірінде радиолокациялық құрылғыларды бұзып жатқанда биіктігі 10, аумағы 250 шаршы метрлік ғимараттың қабырғалары қақырап, төбесі ортасына түскен. — Үйінді астында бес адам қалған, — дейді ТЖД баспасөз хатшысы Жанна ДӘУРЕНБЕКОВА. — 40 жастағы балқаштық азамат оқиға орнында жан тапсырып, 35 жастағы жігіт ауруханаға жатқызылды. Алдын ала жорамал бойынша, үйінді астында тағы да үш адам қалған…”. Авторы: Қамбар АХМЕТОВ.

Министр мәселені қабырғасынан қойды”. “МӘСІМОВ Үкіметінің «Дағдарысқа қарсы бағдарламасының» әлеуметке бағдарланған бөлімі болып табылатын «Жол картасының» өзін қолында билігі бар жемқорлар жемсауға айналдырып алыпты. Үкіметтегі кешегі селекторлық кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.ӘБДІХАЛЫҚОВА енді жаңа бағдарламаны жұтқыншағы кең, қолы арам жандардан қорғау мәселесін қабырғасынан қойды.

Гүлшара ханым Елбасының тапсырмасымен биыл да жалғасын тапқан «Жол картасы» бағдарламасына бөлінген ел қаражатының жолай ізім-ғайым жоқ болмай, бөгде «қалталарға» жол тартпай, мақсатты жеріне жұмсалуын бақылауды күрт күшейтуді ұсынды. Ең қорқыныштысы сол, бұл бағдарламаның қанша қаржысының көзделген жеріне жетпей, жұтылғаны жөніндегі жалпы статистика бізге беймәлім, бәрін тексеріспен қамту мүмкін емес.

— Бөлінген қаржылардың мақсатты жұмсалуын бақылау бағытындағы жұмысты жүйелендіруді ұсынамыз! — деді министр Г.Әбдіхалықова. — Осы мақсатта министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, қаржылық бақылау органдарының тексерістер жүргізуінің біртұтас тәсілдерін әзірлеуі қажет деп санаймын. «Қарауылда» тұрғандардың қырағылығына көңіл толмастық білдіруінің себебі де бар екен: министр ханымның айтуынша, былтыр тексерістермен кей облыстар көп, ал басқалары аз қамтылған, бұл «бағалау үшін қажетті толық көрініс-картинаны» түзуге мүмкіндік бермепті. Әйткенмен, қылмысы әшкереленгендердің өзі қара-құрым: 2009 жылы жүргізілген бақылау шаралары нәтижесінде, заңнаманы сақтамаған 325 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 54 лауазымды тұлғаны қаржылық бақылау органдары әкімшілік тұрғыдан жауапқа тартып, оларға жалпы сомасы 7,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салған. Г.Әбдіхалықованың дерегінше, «Жол картасы» бойынша 212 нысан бойынша материалдар тиісті іс қозғаулары үшін құқық қорғау органдарына жіберіліпті…”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының өкімі

Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы”. “Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысы 2010 жылғы 29 қаңтарда сағат 11-де Астана қаласында шақырылсын.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О.МҰХАМЕДЖАНОВ”.

Ауған мәселесі” – басымдықтарымыздың бірі”. “Осы аптада Мәскеуде Кедендік одақ комиссиясының 13-ші басқосуы өтеді. Оған қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің бірінші орынбасары әрі Кедендік одақ комиссиясының мүшесі Өмірзақ ШӨКЕЕВ бастап барады, деді кеш өткен дәстүрлі апталық брифингте Cыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар АБДРАХМАНОВ…

… 28 қаңтар күні Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ Ұлыбританиялық әріптесі Дэвид Милибэндтің шақыруымен және ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде Лондонда Ауғанстан мәселелерін талқылайтын арнайы халықаралық конференцияға қатысады деп күтілуде, деген ресми өкіл шара барысында Ауғанстанда әскери қауіпсіздікті нығайту, осы елдің экономикалық дамуын қолдау, саяси жағдайдың тұрақтануына көрші мемлекеттердің атсалысуы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ұлттық даму мақсаттарын орындау үшін жауапкершілікті ауған үкіметіне жүктеу сынды негізгі төрт мәселе қарастырылатынын айтты.

Қанат Саудабаев конференциядағы баяндамасында Қазақстан тарапының ауған халқына көрсетіп келе жатқан көмегі және Ауғанстанда бейбіт өмір салтын нығайту үшін қазіргі төраға ретінде Ұйымның үлесін ұлғайту сынды ұсыныстарға тоқталмақ. Қазақстан төрағалық қызметінде “ауған мәселесін” ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы қызметіндегі негізгі басымдықтардың бірі деп қарастырады. …Бүгінде Ұйымға мүше 56 елдің 43-і ауған елін қалпына келтіру жобаларына атсалысып отырғанын ескерсек, бұл мәселе Саммиттің аса маңызды тақырыптарының біріне айналуы әбден ықтимал. Сондай-ақ, конференцияға байланысты шаралар аясында Қанат Саудабаевтың бірқатар шетелдік әріптестерімен екіжақты кездесулері жоспарланыпты.

29 қаңтарда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында тағы бір шара өткізілмек екен. Ол – Алматыда ұйымдастырылатын “Азия-Еуропа жолындағы логистиканың рөлі” атты халықаралық конференция. Оған Көлік және коммуникациялар министрі Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, Сыртқы істер министрлігі мен Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің өкілдері, Қазақстан, Литва, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да шет елдердің іскерлік топтары қатысады деп күтілуде”. Авторы: Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.

ZHASALASH.KZ. “Ұлттық саясат тұжырымдамасы – ұлттық мемлекеттiң негiзi”. “Жоғары билiк тарапынан қоғамға ұсынылған “ел бiрлiгi” доктринасы зиялы қауым өкiлдерiнiң, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыс жетекшiлерiнiң, мерзiмдi басылым басшыларының қарсылығына тап болып, оған балама құжат – “Қазақстан Республикасының Ұлттық саясат тұжырымдамасы” дайындалды. Билiк пен қоғамдық күштердiң келiсiмi бойынша, бұл екi құжат қатар талқылануы тиiс. “Жас Алаштың” өткен санында жарық көрген Тұжырымдамаға қатысты белгiлi ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек КӘКIШЕВ, Халық жазушысы Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ және саясаткер Серiкболсын ӘБДIЛДИН өз пiкiрлерiн бiлдiрдi…”. Дайындаған Жанболат МАМАЙ.

ABAI.KZ. “Берiк Әбдiғалиев: “мен саясаттан, саясатсымақшылдықтан, көп сөзден шаршадым”. “Саясаттанушы-ғалым Берiк ӘБДIҒАЛИЕВтiң есiмi көзi ашық қазаққа етене танымал болса керек. Бұған дейiн президент жанындағы қазақ тiлiн дамыту қорында қызмет еткен, оған дейiн президент әкiмшiлiгiнде, оппозицияда, Алтынбек Сәрсенбаев қорында танылған сол Берiк мырза жуықта Қарағанды облысының Ұлытау ауданына әкiм болып тағайындалды. Жас та болса қазақ ұлтының мәртебесiн көтеру үшiн жанын салған ұлтжанды жiгiттердiң бiрегейi. Жiгiттiк емей, немене, қайсыбiр депутат “Тасжарған” газетiнен отыз миллион теңге талап еткен кезде, президенттiң төңiрегiнде жүрiп, бiр күндiк айлық жалақысын газеттi қорғау қорына аударған едi. Билiкте жүрiп, былықпен былғанбаған, азаматтық болмысын жоғалтпаған Берiк бауырымыз қаладан далаға қарай ат басын бұрғанын естiп, таңданып, телефон шалдық.

— Берiк бауырым, қай жерде жүрсеңiз де, бет-жүзiңiз дұрыс азаматсыз. Әкiмдiк қызметпен құттықтап қойғанымыз дұрыс бола ма…

— Рақмет, әрине! Дегенмен күмәнданыңқырап, тұмандатыңқырап құттықтағаныңызға жол болсын. Әкiмдiктi лауазымды қызметтен бұрын, мүмкiндiк және жауапкершiлiк деп қараймын.

— Бұлай “ыңқырап” отырғанымыз — әкiмдiк қызметпен былғанып жатқан жiгiттер көп. Қазақтың мәтелiнiң түрi өзгерiп кеттi ғой: “Алмасаң, бермесең — жат боласың” дегендей… Жемқорлық жайлаған қоғамда “алмай-бермей тiк жүрсең, командадан шығып қаласың” деген қағида қалыптасты. Осыған не уәж айтасың?

— Ондай жағымсыз жайттар жоқ деп айта алмайтынымыз өкiнiштi-ақ. Үкiмет “сауын сиыр” деген көзқарас қылышынан қан тамып тұрған Кеңестiң кезiнде де қылаң берiп қалатын. “Ұлыққа бара бергенше, пара бер” дегендi де ертеден-ақ айтып келедi, бiздiң халық. Бiрақ барлық бастықты бiр қалыппен өлшеген де дұрыс болмас. Маған осы қызметтiң тiзгiнiн сенiп тапсырып отырған Қарағанды облысының әкiмi: “Ұлт деп жүрген жiгiтсiң. Бiраз нәрсенi көрдiң, үйрендiң, ендi Ұлт ұясы, қазақтың қара шаңырағы — Ұлытауға қызмет жаса. Ауылға қайт”, — деп сенiм артты.

— Бәлкiм, туған жерiңiзге нақты қызмет етпек ойыңыз дұрыс шығар. Әйтсе де, қазақ тiлiнiң төңiрегiндегi қыруар шаруаны қалай қиып кеттiңiз?

— Қазақ тiлiнiң дамуына байланысты елiмiзде үлкен жұмыстар жүрiп жатыр. Күн тәртiбiнде тұрған үлкен мәселенiң бiрiне мен өзiмнiң кiшкентай болса да үлесiмдi қостым деп үмiттенем. Бiрақ сонда да жан-жақтан таяқ жеумен болдым. Не керек, менi қазақ ұлтының жауы дегендер де болды ғой…

Шынымды айтсам, менiң ауылға кетуiмнiң тағы бiр себебi — қаладан шаршадым. Саясаттан да шаршадым, саяси ойыннан, саясатсымақшылдықтан шаршадым. Көп сөзден, көпiрiп сөйлегеннен шаршадым. Осының бәрiн қиналмай, қиып кетiп барам…”. Дайындаған Бақытгүл МӘКIМБАЙ (“Общественная позиция” (“DAT” жобасы № 03 (40) от 20 қаңтар 2010 жыл).

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Халал” деп жүргеніміз харам емес пе?”. “…Құдайға шүкір, қазір қазақстандықтар ненің халал, ненің харам екенін ажырата білетін жағдайда. Базарға барып ет саудаласа немесе шұжық пен тауық етін сатып алса, оның халал, харамдығына алдымен көз жеткізеді. Халықтың сұранысына орай түрлі халал тағамдарды сататын сауда нүктелері де күн санап көбейіп келеді. Бұл, сірә, халықтың діни сауатының артқандығынан ғана емес, халал өнімнің барлық талаптарға сай келіп, кез келген сұранысты қанағаттандыра алатындығынан да болса керек.

… Халал қалыбына сай өнім шығаруды әу баста шұжықтан бастағанымызды жоғарыда айттық. Ал бүгін осы өнімдердің сан түрі нарық сахнасында сән-салтанат құра бастағаны әрине, қуанарлық жағдай. Қазақстандықтарды “халал мейрамхана”, “халал кофе”, “халал дүкен”, “халал қонақ үй”, тіпті “халал такси”, “халал косметика”, “халал дәрі-дәрмек” дегеннің өзі таң қалдырмайтын болды. Ал халал өнімдері мен қызмет түрлерін насихаттайтын жарнама газеттердің жөні бір басқа.

Десек те, мұның бәрі біздің бұлайша жар салып мақтануымызға себеп болмай отырғанын жасырудың жөні жоқ. Бұлай болмаған жағдайда бағанадан бері сөз етіп отырған тақырыбымыздың өзі “харам” болып кетуі ғажап емес. Басты мәселе баяғы техника тілін игеруге келгенде қолымыздың қысқалығы бұл жолы да алдымызды кес-кестеп тұр. Қолда жоқ техниканың қыр-сырын меңгеру үшін шекара асып үйреніп жатқан мамандарымыз тағы жоқ. Мемлекеттік стандарттағылар “халал” деп таңбалауды енгізгенімен, олардың өздері “әліпті таяқ” деп білмейді. Сол сияқты метрология және техникалық реттеу комитеті және санэпидемиология мекемесі секілді тексеруші органдар болса, халал стандартының талаптарынан еш хабары жоқ. Қысқасы, бізде халал жайынан хабары бар, елімізде өндіріліп жатқан аталған өнімдердің сапасына сын айтып, оны түзеуге құзыреті жететін азулы орган тағы жоқ. Осы жағынан келгенде отандық халал өнімдеріміздің сапасына күмән келтіру астамшылық бола қоймас. Ал, қазіргі өзі би, өзі қожа болып отырған “Халал” комитеті соңғы уақытта “Қазақстандағы құс етінің тоқсан пайызға жуығы халал стандартына сай өндіріледі” деген бейресми ақпар таратып жүр. Десек те, басқа-басқа аталған құс етінің біздің нарыққа көбіне Қытай асып келетінін екінің бірі біледі. Және бір мәселе, халал сертификатын алу үшін кәсіпорындар Халал комитетіне келісім-шартта көрсетілгендей жыл сайын табысының 2,5 пайызын төлеп тұруы керек. Ал осы күні ашылып үлгерген бәлен кәсіпорынның табысы сонда қай қалтаға түсіп жатқаны да белгісіз. Яғни, “Қажылар қауымдастығының қанатының астынан құрылғандықтан “Халал” комитетінің есепшотын Салық комитеті тексере алмасы және белгілі.

Сондықтан қанша жерден халал стандартқа кіріп шаруамызды дөңгелетіп әкеттік десек те, халқының 99 пайызы мұсылман қауымын құрайтын Түркияда аталған стандарт тек мал союға ғана енгізілгені біздерді ойландыруы керек сияқты. Дінді аса қадір тұтатын түркиялықтардың шариғат жолымен шаруамды шалқытам дегендерді қатаң бақылауға алып, “мүлт” кетсе қылмыстық жауапкершілікке тартатын заңы да бар. Ал бізде ше? Халал стандарт былай тұрсын, діннің өзі мемлекеттен тыс өмір сүреді емес пе?”. Авторы: Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ.

ZAMANDAS.KZ. “СТАН-ды шешетiн кез келдi”. “…Егемендi ел болдық деп қанша кеуде қағып жүргенiмiзбен, артында “бодан болғансыңдар” деген ой бiрге жүреді. Ендi не iстемек керек? Белгiлi жазушы, “Қазақ” газетiнiң бас редакторы Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ ұсынып жүрген “Қазақия” деген атау осы мәселенiң нақты жауабы болса керек. Расында Қазақстан – “Қазақия” болып өзгерсе, нұр үстiне нұр болар ма едi? Қазақия сөзiнiң бiз үшiн (қазақ ұлты үшiн) маңыздылығы жоғары әрi ауқымы кеңiрек, құлаққа жағымды естiледi. Ең бастысы мұнда “қазақ ұлтының жерi” деген сиқырлы бiр мағына бар. Бiздiң де iздегенiмiз осы болмақ. Бәзбiреулер айтпақшы “Стан-ды шешетiн кез жеттi”. Қазақстан – мен үшiн бүгiннен бастап “Қазақия”! Сіз үшін ше?..”. Авторы: Досжан ДIЛДАБАЙ.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 26 қаңтар. Kazakhstan Today — Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында Алматыда 29 қаңтарда «Азия — Еуропа жолындағы логистиканың рөлі» атты халықаралық конференция өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл туралы кеше журналистерге арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР СІМ-нің ресми өкілі Асқар ӘБДІРАХМАНОВ құлағдар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Литва Республикасының Сыртқы істер, Көлік және коммуникациялар министрліктері шараға ресми қолдау көрсетеді. Конференцияға Көлік және коммуникациялар министрі Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі және Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің өкілдері, Қазақстан, Литва, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және басқа да шет елдердің іскер топтары қатысады деп күтілуде. Аталмыш шараның негізгі мақсаты — мемлекет, бизнес және сарапшылар арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аймағында халықаралық көлік дәліздерін дамыту бойынша үнқатысуды жандандыру болып табылады. Ұйымдастырушылар — «JURA MORE SEA» халықаралық бизнес журналы және «TL Nika Group» литва-қазақ компаниялар тобы.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ