«Қызылағаштағы су тасқынында жоғалған адамдар саны нақтыланып, шығын есептелуде». «Жағанова партия басшылығынан кетті». «Қойторы» – тілім, қайда барасың?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 17 наурыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қызылағаштағы су тасқынында жоғалған адамдар саны нақтыланып, шығын есептелуде”. “…Алматы облыстық әкімдігінің ақпаратына қарағанда, су тасқынына дейін Қызылағаш ауылында 465 үй, 2240 адам болған. Ал, су тасқынынан кейін ауылға 95 отбасы ғана қайтып оралыпты.

— Құтқару жұмыстары барысында көрші ауылға 300 адам жеткізілген. Талдықорған қаласына басында 700 жүзден астам адам апарылған болса, қазір олардың саны мыңның үстінде. Іздестіріліп жатқан адамдардың тізімінде болған, кейін туысқандарынан табылған адамдар да анықталуда. Және үйінділерді аршу жұмыстары жалғасып жатыр. Қаза болғандар саны әлі де артуы мүмкін. Осы күнге дейін олардыңсаны отыз жеті, — деді Алматы облысы әкімшілігі баспасөз қызметінің бас маманы Сағыныш НАМАЗШАМОВА….

Сағыныш Намазшамова су тасқыны салдарынан қаза болған адамдардың отбасыларына үкімет қорынан бөлінген 500 мың теңге қаржының қашан келетіні және қалай берілетіні әзірге белгісіз дегенді айтады….

Алматы облысы аумағында барлығы 148 су қоймасы бар. Қызылағаштағы су тасқынынан кейін, яғни 15 наурыздан бастап, су қоймаларының жағдайы және олардың кімнің меншігінде екені тексерілуде. Сондай-ақ, облыстық прокуратуры “Қызылағаш” су қоймасы қалай және қандай жолмен жекешелендірілгенін анықтамақ.…”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

AIKYN.KZ. Қазақ театры: өсе ме, өше ме?”. “Бүгінгі таңда елімізде 50-ден астам театр бар. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары оннан аса қазақ театры ашылды. Көптеген театрлар күрделі жөндеуден өтті. Елбасы Н.НАЗАРБАЕВтың өзі театр өнеріне айрықша көңіл бөліп, өнер қайраткерлерімен, жазушылармен кездесуінде де театрларды жаңа деңгейге көтеру мәселесін атап айтады. Таңғаларлық үлкен проблемалардың бірі — республика театрларына кәсіби режиссерлердің жетіспеуі.

Мәскеуде оқыған немесе Өнер академиясын бітірген біраз режиссерлеріміздің бос жүргенін ескерсек, “режиссер жетіспейді” деген сөз абсурд қой. Ел театрларында неге режиссер жоқ? Жалпы, қазіргі таңда қазақ театры өсу үстінде ме, өшу үстінде ме? Театрдың өркендеуіне не кедергі? Аға буын кейінгі жастарды қалай баулып жүр? Облыстық театрлардың хал-ахуалы қалай? Бүгінгі дөңгелек үстелде жоғары оқу орындарын бітірген, жер-жерлерде дарын-қабілеттерін біршама танытқан, бірақ бүгінгі күнге дейін нақты бір театрда жұмыс істемей жүрген режиссерлердің басын қосқан едік. Олар — Орта Азия халықаралық театр фестивалінің лауреаты Тілеген АХМЕТОВ, Мәскеудегі режиссерлік жоғары курстың түлегі Асыл ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ және Кенжебай ДҮЙСЕМБАЙҰЛЫ…”. Авторы: Жазып алған Айдана АЛАМАН.

Газетті сақтап қала алмадық”. “Наурыз айының басында қазақ тілінде шығатын “Спорт айдыны” республикалық спорт басылымы жабылды. Енді орыс тілінде шығатын “Sport&KS” газетінің де төбесінен бұлт үйірілді. Ал бұл басылымдар 1959 жылдан бері екі тілде шығып келген “Спорт” газетінің тікелей мұрагері болумен қатар, кеңестік заманда Қазақстанда шыққан жалғыз спорттық басылым еді. Өткен жылы оның жарты ғасырлық мерейтойы аталып өтті. Ал мұндай жағдайға ненің себеп болғаны жайлы “Sport&KS” газеті бас редакторының орынбасары Жеңіс ДӘРМЕНОВ ой бөліседі.

— Мұндай жағдай бірінші рет болып жатқан жоқ — дейді ол. — Бір жарым жыл бұрын, 2008 жылдың жазында, тура Бейжің Олимпиадасының қарсаңында бізге қаржы тапшылығынан газеттің шығуын бір жарым айға шегеруге тура келді. Сол тұста Мәдениет және ақпарат министрлігі бірнеше миллион теңге қарастырды, мәселе осылайша уақытша шешілді. Ал қазір жағдай бұдан да қиын. Жалпы, “Sport&KS” ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы — Туризм және спорт министрлігінің спорт комитеті. Яғни ол — мемлекеттік басылым. Бірақ үшінші жыл қатарынан, сонау 2008 жылдың басынан бастап, бұрындары қаржы бөліп келген комитет бір тиын да бөлмей келеді. Оның үстіне, олар белгілі бір тақырыптарды көтеруді талап етумен қатар, қаржылық тұрғыдан есеп беруді міндеттейді. Оның басшылығы комитеттің бюджетінде БАҚ-тарға қатысты баптың жоқтығын алға тартады. Бірақ спорт насихаты туралы бап бар емес пе, сол арқылы өз басылымдарына қаржы неге бөлмеске? Ал таяуда комитет басшысының бұрынғы орынбасарының Астанада қазақ тілінде шығатын басқа спорттық газет ашқалы жатқаны белгілі болды. Оған барынша қолдау көрсетілмек екен. Осындай жағдайда ешандай да қаржы көздеріне ие болмай отырып, “Спорт айдыны” басылымын шығарудың мәні жоқ. Біз бұрынғы шенеуніктің газет шығаруына қарсы емеспіз, бірақ басылымның 50 жылдық тарихын үзбес үшін мұны “Спорт айдыны” газетінің негізінде жасауға да болар еді ғой (біз оны беруге дайын едік). Тым болмаса, біздің 2010 жылға жазылу науқанының алдын алып, өткен жылы күзде бізді ескерту керек-тін. Ал енді “Спорт айдыны” газетінің жазылушылар алдындағы қарызы (типография мен өзге де ұйымдар алдындағы қарыз да) онсыз да қарызға батқан “Sport&KS” басылымына таңылды…

— Егерде сіздер сондай кәсіби мамандар болсаңыздар, “өліп” бара жатқан басылымға неге жабысып отырсыздар? Басқа басылымдарға барыңыздар, ол жақта да спорт журналистері қажет-ақ…

— Өзгелер үшін жауап бермей-ақ қояйын, өзім үшін жауап берейін. Мені мұнда бір ғана нәрсе ұстап тұр: мен ертең біздің кесірімізден Қазақстанның ең көне спорт басылымы жабылды дегенді естігім келмейді. Егерде оны тағдыр тәлкегіне қалдырсам, өз кінәмді сезетін болам. Әрине, басқа басылымда бұдан да көп қаржы алып, спорт бетін жүргізуіме болады. Бірақ мен “Sport&KS” газетінде тегін істесем де, қалғым келеді. Иә, мүлдем тегін, мақалаларды кешкілік және демалыс күндері жазсам да, осында қаламын (ал қалған күндері отбасын асырау керек). Бұл альтрулизм емес, тек газетті аяйсың. Ал біздің спорттық құрылымның басшыларына бәрібір сияқты. Әйтпесе олардың қолдарында қаржы жоқ емес. Соңғы сандарымыздың бірінде біз “Блеск и нищета казахстанского спорта” атты мақаланы жарияладық. Онда 2011 жылғы Азия ойындары ұйымдастыру комитеті дирекциясының кеңсесін күтуге арналған қаржы шығыны келтіріледі. Мәселен, Астанадағы кеңсенің бір ғана басшысына жиһаз сатып алуға (кабинет пен демалыс бөлмесіне) 5 миллионнан астам теңге жұмсалған екен. Яғни ол жақта қаржыны оңды-солды шашады да, ал мұнда Қазақстандағы жалғыз мемлекеттік спорт басылымына олар түкте беріп жатқан жоқ, былай қарасақ, 5 миллионның өзі де үлкен сүйеніш болар еді. Сіздің сауалыңызға оралсақ, егерде бізге ертең редакцияға ақша бөлеміз, газетті өлтірмейміз, тек ол үшін қазіргі команда кетуі керек десе, біз алаңдамай-ақ кетер едік. Тағы да қайталаймын, ең бастысы — бай тарихы мен мыңдаған жазылушылары бар газетті сақтап қалу, ал басқасы маңызды емес”.

EGEMEN.KZ. “Халық сенімі қашанда қасиетті”. “Осындайда дәуірлеп өткен Кеңес Одағы кезіндегі “іс тетігін кадрлар шешеді” деген тіркес еске түседі. Бірақ іс тетігін кадр болғанда да жан-жақты дайындығы мол мамандар шешетінін уақыт көрсетіп отыр. Жақсы маманның түп негізі жас ұрпаққа орта білім беруде, яғни мектеп қабырғасында жатыр.

Еліміз тәуелсіздігінің келуі тұтас бір дәуірдің өтіп, Қазақстан тарихында жаңа уақыттың келгенін паш етті. Ал жаңаның басталуы қашанда кедергісіз болмайды. Кеңес Одағының ыдырауына байланысты бұрынғы сыртқы байланыстардың үзілуі шикізат отаны болып келген еліміздің экономикасын құлдыратып жіберді. Нарықтың қылбұрауынан еліміз аса қиындықты сезінген 1997 жылы Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ халыққа “Барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі және тұрмысының жақсаруы” атты Жолдауын жолдаған еді. Осы құжатта Елбасы мемлекетімізді дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын саралап берген болатын. Тарихи Жолдауды Президенттің өз аузынан тыңдау бақытына ие болған маған мұндай ұзақ мерзімге арналған жұмыстар орасан зор, тым ауқымды көрінген. Бірақ алға қойған мақсат айқындылығымен әр қазақстандықтың жүрегіне сенім ұялатты. Экономиканы жүргізу формасының ауысуына, яғни жоспарлы экономиканың орнына нарықтың келуіне байланысты тұралаудан енді бауырын көтеріп келе жатқан елдің сол Жолдау рухын көтерген, алға жігерлендірген. Міне, соның он жылында-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал, көреген саясатының кемелдігіне көзіміз жетті. Қазақстан сол тарихи құжатты қабылдағаннан кейінгі бас-аяғы оншақты жылдың ішінде бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттердің арасында көш бастады. Өйткені, көрегендікпен жоспарланған істің барлығы да тегеурінділікпен жүзеге асты. Соның арқасында Қазақстанды қазір әлем таныды, мойындады.

Енді Президенттің Жарлығымен Қазақстанды одан әрі дамытудың 2020 жылға арналған стратегиясы қабылданды. Онда алдағы он жылға арналған жоспарлар мен мақсаттар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын кезекті Жолдауында мейлінше көрініс тапты. Алдымыздағы он жылда Қазақстан дамудың жоғары сатысында болып, көшбасшылық тізгінді қолға алуы керек…

Кадр мәселесі мемлекеттік қызметке де тікелей қатысты. Мемлекеттік қызметтің кәсіби деңгейін көтеру Елбасы айтқан мақсаттарға жетудің бір тұғыры десек артық айтқандық емес. Біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр компьютер дәуірі болғандықтан, әр маман ақпараттық технологияны жақсы меңгеруі керек. Компьютерді пайдалануды жақсы білудің арқасында бұрынғы екі адам істейтін істі бір қызметкер атқаратындай оңтайлы ойластыратын да уақыт жетті. Мұнсыз жылдамдықпен сипатталып отырған өмір ағымынан қалып қоямыз. Себебі, мемлекеттік қызмет орнын резеңкедей соза берудің өзі халықтың маңдай терімен жиналатын бюджет қоржынына түсетін артық салмақ екені аян. Мысалы, 2000 жылы еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің саны 64 мың болса, ол бүгін 102 мыңға жеткен…

Ұлы бабамыз Әбу Насыр ӘЛ-ФАРАБИдің “Тәрбиесіз берген білім қауіпті” деген даналық сөзін мемлекеттік қызмет саласында да ұмытпауымыз керек. Қазынадан бөлінген қаржыға оқытып, білікті де білімдар еткен қызметкерлер халыққа қызмет көрсетуде адалдық танытпаса, мемлекет керуенінің жүгі ауады. Осы саладағы жұмыстардың барлығы да адалдық пен тазалыққа, адамгершілікке негізделгенде ғана еліміздегі демократиялық үрдістердің даму жолы адаспайды. Экономиканың нығаюы мен әлеуметтік мәселелердің уақтылы шешімін табуына көлденең тұратын кесапат – сыбайлас жемқорлықтың белең алуына себепкер болатын да немесе оған жол бермейтін де мемлекеттік қызметкер десе болады. Өйткені, мемлекеттік қызметкер Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік қызмет туралы”, “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы” заңдарын, Мемлекеттік қызметкердің ар-ождан кодексін сақтамағанда қоғамда сыбайлас жемқорлықты өршітетін қол ұшынан жалғасу, бармақбасты, көзқысты әрекеттер бас көтереді.

Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметкерлер заң нормаларын біле тұра бұзатын жағдайлар көп…”. Авторы: Әбдімәш МӘМЕШОВ, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Қостанай облыстық басқармасының бастығы – тәртіптік кеңес төрағасы. Қостанай.

ALASHAINASY.KZ. “Қайғы жұтқан Қызылағаш”. “Қызылағашқа кеше 90-нан астам отбасы қайта келді. Алапат апаттан аман қалғандар тіршілігін жалғастырмақшы. Үкімет төтенше жағдайдың салдарын жоюға 600 млн теңге бөлген болатын. Оның дені материалдық көмекке, қалған 100 миллионы баспаналар салуға жұмсалады. Ал туыстарынан бір түнде айырылған отбасылардың әр жоғалтқан адамына жергілікті қазынадан 500 мың теңгеден беріледі. Қасірет шеккен отандастарымызға қол ұшын беруге жүрегінде иманы бар көптеген азаматтар бел шеше кірісті. Бірақ Қызылағаштың орнында өлім рухы кезіп жүргендей. Қайғының жарасы жазылар уақыт әлі ерте.

“Бізді ешкім қауіптен хабардар етпеді” дейді тұрғындар. Аяқасты ажалдан аман қалған тұрғындардың сөзіне қарағанда, суқойма бөгеті жарылардан үш күн бұрын ауылда жарық сөніп, телефон байланысы үзілген. Жан-жақпен хабарласа алмай қалған қызылағаштықтар суқойманың жарыла бастағанын тек бір-екі сағат бұрын ғана естіпті. Үрейленген тұрғындардың бірқатары ауыл басшысына хабар берген. Бірақ “отыра беріңдер, ешқандай қауіп жоқ” деген жауап алады.

Ет жақындарынан, бар байлығы – малы мен баспанасынан айырылып, ашу мен көз жасына ерік берген тұрғындар мұны ашына айтты. “Бір сағат бұрын қопарылыстың боларын естіп, халық дүрлігіп, әкімге телефон шалдық. Біреулер бізге “әкім отыз шақты адамды алып, шлюзді ашуға кетті, қойманың апатқа қарсы қондырғысын іске қосып, суды тежейді”, – деді. Бірақ біз бұған сенбей, өз бетімізше тау жаққа қаша бастадық. Мұнымыз абырой болған екен. Егер бізге алдын ала апаттың боларын айтқанда, малымызды, жанымызды алып үлгеретін едік қой”, – дейді ауыл тұрғыны Төлепберген Оқпаев. Қызылағаштықтар суқойманың жарылуы мүмкін екенін алдын ала хабарламағанын бірауыздан қуаттап отыр. Оқиғаның мән-жайын ауыл әкімінен сұрап білмекші едік, бірақ оны апат ошағынан табу қиынға соқты…

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, біріншіден, суқойманың шлюзі осыған дейін қыс бойы ашық жатып, тек көктем мезгілінде ғана жабылатын. Содан маусым айына дейін қар сулары, өзен ағыны толассыз қоймаға құйылып жатады. Ал бұл жолы тоспа аузы түгел бекітіліп тасталған. Жарылысқа бірнеше күн қалғанда, қойманың Қуаныш БЕКЕЕВ есімді иесі қойманың шлюзін аша алмай қайтып келген. Бұл кезде 42 млн кубқа арналған суқоймада судың деңгейі 46-48 млн кубқа көтерілген болатын. “Біз “осы қойма мемлекетке қайтарылсын” деп, жоғары жаққа бірнеше рет хат жаздық. Себебі оның иесі өте ұқыпсыз адам болды. Бұл қойманы екі қойшы ғана күзететін. Апат болардан он күн бұрын әкімге хабарластық. Бірақ ол тыңдамай, бізді кері қайтарып тастады”, – дейді тұрғындар. Екіншіден, үш күн толассыз жауған жауын мен еріген қар суы қоймадағы судың деңгейін асырып жіберді. Суқойма мен ауыл арасындағы 7-8 шақырым ыдырынған топанға түк болмады. Жарты сағатта Қызылағашты түгел шайып кеткен су көршілес Егінсу, Молалы,Көлтабан сынды елді мекендер мен бірнеше жайлауға да жетті. Дәл мұндай жойқын тасқын бұл өңірде бұрын-соңды болған емес…

Қызылағашта шамамен 3,5 мыңға жуық адам тұратын еді. Олардың басым көпшілігі, тіпті 80 пайызға жуығы – сырт елдерден келген қандас бауырлар. Дәулетке құнықпай, бейнеті көп ауылда қанағат пен тәубені ту етіп өмір сүріп жатқан бейқам ауылдың тірлігі бір мезгілде шәт-шәлекей болды. Биіктігі бес метрден асатын суық су бар баспананы бұзып-жарып, астан-кестеңін шығарды. Мал да, адам да дариямен ағып кетті. Ет жақынынан айырылмаған ауыл тұрғыны қалмады. Халықтың дені туысқандарының денесін, ең болмағанда, облыстық мәйітханадан көрсек екен деп көкірегі қарс айырылып жүр. Ауылдың су шайып кеткен орнында бүгін өлім рухы кезіп жүргендей. Тұрғындардың есептеуінше, бұл табиғи зұлматтан соң, шамамен 150 адам ізім-қайым жоғалды. Бірақ ресми мәлімет әзірше 37 адамның ғана қаза болғанын растайды. Апаттан аман қалған тұрғындар әбден күйзелген. Оқыс оқиғаға ешкім де дайын болмаған еді. Қалада таныс-туысқандары болмағандықтан, тұрғындардың біразы әскери шатырларға қоныстандырылды. Киім-кешек пен тамақ жағы жетіспей жатыр. Бірақ апатты естіген көптеген мекеме-кәсіпорындар мен жеке азаматтар қайырымдылық жасауға бел шеше кіріскен.

Ажалдан аман қалғандардың жанайқайы Эльмира ӘБДІБЕКОВА, Қызылағаш ауылының 3-бөлімшесінің тұрғыны:

— Апат боларын сезіп, тауға қарай қаштық. Осы кезде ауылдың шетінде тұрған сақшылар бізді ұстап алып, үйлерімізге қайтармақшы болды. Бірақ оларды тыңдамай, өз бетімізше босып кете бердік. Қазір балаларым аман-есен, бірақ көмек жеткіліксіз. Оқиғаның келесі күні ауданнан бес бөлке нан жетті. Жүздеген адамға бұл азық па?

Қалмұрат ВАЛИЕВ, ауыл тұрғыны:

– Су тоспасы бұрыннан жарылып тұрған. Оны ауыл тұрғындары өз көздерімен көрген. Тасқын тосыннан болған жоқ. Мен сол күні Селден қорғау басқармасына да хабарластым. Алайда ешқандай мәлімет ала алмадым. Судың астында кемінде 150-дей адам кетіп қалды. Бұл – анық…”. Авторы: Нұрмұхаммед Мамырбеков.

ZAMANDAS.KZ. “Жағанова партия басшылығынан кетті”. Руханиятты” жасылдар партиясына айналдыра бастаған ЖАҒАНОВА төрайымдық орынды босатты. Ол енді “Руханият” партиясының құрметті мүшесі ретінде ғана тіркелетін болады. Ал Алтыншаш апамның орнына Сауда-өндіріс палатасының вице-президенті Серікжан МӘМБЕТӘЛИН деген азамат сайланды. Бұл партияның жетінші құрылтайында орын алды.

Алтыншаш Жағанова қоштасу сөзінде былай деді. “Мен көп ойландым. Ақыры партияны өзі жас әрі алғыр азамат басқару керек деген ойға тоқталдым. Біздің жастар қазір өсті. Өскеніңіз не, жетілді. Ал біз жастардың дамуына жол бермедік. Дегенмен өмір өзгеріп жатыр. Соған сәйкес бізде өзгеруіміз керек. Сондықтан партияның ендігі төрағасы ретінде Серікжан Мәмбетәлин сайланып отыр”.

Апам ағыл-тегіл сөйледі. Сөзінің қисынсызы жоқ. Дегенмен дейсің да, Алтыншаш Жағанованың мына сөздері қайыс креслоға жамбасы жабысып қалған біздің кейбір кісілердің құлағын осып түскен шығар-ау.

Мәмбетәлин жігерлі десе, жігерлі жігіт екен. Ол төраға болып сайлана салысымен партияның жаңа тұжырымдамасын ұсынды. Ол “Экология жаны” деп аталады. Ендігі уақытта “Руханият” тек экология саласымен айналысатынын алдын ала білдірген. Мынау соның айқын дәлелі. Ол ол ма, алдағы күндері партия Еуропалық жасылдар партиясының одағына енуді көздеп отыр екен. Қысқасы, “жас келсе, іске” дегендей Серікжан Мәмбетәлин білек сыбана төрағалық қызметке кірісіп кетті.

“Генерал болуды армандамаған солдат, солдат емес” дейтін бе еді? Сол сияқты Серікжан “алдағы Парламенттік сайлауда Мәжілісте өз адамдарымыз отыру керек” деді. Оны енді уақыт көрсетер…

Біздің саясаттанушылар елде “іргелі партия құрылуы мүмкін” деген жорамал айтып жүр. Біз сол “іргелі партия” осы “Руханият” емес пе деген ойға келдік. Оған себеп те жоқ емес. Біріншіден, Жағанова бекерден-бекер жылы орнын босатқан жоқ. Екіншіден, “Руханият” құрылғанына көп болған, ел арасына аты таныс партия. Өзінің мүшелері мен жақтастары бар. Үшіншіден, олар алдарына тек экологиялық мәселені мақсат етіп қойып отыр. Ал бұл биліктің басқа әрекеттеріне араласуға құлықсыз деген сөз. Яғни, олар билікке оппнент болып саналғанымен, керек жерінде үндемей қала алады. Соған қарағанда Серікжандарды алдағы уақытта Парламенттен көріп қалуымыз да бек мүмкін сияқты…”. Авторы: Н.ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ.

MINBER.KZ. “Журналистер Nokia телефондарының сырына қанықты”. “…Еліміздегі қалтафон тұтынушылар саны күн сайын артып отыр. Сондықтан мобильді операторлар қызмет көрсету саласын жақсартып, бәсекелестерінен озу үшін қызмет етеді.Ал қалтафон өндіруші компаниялар телефонды тек қана байланыс құралы ғана емес, әлеуметті қоғамның белсенді азаматы болуға үндейтін үстеме бағдарламалармен қамтамасыз етпек.

Әлеуметтік сауалнамаға сенетін болсақ, Қазақстандағы телефондардың 60 %-дан астамы Nokia компаниясының телефондары екен. Фин компаниясының өнімін қазіргі кезде күллі әлем қолданады.

Nokia-ның ТМД Оңтүстігі елдеріндегі Nokia басқарушысы Карел ГОЛУБ Nokia телефондарының қазақ тілді үлгілері шыққандықтан, енді қазақ тілді қолданушыларға телефонның мүмкіндігін кеңінен түсіндіретін сәт туындағанын айтады.

“Студент жастар – әлеуметтік желілердегі ең белсеңді аудитория. Біздің мақсатымыз – студенттерге ұтқыр да ұшқыр құрылғылардың өсіп келе жатқан мүмкіндіктері туралы айтып, Nokia шешімдері қолданушыларға күнделікті мәселелерді шешуге көмектесетінін көрсету” дейді ол…”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Қойторы” – тілім, қайда барасың?”. “Қазақта “қойторы” деген тіркес бар, ол төрт түлік ішіндегі жылқы малына телінеді. Жағдайы жартылай жарлы байғұстың малға мінетін жалғыз тұяғы осылай аталады. Баптап мінетін тұлпары жоқ жан осыны қанағат етеді. Ал бай-бағландардың аяқ артары сұлу-сәйгүлік немесе көзі оттай жанып, түгі жылтыраған арғымақтар болады. Қазақ тілінің тағдыры да сол “қойторының” тепеңі сияқты. Қойға да, тойға да мінген соң жауыр болуға айналды. Сұлы беріп баптап, арпа беріп ардақтап, бидай беріп бөктіріп қоюға уақыт жоқ. Заң шықты, қалай да қалың нөпірдің ішінде алғашқысы боп жүруі керек.

“Мемлекеттік тіл” деп теледидар жаңалықтары мен қазақ газеттерінің редакторлық бағамдары айтудай-ақ айтып келеді.Тіл мамандары болса “тығырықтан қалай шығамыз?” – деп шулап жүр. Тілге жалған жанашыр болғандар ебін тауып тулап жүр. Газеттердің тіл туралы айта бергенімен, ал, көгілдір экранда жетістіктерімізді түні бойы көрсете бергенімен ештеңе өнер емес. Өйткені, бәрі өзімізден, сол “қойторы” – қазақ тілін дұрыс қолданбайтын қазекемнің өз қаракеті. Ауылда абдырап қалған қазақ тілі урбанизациямен қалаға кеп уланғалы қашан… Тіпті, отбасының өзінде жөндеп қазақша сөйлесуден қалдық. Теледидарға түртпектеп жүріп, қазақша сөйлейтін басқа ұлт өкілдерінің бір екеуін шығарсақ, шұлғауымызды шешіп тастап жалаң аяқ желіп кеткің келеді. Жалған көзбояу! Өтірік өктемдік! Кейінгі кездері оларға арнап арнайы байқау да жарияладық. Ал біздің ана тілінен ада болғандардың ойланатын түрі жоқ. “Өзіңді өзің жаттай сыйласаң – жат жанынан түңілер” деуші еді. Сыйламаған соң жат жаныңа үңілетін болды. Тіл туралы мақаламен газет бетін толтырып тастасаң да, өнетін ештеңе жоқ. “Жартасқа бардым, күнде айқай салдым…” ( Абай). Сонда да “Үмітсіз шайтан”… дегендей күн кешіп келеміз”. Авторы: Гүлден ҚАЙЫРБЕКОВА.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 17 наурыз. Kazakhstan Today — Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарындағы тау өзендерінде тасқын болады деп күтілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап…

«17-наурызда тәулік бойы Шығыс Қазақстан облысында қар аралас жаңбыр күтілуде, күндіз кей жерлерде жаңбыр нөсерлеп жауып, көктайғақ болады. 17-22 м/с жылдамдықта күшті жел тұрады, Жарма ауданында оның екпіні 25-30 метр/секундқа дейін жетуі ықтимал. Түнде ауа температурасы бірден көтеріліп, 0 — 5 градусқа жылынады. Кей өңірлерде 0 — 5 градус суық болса, күндіз 5 — 10 градус жылы, кей аумақтарда температура 0 — 5 градусты көрсетеді»,- деп хабарлайды «Қазгидромет».

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сондай-ақ ШҚО-да ауа температурасының көтерілуіне және күтіліп отырған жауынға байланысты, наурыздың 16-18 күндері таулардан сулардың ағыны күтілуде. Сондай-ақ кішігірім өзендер мен арықтарда су деңгейі көтеріледі, су арналарынан шығып, су басу жағдайлары да болуы мүмкін.

Павлодар. 17 наурыз. Kazakhstan Today — Павлодар-Алматы бағытындағы жолаушылар тасымалдайтын пойыздың бригадасы күрделі ахуалда кәсіби біліктілік танытқаны үшін наградаға ұсынылады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ павлодарлық учаскесінің бастығы Нұрлан СӘРСЕНБИНОВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today…

Павлодар-Алматы бағытындағы жолаушылар тасымалдайтын пойыз теміржолды су шайып кетуіне байланысты 30 сағаттан астам уақыт бөгеліп, абырой болғанда аман-есен кері оралды. Су теміржолды 11-наурыз күні шайып кеткен. Ал, жолаушылар пойызы бұл уақытта жолдағы көпір аңғарынан әзер өтіп үлгерген. Осыдан кейін құрамында 10 вагоны бар пойыз сол маңдағы жотада тоқтауға мәжбүр болды. Онда аяғы ауыр әйелдер мен балаларды қосқанда 320 жолаушы болған.

Диспетчерлік радиохабарлағыштың жұмысы үзіліп, жолсерік қызметкерлер көрші Айнабұлақ станциясына жаяулай жетіп, көмек сұраған. Бұл станция теміржол бұзылған жерден 5 шақырымда орналасқан. Осыдан кейін, ауыл әкімдігі шұғыл қимылдап, оқиға орнына жедел азық-түлік жеткізді. Павлодар-Алматы пойызы жол ортасында 32 сағат аялдады.

Қазір теміржолды су шаюына байланысты Көксу-Сарыөзек учаскесінде Бішкек-Новосибирск және Ташкент-Новосибирск жолаушылар пойызының бағыты уақытша тоқтатылды. Алдын-ала жол жүру билетін сатып алған жолаушыларға басқа айналма бағыттармен немесе өзге де көліктермен қалаған жеріне жетуге кеңес берілуде. Қазір бұзылған жолды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ