«Азаттық радиосының қызметкері Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағын жарыққа шығарды». «Тілдік портфел»: тіл үйренудің тиімді тәсілі». «Қазақстандық қазына 70 миллиард теңгеден қағыла ма?». «Бес жылда 162 жоба жүзеге асады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 23 ақпан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Азаттық радиосының қызметкері Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағын жарыққа шығарды”. “Алашорда үкіметінің төрағасы, ұлттық саяси көшбасшы Әлихан БӨКЕЙХАНның жеті томдық толық шығармаларжинағының алғашқы үш томы жарық көрді. Азаттық радиосының қызметкері Сұлтанхан АҚҚҰЛҰЛЫ құрастырған жинақтың қалған төрт томы жазға салым баспадан шықпақ…”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

ANATILI.KZ. “Тілдік портфел”: тіл үйренудің тиімді тәсілі”. “…Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйытқы болуымен “ҚР мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі” жүйесінің тұсаукесері өтті. Оған республика аумағындағы тіл оқыту орталықтарының мамандары, тіл жанашырлары мен БАҚ өкілдері қатысты.Жүйенің алғашқы қаз-қаз басқан қадамына сәттілік тілеп тұсауын кескен Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна ҚҰРМАНҒАЛИЕВА “Бүгінгі шара еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиясын іске асыру бағытындағы кішкене ғана үлесіміз. Мемлекеттік тіл саясатының негізгі мақсаттарының бірі қазақ тілін толыққанды мемлекеттік тіл ету…

Мемлекеттік қызметшінің бұл тілдік потфелі 19 оқу құралынан тұратын оқу-әдістемелік кешен ретінде әзірленген. Онда электронды аудио және бейне кітаптар, грамматикалық анықтамалықтар, оқу сөздіктері жинақталған. Құрамында тұжырымдама, стандарт, типтік бағдарлама, негізгі оқулық, негізгі оқулықтың электрондық нұсқасы, бейнесабақтар курсы бойынша оқу құралы, аудио оқу құралы, қазақ тілінен білімін бағалау және өзіндік бағалау жүйесінің электрондық нұсқасы, негізгі оқулығының жұмыс дәптері, грамматикалық кестелер жинағы, І, ІІ, ІІІ деңгейлер бойынша оқу сөздігі, мәтіндер жинағы, электронды тест жинағы секілді көптеген көмекші құралдары бар…

Дәл осыдан 10-15 жыл бұрын “Еуропалық тілдік портфель” дүниеге келген екен. Ал көрші елдерден Ресей ғалымдары бұл жобаны былтыр әзірлеген. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде осы жүйені Ресейден кейін жүзеге асырып отырған екінші мемлекет. Қазіргі аталған тілдік порфель 1000 данамен басып шығарылды. Енді ол орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға ақысыз таратылады”. Авторы: Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Қазақстандық қазына 70 миллиард теңгеден қағыла ма?”. “Кедендік одақ күшіне мінісімен, қазақстандық қазына 70 миллиард теңгедей кірістен айырылмақ. Кеше қос шатырлы Парламент қабырғасындағы жиында Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА осы деректі жария етіп, дабыл қақты. Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы “Үштік одақ” құжат жүзінде “барыс жылының” басында-ақ құрылғанымен, оның жұмысы әлі күнге қарқын ала қоймағаны мәлім.

Біздің анықтағанымыздай, бұған қос славян елінің қазақ жақ шекарасының контрабандаға төтеп бере алатындығына күдікпен қарайтындығы, содан солтүстік көршіміздің ортамыздағы ұлттық кеденін жоюға жүрегі дауаламай отырғандығы себепкер көрінеді. Әзірше, екі ел арасындағы кедендік өткізу қосындары жоғалатын кез — биылғы жылдың 1 шілдесіне белгіленген. Әйткенмен, қажет деп тапса, мерзімді одан әрі ысыруы ғажап емес екен…

Парламенттегі кешегі “Үкімет сағатында” тағы бір маңызды мәлімдеме жасалды: “нұротандық” қалаулылар “Кедендік одақтың елімізде бағалардың қымбаттауына соқтыратындығын енді мойындау қажет” деді.

— Одақтың бүкіл тарифтік саясаты Ресейдің ставкаларына негізделген. Қазақстанның Ресеймен және Беларуспен сауда балансы еліміздің сыртқы экономикалық бюджетінің шамамен 30 пайызын ғана құрайды. Ал белсенді сауда саясатын жүзеге асыру нәтижесінде бұл баланс алдағы 2-3 жылда 35-40 пайызға дейін артуы мүмкін. Қалған сыртқы тауар айналымы 60 пайызға жуық болады, экономика заңдылығына сүйенсек, бұл міндетті түрде бағаның өсуіне әкеп соғады, — дейді қалаулылар атынан баяндама жасаған Гүлжан Қарағұсова. Қарапайым тілмен айтқанда, біздің басқа елдермен алыс-берісіміздің үштен бір бөлігі ғана Ресей мен Беларустің үлесіне тиеді, қалғаны — Кедендік одаққа кірмейтін елдердің еншісінде. Ал енді олармен арадағы тауар айналымының жолына өте жоғары кедендік алым-салықтар түрінде тоспалар қойылып, алыс-беріс қиындағалы тұр. Ресей мен Беларусь біздің нарығымызда, базарымызда өздерінің бәсекелестерін осылайша тұншықтырып тастамақ, сонда қазақстандық тұтынушыларда бағасы удай қымбат болып шыға келген шетелдік үздік тауарларға қарап, ауыр бір күрсініп, “одақтастарымыздың” тауарларын сатып алудан басқа амал қалмайды. Ол — ол ма, түпкілікті өнім шығаруға қажетті заттарды Күнбатыс пен Күншығыс елдеріндегі әріптестерінен алғызатын қазақстандық кәсіпорындардың өнімі де олармен бәсекеде оңбай жеңіліп, қатты күйзеліске ұшырағалы тұрғандай. Біздің келіссөзшілер “одақтастарымыздан” фармацевтика, жиһаз, тау-кен, мұнай-газ, темір жол салалары үшін, машина жасау сияқты бірқатар салалар үшін ғана жеңілдік ала алған. “Қазақстан 400-ге жуық тауарлардың импортына 3-5 жылдық кезеңде төмен кедендік баж қолдана алмақ. Мұндай жеңілдіктер осы 400-ге жуық тауарлармен сауда жасайтындарға жеңілдік берері сөзсіз. Ал қалған кәсіпкерлер не істемек? Бүгінгі күннің өзінде олардың тауарларына бағаның өсіп жатқаны байқалуда” деді Гүлжан Жанпейісқызы: “Осыдан келіп, “Кедендік одақ Қазақстанда Ресейдің және Беларусь тауарларының үлесінің артуына әкелмей ме?”, “біздің тауарөндірушілерге соққы болып тимей ме?” деген заңды сұрақ туады. Демек, біз Кедендік одақ аясында бағаның өсетінін мойындауымыз керек. Біз жаңа ғана зейнетақының, жалақының өсетіндігін жариялап жатырмыз, халық оларды әлі алған да жоқ, бірақ бағалар соған ендігі үн қатып үлгерді. Сондықтан да Үкімет қазірден бастап азық-түлікке және бірінші кезекте қажетті тауарларға бағаның өсіп кетуіне жол бермеу шараларын қарастыруы тиіс” деді Г. Қарағұсова…

— Бұған жауап берген Индустрия және сауда вице-министрі Жанар АЙТЖАНОВА өздерінің азық-түлік өнімдері бағаларының күрт қымбаттауын “күтіп отырмағандарын” мәлімдеді. “Баж салығы өсірілген азық-түлік өнімдеріне қатысты айтарым, қазақстандық өндірушілерге негізгі бәсекелестікті ТМД елдерінен тасылатын тауарлар құрайды, олардың үлесі шамамен 90 пайыз, соның ішінде негізгісі — Ресей мен Беларусь. Ал бұлардікіне Еркін сауда аймағы туралы келісімге сәйкес, кедендік баж салықтары салынбайды. Осылайша, баж салықтарының көтерілуі баға өсіміне ықпал етпейді” деп түйді Индустрия және сауда вице-министрі. Алайда бұған қалаулылар онша нана қоймағандай. Олар алғашқы кезеңде бәрібір қымбатшылық жайлайтындығын айтып жатты…”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “Қалың топта келеміз”. “Көш басындағы команданы тұғырдан тайдыруға Германия, Норвегия және Швейцарияның мүмкіндігі зор. Осы күнге дейін олар бас жүлдені бес-бестен олжалап, алдағы жарыстарда алға қойған мақсатымызды қалай да жүзеге асырамыз деп құлшынып отыр. Оңтүстік Корея мен Канада спортшылары төрт реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, Швецияның қоржынында үш алтын медаль бар. Енді соңғы күндері өрбіген жарыстар жайында айтайық.

Сенбі мен жексенбі күндері 10 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Бұл ретте көшбасшы елдердің өрендері тағы да шеберліктің шынайы үлгісін көрсетті. Әдеттегідей АҚШ, Норвегия, Швеция, Германия, Голландия, Канада, Швейцария сынды азулы командалардың қарқыны күшті болды…

Қазақстанның спортшылары өткен апта соңында ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсете алған жоқ. Тау шаңғысынан (супергигант) Игорь ЗАКУРДАЕВ бақ сынап, 60-орынды қанағат тұтты. Шаңғыдан (дуатлон) әйелдер 15 шақырымға жүгірді. Қорытынды есепте жерлестеріміз мынадай орындарға жайғасты: Светлана МАЛАХОВА – 25, Оксана ЯЦКАЯ – 33, Елена КОЛОМИНА – 28 және Марина МАТРОСОВА – 48. Дуатлоннан ерлердің 30 шақырымдық бәсекесінде Евгений ВЕЛИЧКО мен Сергей ЧЕРЕПАНОВ күш сынасты. Екеуі де қалың топтың арасында қалып қойды. Конькишілердің 1500 метрлік бәсекесінде Денис КУЗИН 23-орынмен шектелді. Тұғырдан секіруде (К-125) Алексей КОРОЛЕВ 39-орын алса, Николай КАРПЕНКО іріктеуден өте алмады. Фристайлшылар сайысында (акробатика) Жібек АРАПБАЕВА сынға түсті. Алайда қандасымыз әйгілі спортшылармен иық тіресе алмады. Жібекке бұйырғаны – 23-орын.

Күні кеше Ванкуверде айды аспанға шығарып, Қазақстанға Олимпиада жүлдесін сыйға тартқан Елена ХРУСТАЛЕВАмен жолығып, азды-кемді сұхбаттасудың сәті түсті.

– Мен Ресейде туып-өстім. Оның сапында талай байрақты бәсекеде топ жардым. Алайда кейіннен ұлттық құрама бапкерлерімен тіл табыса алмай, Беларусь еліне қоныс аударуға мәжбүр болдым. Ол жақта да көп тұрақтамадым. Содан екі ойлы болып жүрдім. Бұл – мен үшін ауыр күндер болды. Бірақ бойымда күш-қуат барда биік белестерді бағындыра алатыныма кәміл сендім. Сол сенім мені Қазақстанға жетелеп әкелді. Жергілікті бапкерлер, спорт басшылары, қарапайым халық менің тасада қалып қоймай, жауапты жарыстарда жасындай жарқ ететініме еш күмән келтірген жоқ. Міне, осындай түсіністіктің арқасында айым оңынан туды. Мен өз орнымды таптым деп ойлаймын. Спортшы ретінде бағымды ашып, мықтылығымды мойындатуға мүмкіндік берген Қазақ еліне деген менің алғысым шексіз, – деп Елена ағынан жарылды…”. Авторы: Ғалым СҮЛЕЙМЕН, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Ванкуверден.

Мәриям МҰҚАНОВА”. “Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит МҰҚАНОВтың асыл жары, айрықша ақыл, парасат иесі, болмыс-бітімі бөлек біртуар жан, халқымыздың аяулы қызы, ұлтына пана, ұрпағына ана бола білген Мәриям МҰҚАНОВА 101 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Мәриям Қожахметқызы 1909 жылы 15 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Майбалық ауылында дүниеге келген. 16-дан жаңа асқан шағында Сәбеңмен қосылып, 47 жыл бірге өмір сүріп, төрт ұл, екі қыз, он екі немере, он алты шөбере, үш шөпшек сүйген ана…

2000 жылы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілген С.Мұқановтың 100 жылдық мерейтойы шараларының ортасында жүрді. Сәбең туралы “Менің Сәбитім”, “Сағынышым Сәбитім” атты естелік кітаптар жазды.

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәриям Мұқанованы “Ел анасы” деп атап, құрметтеді.

Қарапайым даналық пен жарға адалдықтың үлгісін көрсете білген, ғасыр жасаған бәйтерек, Мәриям Қожахметқызы Мұқанованың аяулы бейнесі елінің жүрегінде әрдайым сақталады”.

Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Бес жылда 162 жоба жүзеге асады”. “Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапханада Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық Палатаның отырысы болып өтті. Отырысты ашқан Мәжіліс төрағасының орынбасары, Қоғамдық Палатаның төрағасы Сергей ДЬЯЧЕНКО күн тәртібіне шығарылып отырған мәселелерге тоқталды. Отырыста Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа арнаған Жолдауын заңнамалық қамтамасыз етудегі Қоғамдық Палатаның рөлі мәселесі қаралды. “Елбасы Жолдауы мемлекеттік дамудың барлық саласын қамтып отыр. Экономика, саясат, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт мәселелері бойынша нақты міндеттер жүктелді. Бұларды жүзеге асыру орта мерзімдік перспективада ел экономикасын индустриялық бағытқа икемдеп, іскер ортаны жақсартады, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырады, отандық ғылымды дамыту үшін жағымды жағдайды қалыптастырады. Осыған орай, алдағы 5 жыл ішінде жалпы инвестициясы 6,5 трлн. теңгені құрайтын 162 жоба жүзеге асырылады. Бұның арқасында тек жақын арадағы үш жыл ішінде 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылатыны болжанады”, – деді Сергей Дьяченко”. Авторы: Айбатыр СЕЙТАҚ.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 23 ақпан. Кazakhstan Today — Жетекші мұнай биржаларында 2010 жылдың 22 ақпанындағы сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы көтерілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today «РосБизнесКонсалтинг» агенттігіне сілтеме жасап.

«Алдағы айға мұнай фьючерсінің ресми бағасы мынадай болды: Лондонда InterContinental Exchange Futures биржасында — IPE Brent Crude мұнайының бір баррелі үшін баға $78,61 (+0,42); Нью-Йорктегі New York Mercantile Exchange биржасында Light, Sweet Crude Oil мұнайының баррелі $80,16 (+0,35) болды «, -делінген хабарламада.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ